|
|
|
Қазақстан Республикасының (2007.12.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2009 жылғы 11 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық кесімдердің тізбесін қара
Осы Заң тұрғын жайлардың құрылысына үлестік қатысуы үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшаларын тарту арқылы оларды салуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт тараптарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау кепілдігін белгілейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) кепілдікті мерзім - құрылыс салушы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа сәйкес жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген құрылыс объектісі көрсеткіштерінің сапасын сақтауға және құрылыс объектісін (тұрғын жайды) пайдалану мүмкіндігіне кепілдік беретін уақыт; 2) құрылыс салушы - өзіне меншік құқығымен немесе жергілікті атқарушы орган берген жер пайдалану құқығымен тиесілі жер учаскелерінде тұрғын жайлар салуды ұйымдастыру үшін үлескерлердің ақшаларын тарту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға; 3) нөлдік цикл - тұрғын жайдың нөл деп алынатын, шартты жобалық белгіден төмен орналасқан бөліктерін салу жөніндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарының кешені; 4) пайдалануға беруге рұқсат - комиссияны тағайындаған уәкілетті органның тұрғын жайды қабылдау туралы мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісін бекітуі; 5) тұрғын жайдағы үлес - тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарты бойынша салынған тұрғын жайдың құрамына кіретін, үлескерге беру aктici бойынша берілетін тұрғын үй. Осындай үйге жеке меншік құқығы туындаған кезде онымен бір мезгілде тұрғын жайдағы ортақ мүлікке ортақ үлестік меншік құқығы туындайды; 6) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу - тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт тараптарының тұрғын жайларды салу мақсатында ақша тарту (құрылыс салушы) және беру (үлескер) жөніндегі қатынастары; 7) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт - құрылыс салушы мен үлескердің арасында жасалатын және үлескерлердің ақшаларын тарту арқылы тұрғын жайлардың салынуына байланысты құқықтық қатынастарды реттейтін шарт; 8) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын жай (бұдан әрі - тұрғын жай) - негізінен тұрғын үй-жайлардан, сондай-ақ ортақ мүлік болып табылатын тұрғын емес үй-жайлардан және өзге де бөліктерден тұратын құрылыс; 9) тіркеуші органдар - жылжымайтын мүлікке құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органдар; 10) уәкілетті орган - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары; 11) үлескер - өздерінің тұрғын үйге қажетін қанағаттандыру үшін тұрғын жайларды салуға ақшаларымен қатысатын жеке (уақытша жүрген шетел азаматтарын қоспағанда) немесе заңды тұлға.
2-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Азаматтық кодекстің, осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің нормаларынан тұрады. 2. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін реттейтін заңнамасы осы Заңда реттелмеген бөлігінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу қатынастарына қолданылады. 3. Осы Заң жылжымайтын мүлік объектілері құрылысындағы инвестициялаумен, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысымен байланысты тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа негізделмеген қатынастарға қолданылмайды. 4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретi Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне: 1) тұрғын үй құрылысы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу; 2) уәкілетті органды айқындау; 3) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы үлгі шартты бекіту жатады.
4-бап. Уәкілетті органның құзыретi Уәкілетті орган: 1) құрылыс салушылардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру жөніндегі қызметіне мониторингті жүзеге асырады; 2) есепті тоқсанның соңына қарай тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың орындалмаған шарттары бойынша тартылған ақшалардың кемінде 12 проценті көлемінде құрылыс салушының өз капиталының болуы туралы талаптардың сақталуын тоқсан сайын тексеруді жүзеге асырады; 3) қажетті құжаттар мен материалдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сұратады және алады; 4) анықталған Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар шығарады, сондай-ақ құрылыс салушыларға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы шешім қабылдайды; 2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара) 5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, құрылыс салушының үлескерлердің ақшаларын тарту есебінен тұрғын жайлар салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясын береді, оның қолданылуын тоқтата тұрады немесе сот тәртібімен одан айырады; 6) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды есепке алуды жүзеге асырады; 7) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың орындалмаған шарттары бойынша тартылған ақшаның нысаналы жұмсалуына бақылау жасауды жүзеге асырады.
5-бап. Уәкілетті органның құрылыс салушының қызметін бақылауы 1. Құрылыс салушы Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасының, сондай-ақ оған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзған жағдайда, уәкілетті орган: 1) құрылыс салушылардан анықталған бұзушылықтарды жоюды талап етуге; 2) құрылыс салушыларға осы Заңның, сондай-ақ оған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілердің бұзылуын жою туралы орындалуы міндетті нұсқамалар жіберуге; 3) құрылыс салушыны (оның лауазымды адамдарын) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жауапкершілікке тарту үшін қажетті шаралар қабылдауға құқылы. 2. Өзіне осы баптың 1-тармағына сәйкес уәкілетті органның нұсқамасы жіберілген құрылыс салушы оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы. 3. Құрылыс салушы лицензиясының қолданылуы: 1) құрылыс салушы қаржы жылының соңына қарай өз капиталының мөлшері тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттары бойынша тартылған ақшалардың кемінде 12 проценті көлемінде болуы жөніндегі талапты сақтамаған; 2) құрылыс салушыға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген әкімшілік ықпал ету шаралары бір жыл ішінде екі және одан да көп рет қолданылып, құрылыс салушы осы Заңның өзге де талаптарын сақтамаған жағдайларда, алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін.
1. Құрылыс салушы өзінің қызметін тұрғын жайларды салу үшін өз қаражатын және (немесе) қарызға алынған қаражатты, сондай-ақ үлескерлердің ақшаларын инвестициялау арқылы жүзеге асырады. Құрылыс салушы тұрғын жайлар салу мақсатында үлестік қатысу негізінде мердігерлік және тапсырма шарттарын жасасуға құқылы. Құрылыс салушы үлескердің ақшаларын құрылысына үлескер қатысып отырған тұрғын жайды салуға байланысты мақсаттар үшін жұмсауға міндетті. 2. Шетелдік ұйымдар үлескерлердің ақшаларын тарту жолымен тұрғын жайлар салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметін Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлға құру арқылы ғана жүзеге асырады. 3. Құрылыс салушы мен үлескер тараптардың келісімі бойынша айқындалатын шарттармен үлескерлердің қаражаттарына қатысты өздерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды жүзеге асыруға құқылы.
7-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы үлгі шартты Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша бір тарап (құрылыс салушы) тұрғын жайды шартта көзделген мерзімде салуға және пайдалануға беруге рұқсат алғаннан кейін шарттың талаптары бойынша үлескерге оның тұрғын жайдағы үлесін беруге міндеттенеді, ал басқа тарап (үлескер) шартпен келісілген мөлшерде және тәртіппен ақша енгізуге міндеттенеді. Шартты жасасқаннан кейін оған тараптардың келісімі бойынша өзгерістер енгізілуі немесе қосымша келісімдер жасалуы мүмкін.
8-бап. Құрылыс салушы ұсынатын ақпарат 1. Құрылыс салушы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жасасу мақсатында өтініш жасаған тұлғаға танысу үшін: 1) құрылыс салушының фирмалық атауы және орналасқан жері туралы ақпаратты; 2) құрылыс салушының мемлекеттік тіркелгені (қайта тіркелгені) туралы куәлікті; 3) салық төлеушінің куәлігін; 4) статистикалық карточканы; 5) ол бар болған жағдайда, құрылыс салушының тұрғын үй құрылысында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруының соңғы жылындағы аудиторлық қорытындыны; 6) үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын жайлар салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруына арналған лицензияны; 7) ол бар болған жағдайда, аталған объектілердің орналасқан жері, оларды пайдалануға беру мерзімдері көрсетіліп, екі жыл ішінде құрылыс салушы жүзеге асырған тұрғын жайлар құрылысының жобалары туралы ақпаратты; 8) құрылыс объектісі туралы ақпаратты; 9) жер учаскесіне құрылыс салушының тиісті құқығын растайтын құжаттарды ұсынады. 2. Құрылыс объектісі туралы ақпарат: 1) кезеңдер бойынша құрылысқа рұқсатты; 2) жобалық құжаттамаға сәйкес объектінің орналасқан жерінің көрсетілуі мен сипаттамасын; 3) құрылыстың кезеңдері және оны аяқтау мерзімдері туралы мәліметтерді; 4) бас мердігердің атауын, осы саладағы жұмыс тәжірибесін, лицензиясының бар-жоғын, ол бас мердігер болып әрекет етіп, пайдалануға тапсырылған объектілер туралы ақпаратты қоса алғанда, ол туралы негізгі мәліметтерді қамтиды.
9-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың нысаны және міндетті талаптары 1. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт Қазақстан Республикасының Үкіметі өзі айқындайтын тәртіппен бекіткен үлгі шарттың негізінде жазбаша нысанда жасалады, ол есепке алынуға тиіс және осы есепке алу кезінен бастап жасалған болып есептеледі. 2. Шарттың міндетті талаптары: 1) құрылыс салушы тұрғын жайды пайдалануға беруге рұқсат алынғаннан кейін жобалық құжаттамаға сәйкес үлескерге берілуге жататын оның тұрғын жайдағы үлесін үлескер үшін айқындау; 2) құрылыс салушының үлескерге тұрғын жайдағы үлесті беру мерзімі; 3) шарттың бағасы, яғни, тұрғын үйдің (пәтердің) пайдалы алаңының бір шаршы метрі үшін есептік негізге алынған, үлескер енгізуге тиіс ақша сомасы; 4) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша салынған тұрғын жайдың кепілдік берілген мерзімі; 5) үлескерге берілуге тиіс, тұрғын жайдағы пәтерге қатысты сәулеттік жобалық құжаттаманың бір бөлігін (құрылыстың және тұрғын үйдің жоспарлары, қабаттылығы) шартқа міндетті түрде қоса тіркеу; 6) үлескерге жылжымайтын мүлік объектісіндегі үлесін берудің шартта көрсетілген мерзімін құрылыс салушы бұзған жағдайда, тұрақсыздық айыбының (өсімпұлдың) шамасын көрсету; 7) үлескер шартта белгіленген төлем енгізу мерзімін бұзған жағдайда, тұрақсыздық айыбының (өсімпұлдың) шамасын көрсету болып табылады. 3. Тұрғын жайдың кепілдік берілген мерзімі объект пайдалануға қабылданған күннен бастап екі жылдан кем болмауға тиіс. 4. Шартта осы баптың 2-тармағында көзделген талаптар болмаған жағдайда, шартты есепке қоюға болмайды. 5. Құрылысқа үлестік қатысушы азамат қайтыс болған немесе ол өлген деп жарияланған жағдайда, оның құқықтары мен міндеттері шарт бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мұрагерлерге ауысады. Құрылыс салушы құрылысқа үлестік қатысушының құқықтары мен міндеттерінің мұндай мұрагерлерге ауысуынан бас тартуға құқылы емес.
10-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шартын жасасу 1. Құрылыс салушы өзіне меншік құқығымен немесе жергілікті атқарушы орган берген жер пайдалану құқығымен тиесілі учаскені құрылыс салуға пайдалануға заңда белгіленген тәртіппен рұқсат алғаннан кейін және құрылыс объектісін салудың нөлдік циклын аяқтағаннан кейін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жасасуға құқылы. Yлескерлермен шарт тұрғын жайды пайдалануға беруге рұқсат берілгенге дейін ғана жасалуы мүмкін. 2. Құрылыс салушы үлескерлермен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты, шарт жасасу кезінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы орындалмаған шарттар бойынша тартылған ақшалардың кемінде 12 проценті көлемінде оның өз капиталы болған кезде, жасасады.
11-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды есепке алу 1. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт, оған енгізілетін өзгерістер, сондай-ақ шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беру салынатын тұрғын жай орналасқан жердегі уәкілетті органдарда есепке алынуға тиіс. 2. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды, оған енгізілген өзгерістерді, сондай-ақ шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруді есепке алу үшін құрылыс салушы салынатын тұрғын жайдағы үлес алаңдары мен оның орналасатын жері көрсетілген құжаттарды табыс етеді. Құрылыс салушы уәкілетті органда есепке алынғаннан кейін он жұмыс күні ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың есептік жазбасы туралы үзіндіні үлескерге беруге міндетті. Шарттарды, оған енгізілетін өзгерістерді, сондай-ақ шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруді есепке алу кезінде үшінші тұлғалардың бұрын есепке қойылған үлеске құқықтарының болуы нысанасында міндетті тексеру жүргізіледі. Ондай құқықтар болған кезде, шартты есепке алудан бас тартылады. 3. Құрылыс салушы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды есепке алуды осы баптың 2-тармағында аталған құжаттардан басқа, құрылысқа немесе оның кезеңіне рұқсатты уәкілетті органға ұсына отырып жүргізеді. 4. Шарттарды есепке алу уәкілетті органға құжаттар берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі. 5. Шартты орындаудан біржақты бас тартылған жағдайда, бастамашы тарап уәкілетті органға шартты орындаудан біржақты бас тартылуын есепке алу туралы өтініш ұсынады. Бұл ретте бастамашы тарап басқа тарапты шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы өтініш берілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жазбаша хабардар етуге міндетті.
12-бап. Міндеттемелердің орындалуы 1. Үлескердің шарт бағасын төлеуі төлемдерді біржолғы немесе шартта белгіленген мерзімдерде енгізу арқылы жүргізіледі. 2. Үлескердің ақшалай міндеттемелері тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа сәйкес ақша толық көлемде төленген кезден бастап орындалған болып есептеледі. 3. Құрылыс салушының міндеттемелері тұрғын жайдағы тұрғын үйді пайдалануға беруге рұқсат алынғаны және үлескерге тиісті үлестің берілгені туралы актіге тараптар қол қойған кезден бастап орындалған болып есептеледі. 4. Салынған тұрғын жайдағы үлесті бергенге дейін оның кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну тәуекелін құрылыс салушы көтереді. Тараптар беру актісіне қол қойғаннан кейін үлестің кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну тәуекелі үлескерге өтеді.
13-бап. Шартты өзгерту және бұзу 1. Егер шартта және (немесе) оған қосымша келісімдерде шартты өзгерту жағдайлары мен талаптары көзделсе, құрылыс салушы мен үлескердің келісімі бойынша шарт жасалғаннан кейін оның талаптары өзгертілуі мүмкін. Егер, тұрғын үйдің құрылысына үлестік қатысу туралы шартты жасасқан үлескер шарттың бағасын шарт талаптарына сәйкес толық мөлшерде төлесе, онда тұрғын жайдың жалпы алаңының 1 шаршы метріне бағаны одан әрі өзгертуге жол берілмейді. 2. Үлескердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруіне Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен ол шарттың бағасын төлегеннен кейін немесе борышын бір мезгілде жаңа үлескерге аударғаннан кейін ғана жол беріледі. 3. Yлескердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруіне шарттар есепке алынған кезден бастап салынған тұрғын жайдағы тиісті үлесті беру туралы актіге тараптар қол қойған кезге дейін жол беріледі. 4. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың міндетті талаптары бұзылған жағдайда, кез келген тарап шартты орындаудан біржақты тәртіппен бас тартуға және осы Заңның 17-бабына сәйкес тұрақсыздық айыбын төлей отырып, оның бастапқы жағдайға келтірілуін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес шығындардың өтелуін талап етуге құқылы.
14-бап. Тұрғын жайдағы үлесті беру 1. Құрылыс салушы үлескердің салынған тұрғын жайдағы үлесін оған шартта көзделген мерзімінен кешіктірмей беруге міндетті. Құрылыс салушының үлесті беруі және оны үлескердің қабылдап алуы тараптардың беру актісі бойынша жүзеге асырылады. 2. Құрылыс салушы үлескерге оның үлесін беруді өзі тұрғын жайды пайдалануға беруге рұқсат алғаннан ерте жүзеге асырылмайды. 3. Бүкіл тұрғын жайды пайдалануға беруге рұқсат алғаннан кейін құрылыс салушы тиісті үлескерлерге үлестерін беру жөніндегі міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындауға құқылы. 4. Құрылыс салушыдан құрылыстың аяқталғаны және тұрғын жайдағы үлесті беруге дайын екендігі туралы жазбаша хабарлама алған үлескер оны шартта көзделген мерзімде немесе егер, мұндай мерзім белгіленбесе, аталған хабарлама алынған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылдауға кірісуге міндетті. 5. Үлескер оған өз үлесін беру туралы актіге қол қойылғанға дейін құрылыс салушыдан өз үлесінің осы Заңда немесе шартта аталған талаптарға сәйкес келмейтіндігін беру актісінде көрсетуді талап етуге, не беру актісіне қол қоюдан бас тартуға құқылы. Бұл ретте құрылыс салушы осы мәліметтерді беру актісіне енгізуге міндетті. 6. Егер, шартта өзгеше көзделмесе, үлескер осы баптың 4-тармағында көзделген мерзімде тұрғын жайдағы өз үлесін қабылдаудан жалтарған немесе үлескер оны қабылдаудан бас тартқан жағдайда (осы баптың 5-тармағында аталған жағдайды қоспағанда), құрылыс салушы тиісті үлесті беру үшін шартта көзделген күннен бастап он жұмыс күні өткеннен кейін шартты бұзуға және құрылыс салушы осының салдарынан шеккен залалдарды өтеу үшін шартқа сәйкес оған тиесілі, тұрақсыздық айыбынан (өсімпұлдан) басқа, ақшаларды үлескерге қайтаруға құқылы.
15-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу негізінде үйлер салуды ұйымдастыруға байланысты жарнаманың ерекшеліктерi 1. Нөлдік цикл құрылысына рұқсат берілгенге дейін тұрғын жайды салу үшін үлескерлердің ақшаларын тарту мақсатында тұрғын жайларды жарнамалауға жол берілмейді. 2. Уәкілетті орган құрылыс салушы лицензиясының қолданылуын тоқтатып қойған кезеңде үлескерлердің ақшаларын тарту үшін жарнама жасауға тыйым салынады.
16-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыруға қойылатын талаптардың бұзылуы Құрылыс салушы осы Заңда белгіленген, толық емес және дұрыс емес ақпараттарды ұсынған жағдайда, үлескер мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қойып сотқа жүгінуге құқылы. Мәміле жарамсыз деп танылған жағдайда, құрылыс салушы үлескердің шарт бойынша төлеген ақшаларын қайтаруға және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес ол шеккен залалдарды өтеуге міндетті.
17-бап. Тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша жауапкершілігi 1. Құрылыс салушы үлескердің тұрғын жайдағы үлесін берудің шартта көзделген мерзімін бұзған жағдайда, құрылыс салушы мерзімі өткен әрбір күнге үлескердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарты бойынша төлеген сомасының 0,1 % мөлшерінде үлескерге тұрақсыздық айыбын (өсімпұл) төлейді. 2. Жұмыс нәтижелерін қабылдаудан кейінгі кепілдік берілген мерзім ішінде онда шарттан ауытқушылықты немесе әдеттегідей қабылдау тәсілі кезінде анықталуы мүмкін емес (көрінбейтін кемшіліктер), соның ішінде құрылыс салушы әдейі жасырған өзге де кемшіліктерді анықтаған үлескер бұл туралы олар анықталғаннан кейін он күн мерзімде құрылыс салушыға хабарлауға міндетті. 3. Егер, жылжымайтын мүлік объектісіндегі үлес шарт талаптарынан ауытқушылықтармен немесе өзге де кемшіліктермен салынған болса, онда үлескер өз таңдауы бойынша құрылыс салушыдан: 1) кемшіліктердің тараптар келіскен мерзімде өтеусіз жойылуын; 2) шарт бағасының мөлшерлес азайтылуын; 3) кемшіліктерді жоюға жұмсалған өз шығыстарының өтелуін талап етуге құқылы. 4. Төлем енгізудің шартта белгіленген мерзімі бұзылған жағдайда, үлескер құрылыс салушыға шартта белгіленген кезеңде өзі төлеуге тиіс соманың мерзімі өткен әрбір күнге 0,1 % мөлшерінде тұрақсыздық айыбын (өсімпұл) төлейді. 5. Yлескер тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын жайдың құрылысын жүзеге асыру кезінде құрылыс салушының қаржылық және тағы басқа тәуекелдері үшін жауаптылықта болмайды.
18-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
1. Осы Заңның күші осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу қатынастарына қолданылмайды. 2. Егер, құрылыс салушыға үлестік қатысу арқылы тұрғын жай құрылысының кезекті сатысына осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін рұқсат берілсе, онда осы Заңда көзделген ережелер құрылыс салушыға қолданылмайды.
20-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілуі Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2006 жылғы шілденің 7-сі. № 180-III ҚРЗ
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |