|
|
|
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорықтары туралы уақытша
ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 13 наурыздағы № 301 қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының күзетiлетiн табиғи аумағын ұйымдастыру мен оның қызмет етуiнiң заңдылық және нормативтiк-құқықтық негiздерiн жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорықтары туралы Уақытша Үлгi ереже (қоса берiлiп отыр) бекітілсiн.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 5 шiлдедегi № 753 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорықтары туралы Уақытша Үлгi ереже
Негiзгi қағидалар 1. Кәдуiлгi, сирек кездесетiн немесе бiрегей ландшафттар мен олардың құрамындағылардың табиғи болмысын сақтау, олардағы табиғи процестер мен құбылыстардың жаратылыс өзгерiлiмiн зерделеу және табиғатты қорғаудың ғылыми негiздерiн айқындау мақсатында ерекше табиғатты қорғаушылық, ғылыми, экологиялық-ағартушылық және эстетикалық маңызы бар олардың шегiнде орналасқан табиғи кешендер мен объектiлерiн түгел алғанда жер, жер қойнауы мен су кеңiстiгiнiң учаскелерi мемлекеттік қорықтар деп жарияланады. 2. Қорықтың табиғи ресурстары Қазақстан Республикасының мемлекеттік меншiгi болып табылады. Мемлекет меншiгіндегі қорық жерiне құқықтық ашықтан-ашық немесе жасырын түрде бұзу әрекеттерiне тыйым салынады. 3. Мемлекеттік қорықтардың жер, жер қойнауы, суы, табиғи ресурстары мен объектiлерi шаруашылық пайдаланымынан алынады да қорықтардың иелiгiне бiржолата берiледi. Олар табиғатты қорғау мақсатындағы жерлерге жатады, оны қандай да бiр мемлекеттік, жеке және қоғамдық мұқтаж үшiн пайдалануға немесе жалға беруге болмайды. Мемлекеттік қорықтар жер мен басқа да табиғи ресурстар үшiн төлемдерден босатылады. 4. Биосфералық топқа жатқызылатын қорықтар кең ауқымды экологиялық мониторингті жүзеге асыратын биосфералық резерваттардың халықаралық жүйесiне кiредi. 5. Мемлекеттік қорықтар заңды ұйымдар болып табылады. Олардың ғылыми-зерттеу институтының филиалы санатына теңестiрiлген табиғатты қорғау жөніндегі ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң мәртебесi болады, олар мемлекеттік бюджет есебiнен қаржыландырылады және дербес баланста тұрады, олардың Қазақстан Республикасының Елтаңбасы бейнеленiп, өз атауы қазақ және орыс тiлдерiнде жазылған мөрi болады, олар Қазақстан Республикасының банк мекемелерiнде шоттар, соның iшiнде валюталық шоттар да ашады. 6. Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтiк даму жоспарлары мен перспективаларын, жерге орналастыру, аудандық жоспарлау сызбаларын, табиғатты қорғаудың кешендi сызбаларын әзiрлеу кезiнде ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретiнде мемлекеттік қорықтар ескерiлетiн болады. 7. Мемлекеттік қорықтар өздерiнiң өкiлдiктерi жүретiн аймақтағы (Аймақтық жүйедегi) табиғатты қорғаудың ғылыми-әдiстемелiк орталықтары болып табылады. Олардың қарамағында, соның iшiнде құрылымдық бөлiмшелер ретiнде қорық шекарасынан тысқары орналасқан қорғалатын табиғи аумақтың өзге де түрлерi (қорғалымдар, табиғи ескерткiштер және басқалары) болуы мүмкiн. 8. Негiзгi аумақта қорықтық режимдi қамтамасыз ету, қорғалатын экологиялық жүйеге шаруашылық қызметiнiң залалын азайту мақсатында қорық аумағын айналдыра енi кемiнде екi километрге созылатын күзет аймағы құрылады. Қорғалатын аймақтың аумағы негiзгi жер пайдаланушылардан қайтарылып алынбайды. Қорғалатын аймақ маңында табиғи объектiлер мен қорық кешендерiне зияны тиетiн шаруашылық және өзге де қызмет атқаруға тыйым салынады. Негiзгi функциялары мен мiндеттерi 9. Күзетiлетiн және соған шектес экологиялық жүйесiн сақтау мен қалпына келтiру, аймақты экологиялық тепе-теңдiкте ұстау, табиғи кешендердiң жаратылыстық даму заңдылықтарын айқындау, табиғатты қорғау мен оны ұтымды пайдаланудың негiздерiн жасау мемлекеттік қорықтардың негiзгi функциялары болып табылады. 10. Мемлекеттік қорықтардың орындауына мынадай мiндеттер: қорықтың аумағын (акваторияны қосқанда) әрi оның күзетiлетiн аймағын қорғауды және белгiленген қорық режимiнiң сақталуын қамтамасыз ету; қорықтың штатындағы қызметкерлермен және республиканың ғылыми-зерттеу ұйымдарымен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу; қорық iсiнiң негiздерiн, экологиялық білімдердi, табиғи ресурстарды қорғау мен ұтымды пайдалану проблемаларын насихаттау, табиғатты қорғау мен қорық iсi саласына ғылыми кадрлар мен мамандарды даярлауға жәрдемдесу; экологиялық сараптамаға, сол аймақтағы табиғатты пайдаланудың қолайлы режимiн белгiлеуге қатысу; арнайы бөлiнген бағыттар бойынша (көп ретте негiзгi күзетiлетiн аумақтан тысқары жерлерде) ғылыми-танымдық экологиялық экскурсиялар ұйымдастыру мiндеттерi жүктеледi. 11. Әр қорықтың мiндетi мен функциясы, оны ұйымдастыру құрылымы осы Ережеге сәйкес әзiрленген және қорықтардың қызметiн басқарушы мемлекеттік орган бекiткен жеке ережемен белгiленедi. Құрылу тәртібі 12. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорықтары мен олардың филиалдарын құруды Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының және басқа да ғылыми мекемелердiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi жүзеге асырады. 13. Мемлекеттік қорықтар құру жөніндегі материалдарды Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлігі әзiрлеп, оларды Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне енгiзедi. 14. Мемлекеттік биосфералық қорықтар ЮНЕСКО-ның келісімi бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қаулысымен құрылады және олар осы халықаралық ұйымда тiркелуге жатады. 15. Жер-жердегi атқарушы өкiмет органдары мен Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлігінiң бөлiмшелерi мемлекеттік қорықтар жүйесiн дамытуға жәрдемдеседi және олардың қызметiне көмек көрсетедi. Қорықтарды басқару, олардың құрылымы 16. Қорықтарды Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлігі басқарады. 17. Мемлекеттік қорыққа директор басшылық етедi, ол табиғи резерваттың қызметi үшiн жауап бередi, қорық аумағында табиғатты қорғау заңдарының мемлекеттік тәртiптiң сақталуын, қорық алдында тұрған мiндеттердiң орындалуын қамтамасыз етедi. 18. Директор, директордың ғылым жөніндегі орынбасары және күзет қызметiнiң бастығы қорықтар қызметiн басқарушы мемлекеттік органның номенклатурасында болады. Ғылыми-зерттеу қызметi 19. Мемлекеттік қорықтардағы ғылыми зерттеулер экологиялық жүйенiң табиғи дамуына ұзақ уақыт бақылау жасау жолымен барлық деңгейдегi табиғи кешендердiң биологиялық әртүрлiлiгi мен тұтастығын зерделеу мен сақтау мақсатында, сондай-ақ аумақтағы экологиялық жағдайға болжамды баға беру, табиғатты ұтымды пайдалану жөнiнде ғылыми негiзделген ұсыныстар әзiрлеу мақсатында жүзеге асырылады. 20. Қорықтардағы ғылыми жұмыс өзiне зерттеулердiң мынадай мiндеттi бағыттарын: қорық аумағының барлық табиғи болмысын қартаға түсiру негiзiнде түгендеу; қорықтың үлгiлi экологиялық жүйесiн және аумақ маңынан соған ұқсас тиiстi түрлерiн айқындау; табиғи өзгерiстердi қадағалау, "Табиғат шежiресiн" жазып жүру, экологиялық жүйе мен оның құраластарының табиғи және антропогендiк динамикасын зерделеу; экологиялық жүйенiң, организмдердiң жекелеген топтарының, құрылымының заңдылығы мен iс-әрекетiн, оларға орта факторларының, экологиялық жүйе құраластарының өзара байланысының әсерiн зерделеу; қорық пен оның маңындағы аумақтың экологиялық жүйесiн және гендiк қорын сақтау мен қалпына келтiруге бағытталған ғылыми ұсыныстарды әзiрлеу бағыттарын қамтиды. 21. Мемлекеттік қорықтардағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын штаттағы қызметкерлер мен ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң және тиiстi бейiмдiктегi жоғары оқу орындарының мамандары қорықтың ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарлары бойынша да, сондай-ақ белгiленген тәртiппен келісілген қорықтың жалпы бағдарламалары бойынша шарттық негiзде де жүргiзедi. 22. Қорық жанынан ғылыми-техникалық кеңес құрылып, ол директордың бұйрығымен бекітіледi. Кеңес туралы ереже және оның құрамы қорық қызметiн басқарушы мемлекеттік органмен келісіледi. Ғылыми-техникалық кеңестiң құрамына штаттағы қызметкерлермен бiрге, негiзгi тақырыптардың ғылыми жетекшiлерiн қосқанда ғылымның тиiстi салаларының, бөгде ұйымдардың мамандары кiре алады. 23. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағдарламалары мен тақырыптарын бекіту мен орындалуын одан әрi үйлестiрудi, олар қорықтың ғылыми-техникалық кеңесi мен тиiстi академиялық институттың ғылыми кеңесiнде қаралған соң, қорықтың қызметiн басқаратын мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясымен бiрлесе отырып жүзеге асырады. 24. Қорықтардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарлары бойынша жабайы аңдарды аулау, санитарлық мақсатпен ату және ен салу, өсiмдiктер мен коллекциялар жинау табиғи ресурстарды қорғау мен пайдалану жөніндегі мемлекеттік бақылау органдарының рұқсаты бойынша жүзеге асырылады. 25. Мемлекеттік қорықтарда ғылыми деректер жиынтығы, қорлар және олардың қызметкерлерiнiң ғылыми еңбектерi мен ғалымдардың қорық аумағында жинаған материалдары бойынша атқарған жұмыстарының архивi жасақталады. 26. Қызметкерлердiң ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша қорытынды есептерi және "Табиғат шежiресi" бойынша бесжылдық есептер Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты Қазақ мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпарат институтында тiркелуге жатады, далада бақылау жүргiзудiң бастапқы материалдары қорықтың архивiне тапсырылады. Қорықтық режим 27. Мемлекеттік қорықтардың режимi күзетiлетiн аумақтағы табиғи кешендер мен объектiлердiң барлық биологиялық әртүрлiлiгiн сақтайды және табиғи жағдайы мен тұтастығын қалпында ұстауды қамтамасыз етудi көздейдi. Қорықтар аумағына оның мақсатына қайшы келетiн кез келген шаруашылық, демалыстық және өзге де қызметке тыйым салынады. 28. Қорықтар аумағында (экваториясында) мыналарға: жер мен суаттың гидрогеологиялық режимiн өзгертетiн iс-әрекетке; iздестiру жұмыстарына, пайдалы қазбаларды игеру мен шығаруға, жер қыртысына зақым келтiруге, минералдар шығаруға, тау жыныстарын аршып тастауға; орманды пайдаланудың барлық түрiне, мал жаюға, оны айдау мен суаруға, шөп шабуға, омарта мен бал араларының ұяларын орналастыруға, орманды ластау мен онда қалдықтар тастауға, айқындағыштарды, белгiлердi бүлдiру мен сындыруға, шайыр, ағаш шырындарын, жемiс, жидек, саңырауқұлақ, тұқым, гүл, тамыр, жуа, дәрiлiк өсiмдiктер мен техникалық шикiзат дайындауға, сал ағызуға, орман заңдарын бұзу болып табылатын орманды пайдаланудың өзге де түрлерiне; қорықтардың қызметiн қамтамасыз етуге арналғаннан басқа өнеркәсiп және ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын, жекелеген объектiлердi, үйлер мен ғимараттарды, жол мен жол құбырларын, электр желiлерi мен өзге де коммуникациялар салу мен орналастыруға; осы Ережеде және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен басқа жағдайда аңшылықтың, балық аулаудың барлық түрiне, жан-жануарлар дүниесiн өзге де пайдалану түрлерiне минералдық тыңайтқыштарды, орман мен топырақты қорғаудың химиялық құралдарын қолдануға; күзетiлетiн аймақты қосқанда, оларды бейiмдеу мақсатымен өсiмдiктер мен жануарларды жерсiндiруге; бөгде адамдар мен көлiктердiң арнайы рұқсатсыз келуiне, жүруi мен өтуiне; бөгде көлiк құралдарының жалпы пайдаланылатын жолдар мен су жолдарынан тысқары өтуiне; қорықтың ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарларында көзделгеннен басқа зоологиялық, ботаникалық және басқа да коллекциялар жинауға; қорық дирекциясының келісімiнсiз ұшақтар мен тiкұшақтардың аумақтың үстiмен 2000 метрден төмен ұшып өтуiне (жануарларды қорғау немесе есеп жүргiзу мақсатында оның аумағын авиапатрульдеуден басқа); қорықтарға жүктелген мiндеттердi орындауға байланысы жоқ және Қазақстан Республикасының табиғат қорғау жөніндегі заңдарына қайшы келетiн табиғи кешеннiң жағдайына тiкелей немесе жанама зардабы тиетiн өзге де қызметтерге тыйым салынады. 29. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыбы бойынша ғылыми мақсатта жабайы аңдарды аулауға, өсiмдiктердi жинауға табиғи ресурстарды қорғау мен пайдалану жөніндегі Мемлекеттік бақылау органдарының рұқсатымен жол берiледi. 30. Мемлекеттік қорықтарда белгiленген тәртiппен мыналарға: антропогендiк әсер етудiң салдарынан өзгерiске ұшыраған табиғи кешендердi қалпына келтiру мен өзгерiстерiн жою жөніндегі шараларды өткізуге, сондай-ақ бұрын тiршiлiк етiп, жоғалып кеткен сирек кездесетiн өсiмдiктер мен жануарларды қайта жерсiндiру мен жасанды жолмен көбейтудi қосқанда, қорықтың ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау үшiн; адам мен жануарларға аса қауiптi жұқпалы ауруларды жою жөніндегі өртке қарсы, санитарлық, мал дәрiгерлiк шараларды өткізуге, кiрiптар жағдайға ұшыраған жабайы аңдарды құтқару жөніндегі шараларды өткізуге жол берiледi. 31. Экологиялық, ғылыми-танымдық экскурсиялар қорықтардың қызметiн басқарушы мемлекеттік органмен келісілген тәртiппен арнайы бөлiнген экологиялық бағыттарда өткiзiледi. 32. Арнайы бөлiнген учаскелерде (көп ретте күзетiлетiн аймақта) аумақты орналастыру жобасына сәйкес қорық қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлігі белгiленген тәртiп пен нормалар бойынша табиғатты пайдаланудың жекелеген түрлерiне рұқсат берiлуi мүмкiн. 33. Қорықтың табиғи кешендерiне және оның күзетiлетiн аймағына тiкелей немесе жанама келтiрiлген зиян кiнәлi адамдардан, ұйымдар мен мекемелерден белгiленген тәртiппен қолданылып жүрген таксаларға және зиянды есептеу әдiстемелерiне сәйкес есептелiнiп, өндiрiлiп алынады. Мемлекеттік қорықтардағы табиғат қорғау қызметi 34. Қорық режимiн сақтау iсiн қорықтың арнаулы инспекциясының мәртебесi берiлген күзет қызметiнiң штаттағы қызметкерлерi қамтамасыз етедi. Қорықты күзету штатына: күзет бастығы (бас орманшы), күзет инженерi, аға инспекторлар, инспекторлар мен инспекторлардың көмекшiлерi кiредi. 35. Директор - қорықтың мемлекеттік бас инспекторы болып табылады. Күзет бастығы, күзет инспекторы және директордың орынбасарлары - қорықтың мемлекеттік бас инспекторының орынбасарлары болып табылады. 36. Табиғатты қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар құқығын Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлігі қорықтың өзге де қызметкерлерiне сәйкес бере алады. 37. Қорықтың аумағын қорғау жөніндегі шараларға қорықтың келісім бойынша айналадағы табиғи ортаны қорғау мен пайдалану жөніндегі мемлекеттік бақылау органдарының өзге бөлiмшелерi де қатыса алады. 38. Мемлекеттік қорықтардың күзет қызметiне: азаматтар мен лауазымды адамдардың жеке куәлiктерiн және қорықтың аумағында болуына немесе қызмет етуiне құқық беретiн құжаттарын тексеруге; олар қорықтың белгiленген режимi мен табиғатты қорғау заңдарын бұзған жағдайда азаматтар мен лауазымды адамдардан жазбаша түсiнiктеме талап етуге; кiнәлi адамдарды ұстауға, қорық режимiн және табиғатты қорғау заңдылықтарын бұзғаны туралы оларға хаттамалар жасауға; азаматтар мен лауазымды адамдардың табиғатты қорғау заңдарына қайшы келетiн қызметiн тоқтатуға; қолданылып жүрген заңдарға сәйкес табиғатты қорғау заңдарын бұзуға күдiктi адамдардың заттарын, көлiк құралдарын қарауға, аулау, ату құралдарын, сондай-ақ олжалаған өнiмдерiн тексеруге; тәртiп бұзушылардан олжалаған өнiмдерi мен табиғатты заңсыз пайдаланған құралдарын, сондай-ақ соларға тиiстi құжаттарын тартып алуға; режим мен табиғат қорғау заңдарын бұзғандарды жеке басын айқындау мен хаттамалар жасау үшiн iшкi iстер органдарына, өкiметтiң жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарына апаруға; белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылар туралы iстердi қарауға, лауазымды адамдар мен азаматтарға айыппұл салуға, басқа да әкiмшiлiк жолмен ықпал ету шараларын қолдануға; кәсiпорындарға, ұйымдарға, мекемелер мен азаматтарға келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талап қоюға; заңдарда көзделген жағдайда тәртiп бұзушылықтар туралы материалдарды тергеу органдарына жiберуге құқы бар. 39. Мемлекеттік қорықтарды қорғау қызметкерлерi мен табиғатты қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар құқығына ие адамдардың қызмет бабындағы мiндеттерiн орындауға байланысты мүлкiне келтiрiлген зиян сол зиян шектiрген ұйымдар мен азаматтардың есебiнен өтеледi. 40. Қорықты қорғау қызметкерi немесе табиғат қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор құқығына ие адам қызметтiк мiндетiн орындау кезiнде қазаға ұшыраған жағдайда оның отбасына бiр жолғы жәрдемақы, сондай-ақ қолданылып жүрген заңдарда белгiленген тәртiппен асыраушысынан айырылғандығы жөнiнде зейнетақы төленедi. 41. Қорықты қорғау қызметкерлерi пiшiмдi киiм-кешекпен, айырым белгiлерiмен, радио байланысы құралдарымен, көлiкпен қамтамасыз етiледi. 42. Қорықтарды қорғау қызметiнiң қызметкерлерiне өз мiндеттерiн атқару кезiнде iшкi iстер органдарының рұқсатымен табельдi атыс қаруын алып жүруге құқық берiлген. 43. Мемлекеттік қорықтардың аға инспекторлары мен инспекторларына жұмыс кезiнде қызметтiк үй-жайлары (кордондар) берiледi. 44. Қорықтарды қорғау қызметкерлерi ауыл шаруашылығы мен өзге де жұмыстарға қатысу үшiн қызметiн тастап бара алмайды. 45. Қорықтарды қорғау қызметiнiң қызметкерлерi қорық режимiн немесе табиғатты қорғау заңдарының бұзылу фактiлерiн ашатын болса, оларға сол тәртiп бұзушылық үшiн белгiленген тәртiппен өндiрiлiп алынған қаражаттың бiр бөлiгi есебiнен сыйлық берiледi. Экскурсиялық-ағартушылық қызмет 46. Қорықтардағы экскурсиялық-ағартушылық қызмет ғылыми-танымдық және экологиялық экскурсияларды, сондай-ақ табиғатты қорғау мен қорық iсi мәселелерi жөнiнде оқу-насихаттық, көрмелiк, мұражайлық, мәдени-ағартушылық жұмыстарды ұйымдастыру жолымен жүзеге асырылады. 47. Қорық қызметкерлерiнiң экскурсиялық-ағартушылық қызметiне қатысты мiндетiне: табиғатты қорғау, қорық iсi мәселелерi жөнiнде баспасөзде материалдар жариялау, радио мен телевизия арқылы сөйлеу, лекциялар оқу, әңгiмелер өткізу; табиғат және экологиялық соқпақтар мұражайларына келушiлерге қызмет көрсетудi ұйымдастыру; қорықтың экскурсиялық объектiлерiн күтiп ұстау және безендiру жөніндегі шаралар кешенiн әзiрлеп, жүзеге асыру енедi. 48. Мемлекеттік қорықтар тиiмдi экскурсиялық-ағартушылық жұмыстар ұйымдастыру және қажеттi материалдар мен қаржы қаражатын тарту үшiн қорық қызметiн басқарушы мемлекеттік органмен келiсе отырып, бөгде ұйымдармен шарттар жасай алады. 49. Қорықтағы экскурсиялық-ағартушылық жұмысты осыған уәкiлдiк алған қызметкерлер жүргiзедi. 50. Қорықтың экскурсиялық-ағартушылық жұмысында пайдаланылатын бағалау нарқы келісімдi болады. Мемлекеттік қорықтардағы еңбек жағдайы мен ақы төлеу 51. Ғылыми, экскурсиялық-ағартушылық, жарнамалық-баспалық қызметтен түскен, сондай-ақ халықаралық ұйымдарды қосқанда, кәсiпорындардан, мекемелерден, қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтардан тегiн көмек ретiнде алынған қаражат мемлекеттік қорықтардың негiзгi қызметiне жұмсалады. 52. Қорықтарды қаржыландыру, қызметкерлерiнiң жалақы мөлшерiн қорықтардың ұсыныстарын ескере отырып, олардың қызметiн, басқарушы мемлекеттік орган белгiлейдi. Қорық қызметкерлерiне қосымша ақы, үстемелер, сыйлықтар және қосымша көтермелеудiң басқа да түрлерi қолданылып жүрген заңдарға сәйкес белгiленедi. 53. Мемлекеттік қорықтардың қызметкерлерi контрактi негiзiнде жұмысқа қабылдануы мүмкiн. 54. Мемлекеттік қорықтардың тұрғын үй қоры белгiленген тәртiппен қызмет бабындағы санатқа жатқызылады және оны жекешелендiруге болмайды. 55. Маман қорыққа уақытша жұмыс iстеуге кеткен кезде ол және оның отбасы тұрақты тұрған үй-жайы еңбек шарты қолданылатын барлық уақыт бойы сақталады. 56. Ғылыми қызметкерлердi қосқанда, қорық қызметкерлерiне арнайы киiм-кешек, аяқ киiм, сондай-ақ белгiленген үлгiдегi омырау белгiсi тегiн берiледi. Дала жағдайында жұмыс iстеген кезде қорық қызметкерлерiне шығын сметасында көзделген дала жұмысы үшiн қосымша ақы төленедi.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |