|
|
|
Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы
2009 жылғы 5 қаңтардағы № 120-IV ҚР Заңымен ратификацияланды
Кіріспе
Осы Шарттың Тараптары, 1997 жылғы 28 ақпанда қабылданған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Алматы декларациясын, 1997 жылғы 15 қыркүйекте Ташкентте өңірдің бес мемлекетінің сыртқы істер министрлері қабылдаған мәлімдемені, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының «Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру» деп аталған 1997 жылғы 9 желтоқсандағы 52/38S, 1998 жылғы 4 желтоқсандағы 53/77A және 2000 жылғы 20 желтоқсандағы 55/33W қарарларын және Орталық Азия елдері сарапшыларының консультативтік кеңесінің, ядролық қарулары бар мемлекеттердің және Біріккен Ұлттар Ұйымының 1998 жылғы 9 шілдеде Бішкекте қабылданған коммюникесін басшылыққа ала отырып, осы қаруды жоюды түпкі мақсат етіп жаһандық деңгейде ядролық қаруды қысқарту жөніндегі жүйелі және дәйекті күш-жігер жұмсауды жалғастырудың, сондай-ақ халықаралық қатал да тиімді бақылаумен жаппай және толық қарусыздану қажеттігін атап өте отырып және барлық мемлекеттер осы мақсатқа қол жеткізуге үлес қосуға міндетті екендіктеріне сенімді бола отырып, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ - ядролық қаруды таратпау режимін нығайту, ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пайдаланудағы ынтымақтастықты дамыту, радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық оңалтудағы ынтымақтастықты дамыту мен өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылатынына көз жеткізе отырып, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ, әсіресе, егер Ядролық қаруды таратпау туралы шартта танылған ядролық қаруы бар бес мемлекет тиісті Қауіпсіздік кепілдіктері туралы хаттамаға (бұдан әрі - Хаттама) қол қоятын болса, Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздігін нығайтуға жәрдемдеседі деп есептей отырып, Латын Америкасы мен Кариб бассейнін, Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігін, Оңтүстік Шығыс Азия мен Африканы қоса алғанда, бірнеше өңірде ядролық қаруға иелік етуге, оны өндіруге, әзірлеуге, енгізуге және өрістетуге, сондай-ақ, қолдануға немесе оны қолдану қаупіне тыйым салынған ядролық қарудан азат аймақтар құрылғанын тани отырып және осындай режимді бүкіл тіршілік иесінің игілігі үшін барлық ғаламшарға таратуға ұмтыла отырып, 1995 жылы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (бұдан әрі - ЯҚТШ) қатысушылардың конференциясында қабылданған ЯҚТШ-да, «Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану қағидаттары мен мақсаттарында» және ЯҚТШ-ға қатысушылардың 2000 жылғы конференциясының қорытынды құжатында, сондай-ақ Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартта айтылған қағидаттар мен мақсаттарда баяндалған міндеттемелерді растай отырып, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруды шешті және мыналар туралы келісті:
Терминдер анықтамасы және оларды қолдану
Осы Шарттың мақсаттары үшін: а) «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ» Тараптардың аумақтарын қамтиды; b) «ядролық қару немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғы» осы құрылғы пайдаланылуы мүмкін әскери немесе азаматтық мақсаттарға қарамастан, ядролық энергия бөліп шығаруға қабілетті кез келген қаруды немесе басқа да жарылғыш құрылғыны білдіреді. Бұл термин құрастырылмаған немесе ішінара құрастырылған түрдегі осындай қаруды немесе құрылғыны қамтиды, бірақ егер одан ажыратуға болатын және оның ажырамас бөлігі болып табылмайтын болса, мұндай қаруды немесе құрылғыны тасымалдау немесе жеткізу құралдарын қамтымайды; с) «орналастыру» әкелуді, орналастыруды, жинақтауды, сақтауды, орнатуды және өрістетуді білдіреді; d) «ядролық материал» ол Атом Энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (бұдан әрі - МАГАТЭ) уақыт өткен сайын енгізетін түзетулерін есепке ала отырып, МАГАТЭ Жарғысының XX бабында белгіленгендей, кез келген бастапқы немесе арнаулы ыдыратқыш материалды білдіреді; e) «радиоактивті қалдықтар» кез келген радиоактивті материалды, яғни, іс жүзінде қолданудан шығарылатын немесе шығарылған және бұдан былай пайдаланылмайтын, белсенділігі және олардағы радионуклидтер белсенділігінің қоспасы - МАГАТЭ жариялаған халықаралық нормалар қолданысынан босату көзделетін төменгі деңгейден асып түсетін радионуклидтері бар кез келген затты білдіреді; f) «қондырғы» дегеніміз: І) реакторды, сындық құрастырманы, конверсия жөніндегі зауытты, әзірлеу жөніндегі зауытты, қайта өңдеу қондырғысын изотоптарды бөлуге арналған қондырғыны немесе жеке қойманы; немесе II) әдетте бір тиімді килограмнан асатын мөлшердегі ядролық материал пайдаланылатын кез келген орынды білдіреді.
Шарттың қолданылу аясы
1. Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты қолдану аясы Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына және өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес өздерінің егемендік құқықтары мен заңи құзыретін жүзеге асыратын Тараптардың мемлекеттік аумақтары мен аймақтары ретінде түгелдей осы Шарттың мақсаттары үшін белгіленген. 2. Осы Шарттағы ештеңе де осы аймаққа енуі немесе енбеуі мүмкін құрылықтық немесе су кеңістіктерінің тиесілігіне немесе оған деген егемендігіне қатысты кез келген дауда Тараптардың кез келгенінің құқықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс және осы құқықтарды қандай да бір өзгеше түрде қозғамауға тиіс.
Негізгі міндеттемелер
1. Тараптардың әрқайсысы: а) қай жерде, қандай құралдармен болмасын кез келген ядролық қаруға немесе ядролық жарылғыш құрылғыға зерттеу жүргізуді, оларды әзірлеуді, шығаруды, олардың қорларын жинақтауды немесе өзгеше түрде сатып алуды, иеленуді немесе бақылау жасауды жүзеге асырмауға; b) кез келген ядролық қаруды немесе ядролық жарылғыш құрылғыны зерттеуге, әзірлеуге, шығаруға, жинақтауға, сатып алуға, иеленуге немесе оған бақылау жасауға ешқандай көмек іздемеуге және алмауға; с) кез келген ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыны зерттеуге, әзірлеуге, шығаруға, жинақтауға, сатып алуға және иелік етуге немесе бақылау жасауға көмек көрсету үшін ешқандай іс-қимыл жасамауға және көтермелемеуге; d) өз аумағында: І) ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыны сақтауға, орналастыруға, сатып алуға, қолдануға немесе шығаруға; II) ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыны алуға, сақтауға, жинақтауға, орнатуға, иеленуге және оларға бақылау жасауға; III) кімнің болсын ядролық қаруды немесе ядролық жарылғыш құрылғыны әзірлеуіне, шығаруына, оның қорын жинақтауына немесе сатып алуына және иеленуіне жәрдем көрсетуге немесе көтермелеуге жол бермеуге міндеттенеді. 2. Тараптардың әрқайсысы өз аумағында басқа мемлекеттердің радиоактивті қалдықтарын көмуге жол бермеуге міндеттенеді.
Шетелдік кемелер, ұшу аппараттары және жер үсті көлігi
Осы Шарттың мақсаттары мен міндеттеріне нұқсан келтірместен Тараптардың әрқайсысы өзінің егемендік құқықтарын жүзеге асыру тәртібімен шетелдік кемелердің өзінің айлақтарына енуін және шетелдік ұшу аппараттарының өзінің әуежайларына қонуын қоса алғанда, өз аумағы арқылы әуе, құрылық немесе су жолдары транзитіне байланысты мәселелерді шешуге ерікті.
Ядролық қару немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғылар сынақтарына тыйым салу
Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа сәйкес Тараптардың әрқайсысы: а) ядролық қарудың кез келген сынақтық жарылысын немесе кез келген басқа да ядролық жарылысты жасамауға; в) өзінің заңи құзыреті аясындағы немесе бақылауындағы кез келген жерде кез келген мұндай ядролық жарылысқа тыйым салуға және оны болдырмауға; с) ядролық қарудың кез келген сынақтық жарылысына және кез келген басқа да ядролық жарылысты жасауға түрткі болудан, көтермелеуден немесе қандай да бір қатысудан қалыс қалуға міндеттенеді.
Экологиялық қауіпсіздік
Әрбір Тарап ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды әзірлеуге, шығаруға немесе сақтауға байланысты, атап айтқанда, уран қалдықтарының көмбесі мен ядролық сынақ полигондарының бұрынғы қызметінің нәтижесінде ластанған аумақтарды экологиялық оңалту жөніндегі кез келген күш-жігерге ықпал етуге міндеттенеді.
Ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пайдалану
Тараптардың ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пайдалану құқығына осы Шарттың ешқандай ережесі нұқсан келтірмейді.
МАГАТЭ кепілдіктерi
Тараптардың әрқайсысы: а) өзінің аумағында орналасқан, өзінің заңи құзыреті аясындағы немесе қай жерде болмасын өзінің бақылауындағы ядролық материалдарды және құрылғыларды тек қана бейбіт мақсаттарға пайдалануға; в) осы Шарт күшіне енгеннен кейін он сегіз айдан кешіктірмей ЯҚТШ-ға (INFCIRC/153 (Соrr.)) сәйкес, егер де ол әлі жасалмаған болса, МАГАТЭ-мен кепілдіктерді қолдану туралы келісімді және Қосымша хаттаманы (INFCIRC/540 (Соrr.)) жасасуға және оны қолданысқа енгізуге; с) мыналарды: ядролық қаруға иелік етпейтін кез келген мемлекетке, егер бұл мемлекет МАГАТЭ-мен осы баптың b) тармағында аталған Жан-жақты кепілдіктер туралы келісімді және оған қосымша хаттаманы жасаспаған болса, (1) бастапқы немесе арнаулы ыдыратқыш материалды немесе (2) жабдықтарды немесе арнаулы ыдыратқыш материалды өңдеуге, пайдалануға немесе оны өндіруге арналған материалды бермеуге міндеттенеді.
Ядролық материалдар мен жабдықтарды іс жүзінде қорғау
Тараптардың әрқайсысы рұқсатсыз пайдаланудың, айналымға жіберудің немесе ұрлаудың алдын алу үшін ядролық материалдарды, қондырғылар мен жабдықтарды іс жүзінде қорғаудың тиімді стандарттарын қолдауға міндеттенеді. Әрбір Тарап осы мақсатта ішкі тасымалдау процесіндегі және сақтаудағы, сондай-ақ халықаралық тасымалдау процесіндегі өз аумағында пайдаланылатын ядролық материалдарға қатысты және өз аумағындағы ядролық қондырғыларға қатысты Ядролық материалдарды іс жүзінде қорғау туралы конвенцияда және іс жүзінде қорғауға қатысты МАГАТЭ-да әзірленген ұсынымдарда және басшылық қағидаттарында көзделген шаралардан тиімділігі кем емес, іс жүзінде қорғау шараларын қолдануға міндеттенеді.
Консультативтік кездесулер
Тараптар өз өкілдерінің жыл сайынғы кездесуін кезектесіп өткізуге, сондай-ақ, кез келген Тараптың өтініші бойынша осы Шарттың сақталу мәселелерін немесе орындалуына байланысты басқа да мәселелерді қарау үшін төтенше кездесулер өткізуге уағдаласады.
11-бап Дауларды шешу
Осы Шартты түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар келіссөздер жолымен немесе Тараптар қажет деп тапқан өзге де бейбіт құралдармен шешілуге тиіс.
Басқа келісімдер
Осы Шарт Тараптардың осы Шарт күшіне енгенге дейін жасасуы мүмкін басқа да халықаралық шарттары бойынша олардың құқықтары мен міндеттемелеріне әсер етпейді. Тараптар осы Шартта баяндалған негізгі қағидаттарға сәйкес оның мақсаттарына тиімді қол жеткізу және оның міндеттерін жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіс.
Ескертулер
Осы Шарт ескертулердің мәні бола алмайды.
Ратификациялау
Осы Шарт ратификациялануға тиіс.
Күшіне енуі және қолданылу мерзімi
1. Осы Шарт ратификациялау туралы бесінші құжатты депозитарий алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді. 2. Осы Шарт мерзімсіз болып табылады.
Шарттан шығу
1. Әрбір Тарап егер Шарттың мәніне байланысты ерекше жағдайлар оның жоғары ұлттық мүдделеріне қауіп-қатер туғызады деп шешсе, осы Шарттан депозитарийдің атына жазбаша хабарлама жолдау арқылы шыға алады. Мұндай хабарлама оның жоғары ұлттық мүдделеріне қауіп-қатер туғызады деп қарастыратын ерекше жағдайлар туралы мәлімдемені қамтуға тиіс. 2. Шарттан шығу депозитарий хабарламаны алған күннен кейін он екі ай өткен соң күшіне енеді, депозитарий мұндай хабарламаны Шарттың барлық Тараптарына және Хаттамаға қол қойған мемлекеттерге жолдайды.
Түзетулер
а) Тараптардың бірі ұсынатын, Шартқа жасалатын кез келген түзету барлық Тараптарға жіберіледі және ол өткізілгенге дейін кем дегенде тоқсан күн бұрын Консультативтік кездесуге ұсынылады; в) мұндай түзетуді қабылдау туралы шешімді Тараптар консенсус арқылы қабылдайды; с) осындай жолмен қабылданған түзету депозитарий барлық Тараптардан осы түзетуді ратификациялау туралы құжаттарды алғаннан кейін барлық Тараптар үшін күшіне енеді.
Депозитарий
а) Ағылшын және орыс тілдеріндегі мәтіндері сәйкес болып табылатын осы Шарт осы Шарттың депозитарийі болып табылатын Қырғыз Республикасына сақтауға тапсырылады; в) Депозитарий, оның ішінде: І) осы Шартқа және Хаттамаға қол қою мүмкіндігін қамтамасыз етеді және осы Шартты және Хаттаманы ратификациялау туралы құжаттарды сақтауға алады; II) осы Шартты және Хаттаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тіркейді; III) осы Шарттың және Хаттаманың куәландырылған даналарын барлық Тараптарға және Хаттаманың барлық Тараптарына жібереді және оларды осы Шартқа және Хаттамаға қол қойылғандығы және ратификацияланғандығы туралы хабардар етеді. Осыны куәландыру үшін тиісті түрде өкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
2006 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасы, Семей қаласында жасалды.
Хаттама
Осы Хаттаманың Тараптары, Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары 1997 жылғы 28 ақпанда қабылдаған Алматы декларациясына, өңірдің бес мемлекетінің сыртқы істер министрлері 1997 жылғы 15 қыркүйекте Ташкентте қабылдаған мәлімдемеге, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының "Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру" тақырыбындағы 1997 жылғы 9 желтоқсандағы 52/38 S, 1998 жылғы 4 желтоқсандағы 53/77А және 2000 жылғы 20 желтоқсандағы 55/33 W, 2002 жылғы 22 қарашадағы 57/69, 2003 жылғы 8 желтоқсандағы 58/518, 2004 жылғы 3 желтоқсандағы 59/513 және 2005 жылғы 8 желтоқсандағы 60/516 қарарлары мен шешімдеріне және Орталық Азия елдері, ядролық қарулары бар мемлекеттер және 1998 жылғы 9 шілдеде Бішкекте қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының консультативтік кеңесінің коммюникесіне сілтеме жасай отырып, түпкі мақсатқа - әлемді ядролық қарудан толық азат етуге қол жеткізу үшін барлық шараларды қабылдау қажеттігіне, сондай-ақ осы мақсатқа қол жеткізуге барлық мемлекеттер өз үлесін қосуға міндетті екендігіне кәміл сенім білдіре отырып, осыған байланысты Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға жәрдем көрсетуге ұмтылыс білдіре отырып, төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап Қауіпсіздіктің жағымсыз кепілдіктері
Хаттаманың әрбір Тарапы ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыны қолданбауға және Шарттың кез келген Тарапына қарсы олардың қолдану қаупін туғызбауға міндеттенеді.
2-бап Заң бұзушылыққа жәрдемдеспеу
Хаттаманың әрбір Тарапы Шартты немесе осы Хаттаманы олардың Тараптары бұзатынын білдіретін ешқандай да актіге жәрдем көрсетпеуге міндеттенеді.
3-бап Шартқа қатысты түзетулердің қолданысы
Хаттаманың әрбір Тарапы Шарттың 17-ші бабына сәйкес Шартқа қатысты түзетулердің күшіне енуі туғызуы мүмкін осы Хаттама бойынша міндеттемелерінің кез келген өзгерісімен өзінің келісетінін немесе келіспейтінін растауды Депозитарийге жазбаша хабарлау арқылы білдіруге міндеттенеді.
4-бап Қол қою
Осы Хаттама Қытай Халық Республикасының, Ресей Федерациясының, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің, Америка Құрама Штаттарының және Француз Республикасының қол қоюы үшін ашық.
5-бап Ратификация
Осы Хаттама ратификациялауға жатады.
6-бап Хаттаманың қолданыс мерзімі және одан шығу
а) осы Хаттаманың тұрақты сипаты бар және мерзімі шексіз болып қала береді; b) әрбір Тарап, егер осы Хаттаманың мәніне байланысты ерекше жағдаяттар оның жоғары ұлттық мүдделеріне қауіп-қатер туғызады деп шешсе, осы Хаттамадан Депозитарий атына жазбаша хабарламаны жолдау арқылы шыға алады. Осындай хабарламада оның жоғары ұлттық мүдделеріне қауіп-қатер туғызады деп қарастыратын ерекше жағдаяттар туралы мәлімдеме болуы тиіс; с) шығу Шарттың барлық Тараптарына және осы Хаттамаға қол қойған мемлекеттерге осындай хабарламаны жіберетін Депозитарий хабарламаны алған күннен бастап 12 ай өткен соң күшіне енеді.
7-бап Күшіне енуі
Осы Хаттама оның әрбір Тарапы үшін Депозитарийге Хаттаманы ратификациялау туралы өзінің құжатын тапсырған немесе Шарттың күшіне енген күнінен бастап - осы оқиғалардың қайсысы кешірек болатынына байланысты күшіне енеді.
Қытай Халық Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі үшін Америка Құрама Штаттары үшін Француз Республикасы үшін
Орталық Азия мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері кездесуінің шешімімен қабылданды
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ АЙМАҚ ТУРАЛЫ ШАРТТЫҢ 10-ШЫ БАБЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕГІ РӘСІМДІК ЕРЕЖЕЛЕР ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ АЙМАҚ ТУРАЛЫ ШАРТҚА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕЗДЕСУЛЕРІ
1. Консулътативтік кездесулер Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың 10-шы бабына сәйкес Тараптар Шартты сақтау мәселелерін немесе оны жүзеге асыруға байланысты басқа да мәселелерді қарау үшін жыл сайынғы немесе төтенше консультативтік кездесулерді өткізеді. 2. Алғашқы жыл сайынғы консулътативтік кездесу. 2.1. Осы Шарт күшіне енгеннен кейін 2 айдан кешіктірместен алғашқы жыл сайынғы консультативтік кездесу шақырылады. 2.2. Алғашқы жыл сайынғы консультативтік кездесу Душанбе қаласында, Тәжікстан Республикасы өткізіледі. 2.3. Алғашқы жыл сайынғы кездесудің соңында Тараптар келесі жыл сайынғы кездесуді өткізудің орны мен мерзімдерін белгілейді. 3. Төтенше консультативтік кездесу 3.1. Шарттың кез келген Тарапының өтініші бойынша осындай бастаманы басқа екі Тарап қолдаған жағдайда, төтенше консультативтік кездесу шақырылады. 3.2. Төтенше консультативтік кездесуді шақыру туралы ұсынысты оған бастамашы болған Тарап оны шақырудың қажеттілігін негіздей отырып, сол кезеңде Қабылдаушы Тараптың міндетін атқарушы Тараптың мекен-жайына дипломатиялық арналар арқылы жібереді. 3.3. Қабылдаушы Тарап төтенше консультативтік кездесуді шақыру туралы ұсынысын алған күннен бастап 10 күннен кешіктірместен барлық басқа Тараптармен осындай кездесуді шақыру туралы мәселені келіседі. 4. Консультативтік кездесулердің ұзақтығы Егер Тараптар өзгеше шешім қабылдамаса, консультативтік кездесулердің ұзақтығы, әдетте, 3 күннен артық болмайды. 5. Делегация құрамы 5.1. Тараптың ресми делегациясы делегация басшысын (немесе уәкілетті тұлғаны) және оның кеңесшілерін қамтиды. 5.2. Ресми делегацияның және бірге жүретін адамдардың дербес құрамын кездесу басталатын күннен 10 күн бұрын Тараптар қабылдаушы Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды. 5.3. Консультативтік кездесуге қатысу үшін жіберілетін ресми делегацияның форматы "1+3" тен көп болмауы тиіс. 6. Қабылдаушы Тараптың төрағалық функциялары және оның міндеттері 6.1. Қабылдаушы Тарап, өзінің өкілі арқылы жыл сайынғы және төтенше консультативтік кездесулерде Төрағаның міндеттерін атқарады. 6.2. Қабылдаушы Тарап Төрағаның міндеттерін келесі жыл сайынғы кездесуге дейін атқарады. 6.3. Осы кезеңде, Шарттың тағайындалған Депозитарийі Шарттың 10-шы бабын жүзеге асыруға қатысты кез-келген хабарға жауап береді. 7. Шешімдерді қабылдау 7.1. Әрбір Тараптың бір дауысы бар. 7.2. Консультативтік кездесулердің шешімдері ымыраға келу арқылы қабылданады. 7.3. Тараптар қабылдаған шешімдер Тараптардың ресми делегацияларының басшылары (немесе уәкілетті тұлғалар) қол қойған қорытынды құжаттармен ресімделеді. Консультативтік кездесулер барысында қабылданған құжаттар қорытынды құжаттардың міндетті түрдегі қосымшасы болып табылады. 7.4. Қорытынды құжаттар орыс тілінде және, қажет болғанда, ағылшын тілінде жасалады. 8. Бақылаушылар Шарттың барлық Тараптарының келісімімен жыл сайынғы және төтенше консультативтік кездесулерге бақылаушылар ретінде 1968 жылғы Ядролық қаруды таратпау шартында ядролық қаруы бар деп танылған бес мемлекет, сондай-ақ тиісті халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылуы мүмкін. 9. Жұмыс тілдері Жыл сайынғы және төтенше консультативтік кездесулердің жұмыс тілдері орыс және ағылшын тілдері болып табылады. 10. Есеп беру Консультативтік кездесу аяқталысымен Қабылдаушы Тарап орыс тілінде және, қажет болса, ағылшын тілінде есебін дайындайды. Шарттың барлық Тараптарының келісімімен берілген есеп мүдделі халықаралық ұйымдарға, сондай-ақ кездесуге қатысқан бақылаушыларға жіберілуі мүмкін. 11. Шығысты жабу Көліктік шығысты және жатын орны шығысын қоспағанда, жылсайынғы немесе төтенше кездесулерді өткізуге байланысты шығыстарды Қабылдаушы Тарап көтереді.
Семей, 2006 жылғы 8 қыркүйек
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |