|
|
|
Осы редакция 2017 жылғы 7 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысымен бекітілген
1. Осы Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - «Білім туралы» Заң) сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, қосымша білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды және Қазақстан Республикасы азаматтарының балаларға арналған қосымша білім алу құқықтарын тегін және шарттық негізде қамтамасыз етуге бағытталған. 2. Балаларға арналған қосымша білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі - балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы) өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының заңдарын, «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысын, «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 қаулысын (бұдан әрі - Үлгі штаттар), осы Қағидаларды, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының жарғысын, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады. 3. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымында жеке тұлға, қоғаммен мемлекеттің мүддесі үшін білім алушының білім алу және мәдени қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыру мақсатында қосымша білім берудің оқу бағдарламалары іске асырылады. Балаларға қосымша білім беру ұйымдарының түрлері: 1) қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы; 2) оқушылар (үйі, орталығы, кешені, балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығы және басқалар) сарайы; 3) жас натуралистер станциясы (балалар экологиялық орталығы, биологиялық орталық, экобиоорталық, экология және өлкетану балалар-жасөспірімдер орталығы және басқалар); 4) жас техниктер станциясы (орталық, балалар және жасөспірімдер техникалық шығармашылық мектебі және басқалар); 5) жас туристер станциясы (балалар-жасөспірімдер туризм орталығы, балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығы, балалар-жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығы және басқалар); 6) балалар аула клубы (басқа да клубтық демалыс ұйымдары); 7) балалар өнер мектебі (балалар музыка мектебі, балалар көркемөнер мектебі, балалар өнер мектебі және көркемдік-эстетикалық бағыттағы басқа да мектептер); 8) балалар сауықтыру (орталығы, кешені, қала сыртындағы сауықтыру лагері және күндізгі уақытта болу лагері, палаталық лагерь, киіз үй лагері және басқалар) лагері; 9) балалар-жасөспірімдер спорттық мектебі; 10) олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі; 11) балалардың қызметі мен қызығушылықтары бағытындағы басқа ұйымдар. 4. Мемлекет балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары білім беру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ дамуында мүмкіндігі шектеулі балаларға және олардың қосымша білім алуы үшін арнайы жағдайларды қамтамасыз етеді. 5. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының негізгі міндеттері: 1) ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби қалыптасуына бағытталған сапалы қосымша білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; 2) жеке тұлғаның шығармашылық, рухани, дене мүмкіндіктерін дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру; 3) адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы зияткерлікті байыту; 4) азаматтылық пен отансүйгіштікке, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қадірлеуге, Конституцияға және қоғамға қарсы кез келген көріністерге төзбеушілікке тәрбиелеу; 5) азаматтық ұстанымы белсенді жеке тұлғаны тәрбиелеу, республиканың саяси-қоғамдық, экономикалық және мәдени өміріне қатысуға қажеттілікті, тұлғаның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы қарым-қатынасты қалыптастыру; 6) балалар бойында экологиялық мәдениетті тәрбиелеу, оларды табиғатты қорғау ісіне тарту; 7) қоғамдағы өмірге бейімдеу; 8) мазмұнды бос уақытты ұйымдастыру. 6. Балаларға арналған қосымша білім берудің оқу бағдарламалары жалпы білім беретін мектептерде, лицейлерде және гимназияларда да іске асырылады.
2. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің Қызметті ұйымдастыру
7. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар (құрылтайшылар) құрады. 8. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының мәртебесін оның құрылтайшысы айқындайды және оның жарғысында «Білім туралы» Заңның талаптары ескеріле отырып, көрсетіледі. 9. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының басшыларын және педагог қызметкерлерін аттестаттау «Білім туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылады. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды білім беруді мемлекеттік басқару органдары өздерінің құзыретіне сәйкес жоспарлы тәртіппен бес жылда бір рет өткізеді. 10. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының білім беру қызметін педагогтер, әдіскерлер, педагог-ұйымдастырушылар және оларға теңестірілген тұлғалар (бұдан әрі - педагог қызметкерлер), тиісті бейіндегі мамандар жүзеге асырады. 11. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының басшы кадрларының және педагог қызметкерлерінің, сондай-ақ тиісті бейіндегі мамандардың біліктілігін арттыру, бес жылда кемінде бір рет жүзеге асырылады. 12. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын құру және дамыту құрылтайшының қаражаты, ақылы негізде көрсетілетін қызметтерден түскен кірістер, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады. 13. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде ақылы негізде білім беру қызметтерін және өзге де қызметтерді ұсынады, осы қызметтен алынған кірістерге дербес иелік етеді. Ақылы қызметтер көрсету тізбесі және тәртібі балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының жарғысымен айқындалады. 14. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен мүлікке иелік етеді және оны пайдаланады. Қосымша білім беретін мемлекеттік ұйымның мүлкі ұйымның негізгі міндеттеріне қайшы келетін мақсаттарда пайдалануға жатпайды.
Білім беру және тәрбиелеу процесі
15. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда, кадрларды іріктеу мен қабылдауда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметтерде дербес. 16. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы балалардың сұрауларын, отбасының, білім беру ұйымдарының, қоғамдық (оның ішінде балалар мен жасөспірім) ұйымдардың қажеттіліктерін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін, ұлттық-мәдени дәстүрлерін ескере отырып, білім берудің оқу бағдарламаларын дербес әзірлейді. 17. Білім берудің оқу бағдарламасын іске асыру кезіндегі оқу-тәрбие процесі балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының (клуб, студия, ансамбль, топ, үйірме, театр және басқа) қызығушылықтар бойынша бірлестіктерінде (бұдан әрі - бірлестіктер) жүзеге асырылады. 18. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында балалардың қызметі қызығушылықтары бойынша бірыңғай жастағы және түрлі жастағы бірлестіктерінде жүзеге асырылады. Қызығушылықтары бойынша бірлестіктерді қалыптастыру балалардың ерікті таңдауына негізделеді. 19. Әр бала бірнеше бірлестіктерде шұғылдануды таңдауға, оларды ауыстыруға құқылы. 20. Бірлестіктің қызығушылықтар бойынша қызметінің мазмұнын оқу жоспарларын және білім берудің оқу бағдарламаларын ескере отырып қосымша білім беру педагогы айқындайды. 21. Қызығушылықтар бойынша бірлестіктердегі сабақтар бір тақырыптық бағыттағы білім берудің оқу бағдарламалары немесе кешенді, кіріктірілген бағдарламалар бойынша өткізіледі. Бағдарламаның талаптарына байланысты сабақтар түгел оқу жылына, сол сияқты одан қысқа мерзімге де ұйымдастырылады. 22. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы келісім бойынша және (немесе) ұйымдармен, кәсіпорындармен бірлесіп, балалардың бейіндік дайындығын жүргізеді. Біліктілік емтихандарын тапсырған білім алушыларға бағалар қойылады немесе бейіндігі бойынша (көркемдік, музыкалық және өнер мектептері) біліктілік беру туралы куәлік беріледі. 23. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымындағы тәрбиелік бағдарламалар білім беру бағдарламаларының құрамдасы болып табылады және отансүйгіштікті, азаматтықты, төзімділікті, жоғары өнеге мен адамгершілікті қалыптастыруға, сондай-ақ тәрбиеленушілердің жан-жақты қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған. 24. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында білім беру және тәрбиелеу процесі тәрбиеленушілердің денсаулық жағдайын ескере отырып жүзеге асырылады. Онда білім алушылардың, тәрбиеленушілердің ауруын болдырмау, денсаулығын нығайту, физикалық жетілдіру, салауатты өмір салтына ынталандыру жөніндегі шараларды орындау қамтамасыз етіледі. 25. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымында оқу-тәрбие процесін қамтамасыз етуге және жетілдіруге бағытталған әдістемелік жұмыс, сондай-ақ оқытудың жаңа технологияларын әзірлеу және енгізу, педагог қызметкерлердің, сондай-ақ тиісті бейіндегі мамандардың біліктілігін арттыру жүзеге асырылады. 26. Білім алушыларды әлеуметтік бейімдеу және білім беру процесін оңтайландыру мақсатында балаларға арналған қосымша білім беру ұйымында әдістемелік, әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық қызметтер құрылады. 27. Балалардың бастамасы бойынша балаларға арналған қосымша білім беру ұйымында өз жарғыларына және осы қағидаларға сәйкес қызмет ететін балалардың қоғамдық бірлестіктері мен ұйымдары құрылады. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының әкімшілігі осы бірлестіктер мен ұйымдар жұмысына жәрдемдеседі. 28. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы балалармен жұмысты барлық күнтізбелік жыл бойына ұйымдастырады. Демалыс уақытында қажеттілігіне қарай белгіленген тәртіппен клубтар, лагерьлер және туристік базалар ашады, өз базасында немесе балалардың тұрғылықты орны бойынша лагерьлерде (қала сыртында немесе күндізгі болу) балалардың тұрақты және (немесе) ауыспалы құрамымен түрлі топтар құрады, шеберлік сағаттарын өткізеді. 29. Балалар мен ата-аналардың бірлескен шығармашылығы, демалысы үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында бірлестіктер жұмысына, сондай-ақ бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде педагогтің келісімімен оларды негізгі құрамға қоспай балалардың ата-аналары (заңды өкілдері) қатысуы мүмкін. 30. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарындағы білім беру және тәрбиелеу процесіне қатысушылар балалар, педагог қызметкерлер, бейіні бойынша мамандар, білім алушылардың ата-аналары (кәмелетке толмағандардың өзге заңды өкілдері) болып табылады. 31. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы балаларды қабылдау кезінде ата-аналарды немесе өзге де заңды өкілдерді оқу-тәрбие процесінің жүргізілуімен және мазмұнымен, жарғымен және қабылдау қағидалары мен білім беру және тәрбиелеу процесін ұйымдастыруды регламенттейтін басқа да құжаттармен таныстыруды қамтамасыз етеді. 32. Білім алушылардың, ата-аналардың (кәмелетке толмағандардың өзге заңды өкілдерінің) және қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының жарғысында айқындалады. 33. Қызметкер мен балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
34. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымын басқару «Білім туралы» Заңның 44-бабына, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңға, осы Қағидаларға, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының жарғысына, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады. 35. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымын алқалық басқару нысандары педагогикалық кеңес, қамқоршылық кеңес, әдістемелік кеңес және басқа да нысандар болып табылады. 36. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымын тікелей басқаруды басшы жүзеге асырады. 37. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының басшысын құрылтайшы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. 38. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарындағы педагогикалық қызметке арнайы педагогикалық немесе тиісті бейіндер бойынша кәсіптік білімі бар адамдарға рұқсат етіледі. 39. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарындағы жұмысқа сот үкімі немесе медициналық қорытындымен педагогикалық қызметке тыйым салынған, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар адамдарға рұқсат етілмейді. 40. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының басшысы: 1) ұйым білім алушыларының, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны; 2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны; 3) білім алушыларының және ұйым қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі және денсаулығы, еңбекті қорғау нормалары мен қауіпсіздік техникасын сақтамағаны; 4) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны; 5) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауапты болады.
41. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады. 42. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы білім саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша шетелдік білім беру ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тікелей байланыстар орнатады, халықаралық бағдарламаларға қатысады, білім беру, мәдениет, спорт және туризм саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) кіреді, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ынтымақтастық туралы екі жақты және көп жақты шарттар жасасады. 43. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы шетелге жіберу үшін (тәжірибе алмасу, түрлі іс-шараларға, конференцияларға, жарыстарға, конкурстарға, байқауларға, олимпиадаларға, фестивальдарға және тағы сол сияқтыларға қатысу мақсатында) қызметкерлер мен білім алушыларды іріктеуді және даярлауды жүзеге асырады.
44. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарын қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |