Осы редакция 2007 жылғы 29 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң Iшкi әскерлер комитетi (бұдан әрi - Комитет) Iшкi iстер министрлігінiң ведомствосы, бейбiт және соғыс уақытында iшкi әскерлердi әскери басқару органы болып табылады. Комитеттiң негiзгi мiндеттерi жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздігін қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру болып табылады. 2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кесiмдерiне, өзге де нормативтік құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады. 3. Комитет мемлекеттік мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өзiнiң атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Қазынашылық органдарында шоттары болады және азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi. 4. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өз құзыретіндегі мәселелер бойынша бұйрықтармен, өкiмдермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды. 5. Комитеттiң штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Yкіметі бекiтедi. 6. Комитеттiң заңды мекен-жайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Сарыарқа көшесi, 78. 7. Комитеттiң толық атауы - "Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң Iшкi әскерлер комитетi" мемлекеттік мекемесi. 8. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады. 9. Комитет қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. Комитетке Комитеттiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қарым-қатынастарға түсуге тыйым салынады. Егер Комитетке заңнамалық кесiмдермен кiрiс әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда мұндай қызметтен түскен кiрiс республикалық бюджеттің кiрiсiне жiберiледi.
2. Комитеттiң функциялары мен құқықтары
10. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыретi шегiнде мемлекеттік саясатты iске асыруды қамтамасыз ететiн мынадай функцияларды жүзеге асырады: 1) iшкi әскерлер құрамаларының, әскери бөлiмдерi мен әскери оқу орындарының қызметтiк-жауынгерлiк жұмысын ұйымдастыруды, жоспарлауды айқындайтын құқықтық кесiмдердi қабылдау; 2) тұрақты жауынгерлiк және жұмылдыру даярлығын ұстауды, жедел, жауынгерлiк және жұмылдыру даярлығын үйлестiрудi қамтамасыз ету; 3) төтенше жағдайдың құқықтық режимiн қамтамасыз ету және төтенше оқиғалардың салдарларын жою үшiн, сондай-ақ заңсыз қарулы құралымдарға қарсы күрес, жанжал аудандарын оқшаулау және тосқауыл қою, аса қауiптi құқық бұзушылықтардың, диверсиялардың, террористiк актiлердiң, қарулы қақтығыстардың жолын кесу және тайталасушы тараптарды ажырату үшiн iшкi әскерлердi тарту туралы шешiмдердiң орындалуын ұйымдастыру, заңсыз қарулы құралымдарды қарусыздандыру және жою, жанжал ауданында халықтан қаруды алып қою, жанжал ауданына iргелес аудандарда қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi сақтауды күшейту жөніндегі iс-шараларды жүргiзу; 4) соғыс уақытында аумақтық қорғаныс жүйесiнде iшкi әскерлерге жүктелген мiндеттердi жоспарлау; 5) iшкi әскерлердiң құрамалары мен әскери бөлiмдерi, әскери оқу орындары үшiн әскерге шақырылатын жастарды жасақтау жоспарларын әзiрлеу, зерделеудi және iрiктеудi ұйымдастыру; 6) ақпараттық-талдамалық қызметтi, оперативтiк-тактикалық есептеулердi дайындауды ұйымдастыру және жүргiзу, iшкi әскерлердiң қызметтiк-жауынгерлiк жұмысын жоспарлау; 7) iшкi әскерлерге жүктелген мiндеттердi орындауды қамтамасыз ету үшiн ведомстволық телекоммуникациялар жүйесiн құру, пайдалану және дамыту жөніндегі жұмысты ұйымдастыру; 8) әскерлердi ұйымдық-техникалық басқару саласында құрамаларды, әскери бөлiмдердi, әскери оқу орындарын басқару жүйесiн ұйымдастыру және жетiлдiру; 9) тиістi мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгінiң арнайы және әскери тасымалдау органдарымен бiрлесiп, iшкi әскерлердiң әскери қызметшiлерiн олар қызметтiк-жауынгерлiк мiндеттерiн орындайтын орындарға тасымалдауды жоспарлау және ұйымдастыру; 10) әскери қызмет қауiпсіздiгi жөніндегі iс-шараларды ұйымдастыру; 11) бейбiт және соғыс уақытында iшкi әскерлерге жүктелген қызметтiк-жауынгерлiк мiндеттердi орындауды авиациялық, техникалық және тылдық қамтамасыз етудi ұйымдастыру; 12) iшкi әскерлерде құқықтық дайындықты, әлеуметтiк-құқықтық, идеологиялық жұмысты ұйымдастыру, жеке құрамның жоғары моральдық-психологиялық ахуалын қолдау; 13) iшкi әскерлердiң кадрларын ірiктеу, бөлу, оларды республика аумағында орналасқан жоғары оқу орындарында, әскери училищелерде, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң әскери оқу орындарында шарт бойынша оқыту жөнiндегі жұмысты жүзеге асыру; 14) iшкi әскерлердiң құрамалары, әскери бөлiмдерi мен әскери оқу орындары орналасқан жерлерде медициналық қамтамасыз етудi ұйымдастыру және санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қадағалауды жүзеге асыру; 15) iшкi әскерлердiң әскери қызметшiлерi жасаған әскери және басқа да қылмыстар бойынша анықтауды жүзеге асыру, қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, қылмыстарды ашу, iшкi әскерлердiң әскери қызметшiлерiн iздестiру; 16) iшкi әскерлер құрамаларының және әскери бөлiмдерiнiң, әскери оқу орындарының заңнаманы сақтау және алға қойылған мiндеттердi орындау жөніндегі тексерулерді жүзеге асыру; 17) әскери-ғылыми жұмысты ұйымдастыру, iшкi әскерлер құрамаларының, әскери бөлімдерінің, әскери оқу орындарының қызметтiк-жауынгерлiк жұмысының озық тәжірибесін зерделеу, қорыту және тарату; 18) әскери-саяси жағдайды талдау, Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң Iшкi әскерлер қолбасшысының шешiмдер қабылдауы мен мiндеттер қоюы үшiн ұсыныстар дайындау; 19) әскери қауiпсiздiк және қоғамдық құқықтық тәртiп мәселелерiнде мемлекеттік органдармен, мекемелермен, ұйымдармен өзара iс-қимыл жасасуды ұйымдастыру және оған қолдау көрсету; 20) iшкi әскерлердi жасақтауды жоспарлау және ұйымдастыру, оны жан-жақты қамтамасыз ету (моральдық-психологиялық, материалдық-техникалық, жауынгерлiк тылдық). 11. Негізгi мiндеттердi iске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру мақсатында Комитеттiң өз құзыретi шегінде заңнамада белгіленген тәртiппен: 1) нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлеу, жетiлдiру және iске асыру жөнiнде ұсыныстар енгізуге; 2) iшкi әскерлердi материалдық-техникалық дамытудың негiзгi бағыттары мен бағдарламаларын әзiрлеуге; 3) iшкi әскерлердiң қызметтiк-жауынгерлiк мiндеттердi орындау кезiнде заңнамада белгiленген жағдайларда жеке құрамды, қару-жарақты және арнайы құралдарды қолдануға; 4) iшкi әскерлер құрамалары мен әскери бөлiмдерiнiң, әскери оқу орындарының қызметтiк-жауынгерлiк, қаржылық және шаруашылық қызметiн тексерудi жүзеге асыруға құқығы бар.
12. Комитеттiң жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкi болады. Комитеттiң мүлкі оған мемлекет берген мүлiктiң есебiнен қалыптасады және негiзгi қорлар мен айналым қаражатынан, сондай-ақ құны Комитеттiң теңгерiмiнде көрсетiлетiн өзге де мүлiктен тұрады. 13. Комитетке бекітілген мүлiк республикалық меншiкке жатады. 14. Комитеттiң өзiне бекітілген мүлiкті өздiгiнен иелiгiнен шығаруға немесе өзге тәсiлмен оған билiк етуге құқығы жоқ. Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайлар мен шектерде мүлiкке билiк ету құқығы берiлуi мүмкiн.
4. Комитеттің қызметiн ұйымдастыру
15. Комитетті заңнамада белгiленген тәртiппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын төраға басқарады. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары болады. 16. Комитет төрағасы лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінің Iшкi әскерлер қолбасшысы, оның орынбасарлары тиiсiнше Қолбасшының орынбасарлары болып табылады. 17. Комитет төрағасы iшкi әскерлердiң қызметтiк-жауынгерлiк жұмысын ұйымдастырады және басқарады және iшкi әскерлерге жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен олардың өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн дербес жауап бередi. 18. Осы мақсаттарда Комитет төрағасы: 1) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, өзге де ұйымдарында, сондай-ақ шетел мемлекеттерiнде iшкi әскерлердiң әскери қызметшiлерiн оқыту, даярлау және қайта даярлау саласында Комитеттi бiлдiредi; 2) өз орынбасарларының және Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң, iшкi әскерлер құрамалары, әскери бөлiмдерi мен әскери оқу орындары басшыларының өкiлеттiлiктерi мен мiндеттерiн айқындайды; 3) iшкі әскерлердiң тұрақты жауынгерлiк және жұмылдыру даярлығына қолдау көрсетедi; 4) озық тәжiрибенi енгiзедi, материалдық базаны дамытады және iшкi әскерлердiң жеке құрамы үшiн қажеттi әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайлар жасайды; 5) Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрiне бекітілген штат санының лимитi шегiнде iшкi әскерлер құрамаларының, әскери бөлiмдерiнiң, әскери оқу орындарының құрылымы, штат саны бойынша ұсыныстар енгiзедi; 6) iшкi әскерлердi мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлермен әскерге шақыру бойынша және ерiктi түрде келісім-шарт бойынша жасақтау, оларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес запасқа шығаруды ұйымдастыру жоспарларын әзiрлейдi; 7) iшкi әскерлер офицерлерiнiң заңнамаға сәйкес әскери қызмет өткеру мәселелерiн шешедi, лауазымға тағайындайды, лауазымнан босатады, қоса алғанда подполковникке дейiнгi кезектi әскери атақтар бередi, запасқа немесе отставкаға шығарады; 8) заңнамада белгiленген тәртiппен әскери қызметшiлерге тәртiптiк жаза қолданады; 9) бұйрықтарға, директиваларға, өкiмдерге қол қояды және құрамалардың, әскери бөлiмдердiң штаттарын бекiтедi; 10) Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрiне iшкi әскерлердiң әскери қызметшiлерiн, қызметшiлерiн мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы ұсыныстар енгізедi; 11) Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң ережелерiн және Ішкi әскерлердiң құрамалары мен әскери бөлiмдерiнiң, әскери оқу орындарының жарғыларын бекiтедi; 12) iшкi әскерлердегi әскери-ғылыми қызметтiң ұйымдастырылуын қамтамасыз етедi; 13) әскерлердi қаруландыруға (жарақтандыруға) әскери және өзге де техника мен басқа мүлiктi қабылдайды, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен пайдалануға жарамсыз жай-күйдегі немесе жоғалған материалдық құндылықтар мен әскери (бюджеттік) есептiң ақшалай қаражатын есептен шығарады.
5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
19. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Үкіметінiң 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігі Iшкi әскерлер комитетiнiң Құрылымы
1. Қолбасшылық. 2. Инспекторлық-талдамалық басқарма. 3. Жедел басқарма. 4. Жауынгерлiк қызмет басқармасы. 5. Ұйымдастыру-жұмылдыру басқармасы. 6. Байланыс басқармасы. 7. Автоматтандыру басқармасы. 8. Хатшылық басқармасы. 9. Жауынгерлiк даярлық басқармасы. 10. Тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыс басқармасы. 11. Заң басқармасы. 12. Кадр және әскери білім басқармасы. 13. Техника және қару-жарақ басқармасы. 14. Тыл басқармасы. 15. Әскери медицина басқармасы. 16. Мемлекеттік сатып алу басқармасы. 17. Бюджет-қаржы басқармасы. 18. Бақылау-тексерiс басқармасы. 19. Әскери полиция басқармасы. |