|
|
|
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы әскери
ҚР 1999 жылғы 6 сәуірдегі № 369-1 Заңымен ратификацияланды 2000 ж. 2 маусымда күшіне енді
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Хельсинки Қорытынды актiсiнiң және ЕҚЫҰ-ның басқа да құжаттарының мақсаттары мен принциптерiне өздерiнiң адалдығын қуаттай отырып, Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 1993 жылғы 8 маусымдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы Шартты негiзге ала отырып, өздерi қатысушы болып табылатын тиiстi халықаралық шарттарды ескере отырып, Тараптар арасындағы әскери ынтымақтастық үшiн құқықтық негiздi қамтамасыз ету ниетiн бiлдiре отырып, төмендегiлер жөнiнде келiстi:
Тараптар мемлекеттік егемендiк пен аумақтық тұтастықты сыйлау, шекараның берiктiгi, дау-дамайларды бейбiт түрде реттеу, күш қолданбау және күш қолданып қауiп-қатер төндiрмеу, тең құқықтылық және iшкi iстерiне араласпау, алған мiндеттемелерiн шын ниетпен орындау принциптерiне өздерiнiң адалдығын қуаттайды. Тараптардың әскери саладағы қарым-қатынастары ұлттық заңдарға және осыларға сәйкес қабылданған өз Қарулы Күштерi туралы шешiмдерге негiзделедi.
Тараптардың әрқайсысы екiншi бiр Тарапқа қарсы бағытталған әскери сипаттағы одақтарға немесе келісімдерге қатыспауға, сондай-ақ өз аумақтарын қарулы агрессия мақсатында пайдалануға немесе екiнші бiр Тарапқа қарсы бағытталған дұшпандық қызметке жол бермеуге мiндеттенедi.
Басқа мемлекеттер тарапынан қарулы шабуыл жасау қаупi пайда болған немесе өздерiнiң аумақтық тұтастығына қауiп-қатер төнген жағдайда Тараптар қажеттi көмек көрсетедi, сонымен қатар екi жақтық негiзде, сондай-ақ өздерi қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдар шеңберiнде бiр-бiрiмен кеңесiп отырады.
Тараптардың Қорғаныс министрлiктерi ерекше кезеңде Тараптардың өзара қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесi үшiн әскерлердi бiрiгiп жоспарлау мен қолдану, сондай-ақ басқару органдары мен әскерлердi даярлау жөніндегі бiрлескен шараларды жоспарлау мен жүргiзу мәселелерi бойынша жекелеген келісімдер әзiрлеп, жасайды.
Тараптар бiр-бiрiн өздерiнiң әскери қызметi туралы хабардар етiп отырады және келiп түскен сұраныс негiзiнде қажеттi ақпарат берiп тұрады.
Тараптар қару-жарақтың, әскери техниканың өндiрiсi, жөндеу және олармен жабдықтау, пайдалану-техникалық құжаттамамен, жинақтаушы элементтермен, қосалқы бөлшектермен және басқа да әскери мүлiкпен қамтамасыз ету жөніндегі қалыптасқан және жаңа байланыстарды шарттық негiзде дамытады. Қару-жарақ пен әскери техниканы әзiрлеу мен олардың өндiрiсi Тараптардың мемлекеттік тапсырыстары бойынша жүзеге асырылатын болады. Тараптар өз Қорғаныс министрлiктерiнің тапсырыстарын өнеркәсiп кәсiпорындарында орналастыруды қамтамасыз етедi және олардың орындалуы жөнiнде шараларды қарастырады. Тапсырыстарды ресiмдеу және қару-жарақтың, әскери техника мен оқ-дәрілердiң жеткізілiмдерiн қамтамасыз ету үкіметаралық келісімдер негiзiнде, ал қосалқы бөлшектер, керек-жарақтар мен басқа да әскери мүлiктердiң жеткiзiлiмi тiкелей шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
Тараптардың қару-жарақты, әскери техниканы қайта экспорттау саласында және әскери-техникалық өзара iс-әрекеттiң басқа мәселелерi бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады. Тараптар қару-жарақ пен техниканың жаңа түрлерiн әзiрлеу саласында ғылыми-зерттеу және тәжiрибе-конструкторлық жұмыстарды дамыту мәселелерiн бiрлесiп шешетiн болады. Мұндай ынтымақтастықтың бағыттары мен нысандары, сондай-ақ өзара iс-қимыл механизмi жекелеген келісімдермен реттелетiн болады.
Тараптардың әрқайсысы екiншi бiр Тараптың аумағына қару-жарақты, әскери техника мен әскери мүлiктiң жеткiзiлiмдерiн кедендiк төлемдердi, салықтар мен басқалай алымдарды алусыз өзара келісім бойынша жүзеге асырады.
Бiр Тараптың аумағынан екiншi бiр Тараптың аумағына әскери командалардың, қару-жарақтың, әскери техника мен әскери мүлiктiң орын ауыстыруы, сондай-ақ транзиттiк тасымалдар кедендiк төлемдердi, салықтар мен басқа да алымдарды алусыз өзара келісім бойынша жүзеге асырылады.
Тараптар әскери кадрларды даярлау мәселелерi бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады. Мұндай ынтымақтастықтың бағыттары мен нысандары, сондай-ақ өзара iс-қимыл механизмi жекелеген келісімдермен реттелетiн болады.
Тараптар Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерi мен құралдарының өзара iс-әрекетiн жүзеге асырады және әуе жағдайы жөнiнде ақпарат алмасуға, апатқа ұшыраған немесе бағытынан айрылған әуе кемелерiне көмек көрсетуге, әуе кемелерiн алып кетудiң немесе басып алудың алдын алуға байланысты мәселелер бойынша ынтымақтасатын болады.
Тараптар бiрлескен қолбасшылық негiзiнде бiрiккен әскери құрамалар құра алады. Тараптар бiрлесiп пайдаланатын бiрiккен әскери құрамаларды басқару, жинақтау, материалдық-техникалық және тыл жағынан қамтамасыз ету тәртібі жекелеген келісімдермен айқындалады.
Бiтiмгерлiк қызмет саласында Тараптар қабылданған халықаралық мiндеттемелердi, екi жақты келісімдер мен ұлттық заңдарын негiзге ала отырып ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.
Тараптар жекелеген келісімдер негiзiнде әскери барлау саласында ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Тараптар әскери салаға қатысты ұлттық заңдарын жетiлдiру мен жақындастыру мәселелерi бойынша кеңесiп отыратын болады. Тараптар әскери мәселелер жөніндегі көп жақты халықаралық шарттарды жүзеге асыруда өзара көмек көрсетедi. Әскери ынтымақтастық саласында шарттар мен келісімдердi жасасу кезiнде Тараптардың әрқайсысы екiншi бiр Тараптың қауiпсiздiк мүддесiн ескеруге мiндеттенедi.
Тараптар Қарулы Күштердегi тәрбие жұмысы саласындағы ұйымдастыру, әдiстемелiк және практикалық тәжiрибемен алмасу жөніндегі ынтымақтастықты нығайтады және дамытады.
Тараптар әскери қызметшiлерге берiлген әскери атақтардың, мемлекеттік наградалармен наградталуының және әскери білімi туралы құжаттардың күшi бар екендiгiн мойындайды.
Тараптар әскери қызметтен босатылған адамдардың, олар Тараптардың бiрiнiң аумағында тұрақты тұруды қалап алған жағдайда, әлеуметтiк құқықтарының сақталуын қамтамасыз етедi.
Тараптар Қарулы Күштер әскери қызметшiлерiн, олардың отбасы мүшелерiн, жұмысшылары мен қызметшiлерiн медициналық қамтамасыз ету, санаториялық-курорттық емдеу және демалысы саласында ынтымақтасатын болады.
Осы Шарт қандай да бiр болмасын мемлекетке қарсы бағытталмайды және Тараптардың әрқайсысына қатысты қолданылып жүрген, басқа мемлекеттермен жасалған көп жақты және екi жақты шарттардан туындайтын қандай да болмасын құқықтар мен мiндеттерге нұқсан келтiрмейдi.
Осы Шарт нормаларын түсiндiруге және қолдануға қатысты даулар пайда болған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар мен келiссөздер жолымен шешедi.
Осы Шартқа Тараптардың бiрiнiң бастамасы бойынша өзара келісім негiзiнде өзгертулер мен толықтырулар енгiзуге болады, ол екi Тарап бекiткеннен кейiн күшiне енетiн және осы Шарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын тиiстi хаттамалармен ресiмделедi.
Осы Шарт бекітілуге жатады және бекіту грамоталарымен алмасқан күннен бастап күшiне енедi. Осы Шарт бес жыл мерзiмге жасалады және егер Тараптардың бiрде бiреуi тиiстi мерзiмнiң бiтуiне алты ай қалғанға дейiн оның қызметiн тоқтату туралы өз тiлегiн жазбаша түрде хабарламаса, оның қызметi кейiнгi бес жылдық кезеңге өзiнен-өзi ұзартылады.
Алматы қаласында 1997 жылғы 8 көкекте екi түпнұсқа дана болып, әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тiлдерiнде жасалды, сондай-ақ барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |