|
|
|
Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы
ҚР Үкіметінiң 1997 жылғы 7 наурыздағы № 308 Қаулысымен бекітілді
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзiрбайжан Республикасының Үкіметі, бұдан әрi «Тараптар» деп аталады, азаматтардың зейнетақымен қамсыздандырылу саласындағы құқығын қорғау қажеттiгiне сүйене отырып, Тараптардың өз азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыруға тiкелей жауапты екенiн түсiнiп, Тараптардың бiрiнiң аумағында зейнетақы алу құқығына ие болған және тараптардың аумағында осы құқықты жүзеге асыратын еңбекке жарамсыз адамдар жөнiнде Тараптардың өз мiндеттемелерi бар екенiн мойындап, зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерi жөніндегі жасасылған халықаралық Келісімдер бойынша мiндеттемелердi мүлтiксiз сақтау қажеттiгiн тани отырып, мыналар туралы Келiстi:
Тараптардың азаматтары мен олардың отбасы мүшелерiн зейнетақымен қамсыздандыру аумағында олар тұратын мемлекеттiң заңы бойынша жүзеге асырылады: Азамат қоныс аударған кезде ол көшiп кеткен аумақ, бұдан былай көшiп кеткен Тарап, ал ол тұратын аумақ көшiп келген Тарап деп аталады.
Қазақстан Республикасы мен Әзiрбайжан Республикасының Қарулы Күштерi мен Шекара әскерлерiнiң әскери қызметшiлерiн олардың отбасы мүшелерiн зейнетақымен қамсыздандыру, сондай-ақ оларды зейнетақымен қамсыздандыруға қаражат бөлу тәртібі Тараптардың тиiстi зейнетақы заңдары белгiлейтiн тәртiппен реттеледi.
Осы келісім бойынша зейнетақымен қамсыздандыруды жүзеге асыруға байланысты барлық шығындарды зейнетақымен қамсыздандыруға тиiстi Тарап мiндетiне алады. Өзара есеп айырысулар жүргiзiлмейдi.
Осы Келісім Тараптардың Заңдарында белгiленген немесе белгiленетiн азаматтарды зейнетақымен қамсыздандырудың барлық түрлерiне қолданылады.
1. Тараптардың азаматтарына зейнетақы тұрғылықты жерi бойынша тағайындалады. 2. Тараптар азаматтарына зейнетақы алу құқығын, соның iшiнде жеңiлдiктi негiздегi және еңбек сiңiрген жылдар үшiн зейнетақы алу құқығын белгiлеу үшiн солардың аумағында, сондай-ақ бұрынғы КСРО аумағында 1992 жылдың 1 қаңтарына дейiнгi еңбек стажы ескерiледi. 3. Зейнетақы еңбек стажына есептелетiн жылдардағы жалақысынан (табысынан) есептеледi. Жалақы (табыс) мөлшерi зейнетақы тағайындалған сәттегi басқа Тараптың ресми түрде белгiленген бағамның ұлттық валютасына немесе халықаралық бағамына қатынасын басшылыққа ала отырып айқындалады.
Еңбекте жарақат алуы немесе кәсiптiк ауруы салдарынан мүгедектiгiне байланысты және асыраушысынан айрылуына байланысты берiлетiн зейнетақы зейнетақы тағайындауға өтiнiш берген адамның тұрақты тұратын жерi бойынша сол аумақта қолданылып жүрген заңға сәйкес зейнетақы төлеуге арналып көзделген қаражат есебiнен тағайындалып, төленедi.
Зейнеткер Тараптардың бiрiнiң аумағынан басқа тараптың аумағына қоныс аударған кезде зейнетақы бұрынғы тұрған жерi бойынша зейнетақы төлеу тоқтатылған күннен бастап төленедi, бiрақ жаңадан көшiп келген жеріндегі халықты әлеуметтiк қорғау бөлiмiне жазбаша өтiнiш берген күннен бұрынғы алты айдан аспайтын уақытқа төленедi.
Тараптардың зейнетақымен қамсыздандыруын жүзеге асыратын органдар бiр-бiрiмен олардың орталық органдары арасында жасасылған келісім белгiлейтiн тәртiппен ынтымақтастықта жұмыс iстейдi.
Тараптар осы Келісімде реттелмеген мәселелердi, сондай-ақ оның қолданылуына байланысты мәселелердi келiссөз жүргiзу жолымен қарайды.
Тараптар өз мемлекеттерiнде қолданылып жүрген заңдар, оларға кейiннен енгiзiлген өзгерістер туралы бiр-бiрiне хабарлап отыруды, сондай-ақ зейнетақы құқығын және оның мөлшерiн айқындау үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтауға қажеттi шараларды қолдануды мiндетiне алады.
Қазақстан Республикасы мен Әзiрбайжан Республикасының аумағында тиiстi тәртiппен берiлген зейнетақымен қамсыздандыру үшiн қажеттi құжаттар Тараптардың аумағында жария етiлмей қабылданады.
Осы Келісім оны күшiне енгізу үшiн қажеттi мемлекеттік iшкi тәртібін әрбiр Тараптың орындағандығы туралы соңғы хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
1. Осы Келісім бес жыл мерзiмге жасасылады және тиiстi қолданылу мерзiмi бiтуге алты ай қалғанға дейiн Тараптардың бiрде-бiрi оның күшiн тоқтатқысы келетiнiн туралы, жазбаша түрде хабарламаса, онда Келісім өзiнен-өзi тағы да бес жыл мерзiмге ұзартылады. 2. Келісім бұзылған жағдайда оның ережелерi зейнетақы құқықтары осы Келісімнiң ережелерiне сәйкес туындаған азаматтар жөнiнде күшiне қалады. 3. Өзара уағдаластық негiзiнде қабылданған және тиiстi актiлерде тiркелген осы Келісімге енгiзiлетiн барлық өзгертулер мен толықтырулар осы Келісімнiң ажырамас бөлiгi болып табылады.
1996 жылы 16 қыркүйекте Баку қаласында қазақ, әзiрбайжан және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа дана етiп жасалды, барлық мәтiннiң де күшi бiрдей.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |