|
|
|
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 9 қарашадағы № 1179 қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою және осы саладағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру тұжырымдамасы мақұлдансын. 2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің 2005 жылғы 23 қарашадағы № 1154 қаулысымен мақұлданған
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою және осы саладағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру тұжырымдамасы
Кіріспе
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жүйесінің он жылдан астам жұмыс істеуі кезеңі ішінде елде түбегейлі әлеуметтік-саяси өзгерістер болды. Экономикалық дамудың нарықтық үлгісіне көшу, мемлекеттік басқару жүйесінің терең реформасы, халықаралық терроризм тарапынан жаңа қатерлер мен арандатушылықтардың пайда болуы төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс жүйесінің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі мен орнын жан-жақты таразылауды талап етеді. Апаттарға қарсы тұрудың ұзақ мерзімді перспективаға арналған жаңа идеологиясын құру және іске асыру, азаматтық қорғаныстың мүлдем өзгеше тұжырымдамасын қалыптастыру, мемлекеттік материалдық резерв жүйесін өсіп отырған уақыт талаптарына сәйкес келтірудің көкейтесті қажеттілігі туындады. Осыған байланысты осы Тұжырымдамада төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы қызметті одан әрі дамыту, мемлекеттік материалдық резервтің жұмыс істеуі, осы салалардағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөнінде негізгі идеялар мен ойлар баяндалған. Климаттың өзгеруі, дүлей зілзалаларға ұшырауға бейім өңірлерді шаруашылық тұрғыдан игеру, урбанизациялану, өндірістік технологиялардың күрделенуі әлем халқын төтенше жағдайларға тап болу қатерінің өсуіне әкеп соғуда. Мысалы, соңғы 40 жыл ішінде табиғи апаттардан келген залал 9 есе, ал олардың болу жиілігі 5 есе өсті. 1960 жылдан бастап дүлей зілзалалардан болған экономикалық залалдың өсу қарқыны өнеркәсіптік өндіріс көлемінің өсу қарқынынан озып кетті. 2005 жылғы 22 қаңтарда Апаттардың қауіптілігін азайту жөніндегі II дүниежүзілік конференция қабылдаған Хиог декларациясында (Кoбe қаласы, Жапония) апаттармен күресуге үкіметтер, азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар, ғылыми қоғамдастықтар, қаржы институттары, жеке сектор мен еріктілердің қатысуы қажет екендігі атап өтілген. Апаттардың алдын алу мәдениетін әрбір нақты адамнан әлемдік қоғамға дейінгі барлық деңгейде көтеру қажет. Қатерлер деңгейін төмендету проблемасына ұлттық саясатта басымдық сипат беру қажет. "Қырғи қабақ соғыс" аяқталысымен термоядролық қаруды кең көлемде қолдана отырып жүргізілетін әлемдік шиеленіс ықтималдылығы күрт азайды. Солай бола тұрса да, әлемде адамдардың террорлық әрекеттерден жаппай зардап шегу оқиғалары жиілеп кетті. Әлемнің әр бөлігіндегі экстремистік топтар ядролық, химиялық және бактериологиялық қарудың даяр үлгісін не оларды дайындау технологиясын иеленуге барынша күш салуда. Бұл ретте, бірнеше рет бейбіт халыққа қарсы түйнеменің ұрықтарын, улы заттар мен "лас" радиоактивті бомбаларды қолдану әрекеттерінің бірнеше мәрте жасалғаны байқалды. Қазақстан Республикасы өзінің географиялық және саяси жағдайына байланысты жоғарыда аталған әлемдік үрдістерден оқшау жатыр деп айта алмаймыз. Республикада жыл сайын төтенше жағдайлардан келетін тікелей залал (жаһандық дүлей зілзалалар болмағанның өзінде) 3,5-тен 4,5 миллиард теңге сомасында есептеліп отыр. Сараптамалық бағалау бойынша жанама залал мұндай жағдайда 15-20 миллиард теңге, ал адамдардың қаза болуы мен зардап шеккендерді емдеу - 3 миллиардқа жуық теңге сомасында бағаланып отыр. Бұның жалпы сомасы жыл сайын 25 миллиард теңгені құрауы мүмкін.
1. Халық пен аумақты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғаудың қазіргі заманғы жай-күйі, еліміздің азаматтық қорғаныс жүйесінің әзірлігi
Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар
Республика аумағының түрлі табиғи, кен-геологиялық және геодинамикалық жағдайлары оның табиғи апаттарға - жер сілкінісіне, су тасқынына, селге, сырғымаға, қар көшкініне, дауылға, орман және дала өрттеріне, температураның күрт төмендеуіне және қарлы боранға, эпидемиялар мен эпизоотияларға ұшырауға бейім екендігін көрсетеді. Сонымен қатар сейсмикалық қауіпті аудандардағы 30%-дан 60%-ғa дейінгі өнеркәсіптік және азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттар сейсмикалық орнықтылық талаптарына жауап бермейді. Салынып және жаңғыртылып жатқан объектілерде құрылыстағы сейсмикалық орнықтылық нормасының сақталуын бақылау тиімсіз болып отыр. Қазақстанның көптеген өңірлерінде егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандарға бөлу картасы жоқ. Қалалардың көпшілігіне және ірі елді мекендерге шағын сейсмикалық аудандарға бөлу картасы осы күнге дейін жасалынбаған, бұл ол жерде жаңа ғимараттарды салу және ескі құрылыстарды сейсмикаға қарсы нығайту кезінде барабар техникалық шешім қолдануға мүмкіндік бермейді. Қазақстанда қазіргі 653 гидроқұрылыстың 268-і, олардың ішінде ең ірі 28-і шұғыл жөндеуді қажет етеді. Бұл ретте су шаруашылығы объектілерінің іс жүзінде тозуы 60%-ды құрап отыр. Таулы аумақтардың қарқынды игерілуі, қауіпті табиғи құбылыстардың жандануы (жаһандық жылынуға байланысты) селге және сырғымаға қарсы жаңа қорғану құрылыстарын салуды және қазіргілерін жаңғыртуды, сел және сырғыма жүру қаупі бар аудандарда қала құрылысы саясатын өзгертуді, басқа ұйымдастыру шараларын қабылдауды талап етеді. Республикада көшкінге қарсы қызмет нашар дамыған. Көшкіндерді алдын ала түсіру жекелеген, аса қауіпті учаскелерде ғана жүргізіледі. Республиканың таулы аудандарындағы қар жамылғысының жай-күйін бақылау жүйелері нашар дамыған, соның салдарынан көшкін ғана емес, болуы мүмкін сел жағдайы болжамдарының қажетті дәлдігі жоқ. Температураның күрт төмендеуінен, борандардан, қатты дауылдардан және бұрқасындардан болатын залалды және зардап шеккендердің санын азайту бойынша шаралардың тиімділігі оларды дәл болжай алмау әрі коммуналдық және жол қызметтерінің жеткілікті дайын болмауы сияқты проблемаларға байланысты төмендеген. Эпидемиялық және зооноздық инфекцияларға қатысты жағдай тұрақсыз күйінде қалып отыр.
Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар
Негізгі қорлардың, жылжымалы құрамның және көліктегі инфрақұрылымның сапалық және физикалық тозуы, мұнай-газ кен орындарын және басқа да табиғи ресурстарды игерудің қарқын алуы, оларды тасымалдау және қайта өңдеу көлемдерінің ұлғаюы техногендік қатерлердің өсуіне нақты алғышарттар жасайды. Қатерлердің туындауына тозған жабдықтарды пайдалану, технологиялық және өндірістік тәртіптің төмен болуы, техника қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, ішкі ведомстволық және өндірістік бақылаудың әлсіздігі, жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердің төмен біліктілігі, республикаға мүлдем тозған және сапалық ескірген жабдықтарды әкелу басты себептер болып табылады. Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің міндетті техникалық және технологиялық нормаларын қамтитын нормативтік құқықтық кесімдердің негізгі бөлігі әзірленбеген. Техникалық бақылаудың объектілерге халық пен аумақтар үшін өнеркәсіптік қызметінің қауіптілігі, олардағы техногендік төтенше жағдайлардың туындау ықтималдылығы бойынша саралап жіктеу жүргізілмейтін тұтас жүйесі қолданылып отыр. Техникалық қатерлерді төмендету жөніндегі қызметті реттейтін және материалдық-техникалық қамтамасыз ететін экономикалық тетіктер жоқ. Қауіпті өндірістік объектілердің жабдықтарын сертификаттаудың, сондай-ақ қауіпті өнеркәсіптік қызметті лицензиялаудың және сақтандырудың қалыптасқан жүйесі нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес келмейді. Көліктегі қауіпсіздіктің қажетті деңгейі орныға қоймаған. Елді мекендерді салу кезінде қала құрылысы нормаларын сақтамау, өрт қауіпсіздігінің нормаларын сақтамастан үйлер мен ғимараттарды (әcipece тұрғын үйлерді) қайта жабдықтау, жаңғырту, техникалық қайта жабдықтау, өртке қарсы су құбырларын техникалық дұрыс жағдайға келтіру бойынша шаралардың қабылданбауы, ғимараттарды салу және оларға әрлеу жұмыстарын жүргізу кезінде жанғыш және улы материалдарды қолдану өрттен болатын құрбандар санын және материалдық зиянды өсіруде. Жыл сайын 1000-нан аса өрт болатын республиканың орман алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты күрделі жағдай қалыптасуда. Табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою жөніндегі міндеттерді шешуде мемлекеттік органдар тиісті үйлескен іс-қимылдар жүргізбей отыр. Ерікті өрт сөндіру құрамалары іс жүзінде жойылған, бұл көптеген елді мекендердің өрттерден қорғансыз қалуына әкелді. Теңіз және өзен тасымалының дамуына орай су айдындарында төтенше жағдайлардың туындау мүмкіндігі күрт арта түседі. Сонымен бірге, теңіздерде, көлдерде және өзендерде болатын төтенше жағдайларды жоюға қабілетті суда жүзу құралдары жоқ. Негізінен алғанда, көптеген ескі және авариялық жағдайдағы ғимараттар мен құрылыстар республиканың барлық өңірлерінде пайдаланылып жатыр десе де болады. Жыл сайын құрылыс құрастырмаларының қирауынан адамдар баспанасынан, мүлкінен айрылады, жарақат алады және қаза табады. XXI ғасырдың басында адамзат халықаралық терроризм мен экстремизм сияқты тағы да бір қатерлі арандатушылыққа аяқ басты. Террористердің осы заманғы техниканы, радиациялық-химиялық және биологиялық қауіпті заттар мен материалдарды пайдалана алатын, сондай-ақ техногендік төтенше жағдайларды қолдан жасай алатын мүмкіншіліктерінің болуы террорлық әрекеттердің, әсіресе химиялық және биологиялық шабуылдардың жасалуы кезінде олардың зардаптарын жоятын күштердің (қызметтердің) материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайтуды талап етеді.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналған авариялық-құтқару күштері мен құралдары, мемлекеттік материалдық резерв
Төтенше жағдайлардың саны мен ауыртпалығының өсуі жағдайында республикада қазіргі кәсіби авариялық-құтқару күштері өздерінің жарақтануы мен сандық құрамы бойынша құтқару жұмыстарын толық көлемде орындай алмайды және олар елеулі нығайтуды қажет етеді. Өрт сөндіру бөлімдерінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған арнайы техника іс жүзінде мүлдем жоқ, авариялық-құтқару керек-жарақтары мен жабдықтары жеткіліксіз. Судан құтқару қызметінің жүйесінде күрделі жағдай қалыптасқан, ондағы жабдықтар мен техниканың көпшілігінің 80%-дан астамы тозған. Қазақстанның бүгінгі таңда Каспий теңізінің аумақтық суларындағы кемелерде, танкерлер мен паромдарда болуы ықтимал өрттер мен техногендік аварияларды жоюға, теңізге төгілген мұнайды оқшауландыруға, теңізде апатқа тап болған адамдарды құтқаруға қабілетті теңіз кемелері жоқ. Жергілікті кәсіби авариялық-құтқару жасақтары іс жүзінде құрылмай отыр. Жедел құтқару жасақтары мен әскери бөлімдерді осы заманғы шағын механизация құралдарымен, арнайы қорғаныш жарақтарымен, барлау және адамдарды іздестіру приборларымен жарақтандыру мәселесі, әсіресе химиялық және радиоактивті зақымдануға бейім аумақтарда құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде өткір күйінде қалып отыр. Мамандандырылған өрт сөндіру және авариялық-құтқару операцияларын жүргізуге арналған ұшу аппараттарына, жүк көтергіштігі үлкен ұшақтар мен тікұшақтарға өткір қажеттілік бар. Төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы байланыс, хабарлау және ақпараттандыру жүйелері өздерінің техникалық жарақтануы, жүйелі құрылымы мен бағдарламалық қамтамасыз етілуі бойынша осы заманғы талаптарға сай емес. Мысалы, төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс жүйесінде республика ауқымын қамтитын біртұтас ақпараттық-коммуникациялық орта жоқ. Жедел байланыс құралдары жетіспейді, ал қазіргі қолда бары ескірген және көбіне осы заманғы аппаратурамен жұмыс істеуге сәйкес келмейді. Қазіргі байланыс құралдары, сондай-ақ компьютерлік жарақталу төтенше жағдайларды жоюды басқару пункттерінің жеткілікті ұтқырлығын қамтамасыз ете алмайды. Кең көлемді қауіптіліктер туралы халықты хабардар ету жүйесі электрондық бұқаралық ақпарат құралдарымен жеткілікті кірікпеген. Жақын маңайдағы өндіріс объектілерінде болған авариялар туралы тұрғындарға хабар берудің жергілікті жүйелеріне деген өткір жетіспеушілік бар. Апаттық медицина қызметінің қажетті материалдық-техникалық және кадрлар базасының болмауына, оның облыстардағы орталықтарының әлсіздігіне, біртұтас орталықтандырылған диспетчерлік қызметтің болмауына, осы саладағы мамандар даярлау жүйесі мен отандық ғылыми мектептердің кенжелеп қалуына байланысты тиімді жұмыс істеуін едәуір төмендетеді. Апаттық медицина клиникасының болмауына байланысты төтенше жағдайлар кезіндегі патологиялық жай-күйлердің бірқатар проблемалары зерделенбейді, медициналық қызметкерлердің кәсіби дағдысы жоғалуда, зардап шеккендерді медициналық қорғаудың әдістері мен тәсілдеріне құтқарушыларды, өрт сөндірушілерді, полицияны оқып-үйретудің әдістемелік басшылығы жүзеге асырылмайды, құтқарушылар мен төтенше жағдайларды жоюға қатысушыларды емдеу және оңалту жөніндегі мүмкіндіктер пайдаланылмай отыр. Мемлекеттік материалдық резерв жүйесі кәсіпорындарының географиялық орналасқан жері бұрынғы Кеңестер Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі - КСРО) аумағы үшін стратегиялық жоспармен белгіленген және Қазақстан Республикасының халқын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау міндеттеріне барабар емес. Кең көлемді төтенше жағдайлар туындаған жағдайда мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының сақталу номенклатурасы және көлемі азаматтардың қажеттілігіне толықтай сай болмай отыр. Сақтау базаларының құрылымы мен жай-күйі мемлекеттік материалдық резервтің оңтайлы жұмыс істеуін қамтамасыз етпейді, республикадағы соңғы әлеуметтік және көші-қон процестеріне сай емес. Сақтау базаларынан тауарлық-материалдық құндылықтарды шығарудың күрделі рәсімі оларды төтенше жағдайлар аймақтарына жеткізуді кешеуілдетуге әкеледі. Жергілікті атқарушы органдардағы төтенше жағдайларға арналған жедел резервтер нашар дамыған. Солай бола тұрса да, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) зардап шеккен халықты дереу қамтамасыз етуге (1-2 тәулік ішінде) қажетті жедел резервін құру бойынша заңнамалық және нормативтік құқықтық негіз жоқ.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккен халыққа келтірілген залалдың орнын толтыру, құтқарушылар мен ерікті құтқарушылардың әлеуметтік қорғалуы
Авариялардан, апаттардан және дүлей зілзалалардан сақтандырудың дамымауына байланысты техногендік төтенше жағдайлар кезінде келтірілген зиянның орнын толтыру өте сирек кездеседі. Мұндай жағдайда жергілікті атқарушы органдарға зардап шегушілерді уақытша баспанамен қамтамасыз ету, олардың материалдық проблемаларын шешу бойынша белгілі бір салмақ түседі. Залал келтірушілердің болмауына байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шегушілерге ықтимал материалдық және қаржылай көмекті мемлекет пен жергілікті атқарушы органдар көрсетуге тырысады. Қазақстан Республикасының заңнамасы мұндай жағдайларда зардап шегушілерге келтірілген залалдың орнын толтыруды көздемегеніне қарамастан мемлекет және жергілікті атқарушы органдар көптеген жағдайларда оларды баспанамен қамтамасыз етеді, белгілі бір материалдық көмек көрсетеді. Мұндай практика халықты жазатайым оқиғалардан және төтенше жағдайлардан ерікті сақтандырудың дамымауының салдары болып табылады. Мұндай жағдайларда Қазақстан Республикасы Yкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың қаржылық және мемлекеттік материалдық резервтері, іс жүзінде сақтандыру қорларының рөлін атқарады. Бұл мемлекетке экономикалық залал әкелгенімен қатар, халықтың белгілі бір бөлігінің өз баспаналары мен мүлкінің қауіпсіздігін ойлау туралы қамқорлық жасауға деген ынтасын төмендетеді. Азаматтардың көпшілігі тек қана мемлекет көмегіне сеніп, өз өмірін, денсаулығын және мүлкін сақтандырудың қажеттілігіне мән бермейді. Солай бола тұрса да, құтқарушыларды, сондай-ақ төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тартылатын азаматтардың сақтандырылуын және әлеуметтік қорғалуын көздейтін заңнамалық нормалар қажетті шешімін тапқан жоқ.
халықты террорлық әрекеттердің зардаптарынан қорғау
Азаматтық қорғаныс жүйесінің қазіргі құрылымы мен жұмыс істеу қағидаттары бұрынғы КCPO-ның қорғаныс іс-шараларының бір бөлігі ретінде қалыптасқан. Егемендік алғалы бері азаматтық қорғаныс жүйесінің қазіргі бар әлеуеті табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін кең қолданылды. Солай бола тұрса да, Қазақстан Республикасында әлеуметтік-саяси және экономикалық реформалардың тереңдеуіне, оның нарықтық даму жолына түсуіне және жаңа әскери доктринаны қабылдауына байланысты қазіргі азаматтық қорғаныс жүйесінің болып жатқан жаңа саяси және экономикалық ақиқатқа сай келмейтіндігі барған сайын айқын бола бастады. Мысалы, нарықтық экономика жағдайларында жеке меншік иелері есебінен азаматтық қорғаныстың қазіргі инженерлік құрылыстарын, сондай-ақ кәсіпорындарда орнатылған хабарлау жүйелері ұстау қиынға соқты. Жаңадан салынып жатқан объектілерде панажайлар салу жүргізілмей отыр. Халыққа арналған жеке қорғану құралдарын, олардың сандық құрамын тиімді caқтaу және еліміз бойынша аумақтық бөлу мәселелері шешілмеген. Азаматтық қорғаныс бөлімдерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды және террорлық әрекеттердің зардаптарын жою үшін қолдану олардың техникалық базасының, қалыптасқан географиялық орналасуының және ескірген ұйымдастырушылық құрылымдық бөлімшелерінің осы міндеттерге сай еместігіне байланысты қиындап отыр. Азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарының стратегиялық ұтқырлығы қамтамасыз етілмеген. Азаматтық қорғаныс жүйесін қазіргі күйінде сақтау материалдық және қаржы құралдарының едәуір шығындарына, адам ресурстарының кетуіне алып келуі мүмкін. Соңғы уақытта таяу және алыс шетелдерде болып жатқан террорлық әрекеттер және экстремизмнің бой көрсетуі террорға қарсы операцияларды авариялық құтқару жағынан қамтамасыз етудің аса маңыздылығын көрсетеді.
Төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласы қызметін нормативтік құқықтық қамтамасыз ету
Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдау және бәсекелестікті дамыту мақсатында мемлекеттік өкімет билігі деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің ара жігін ажырату, мемлекеттік органдардың функциялары мен өкілеттіктерін орталықсыздандыру, мемлекеттің жекелеген бақылау функцияларын алып тастау, сондай-ақ лицензияланатын қызмет түрлерін шектеу саласындағы реформаларды жүргізу төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі органдар өкілеттіктерінің ауқымы мен көлемін нақтылауға қатысты төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс саласында қолданыстағы заңнама нормаларын жетілдіруді болжайды. Сонымен бірге, елде осы заманғы технологиялар мен әлеуетті-қауіпті өндірістер тиісінше енгізіле отырып экономиканың өнеркәсіптік блогының жедел қарқын алуы өнеркәсіп және өрт қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құқықтық кесімдерді қайта қарауды талап етеді.
Төтенше жағдайлар саласындағы ғылыми зерттеулер және мониторинг
Қазіргі уақытта төтенше жағдайлардың қандай да бір аспектілеріне қатысты ғылыми зерттеулер сейсмология, сел және сырғыма қаупі саласындағы бірнеше жекелеген тақырыптар бойынша ғана жүргізіледі. Солай бола тұрса да, республикада жалпы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою проблемаларын кешенді зерттеу бойынша бірыңғай ғылыми орталық жоқ. Геосаяси жағдайлардың өзгеруіне және Қазақстанның тәуелсіздік алуына байланысты елдің азаматтық қорғанысын ұйымдастыру және жүргізу саласында терең стратегиялық және арнайы ғылыми зерттеулер қажет. Қазақстанның барлық сейсмикалық белсенді аумақтарының толықтай қамтылмауы жер сілкінісі мониторингі жүйесінің ірі кемшілігі болып табылады. Іс жүзінде Алматы болжау полигоны ғана жеткілікті мөлшерде бақылау пункттерімен жарақталған. Қазақстанның батыс өңірлерінің ықтимал техногендік сейсмикалылығы мүлдем зерттелмеген. Елімізде дауылдарға қатысты алдын-ала ескертулердің жеткілікті расталмауы, қауіпті гидрометеорологиялық құбылыстардың назардан тыс қалуы, сондай-ақ су тасқыны ахуалының сенімді ұзақ мерзімді болжауларының болмауы осы төтенше жағдайларға ден қоюдың тиімділігін төмендетеді. Бұған көбінесе метеостансалар желісі мен гидрологиялық бекеттердің жеткіліксіздігі, қар өлшеу маршруттары санының аздығы себеп болуда. Сел қаупі көздерінің әуе мониторингі Алматы қаласы мен Алматы облысына тиіп тұрған Іле Алатауы таулы аймақтарында ғана жүргізіледі. Сел жүру қаупі бар көздері мониторингінің автоматтандыру процесі әлі де тәжірибелік-экспериментальдық жұмыстар аясынан шыққан жоқ. Сырғыма қаупіне жүйелі мониторинг жолға қойылмаған. Ғарыштық мониторингі деректерін іс жүзінде пайдалану процесі жедел ден қою қызметтерінде жолға қойылмаған. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында республика аумағын қашықтықтан ғарыштық бақылау өзінің алғашқы даму сатысында. Төтенше жағдайларды дәл мониторингілеуге және тиімді автоматтандырылған ден қою жоспарларын әзірлеуге аса қажет осы заманғы геоақпараттық жүйелер баяу енгізілуде. Іс жүзінде республикада техногендік қатерлердің жүйелі мониторингі мүлдем жоқ. Осыған байланысты өнеркәсіптік авариялар мен апаттарға болжау жасалынбайды, олардың алдын алу және оларға әзірлікті қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шаралар толық деңгейде жүргізілмейді.
Халықты оқыту және кадрлар даярлау
Халықты төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласында оқыту кезінде өткен ғасырдың 70-ші жылдарында белгіленген, қазіргі заман уақытына жауап бермейтін даярлау нысандары мен әдістері пайдаланылады. Осы саладағы түрлі оқыту бағдарламалары (алғашқы әскери дайындық, азаматтық қорғаныс, жол қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігі, тыныс-тіршілік қауіпсіздігі негіздері, медициналық дайындық және басқалар) көбінесе бір-бірімен еш байланысы жоқ жүйесіз енгізіледі. Еліміздің жоғары оқу орындарында ұйымдастырылған төтенше жағдайлар жөніндегі мамандарды оқыту оларға деген, әсіресе жоғары әскери-техникалық білімді мамандарға деген сұранысты қамтамасыз ете алмауда. Азаматтық қорғаныс әскерлері үшін офицерлер дайындау жүйесі мүлдем жоқ. Құтқарушылар дайындау жөніндегі мамандандырылған оқу орталықтары да жоқ. Республикада төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы мамандарды қайта даярлаудың және олардың біліктілігін көтерудің ауқымды, кешенді және жан-жақты процесін ұйымдастыру үшін жеткілікті оқу базасы жоқ.
Төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Қазақстан Республикасы халықты авариялардан, апаттардан және дүлей зілзалалардан қорғау саласында жан-жақты халықаралық байланыстарды жүзеге асырады. Олардың бастылары Біріккен Ұлттар Ұйымының, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, НАТО-ның "Бейбітшілік жолындағы әріптестік" бағдарламасының, Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының, Апаттарды азайту жөніндегі азиялық орталықтың, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің аясында жүзеге асырылатын іc-шаралар болып табылады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |