|
|
|
Жоба
Біртұтас экономикалық кеңістіктің техникалық реттеу, санитарлық
ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 5 маусымдағы № 507 Қаулысымен жобасы мақұлданды
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Украинаның Министрлер Кабинеті; тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ететін бірыңғай қағидаттарға негізделе отырып; 2003 жылғы 19 қыркүйектегі Біртұтас экономикалық кеңістікті құру туралы келісімде көзделген интеграциялық процестерді тереңдету мақсатында; техникалық реттеу, санитарлық (оның ішінде, ветеринарлық) және фитосанитарлық шаралар (бұдан әрі - санитарлық және фитосанитарлық шарлар) саласындағы келісілген саясатты жүргізудің орындылығын тани отырып; 1994 жылғы 15 сәуірдегі Көп жақты сауда келіссөздерінің Уругвай раундында қабылданған Саудадағы техникалық кедергілер жөніндегі келісімнің және Дүниежүзілік сауда ұйымының санитарлық және фитосанитарлық шаралары жөніндегі келісімнің ережелері мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып; саудадағы техникалық кедергілерді жоюға, оған санитарлық және фитосанитарлық шаралардың теріс әсер етуін барынша төмендетуге тырыса отырып; мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: аккредиттеу - нәтижесі сәйкестікті бағалаудың (растаудың) белгілі бір саласындағы жұмысты орындауға сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі органның (зертхананың) құзіреттілігін аккредиттеу жөніндегі органның ресми тануы болып табылатын қызмет; қауіпсіздік - олардың салдарларын ескере отырып, зиян шектіру және/немесе залал келтіру мүмкіндігіне байланысты жол берілмейтін қауіп-қатердің болмауы; мемлекеттік бақылау (қадағалау) - техникалық регламенттердің, санитарлық және фитосанитарлық шаралардың талаптарын жеке немесе заңды тұлғаның орындауын уәкілетті мемлекеттік органның (органдардың) тексеруі және тексеру нәтижелері бойынша шаралар қабылдау; Тараптар мемлекеттерінің нарығына өнімнің енуінің (айналымының) бірыңғай белгісі (бұдан әрі - БЭК Белгісі) - айналымға шығарылған өнімнің Біртұтас экономикалық кеңістіктің техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігі туралы хабарландыратын Тараптардың мемлекеттері қабылдаған бірыңғай белгілеу; консенсус - қағидатты мәселелер бойынша келіспеушіліктердің болмауымен сипатталатын стандартты әзірлеуге қатысушылардың жалпы келісімі; мемлекетаралық стандарт - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңесі немесе Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылыстағы стандарттау және техникалық нормалау жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-техникалық комиссиясы қабылдаған және тұтынушылардың (пайдаланушылардың) қалың тобына және өзге де мүдделі тұлғаларға қол жетімді стандарт; халықаралық стандарт - стандарттаумен айналысатын халықаралық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың (пайдаланушылардың) қалың тобына және өзге де мүдделі тұлғаларға қол жетімді стандарт; ұлттық (мемлекеттік) стандарт - Тарап мемлекетінің стандарттау жөніндегі ұлттық органы қабылдаған (бекіткен) және тұтынушылардың (пайдаланушылардың) қалың тобына және өзге де мүдделі тұлғаларға қол жетімді стандарт; ұлттық техникалық регламент (Тарап мемлекетінің техникалық регламенті) - осы мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен Тарап мемлекетінің нормативтік құқықтық келісімі нысанында қабылданған (бекітілген) техникалық регламент; сәйкестікті бағалау - өнімге немесе өзге де объектілерге қойылатын талаптардың сақталуын тікелей немесе жанама айқындау; сәйкестікті растау - өнімнің немесе өзге де объектілердің, өндіріс процестерінің, өнімді пайдалану (қолдану), сақтау, тасымалдау (көлікпен тасу), сату мен кәдеге жаратудың, жұмыстарды орындаудың техникалық регламенттердің, стандарттардың талаптарына және өнімнің сипаты басқа құжаттарға бар және олармен байланысты процестерге сәйкестігін құжатты түрде куәландыру және оның ерікті немесе міндетті сипаты болуы мүмкін; өнім - материалдық-заттай нысанда берілген әрі шаруашылық және өзге де мақсаттарда одан әрі пайдалануға арналған қызмет нәтижесі; өңірлік стандарт - стандарттаумен айналысатын өңірлік ұйым қабылдаған және тұтынушылардың (пайдаланушылардың) қалың тобына және өзге де мүдделі тұлғаларға қол жетімді стандарт; қауіп-қатер - зиян келтіру қатерінің және адам өмірі, денсаулығы, жануарлар мен өсімдіктер, мүлік пен қоршаған орта үшін осы зиянның салдарларының үйлесімділігі; санитарлық және фитосанитарлық шара - Тараптар мемлекеттері аумағының шегінде: тамақ өнімдеріндегі, сусындардағы, жемдегі және басқа да өнімдегі қоспалардан, ластаушы заттардан, токсиндерден немесе ауру тудыратын организмдерден туындайтын қауіп-қатерлерден адамның өмірін немесе денсаулығын немесе жануарларды қорғау үшін; зиянкестердің, арамшөптердің, жануарлар мен өсімдіктер ауруларының, ауру тасушы организмдердің немесе ауру тудыратын организмдердің енуіне, тамыр жаюына немесе таралуына байланысты туындайтын қауіп-қатерлерден жануарлардың өмірін немесе саулығын немесе өсімдіктерді қорғау үшін; жануарлар, өсімдіктер таситын ауруларға немесе олардан жасалатын өнімге байланысты немесе зиянкестердің, өсімдіктер ауруларының және арамшөптердің енуіне, тамыр жаюына немесе таралуына байланысты туындайтын қауіп-қатерлерден адамдардың өмірін немесе денсаулығын қорғау үшін; зиянкестердің, өсімдіктер мен арамшөптердің ауруларының, ауру тудыратын организмдердің, оның ішінде өніммен, жүктермен, материалдармен, көлік құралдарымен олардың берілуі немесе жануарлардың және (немесе) өсімдіктердің таратуы жағдайында енуімен, тамыр жаюымен немесе таралуымен келтірілетін басқа да зиянның алдын алу немесе шектеу үшін қолданылатын кез келген шара; стандарт - ерікті көп жолғы пайдалану мақсатында өнім сипаттамасы, жүзеге асыру ережесі мен өнімді өндіру, пайдалану (қолдану), сақтау, тасымалдау (көлікпен тасу), сату және кәдеге жарату, жұмыстарды орындау процестерінің сипаттамалары белгіленетін консенсус негізінде әзірленген құжат; техникалық регламент - өнімнің немесе онымен байланысты өндіру, пайдалану (қолдану), сақтау, тасымалдау (көлікпен тасу), сату және кәдеге жарату процестерінің міндетті сипаттамасын белгілейтін құжат, сондай-ақ өнімнің терминологиясына, оралуына, таңбалануына немесе этикеттелуіне, сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдеріне қойылған міндетті талаптарды қамтуы немесе айрықша тұруы мүмкін; Біртұтас экономикалық кеңістіктің техникалық регламенті (бұдан әрі - БЭК техникалық регламенті) - Біртұтас экономикалық кеңістіктің шеңберінде халықаралық шартпен қабылданған техникалық регламент; техникалық реттеу - Тарап мемлекетінің заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын техникалық регламенттерді, стандарттарды, сәйкестікті бағалауды (растауды), мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) әзірлеу және қолдану саласындағы құқықтық және нормативтік реттеу.
2-бап
Тараптар мынадай мақсатпен техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы бірыңғай келісілген саясатты жүргізеді: тауарлардың еркін қозғалысы үшін жағдайлар жасау; Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын үйлестіру; өзара қарым-қатынастардың, оның ішінде осы Келісімнің қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттерге қатысты бірыңғай қағидаттарды қалыптастыру; Тараптар мемлекеттерінің аумағын санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық қорғаудың қажетті деңгейін қамтамасыз ету үшін техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шараларды әзірлеу жөніндегі жұмыстарды жүргізудің бірыңғай ережесін қабылдау; адамның өмірі мен денсаулығы, мүлік қауіпсіздігін, жануарлар мен өсімдіктер әлемін және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін өнімге қойылатын бірыңғай міндетті талаптарды белгілеу; сәйкестікті бағалаудың (растаудың) стандарттарын, ережелері мен рәсімдерін үйлестіру; БЭК-тің техникалық регламенттерінің талаптарына өнімнің немесе онымен байланысты өндіру, пайдалану (қолдану), сақтау, тасымалдау (көлікпен тасу), сату және кәдеге жарату процестерінің сәйкестігін бағалау кезіндегі бақылау мен сынақтардың әзірленетін және қолданылатын әдістерін бірегейлі ендіру; адамдар мен жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының таралуын болдырмау және Тараптар мемлекеттерінің аумақтарын індет пен эпизотиялардан қорғау; Тарап мемлекетінің біреуінен аумағынан Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумағына карантиндік зиянкестердің, өсімдіктер ауруларының және арамшөптердің таралуын болдырмау.
3-бап
Тараптар: Тараптардың барлық мемлекеттері қосылған мемлекетаралық стандарттарды; мұндай құжаттар техникалық реттеу мақсаттарын орындау үшін, оның ішінде климаттық, географиялық факторларға немесе технологиялық проблемаларға байланысты тиімсіз немесе жарамсыз жағдайларды қоспағанда, санитарлық және фитосанитарлық шаралар бойынша халықаралық, өңірлік стандарттарға, нұсқамаларға және/немесе ұсынымдарға ұқсас ұлттық (мемлекеттік) стандарттарды; физикалық шамалар бірлігінің ұлттық (мемлекеттік) эталондарын; Тараптар мемлекеттерінде аккредиттелген сертификаттау (сәйкестікті бағалау/растау) жөніндегі органдарды, сынақ зертханаларын (орталықтарын); жеке Келісімдерге сәйкес белгіленген сәйкестікті бағалау (аккредиттеу, сәйкестікті растау) ережесін, рәсімдері мен нәтижелерін; мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) нәтижелерін; жеке Келісімде көзделген техникалық реттеу саласындағы ұлттық ақпараттық орталықтарды таниды.
4-бап
Техникалық реттеу саласындағы жұмыстарды үйлестіруді Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде жасалған халықаралық шарттарға сәйкес БЭК-тің Комиссиясы жүзеге асырады. Санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы жұмыстарды үйлестіру жеке Келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап
Өзара іс-қимыл мақсатында Тараптардың әрқайсысы техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын және/немесе үйлестіретін мемлекеттік басқару органдарын айқындайды (тағайындайды). Тараптар көрсетілген органдар туралы бірін-бірі және БЭК-тің Комиссиясын хабардар етеді.
6-бап
БЭК-тің техникалық регламенттерін міндетті қолдану техникалық реттеу саласындағы Тараптардың келісілген саясатының негізі болып табылады. БЭК-тің техникалық регламенттері БЭК нарығында өнімнің еркін айналымын қамтамасыз ету, адамның өмірі мен денсаулығын, мүлікті қорғау, жануарлар мен өсімдіктер әлемін және қоршаған ортаны қорғау, тұтынушыларды (сатып алушыларды) адастыруға алып келетін іс-әрекеттердің алдын алу үшін техникалық реттеу саласындағы Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын үйлестіру мақсатында қабылданады және өзара сауда үшін кедергілер жасамауы тиіс. Өзге мақсатта БЭК-тің техникалық регламенттерін қабылдауға жол берілмейді.
7-бап
БЭК-тің техникалық регламенттері Тараптардың барлық мемлекеттері үшін міндетті болып табылады және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген тәртіппен олардың аумақтарында енгізуге жатады. БЭК-тің техникалық регламентін әзірлеу, қабылдау тәртібі жеке Келісіммен айқындалады. БЭК-тің техникалық регламенттері болмаған кезде Тараптар БЭК-тің парағына қатысушылар үшін саудада техникалық кедергілерді жасамауға тырысады.
8-бап
БЭК-тің техникалық регламенттері қолданылатын өнім, егер Тараптар мемлекеттерінің кез келгенінің аумағында сәйкестікті бағалаудың (растаудың) белгіленген рәсімдерін өткен болса, БЭК нарығына айналымға жіберіледі. Сәйкестікті бағалау (растау) ережелері мен рәсімдерін қолдану тәртібі жеке Келісіммен белгіленеді. Тараптар үшінші елдерден жеткізілетін өнімді қоспағанда, БЭК-тің техникалық регламентінде бар өнімге және сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдеріне қатысты қойылатын қосымша талаптарды көрсетпей-ақ, өз мемлекеттерінің аумақтарында БЭК-тің техникалық регламенттеріне сәйкес келетін өнімнің айналымын қамтамасыз етеді. Үшінші елдерден Тараптар мемлекеттерінің нарықтарына жеткізілетін өнімдерді жіберудің ерекшеліктері жеке Келісіммен белгіленеді. Бұл ретте Тараптардың мемлекеттік бақылау (қадағалау) жүргізу, оның ішінде санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану бөлігіндегі құқықтары шектелмейді. Тараптардың мемлекеттері БЭК-тің техникалық регламенттерінің ережелеріне сәйкес келетін айналымға шығарылатын өнімге қатысты БЭК-тің Белгісін қолдануды қамтамасыз етеді. БЭК Белгісін қолдану тәртібі жеке Келісіммен белгіленеді.
9-бап
Тараптардың барлық мемлекеттері қосылған мемлекетаралық стандарттар, ал олар жоқ болған кезде - өзара келісім бойынша Тараптардың ұлттық (мемлекеттік) стандарттары өнімнің БЭК техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін растау үшін ерікті негізде қолданылады.
10-бап
Тараптар ұлттық стандарттарды үйлестіруге және мына қағидаттарды: стандарттарды ерікті қолдануды; стандарттарды әзірлеудің ашықтығы мен жариялылық процестерін; консенсусқа қол жеткізуді; ұлттық (мемлекеттік) стандарттардың, оларды әзірлеу, қабылдау (бекіту) және жариялау туралы ақпараттың қол жетімділігін; мұндай құжаттар техникалық реттеу мақсаттарын орындау үшін, оның ішінде климаттық, географиялық факторларға немесе технологиялық проблемаларға байланысты тиімсіз немесе жарамсыз болатын жағдайларды қоспағанда, ұлттық (мемлекеттік) стандарттарды әзірлеудің негіздері ретінде халықаралық стандарттарды қолдануды; БЭК-тің техникалық регламанттеріне қайшы келетін стандарттарды қабылдауға (бекітуге) жол бермеушілікті қамтамасыз етуге ұмтылады. Тараптар стандарттау жөніндегі, оның ішінде әзірленетін және қолданыстағы ұлттық (мемлекеттік) стандарттар туралы ақпаратпен алмасады және осы саладағы өз қызметін үйлестіреді. Тараптар стандарттау саласындағы ұстанымын жақындатуға және олардың стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдарға қатысуына қатысты өз мемлекеттерінің ұстанымдарын келісуге бағытталған консультациялар жүргізуге жәрдемдеседі.
11-бап
Тараптар кез келген санитарлық және фитосанитарлық шараларды тек жеткілікті ғылыми негіздемесі бар қағидаттарға, сондай-ақ халықаралық, өңірлік стандарттарға осы Келісімнің 3-бабының 4-абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйғарымдарға және/немесе ұсынымдарға негіздей отырып, адам өмірін немесе денсаулығын, жануарларды немесе өсімдіктерді қорғау үшін қажетті дәрежеде қолдануды қамтамасыз етеді. Егер санитарлық және фитосанитарлық шараларды дереу қолдану санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық қорғау мақсаттары үшін қажет, ал тиісті ғылыми негіздеме жеткіліксіз немесе оны қажетті мерзімде ұсыну мүмкін болмаған жағдайда өнімнің белгілі бір түрлеріне қатысты санитарлық және/немесе фитосанитарлық шараларды әрбір Тарап қолда бар ақпарат, оның ішінде тиісті халықаралық ұйымдардан, шет мемлекеттерден алынған ақпарат, басқа мемлекеттер қолданатын тиісті шаралар туралы ақпарат немесе өзге де ақпарат негізінде қолдануы мүмкін. Тараптардың санитарлық және фитосанитарлық шаралары өнімге, оны өңдеу және өндіру, тасымалдау (көлікпен тасу) мен сақтау әдістеріне, сынау, инспекциялау, сәйкестігін растау рәсімдеріне қойылатын талаптарды; карантиндік ережелерді, оның ішінде жануарлар мен өсімдіктерді тасымалдауға байланысты, жануарлар мен өсімдіктерді тасымалдау кезінде олардың өмірін немесе саулығын қамтамасыз ету үшін қажетті талаптарды, сондай-ақ сынамаларды іріктеудің әдістері мен рәсімдерін, қауіп-қатерлерді зерттеу мен бағалау әдістерін, өзге де талаптарды көздейді. Тараптар мүмкіндігінше қысқа мерзімде бірін-бірі өздерінің санитарлық және фитосанитарлық шаралары мен олардың өзгерістері туралы ресми түрде хабардар етеді.
12-бап
Адам өмірі мен денсаулығы, жануарлар немесе өсімдіктер үшін қауіп-қатерлерді бағалаудың тиісті жағдаяты Тараптардың санитарлық және фитосанитарлық шараларының негізі болуы тиіс. Қауіп-қатер дәрежесін бағалау кезінде халықаралық стандарттардың ережелері, халықаралық ұйымдардың ұсынымдары және/немесе ұйғарымдары, адамның жұқпалы ауруларын, зиянкестердің, арамшөптердің, жануарлар мен өсімдіктер ауруларының таралушылығы, залал келтіру мүмкіндігімен байланысты экологиялық жағдайлар, экономикалық салдарлар, келтірілетін залалды болдырмауға арналған шығыстар мөлшері, сондай-ақ зиянкестермен, арамшөптермен, жануарлардың және өсімдіктердің ауруларына қарсы күресу жөнінде жеткізушілер қабылдайтын шаралар назарға алынады. Көрсетілген шаралар Тарапқа Тараптар мемлекеттерінің кез келгенінің заңнамасында көзделген деңгейден кем емес қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етуі тиіс. Санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану тәртібі жекелеген Келісімдермен белгіленеді.
13-бап
Тараптар БЭК-тің бірыңғай ақпараттық жүйесін құруға қатысады. Техникалық реттеу саласындағы БЭК-тің ақпараттық жүйесін құру және жұмыс істеу тәртібі жеке Келісіммен айқындалады. Тараптар өз мемлекеттерінде техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы ұлттық ақпараттық орталықтар құрады (тағайындайды), олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асырады және БЭК-тің бірыңғай ақпараттық жүйесіне деректер береді.
14-бап
БЭК-тің техникалық регламенттері талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау (қадағалау) Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес өнімнің Тараптар мемлекеттерінің нарықтарында айналымы сатысында жүзеге асырылады.
15-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда Тараптардың кез келгені дауды Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде дауларды шешу жөніндегі органға шешуге бере алады.
16-бап
Осы Келісімге ескертпелерге жол берілмейді.
17-бап
Кез келген мемлекет осы Келісімнің қатысушысы бола алады. Осы Келісімге қосылу шарттары осы Келісімге қатысушы мемлекеттер мен қосылушы мемлекет арасында жасалатын халықаралық шартта айқындалады.
18-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
19-бап
Осы Келісімнің күшіне ену және одан шығу тәртібі Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі халықаралық шарттардың күшіне ену және олардан шығу тәртібі туралы Хаттамамен белгіленеді. 200___ жылғы «___»____________ _________қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Түпнұсқа дана Депозитарийде сақталады. Біртұтас экономикалық кеңістіктің Комиссиясына Депозитарийдің функциялары берілгенге дейін Қазақстан Республикасы осы Келісімнің Депозитарийі болып табылады. Депозитарий осы Келісімге қол қойған Тараптардың әрқайсысына оның расталған көшірмесін жібереді.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |