|
|
|
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы
ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 21 қазандағы № 1628 қаулысымен мақұлданды 2013 жылғы 10 шілдеде күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі ғылымды дамытудағы өзара мүддеге негізделген екі жақты ғылыми және техникалық ынтымақтастықты дамыту мен нығайту мақсатында, ғылыми-техникалық ынтымақтастық Тараптар мемлекеттері арасындағы байланыстарды нығайтудың негізгі жолдарының бірі және аса маңызды факторы болып табылады деп пайымдай отырып, теңдік, өзара пайда мен халықаралық құқық принциптеріне негізделген өзара және технологиялық байланыстарды дамыту үшін құқықтық негіз бен қолайлы жағдай жасауға ниет білдіре отырып, төмендегілер туралы келісті:
Тараптар осы Келісімнің шарттарына және Тараптардың әрқайсысының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзара тиімді екі жақты ғылыми және техникалық байланыстарды орнату мен дамытуға белсенді жәрдем көрсетеді.
Тараптар мемлекеттерінің тиісті ғылыми мекемелері арқылы Тараптар ғылым мен техниканың басым бағыттары бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады: үйлестірілген жұмыс жоспарларына, келісімдерге және келісімшарттарға сәйкес бірлескен ғылыми-зерттеу және техникалық жобаларды орындау; зерттеу жұмыстары үшін ғалымдар мен мамандардың өзара сапарлары; өзара негізде ғылыми мамандармен, тағылымдамадан өтушілермен және сарапшылармен алмасу; бірлескен ғылыми конференциялар, симпозиумдар және жұмыс семинарларын ұйымдастыру; ғылыми және техникалық ақпараттармен және құжаттармен өзара тиімді алмасу; Тараптар мемлекеттерінің технологиялық жетістіктеріне жәрдемдесу үшін бірлескен көрмелер мен экспозициялар ұйымдастыру және оларды қолдау; бірлескен ғылыми еңбектер дайындау және жариялау; үшінші елдердің ғылыми ұйымдарымен байланыс жасауға жәрдемдесу.
Ғылыми және зерттеу жұмыстары, "ноу-хауды" қоса алғанда, ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен, біліммен, тәжірибемен және ақпаратпен алмасу әрбір нақты жағдайда Тараптар мемлекеттерінің тиісті органдар арасында жекелеген келісімдер жасасу жолымен жүзеге асырылады.
Сарапшылар мен ғалымдар делегацияларымен өзара алмасу кезінде олардың елде болу шығыстарын толығымен Қабылдаушы тарап көтереді. Көліктік шығыстарды Жіберуші тарап төлейді.
Бірлескен ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру кезінде алынған өзге ақпаратты пайдалану тәртібі әрбір нақты жағдайда Тараптар мемлекеттерінің тиісті органдары арасында жекелеген келісімдер жасасу жолымен айқындалады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Түрік Республикасының Ғылым мен техника жөніндегі кеңесі (TUBITAK) Тараптардың осы Келісімнің іске асырылуын қамтамасыз ететін уәкілетті органдары болып табылады.
Осы Келісімді іске асыруды үйлестіру және бақылау үшін Тараптар Ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады, ол әрбір Тарап өздері тағайындаған өкілдерден тұрады. Комиссия өз отырыстарын екі жылда бір рет, Тараптар мемлекеттерінің астаналарында кезекпен өткізеді.
Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты келіспеушіліктер консультациялар мен келіссөздер арқылы шешілетін болады. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын, жеке хаттамамен ресімделетін толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті тиісті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді. Осы Келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бір де біреуі ағымдағы кезеңнің аяқталуына дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа өзінің оның қолданылуын ұзартпау ниеті туралы жазбаша хабарлама жолдамаса, келесі 1 (бір) жылға өздігінен ұзартылады. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ол қолданылған кезеңде жүзеге асырыла бастаған және оның қолданылуын тоқтату сәтіне дейін аяқталмаған бағдарламалар мен жобалар бойынша Тараптардың міндеттемелерін қозғамайды.
2009 жылғы 22 қазанда Анкара қаласында әрқайсысы қазақ, түрік және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |