Қазақстан Республикасында экспорттық бақылауды жүзеге асырудың Осы редакция 2008 жылғы 12 наурыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі және «Қару-жараққа, әскери техникаға және екіұдай мақсаттағы өнімге экспорттық бақылау туралы» 1996 жылғы 18 маусымдағы Заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған: 1) Қазақстан Республикасында экспорттық бақылауды жүзеге асырудың тәртібі; 2) Қазақстан Республикасына әкелінетін экспорттық бақылауға жататын өнімді пайдалану жөніндегі міндеттемелерді ресімдеу және олардың атқарылуын бақылаудың тәртібі бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігі бір ай мерзімде Үкіметтің бұрын қабылдаған шешімдерін осы қаулыға сәйкес келтіру туралы ұсыныстар енгізсін. 3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялануға жатады. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 14 желтоқсандағы № 1919 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында экспорттық бақылауды жүзеге асырудың тәртібі 1. Жалпы ережелер 1. Осы Тәртіп экспорттық бақылауға жататын өнімнің (бұдан әрі - Өнім) экспорты мен импортын лицензиялаудың, Өнімнің қайта экспортының және Қазақстан Республикасында экспорттық бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды. 2. Осы Тәртіптің күші меншік нысанына қарамастан Қазақстан Республикасы аумағынан (аумағына) Өнімнің экспорты мен импортын жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғаларға қолданылады. 3. Өнімнің экспорты мен импорты Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау туралы заңдарының талаптары сақталына отырып жүзеге асырылады. 2. Өнімнің экспорты мен импортына лицензия берудің, лицензияларды қайтарып алудың, қолданылуын тоқтата тұрудың және беруден бас тартудың негіздемелері 4. Өнімнің экспортына (импортына) лицензия алу үшін экспорттаушы (импорттаушы) Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкілетті органына (бұдан әрі - Уәкілетті орган) жазбаша нысанда белгіленген үлгідегі өтініш (бұдан әрі - Өтініш) береді. 5. Өтініште мыналар көрсетілуі тиіс: 1) экспорттаушы (импорттаушы) мен оның деректемелері; 2) сатып алушы (сатушы), оның заңдық мекен-жайы; 3) сатып алушының (сатушының) елі; 4) Өнім арналған (шыққан) ел; 5) Өнімді декларациялау жүзеге асырылатын кеден бекеті; 6) мәміленің сипаты мен төлем валютасы; 7) бақылау тізімінде жіктелуі, сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасы бойынша кодтары көрсетілген Өнімнің (заттай және құндық түріндегі) номенклатурасы мен көлемі; 8) келісімшарт (нөмірі және жасалған уақыты); 9) лицензияның қолданылуының қажетті мерзімі; 10) егер Өнімді экспорттауды (импорттауды) жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсаты талап етілген жағдайда - тиісті рұқсат (нөмірі мен берілген уақыты). 6. Өтінішке мыналар қоса беріледі: 1) сыртқы сауда мәмілесіне қатысушылар арасындағы сатып алу-сату келісімшартының (шарттың) немесе өзгедей иеліктен алудың көшірмесі мен оның түпнұсқасы (салыстыру үшін); 2) егер импорттаушы ретінде делдал қатысса, Өнімді импорттаушы мен тұтынушының (түпкі пайдаланушы) арасындағы шарттың көшірмесі; 3) экспортталатын және импортталатын Өнімнің сапа (сәйкестік) сертификатының көшірмесі немесе техникалық сипаттамасы; 4) экспорттаушының (импорттаушының) мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің көшірмесі (заңды тұлғалар үшін); 5) егер қызметтің осы түрі ішкі рынокта лицензиялануға жатқызылған жағдайда, қызметтің тиісті түрін жүзеге асыру үшін лицензияның көшірмесі; 6) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат; 7) Өнімнің экспорты кезінде - Қазақстан Республикасынан импортталатын өнімді тек осы елдің мұқтажы үшін пайдалану туралы және Қазақстан тарабының келісімінсіз оны үшінші елге қайта экспорттауға немесе басқаға тапсыруға жол бермеу туралы алушы елдің міндеттемелері қамтылған, алушы елдің уәкілетті мемлекеттік органы берген, түпкі алушының импорттық сертификатының түпнұсқасы. Құжаттардың көшірмелері экспорттаушының (импорттаушының) мөрімен куәландырылуы тиіс. Уәкілетті органға берілетін мәліметтердің дұрыстығы үшін экспорттаушы (импорттаушы) жауапкершілікте болады. Импорттаушы елдiң түпкi пайдаланушысының импорттық сертификатының түпнұсқалылығын растауды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады. Ядролық қарулардың, басқа да ядролық жарылғыш құрылғылардың, оның iшiнде бастапқы немесе арнайы ыдыратылатын материалдың экспортын жүзеге асыру кезiнде Ядролық қаруы бар ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қатысушы мемлекеттерден (1968 жылғы 1 шiлде, Женева) түпкi пайдаланушының импорттық сертификатын ұсыну талап етiлмейдi. Ескерту: 6-тармақ ҚР Үкіметінің 16.10.2000 ж. № 1540 қаулысымен жаңа абзацтармен толықтырылды 6-1. Түпкi пайдаланушының импорттық, сертификаты мынадай мәлiметтердi қамтуы тиiс: 1) импорттаушының толық атауы мен оның мекен-жайы (егер делдал импорттаушы болған жағдайда); 2) түпкi пайдаланушының толық атауы мен мекен-жайы; 3) түпкi пайдаланушының елi; 4) тауарлардың атауы, саны мен ТМД СЭҚ ТН коды; 5) өнiмнiң тек түпкi пайдаланушы елдiң мұқтажы үшiн пайдаланылатыны және Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттік органының рұқсатынсыз үшiншi елге қайта экспортталмайтыны және берiлмейтінiне кепiлдiк; 6) түпкi пайдаланушының сертификатына қол қойған лауазымды тұлғаның тегі, аты, әкесiнiң аты, оның қолы, лауазымы және импорттаушы елдiң уәкiлеттi органының мөрi; 7) түпкi пайдаланушының импорттық сертификатының берiлген күнi. Ескерту: ҚР Үкіметінің 16.10.2000 ж. № 1540 қаулысымен жаңа 6-тармақпен толықтырылды 7. Ядролық, арнайы ядролық емес материалдарды, екі ұдай мақсаттағы өнімдерді, оларды жасау жөніндегі технологияларды, қондырғыларды, жабдықтарды ядролық қаруы жоқ елдерге экспорттау осы елдердің құзыретті органдары тарабынан өздері алған экспорт заттары, сондай-ақ солардың негізінде немесе оларды пайдаланудың нәтижесінде өндірілген ядролық емес материалдар, екі ұдай мақсаттағы өнім, қондырғылар мен жабдықтар: 1) ядролық қару мен басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды өндіру үшін немесе қандай да бір әскери мақсаттарға жету үшін пайдаланылмайтынына; 2) алушы ел мен Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің (ХАТЭАГ) арасындағы кепілдіктер туралы келісімдерге сәйкес олардың іс жүзінде пайдаланылатын бүкіл мерзімі ішінде ХАТЭАГ бақылауында (кепілдіктерінде) болатынына; 3) ХАТЭАГ ұсынғаннан төмен емес деңгейлерде нақты қорғау шараларымен қамтамасыз етілетініне; 4) осы тармақтың 1)- 3)-тармақшаларында көзделген шарттармен ғана қайта экспортталатынына (экспортталатынына) немесе алушы елдің заңдық өкілеттігіне берілетініне; 20% жоғары байытылған уран, плутоний немесе ауыр су жағдайында экспорттаудың немесе өзіндік экспорт заттарын берудің Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі орталық атқарушы органының жазбаша келісімі болғанда ғана жүзеге асырылына алады. 8. Зымырандық техниканы, оның құрамдарын, зымырандық техниканы жасау кезінде қолданылатын жабдықтарды, материалдар мен технологияларды зымырандық қаруы жоқ елдерге экспорттау осы елдердің халықаралық "Зымырандық технологияларды бақылау режимінде" (ЗТБР) мүшелігі болған кезде ғана сол елдердің құзыретті мемлекеттік органдары тарабынан өздері алған экспорт заттары: 1) жаппай қырып-жоятын қаруларды, оның құрамдарын жеткізетін, яғни 500 килограмнан кем емес пайдалы жүкті 300 км және одан да астам қашықтыққа жеткізуге қабілетті құралдарды жасау үшін пайдаланбайтынына; 2) алушы елдің оларды іс жүзінде пайдаланудың бүкіл мерзімі бойынша ЗТБР-нің басшылыққа алатын принциптеріне сәйкес бақылауда болатынына; 3) олардың жоғалуын, ұрлануын және т.б. болдырмау үшін іс жүзінде қорғаудың қажетті және жеткілікті шаралары қамтамасыз етілетініне; 4) осы тармақтың шарттарында және Қазақстан тарабынан жазбаша келісім болғанда ғана қайта экспортталатынына (экспортталатынына) немесе алушы елдің заңдық өкілеттігіне берілетініне сол елдердің құзыретті мемлекеттік органдары тарабынан куәландырулар болғанда ғана жүзеге асырылына алады. 9. Лицензия беру немесе лицензия беруден бас тарту туралы шешімді уәкілетті орган заңдарда белгіленген мерзімдерде қабылдайды. Өнімнің экспорты мен импорты Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсаты негізіндегі лицензиялар бойынша жүзеге асырылатын жағдайларда Уәкілетті орган лицензияны Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысы шыққаннан кейін ресімдейді. 10. Осы Тәртіптің 7-тармағында көрсетілген өнімді экспорттау мен импорттау жүзеге асырылған кезде оның пайдаланылуын бақылауды Қазақстан Республикасының атом энергиясы жөніндегі уәкілетті органы жүзеге асырады. 11. Жекелеген жағдайларда Өнімнің экспорты мен импорты Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы шешімінсіз жүзеге асырылады. Мұндай жағдайларға: 1) қазақстандық өнеркәсіп орындарының шет елдердегі кәсіпорындарымен зауытаралық кооперация бойынша әскери мақсаттағы өнімді өндіру мен жөндеуді қамтамасыз етуге арналған қару-жарақ пен әскери техниканы жиынтықтаушы арнайы бұйымдардың; 2) әскери мақсаттағы өнімдердің шет елдерге қазақстандық лицензиялар бойынша өндірілуін қамтамасыз ету үшін арнайы жиынтықтаушы бұйымдардың; 3) шет елдерге бұрын берілген қару-жарақ пен әскери техникаға, оның ішінде өндірістен алынып тасталған бұйымдардың орнына сериялап шығарылатын жиынтықтаушы бұйымдарды пайдалана отырып, оларға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында қосалқы бөлшектердің, оқу-жаттығулық және қосалқы мүліктің экспорты мен импорты жатады. Мұндай жағдайларда экспорттау мен импорттау келісімшарт пен лицензияның негізінде жүзеге асырылады. 12. Қару-жарақтың, әскери техниканың, әскери мақсаттағы оқу-жаттығулық және қосалқы мүліктің қазақстандық үлгілерін, оның ішінде олардың құрамдас бөліктерін, Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы жөндеу мақсатында алып өту Уәкілетті органның шешімімен жүзеге асырылады. 13. Лицензиялар тауардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердің) экспортын (импортын) лицензиялау үшін заңдармен белгіленген мерзімге беріледі. 14. Өнімді экспорттауға бір мемлекетке берілген лицензияны екінші мемлекетке экспорттау үшін пайдалануға болмайды. Бір лицензиатқа берілген лицензияны басқа заңды және жеке тұлғаларға беруге болмайды. 15. Лицензия беруден заң актілерімен белгіленген негіздемелер бойынша бас тартылуы мүмкін. Лицензия беруден бас тартқан кезде экспорттаушыға (импорттаушыға) лицензия беру үшін белгіленген мерзімде жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі. 16. Уәкілетті орган тоқтата тұрудың себебін көрсете отырып, лицензияның қолданылуын алты айға дейін мерзімге тоқтата тұруға құқылы. Лицензияның қолданысын тоқтата тұрудың себептері: 1) экспорттаушының (импорттаушының) тиісті өтініш беруі; 2) экспорттаушының (импорттаушының) лицензияда көрсетілген талаптарды орындамауы; 3) экспорттаушының (импорттаушының) лицензия алу үшін берген мәліметтерінің дұрыс еместігі анықталуы; 4) экспорттаушының (импорттаушының) лицензиялау және экспорттық бақылау аясындағы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы болуы мүмкін. Берілген лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім экспорттаушыға (импорттаушыға) және кеден органына лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім қабылданған күннен бастап 3 күндік мерзімде жазбаша нысанда жеткізіледі. 17. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұруды тудырған себептер жойылғаннан кейін оның қолданылуы қалпына келтіріледі, Уәкілетті орган ол туралы экспорттаушыны (импорттаушыны) және кеден органын жазбаша нысанда хабардар етеді. 18. Лицензияның күшін жою және кері қайтарып алу Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жүзеге асырылады. 3. Өнімнің экспорты мен импортын жүзеге асыруға арналған лицензияның міндетті талаптары 19. Өніммен экспорттық және импорттық операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензиялық ережелері міндетті түрде экспорттаушының (импорттаушының) мынадай міндеттерді: 1) лицензия беру туралы мәселені шешу үшін талап етілетін толық және сенімді деректерді табыс етуді; 2) экспорттық бақылау жүйесіне тартылған Уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының өкілетті мемлекеттік органдарының Өнімнің түпкі пайдаланылуын тексеруге (бұл мiндет бастапқы немесе арнайы ыдыратылатын материалды экспорттаушы Ядролық қаруларды таратпау шартына қатысушы мемлекеттерге қолданылмайды) қатыса алуын және түпкі пайдаланушылардың оларды пайдалану жөніндегі жүргізілетін жұмыстардың есебін жүргізу міндеттілігін келісімшартта көздеуді; 3) қажетті жағдайларда экспорттық бақылау жүйесіне тартылған Уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының өкілетті мемлекеттік органдарының уәкілетті өкілдеріне Өнімді жөнелту алдындағы кезеңде тексеріп-қарауға мүмкіндік беруді; 4) Уәкілетті органға: түпкі пайдаланушының Өнімді мақсатсыз пайдаланған жағдайлары анықталғаны туралы ақпаратты; өнімнің экспорты және импорты жөніндегі есеп және есептемені жүргізу үшін қажетті ақпарат пен құжаттарды; 5) кеден органдарына - Уәкілетті органның мөрімен расталған "рұқсат-лицензия" деген таңбасы бар лицензиялардың, келісімшарттардың түпнұсқаларын ұсынуды қамтуы тиіс. Өнiмдермен импорттық операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензиялық ережеде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органының рұқсатынсыз өзге тұлғаларға импортталатын өнiмдердi беруге жол бермеу туралы импорттаушының мiндетiн қамтуы тиiс. Ескерту: 19-тармақ ҚР Үкіметінің 16.10.00 ж. № 1540 қаулысымен өзгерді және толықтырылды 4. Қазақстандық және шетелдік импортшылардың Өнімді түпкі пайдалану жөніндегі міндеттемелерді орындауын бақылауды ұйымдастыру 20. Қажетті жағдайда Өнімнің түпкі пайдаланылуын тексеру жүзеге асырылуы мүмкін. Тексеруді Өнімді пайдаланатын орында, құрамын Уәкілетті орган бекітетін, комиссия жүзеге асырады. Комиссияның құрамына экспорттық бақылау жүйесіне тартылған Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, сондай-ақ өнімді экспорттаушының (дайындаушының) өкілдері енгізіледі. Түпкі пайдалануды тексеруді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тиісті тексерілетін елдердегі елшіліктерінің және басқа уәкілетті ұйымдардағы қызметкерлері де жүзеге асыра алады. 21. Өнімді шетелдік импорттаушыға (түпкі пайдаланушыға) тексеру жүргізілгені туралы хабарлама Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы алушының еліне жіберіледі. 22. Жүргізілген тексерудің нәтижелерін комиссия, Өнімді пайдалануда жолсыздық байқалған жағдайда, тиісті шаралар қабылдау үшін, ол туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігін және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетін хабарландырады. 5. Өнімді қайта экспорттаудың тәртібі 23. Импортталған Өнімді Қазақстан Республикасынан әкету (қайта экспорттау) Өнімді экспорттау үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. 24. Қазақстан Республикасында болатын және экспорттық бақылауға жататын Өнімді қайта экспорттау Уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады. 25. Қазақстан Республикасының кеден аумағына әкелінген Өнімді қайта экспорттауға рұқсат беру үшін: 1) шығарылған елдің құзыретті орталық атқарушы органының рұқсаты; 2) қайта экспортталатын өнімді беру туралы келісімшарттың Уәкілетті органға тапсырылуы міндетті шарттар болып табылады. 6. Өнімді әкету туралы есеп және есептемені ұйымдастырудың тәртібі 26. Қазақстан Республикасынан Өнімді экспорттаған кезде экспорттаушы Уәкілетті органға: 1) Өнімнің әрбір партиясын жөнелту жүзеге асырылуы бойынша 3 күн мерзімде жүктік кеден декларацияларының көшірмелерін; 2) импорттаушыға (түпкі пайдаланушыға) Өнімнің жеткізілуі туралы ақпаратты; 3) берілген Өнім үшін жүргізілген барлық есеп айырысулар туралы банк құжаттарының көшірмелерімен расталған ақпаратты табыс етуге міндетті. 27. Экспорттаушы (импорттаушы) лицензияда көрсетілген Өнімді бүкіл көлемінде беруді жүзеге асырғаннан кейін, оның орындалғандығы жөнінде лицензияның түпнұсқасын сақтаушы кеден органы 10 күн мерзімде, тиісті кеден органы бірінші басшысының мөрімен және қолымен расталған белгісі бар, лицензияның көшірмесін Уәкілетті органға жолдайды. 28. Уәкілетті орган осы Тәртіпке сәйкес өзіне ұсынылған құжаттардың негізінде Өнімнің экспортталуы (импортталуы) туралы деректердің банкін жүргізеді. 29. Осы Тәртіптің 7-тармағында көрсетілген Өнім экспортталған жағдайда экспорттаушы 5 күн мерзім ішінде алынған лицензиялардың көшірмесін және Өнімнің Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары іс жүзінде әкетілгені туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік органына тапсыруы тиіс. 30. Кеден органдары Уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің талап етуі бойынша Өнімнің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қозғалысы туралы қажетті деректерді беріп отырады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 14 желтоқсандағы № 1919 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасына әкелінетін экспорттық бақылауға жататын өнімді пайдалану жөніндегі міндеттемелерді ресімдеу мен олардың атқарылуын тексерудің Тәртібі 1. Жалпы ережелер 1. Осы Тәртіп экспорттық бақылауға жататын өнімді импорттау мен түпкі пайдалануды жүзеге асыруға байланысты туындайтын қатынастарды және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының осы саладағы рұқсат ету және бақылау функцияларын жүзеге асыру тәртібін реттейді. 2. Осы Тәртіпте мынадай ұғымдар пайдаланылады: импорттаушының (түпкі пайдаланушының) кепілдік міндеттемесі - импорттаушының және/немесе түпкі пайдаланушының экспорттық бақылауға жататын өнімді мәлімденген мақсатта пайдалану, оны басқа тұлғаларға қайта бермеу туралы және оның Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органының рұқсатынсыз үшінші елге қайта экспортталуына жол бермеу туралы берген кепілдік міндеттемесі; мәлімденген мақсат - импорттаушы немесе түпкі пайдаланушы өнім импортына арналған келісімшартта немесе басқа да құжаттарда көрсететін әкелінген өнімді пайдаланудың мақсаты; импорттаушы (түпкі пайдаланушы) - экспорттық бақылауға жататын өнімді сатып алу-сату (қайта беру, айырбастау, өзгедей сатып алу) шартының тарабы болып табылатын Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары; түпкі пайдаланушының импорттық сертификаты - экспорттық бақылауға жататын өнім елдің мұқтаждары үшін пайдаланылатыны және экспорттаушы (шығарушы) елдің уәкілетті мемлекеттік органының рұқсатынсыз үшінші елге экспортталмайтыны туралы экспорттық бақылау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган берген Қазақстан Республикасының міндеттемесі; өнім - экспорттық бақылау қолдануға жататын тауарлар, технологиялар, жабдықтар, жұмыстар, қызмет көрсетулер, ақпарат.* - Өнім Қазақстан Республикасына әкелінген кезде оның номенклатурасы экспорттаушы елдің бақылау тізімдерімен айқындалады. Өнім Қазақстан Республикасынан әкетілген кезде оның номенклатурасы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тиісті тізімдермен айқындалады. түпкі пайдаланушыны - Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген өнімді пайдаланушы заңды немесе жеке тұлға; жеткізуді растау сертификаты - Қазақстан Республикасының кеден органдары ресімдеген жүктің Қазақстан Республикасының аумағына жеткізілгенін растайтын құжат. 3. Осы Тәртіптің күші экспорттық бақылауға жататын өнімді импорттауды және түпкі пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға меншік нысанына қарамастан қолданылады. 4. Қазақстан Республикасына осы Тәртіпке сәйкес әкелінген экспорттық бақылауға жататын өнімге Қазақстан Республикасында белгіленген экспорттық бақылау режимі қолданылады. Экспорттаушы елдің мемлекеттік органының қайта экспортқа ресми келісімі болған кезде, оны экспорттық бақылауға жататын экспорттық өнім үшін белгіленген тәртіппен өзгедей үшінші елдерге қайта экспорттауға болмайды. 2. Түпкі пайдаланушының импорттық сертификатын беру және жеткізуді растау сертификатын ресімдеу тәртібі 5. Түпкі пайдаланушының импорттық сертификатын беруді Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органы (бұдан әрі - Уәкілетті орган) жүзеге асырады. 6. Түпкі пайдаланушы импорттық сертификатты, егер импорттаушыға экспорттаушы елдің заңдарымен осындай құжаттың ұсынылуы көзделген жағдайда беріледі. 7. Уәкілетті орган түпкі пайдаланушының импорттық сертификатын беруді импорттаушының кепілдік міндеттемелерін Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен мына номенклатуралар бойынша**: - Егер өнімді импорттау үшін Үкіметтің шешімі қажет болған жағдайда, түпкі пайдаланушының импорттық сертификатын беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімі берілген соң жүзеге асырылады. |