|
|
|
Елубаев Ж.С.
Мен өзімнің осынау шағын туындымды Ержан Кенжеғариевтің 100 жылдығына арнағым келеді. Ержан ағаның есімі Атырау облысына, сондай- ақ еліміздің заңгерлері мен байланысшыларының аға буынына жақсы таныс. Мен Ержан ағаны көргенім де жоқ, білгенім де жоқ, білуім де мүмкін емес еді. Өйткені, ол өмір сүрген кезде мен Ресейде тұрдым, Ресейде оқыдым. Тіпті жас айырмашылығымыз да кездесуімізге мүмкіндік бермес еді. Әйтсе де, оның қысқа да, өнегелі өмір жолынан хабардар беретін құжаттармен танысудың сәті түскеннен кейін, осы жолдарды сол бір тамаша адамның рухына арнауды өзімнің парызым деп білдім. Қолыма қалам алуыма итермелеген тағы бір себеп, Ержан ағаның саналы ғұмырын, әсіресе сұрапыл соғыстың ауыр жылдарында бүгінде әлем картасынан жойылған Кеңестер Одағының сот ісіне арнауы болды. Бәлкім өз өмірімнің де ең бір әдемі шағы сот қызметімен байланысты болғандықтан шығар, менің жалпы соттарға деген көзқарасым, құрметім, ықыласым әрдайым да ерекше. Олардың арасында адал да, әділ, тура да, тәуелсіз болған аға ұрпақ өкілдерінің орны мен үшін үлгі-өнеге. Ержан аға 1906 жылы алып Ресей империясындағы революциялық дүмпулерден аулақ жатқан Гурьев уезіне қарасты Соколов болыстығының № 24 ауылында шеркеш руының қарапайым отбасында дүниеге келген. Бала күнінен айналасын танып- білуге құштар болып өскен ол Романовтардың отбасына қатысты Ресей тарихының бет- бейнесін жүрегімен сезді, оның жақсысы мен жаманын көңіліне тоқып ер жетті. Ержан аға үшін өмірдің жаңа беті, жаңа тарихы ашылды. Ол өзін, өзінің саналы ғұмырын өз елінің тарихына арнады. Мектептен алған жақсы білімін түрлі курстарда, кооператив, байланыс курстарында, Мәскеу байланыс Академиясында, Алматы құқ мектебінде жалғастырды. Ержан аға елмен бірге ер жетті, елмен бірге шыңдалды. Комсомолға өтті, коммунистік партия қатарында тәрбиленді. Тұтас мемлекеттік ағзаның шағын бөлшегіндей, ел өміріндегі қоғамдық, саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді. Ол өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік, қоғамдық қызметтердің қайсысында болмасын, Отанына, халқына, қоғамға адал қызмет етті, ұрпақ өсірді, өзінің де, балалары мен немере-шөберелерінің де ертеңіне сенді. Ержан ағаның замандастары ерекше буын болды, бұл буынға мен өзімнің де ата- анамды қосамын, олар ортақ іс үшін небір ерлікке баратын ержүрек, адал адамдар еді. Өз мүддесінен мемлекет пен қоғам мүддесін жоғары қоя жүріп, олар бүгінгідей жаңа ел, жаңа қоғам құруға ат салысатын ұрпақ тәрбиеледі. Ержан аға да өз ұрпағының болашағының жарқын болуын армандағаны сөзсіз, бірақ ол балалары мен немерелерінің бүгінгідей нұрлы заманда, егемендігі мен тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақстанда еркін өмір сүретінін көз алдына елестете алмаған да шығар. Ержан аға еңбек жолын 1922 жылы статистикалық бюрода жұмысшы, статист болып бастады. Кейін аудандық байланыс бөлімінде аса сирек ұшырасатын мамандық-морзашы мамандығын меңгереді. Компьютерлік технологияның небір бағдарламаларын меңгерген бүгінгі ұрпақ аға буынның «морза әліппесімен» байланысқанын бәлкім білмейтін де болар. Қазақ даласында сол кездің осындай озық технологиясын алғашқылардың бірі болып меңгерген ол ұзақ жылдар бойы өзін байланыс саласына арнады. Қалалық байланыс бөлімі меңгерушісінің көмекшісі, кейін меңгерушісі болды. Орал облыстық байланыс басқармасы бастығының орынбасары, Теңіз, Маңғыстау аудандық байланыс бөлімдерінің бастығы қызметтерін атқарды. Гурьев қалалық телеграфының бастығы болды. Ұлы Отан соғысы Ержан ағаның өміріне елеулі өзгеріс әкелді. Ол өзін түпкілікті сот ісіне, әділет ісіне арнауды ұйғарды. 1941-1944 жылдары Гурьев облыстық сотының мүшесі, кейін он бір жыл бойы облыстық сот төрағасының орынбасары болды. Елге, халыққа ауыр соққы әкелген соғыс жылдарында майдан даласынан жырақта жүріп-ақ, Ержан аға мен оның әріптес соттары тылда заңдылықтың сақталуына, әділдік пен тәртіптің орнауына ат салысты, Жеңістің жақындай түсуіне үлес қосты. Сот қызметінен кейін Ержан аға өзінің сүйікті мамандығы-байланыс саласына қайта оралды. Он жыл бойы Жылыой аудандық байланыс бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін адвокат болып жұмыс істеді, жұртшылық оны облыстық адвокаттар коллегиясының мүшесі ретінде таныды. Жан жүрегімен байланысшы болған ол зейнеткерлікке заңгер болып қалды. Ол тамаша жолдан өтті, өзі өмір сүрген мемлекет пен қоғамның адал ұлы болды, ұрпақ өсірді, оларға білім берді. Білетіндердің есінде адамгершілік сияқты асыл қасиеттің жақтаушысы, әрі жалғастырушысы болып қалды. Қазақстанға белгілі геолог-мұнайшы ұлы Серіктің айтуынша, әкесі өтірік пен жалғандыққа жаны қас болыпты, ол ұрпағын артық сөйлеп, жылдам пікір түйіп, асығыс шешім қабылдаудан аулақ болуға тәрбиеледі. Бұған қоса, Серік Ержанұлы «Ар -ұятты өмірінің басты ұстанымы етіп, адамгершілік биігін ұрпағына қылау тигізбей жеткізе білді деп ойлаймын» дегенді айтады. Есімі үлкен әріппен жазылатын осы бір ағаның аты ұрпақтар есінде өнеге болып қалатынына, тіпті Батыс Қазақстанда, шеркеш руынан шыққан белгілі, ұлы адамдар қатарынан оның да ойып тұрып орын алатынына мен кәміл сенемін. Ол бүгінде тәуелсіз Қазақстанның ертеңі үшін еңбек етіп жатқан соттар мен байланысшылардың есінде, өйткені Ержан аға сияқты тұлғалардың ізі ешқашан жоғалмайды, аға ізімен оның келісті ұрпағы, балалары мен немерелері, шөберелері келеді.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |