|
|
|
Қазақстан Республикасы мен Корей Халық-Демократиялық Республикасы арасындағы
ҚР 1999 жылғы 16 ақпандағы № 346-I Заңымен ратификацияланды 2000 ж. 8 сәуірде күшіне енді
Қазақстан Республикасы мен Корей Халық-Демократиялық Республикасын өздерінің консулдық қатынастарын дамыту тілегін басшылыққа ала отырып, осы консулдық Конвенцияны жасауды ұйғарды және мына төмендегілер жөнінде келісті.
Анықтамалар
1-бап
Осы Конвенцияда: а) «консулдық мекеме» бас консулдықты, консулдықты, вицеконсулдықты немесе консулдық агенттiктi бiлдiредi; б) «консулдық округ» консулдық мiндеттердi орындау үшiн консулдық мекемеге бөлiнген, консулдық орналасқан мемлекет ауданын бiлдiредi; с) «консулдық мекеме басшысы» бас консулды, консулды, вице-консулды немесе өкiлдiгiн жiберген мемлекет осы тұрғыда iс-қимыл жасауды тапсырған консулдық агенттi бiлдiредi; д) «консулдық қызмет адамы» консулдық мекеме басшысын қоса алғанда өкiлдiгiн жiберген мемлекет осы тұрғыда консулдық мiндеттердi орындауды тапсырған адамды бiлдiредi; е) «консулдық мекеме қызметкерi» консулдық мекемеде әкiмшiлiк, техникалық мiндеттердi және қызмет көрсету жөніндегі мiндеттердi орындайтын кез келген адамды бiлдiредi; f) «консулдық мекеме қызметкерлерi» консулдық қызмет адамдарын және консулдық мекеме қызметкерлерiн бiлдiредi; g) «отбасы мүшелерi» консулдық мекеме қызметкерiнiң зайыбын (немесе жұбайын), сондай-ақ олардың кәмелетке толмаған балаларын бiлдiредi; h) «консулдық үй-жайлар» консулдық мекеменiң пайдалануы үшiн арнайы бөлiнген үйлердi немесе үй бөлiктерiн және, меншiк құқығы кiмге тиесiлi екендiгiне қарамастан, оларға қызмет көрсететiн жер учаскелерiн бiлдiредi; і) «консулдық архивтер» консулдық мекеменiң барлық құжаттарын куәлiктердi, хаттарды, кiтаптарды, жеделхаттарды, шифрларымен және кодтарымен бiрге реестрлердi, тiркеу журналын, штампты, дыбысжазу, видеожазу таспаларын, фильмдердi, фотосуреттердi және басқаларды, сондай-ақ оларды сақтауды немесе қорғауды қамтамасыз етуге арналған кез келген заттарды бiлдiредi; j) «өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматы» өкiлдеген мемлекеттің азаматтығына ие кез келген нақты адамды бiлдiредi; k) «заңды тұлға» өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң заңдары негiзiнде құрылған, консулдық орналасқан мемлекеттегi кез келген мекеменi немесе кез келген ұйымды бiлдiредi; l) «өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң кемесi» әскери кемелердi есепке алмағанда, өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң жалауы астында жүзуге құқығы бар, осы мемлекетте тiркелген кез келген кеменi бiлдiредi; m) «өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң әуе кемесi» әскери ұшу аппараттарын есепке алмағанда, өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң тану белгiлерi бар, осы мемлекетте тiркелген кез келген ұшу аппаратын бiлдiредi.
Консулдық мекемелердi ашу, консулдық мекемелердiң қызметкерлерiн тағайындау және олардың мiндеттерiн тоқтату
2-бап Консулдық мекемелердi ашу
1. Консулдық мекеме консулдық орналасатын мемлекеттiң аумағында тек осы мемлекеттiң келiсуiмен ғана ашыла алады. 2. Консулдық мекеменiң мекен-тұрағы, оның класы мен консулдық округi, сондай-ақ консулдық мекеменiң мекен-тұрағына, оның класына және консулдық округiне қатысты кейiнгi кез келген өзгерістер өкiлдiгiн жiберген мемлекет пен консулдық орналасқан мемлекет арасындағы келісім бойынша анықталады.
Консулдық мекеме басшысын тағайындау, оны осы тұрғыда мойындау
1. Консулдық мекеме басшысы тағайындалғанға дейiн өкiлдігiн жiберген мемлекет осы адамның консулдық мекеме басшысы ретiнде мойындалатындығы жөнiнде оның консулдық орналасқан мемлекеттiң келісімін алатындығына дипломатиялық жолмен көз жеткiзуге тиiс. Консулдық орналасқан мемлекеттiң келісімi алынғаннан кейiн өкiлдiгiн жiберген мемлекет өзiнiң дипломатиялық өкiлеттiгi арқылы немесе тиiстi басқа бiр жолмен консулдық орналасқан мемлекеттiң сыртқы iстер министрлігіне консулдық мекеме басшысының толық аты-жөнi мен фамилиясы, дәрежесi, ол үшiн белгiленген консулдық округ және консулдық мекеменiң мекен-тұрағы көрсетiлген консулдық патент жолдайды. 2. Консулдық патент қабылданғаннан кейiн консулдық орналасқан мемлекет мүмкiндiгiне қарай қысқа мерзiмде консулдық мекеме басшысын осы тұрғыда мойындайтын экзекватура бередi. Алайда, консулдық орналасқан мемлекет өз шешiмiнiң себептерiн түсiндiруге мiндеттi болмастан, экзекватура беруден бас тарта алады. 3. Консулдық орналасқан мемлекет консулдық экзекватура бергеннен кейiн консулдық мекеме басшысы өз мiндеттерiн орындауға жiберiледi. 4. Экзекватура берiлгенге дейiн консулдық орналасқан мемлекет консулдық мекеме басшысын өз мiндеттерiн орындауға уақытша жіберуi мүмкiн. Бұл жағдайда оған осы Конвенцияның ережелерi қолданылады. 5. Консулдық экзекватура берiлгеннен кейiн консулдық орналасқан мемлекет бұл туралы консулдық округтiң құзыреттi өкiмет орындарына хабарлайды және консулдық мекеме басшысының осы Конвенцияда көзделген мiндеттердi орындай алуы және осы Конвенциядан туындайтын артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдалана алуы үшiн қажет шаралардың бәрiн қолданады.
Консулдық мекеме басшысының мiндеттерiн уақытша орындау
Консулдық мекеме басшысы қандай да бiр себеппен өз мiндеттерiн орындай алмайтын болса немесе консулдық мекеме басшысының орны бос болса, өкiлдiгiн жiберген мемлекет консулдық орналасқан мемлекеттегi осы немесе басқа консулдық мекеменiң консулдық қызмет адамына немесе консулдық орналасқан мемлекеттегi өз дипломатиялық өкiлдiгiнiң дипломатиялық персоналы мүшелерiнiң бiрiне консулдық мекеме басшысының мiндеттерiн уақытша орындау жөнiнде уәкiлдiк бере алады. Бұл жағдайда өкiлдiгiн жiберген мемлекет бұл туралы консулдық орналасқан мемлекеттiң сыртқы iстер министрлігіне күнi бұрын хабарлауға тиiс. Консулдық мекеме басшысының мiндеттерiн уақытша атқарушыға консулдық мекеме басшысына берiлетiн артықшылықтар мен иммунитеттер қолданылады, ал дипломатиялық персонал мүшесiнiң консулдық мекеме басшысының мiндеттерiн уақытша атқарушы болып тағайындалуы оның дипломатиялық статусына сәйкес оған берiлген артықшылықтар мен иммунитеттерге нұқсан келтiрмейдi.
Консулдық мекеме қызметкерiн тағайындау және оны осы тұрғыда мойындау
1. Өкiлдiгiн жiберген мемлекет консулдық мекеменiң қызметкерiн тағайындайды және консулдық орналасқан мемлекетке жазбаша түрде мыналарды: а) толық аты-жөнi мен фамилиясы, қызметi, келуi, кетуi, қызмет бабындағы мiндеттерiн орындауды тоқтатуы және консулдық мекеме қызметкерi болып қызмет iстеген кезіндегі оның қызметіндегі өзгерістер туралы; б) толық аты-жөнi мен фамилиясы, азаматтығы, консулдық мекеме қызметкерiнiң отбасы мүшесiнiң келуi мен кетуi туралы, сондай-ақ олардың статусындағы өзгерістер туралы; с) консулдық орналасқан мемлекеттiң азаматын жалдау және оны жұмыстан шығару туралы хабарлайды. 2. Консулдық мекеменiң қызметкерi өзiн өкiлдiгiн жiберген мемлекет осы тұрғыда тағайындағаннан кейiн және өзiнiң консулдық мекемеге келгенi туралы консулдық орналасқан мемлекетке хабар берiлген кезден бастап өз мiндеттерiн орындауға кiрiседi. 3. Консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындары консулдық мекеме қызметкерлерiне және олардың отбасы мүшелерiне тиiстi куәлiктер бередi.
Консулдық мекеме қызметкерлерiнiң азаматтығы
1. Тек өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматы ғана консулдық қызмет адамы бола алады, алайда ол консулдық орналасқан мемлекетте тұрақты түрде тұратын адам болмауға тиiс. 2. Тек өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң немесе консулдың орналасқан мемлекеттiң азаматтары ғана консулдық мекеме қызметкерлерi бола алады. Соңғы жағдайда консулдық мекеме бұған консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындарынан күнi бұрын келісім алуға тиiс.
Консулдық мекеме қызметкерiнiң мiндеттерiн орындауды тоқтату
Консулдық мекеме қызметкерiнiң мiндеттерiн орындауы: а) өкiлдiгiн жiберген мемлекет консулдық орналасқан мемлекетке консулдық мекеме қызметкерiнiң мiндеттерiн орындауды тоқтатуы туралы хабарлаған кезде; б) консулдық орналасқан мемлекет экзекватураның күшiн жойған кезде; с) консулдық орналасқан мемлекет консулдық мекеменiң қызметкерi деп есептеудi тоқтатқаны туралы өкiлдiгiн жiберген мемлекетке дипломатиялық жолмен хабарлаған кезде тоқтатылады.
«Persona non grata» деп танылған тұлғалар
1. Консулдық орналасқан мемлекет өкiлдiгiн жiберген мемлекетке консулдық мекеменiң қандай да бiр қызметкерiнiң консулдық орналасқан мемлекетке қолайсыз екенiн кез келген уақытта хабарлай алады. 2. Мұндай жағдайда өкiлдiгiн жiберген мемлекет бұл адамды керi шақырып алуға немесе оның консулдық мекемедегi мiндеттерiн тоқтатуға тиiс. 3. 7-баптың «б» кiшi тармағының және осы баптың 1-тармағының ережелерi жағдайында консулдық орналасқан мемлекет өкілдiгiн жiберген мемлекетке өз шешiмiнiң себептерiн дәлелдеуге мiндеттi емес. Егер өкiлдiгiн жiберген мемлекет осы баптың 1-тармағында көзделген өзiнiң мiндеттемесiн ақылға сыйымды мерзiм iшiнде орындамайтын болса, консулдық орналасқан мемлекет осы адамның экзекватурасы мен консулдық куәлiгiнiң күшiн жоюға немесе мұндай адамды консулдық мекеменiң қызметкерi деп танудан бас тартуға құқылы.
Консулдық мiндеттер
9-бап Жалпы консулдық мiндеттер
1. Консулдық қызмет адамы өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң, оның азаматтары мен заңды ұйымдарының құқықтары мен мүдделерiн қорғайды, сондай-ақ өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматтары мен заңды ұйымдарына көмек көрсетедi. 2. Консулдық қызмет адамы өкiлдiгiн жiберген мемлекет пен консулдық орналасқан мемлекет арасындағы достық қатынастарды дамытуға жәрдемдеседi және экономика, сауда, мәдениет, білім, ғылым, туризм және тағы басқа салаларда екi ел арасындағы алмасу мен ынтымақтастықты дамытуға ықпал жасайды. 3. Консулдық қызмет адамы барлық заңды жолдармен консулдық орналасқан мемлекеттiң сауда, экономика, ғылыми-техникалық, мәдениет, спорт және басқа салаларындағы жағдайды анықтап, бұл туралы өз үкіметіне хабарлай алады, сондай-ақ бұл мәлiметтердi мүдделi адамдарға бере алады.
Азаматтық мәселелері және азаматтық хал актілерін тіркеу жөніндегі міндеттер
1. Консулдық қызмет адамы мына төмендегi мiндеттердi атқаруға: а) өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң заңына сәйкес азаматтық мәселелер жөніндегі өтiнiштердi қабылдауға; b) өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң консулдық орналасқан мемлекеттегi азаматтарының есебiн жүргiзуге, с) өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының тууын немесе өлуiн тiркеу, сондай-ақ бұл туралы куәландырушы құжаттарды беруге және қабылдауға; d) өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының некесiн тiркеуге және некесiн бұзуға, сондай-ақ бұл туралы куәландырушы құжаттарды беруге және қабылдауға; е) өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының отбасы қатынастарына байланысты кез келген өтiнiштi қабылдауға құқылы. 2. Осы баптың 1-тармағының ережелерi өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң адамдарын консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдары мен ережелерiн сақтау мiндетiнен босатпайды.
Төлқұжаттар мен визалар беру
1. Консулдық қызмет адамы өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматтарына төлқұжаттар немесе басқа жол жүру құжаттарын беруге, оларға өзгерістер енгізуге немесе олардың күшiн жоюға құқылы. 2. Консулдық қызмет адамы өкiлдiгiн жiберген мемлекетке баратын немесе осы елдi транзитпен жүрiп өтетiн адамдарға виза бередi.
Нотариалдық куәландыру мен ресмилендiру
1. Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң заңдары мен ережелерiне сәйкес консулдық қызмет адамы: а) азаматтығына қарамастан, кез келген адамның өтiнiшi бойынша оған өкiлдiгiн жiберген мемлекетте пайдалану үшiн әр түрлі құжаттар беруге; b) өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының өтiнiшi бойынша оларға консулдық орналасқан мемлекетте немесе одан тыс жерде пайдалану үшiн әр түрлi құжаттар беруге; с) құжаттарды өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң ресми тіліне аударуға және осы аударманың дәлдiгiн куәландыруға; d) өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң немесе консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындары берген құжаттарды ресмилендiруге; е) өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының өсиеттерiн жазуға, куәландыруға және сақтауға қабылдауға; f) өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматтары арасындағы актiлер мен мәмiлелер консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдарына қайшы келмейтiн болғандықтан және тұрақты мүлiк жөніндегі құқықтарды белгiлеуге немесе бiреуге беруге қатысты болмайтындықтан, бұл актiлер мен мәмiлелердi жазу мен куәландыруға, бiр жағынан, өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматтары мен, екiншi жағынан, басқа да мемлекеттердiң азаматтары арасындағы актiлер мен мәмiлелер өкiлдiгiн жiберген мемлекеттегi мүлiктерге немесе құқықтарға ғана қатысты болғандықтан және бұл актiлер мен мәмiлелер орналасқан мемлекеттiң заңдарына қайшы келмеген жағдайда бұл мемлекетте қаралуға тиiс iстерге қатысты болғандықтан, осы актiлер мен мәмiлелердi жазуға және куәландыруға; g) өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының алуан түрлi құжаттарға қойған қолдарын куәландыруға; h) консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдарына қайшы келмейтiндiктен, өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының мүлiктерi мен құжаттарын сақтау үшiн қабылдауға; i) өкiлдiгiн жiберген мемлекет заңына сәйкес басқа да нотариалдық қызметтер атқаруға құқылы. 2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес консулдық қызмет адамы жазған, куәландырған немесе аударған құжаттарды консулдық орналасқан мемлекет олар консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдарына сәйкес келген жағдайда өкiлдiгiн мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындары мен мекемелерi жазған, куәландырған немесе аударған құжаттардай заңды мән-мағына мен дәлелдi күшке ие деп есептейдi. Консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдары бойынша қажет болған жағдайда құжаттар ресмилендiруге тиiс.
Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматтарымен қарым-қатынас
1. Консулдық қызмет адамы консулдық округ аумағында өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматтарымен қарым-қатынас жасауға және кездесуге құқылы. Консулдық орналасқан мемлекет өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматтарының консулдық мекемемен қарым-қатынас жасауына және олардың консулдық мекемеге кiруiне ешқандай да шек қоймайды. 2. Егер өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматы консулдық округ аумағында қамалған, ұсталған немесе басқа бiр нысанда бас бостандығынан айырылған болса, консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi органдары бұл туралы мүмкiндiгiнше қысқа уақытта, бiрақ осы азаматтың қамалған, ұсталған немесе басқа бiр нысанда оны бас бостандығынан айырған кезден 7 күннен кешiктiрмей, консулдық мекемеге мәлiмдеуге тиiс. 3. Өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматы қамалған, ұсталған немесе басқа бiр нысанда бас бостандығынан айырылған жағдайда консулдық қызмет адамы кез келген уақытта оған барып-шығуға, онымен әңгiмелесуге немесе қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ оған заңды көмек көрсетуге құқылы. Консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi органдары консулдық қызмет адамынан бұл туралы хабар алған соң 3 күн iшiнде жолықтыруға және бұдан былайғы жерде мұндай мүмкiндiктi мерзiмдi берiп отыруға тиiс. 4. Өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматы қамалған, ұсталған немесе басқа бiр нысанда бас бостандығынан айырылған жағдайда консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi органдары оның талабы бойынша оған өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң консулдық мекемесiмен қарым-қатынас жасауын қамтамасыз етуге мiндеттi. 5. Осы бапта көзделген құқықтарды пайдаланған кезде консулдық қызмет адамы консулдық орналасқан мемлекеттiң тиiстi заңдары мен ережелерiн орындауға мiндеттi.
Қамқоршылық пен шапағатшылық
1. Консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындары, өздерiнде бұл туралы мәлiмет болған жағдайда, консулдық орналасқан мемлекет аумағында тұрушы өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматына қамқоршы немесе шапағатшы тағайындау қажеттiгі туралы консулдық қызмет адамына хабарлайды. 2. Консулдық қызмет адамы осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мәселе бойынша консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындарымен бiрлесе жұмыс жасайды және қажет болған жағдайда консулдық орналасқан мемлекет заңдарына сәйкес қамқоршы мен шапағатшының мiндетiн орындау үшiн адамды ұсынады. 3. Консулдық орналасқан мемлекеттiң соты немесе өзге құзыреттi органдары ұсынған адамды қандай да бiр себептермен қамқоршы немесе шапағатшы ретiнде қолайсыз деп тапса, онда консулдық қызмет адамы басқа адамды ұсынады.
Өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматының немесе заңды тұлғаның өкiлi
1. Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматы немесе заңды тұлғасы орнында болмағанда немесе басқа бiр себептермен уақытында өзiнiң мүдделерiн қорғай алмаса, консулдық қызмет адамы арнайы ерекше бiр сенiмхатсыз мұндай-ақ азаматтың немесе заңды ұйымның консулдық орналасқан мемлекеттiң сотының немесе басқа бiр мекемесiнiң алдында өкiлi бола алады, сондай-ақ оған лайықты өкiлдi ұсына алады. 2. Осы баптың 1-тармағында көзделген мiндеттердi орындау кезiнде консулдық қызмет адамы консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдары мен ережелерiн орындауға тиiс.
Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматтарына немесе заңды тұлғаларына жәрдемдесу
1. Консулдық қызмет адамы консулдық орналасқан мемлекеттің құзыреттi өкiмет орындарына өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң консулдық орналасқан мемлекеттiң аумағында тұрақты тұрып жатқан немесе уақытша жүрген, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен азаматтарын iздестiруде жәрдем сұрап, өтiнiш жасауға құқылы. Консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындары барлық мүмкiн құралдар және әдiстермен осыған байланысты материалдарды беруге тиiс. 2. Консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындары, егер оларға өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматының қайтыс болғаны, хабар-ошарсыз жоғалғаны, ауыр жарақаттанғаны және жазатайым оқиғаға ұшырағаны туралы белгiлi болса, бұл туралы кiдiртпей консулдық мекемеге хабарлауға тиiс. Консулдық қызмет адамы консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындарына жазатайым оқиғаға байланысты материалдарды беруiн сұрап, өтiнiш жасай алады, сондай-ақ жапа шеккендердiң мүддесiн қорғау үшiн қажеттi шараларды қабылдауға құқылы. 3. Консулдық қызмет адамы өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматының немесе заңды ұйымының құжаттарын, ақшаларын, қымбат бұйымдарын және мүлкiн қабылдауға және уақытша сақтауға құқылы.
Мүлiкті қорғау жөніндегі шаралар
1. Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматы қайтыс болған жағдайда консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындары бұл туралы кiдiртпей консулдық мекемеге хабарлауға және консулдық мекеменiң талабы бойынша өлiмi туралы куәлiктi немесе қайтыс болғанын куәландыратын басқа құжаттарды тегiн беруге тиiс. 2. Консулдық орналасқан мемлекет аумағында тұрақты тұрып жатқан, өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматы қайтыс болған және оның мұралық мүлкi консулдық орналасқан мемлекет аумағында болған жағдайда және де мұрагер немесе мүлiктiк құқығынан айырылған адам консулдық орналасқан мемлекетте жоқ болса, онда консулдық орналасқан, мемлекеттiң құзыреттi органдары бұл туралы консулдық мекемеге мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде хабарлауға тиiс. 3. Консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi органдары өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматына байланысты мұралық мүлiктi қорғау жөнiнде шараларды қабылдайды, ал консулдық қызмет адамы осы мұралық мүлiк сақталып отырған жерге баруға рұқсат берiлуiн талап ете алады. 4. Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң азаматы мұрагер немесе өсиеттi алған адам болып табылса, кез келген азаматтықтағы адам өлгеннен кейiн консулдық орналасқан мемлекетте қалған мұралық мүлiкке мұрагер болуға немесе оны алуға құқылы, ал егер осы азамат консулдық орналасқан мемлекетте жоқ болса, онда консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi органдары консулдық мекемеге осы азамат қабылдауға немесе мұраға алуға тиiстi мұралық мүлiк туралы мәлiметтердi хабарлауға тиiс. 5. Консулдық қызмет адамы консулдық орналасқан мемлекетте тұрақты мекен-жайы жоқ өкiлдiгiн жiберген мемлекет азаматының консулдық орналасқан мемлекеттен алуға тиiстi мұралық мүлкiн қабылдауға және оны осы азаматқа беруге құқылы. 6. Егер өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң консулдық орналасқан мемлекетте тұрақты мекен-жайы жоқ азаматы осы мемлекетте қайтыс болса және консулдық орналасқан мемлекетте оның туысқаны немесе өкiлi болмаса, онда консулдық қызмет адамы өлген адамның ақшасын, құжаттарын және жеке заттарын оның мұрагерiне, мүлiктiк құқықтан айырылған адамға немесе осы мүлiктi алуға құқығы бар басқа адамға беру үшiн уақытша сақтауға құқылы. 7. Консулдық қызмет адамы осы баптың 5 және 6-тармақтарында қарастырылған мiндеттердi орындау кезiнде консулдық орналасқан мемлекеттiң заңдары мен ережелерiн сақтауға тиiс.
Өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң кемесiне көмек көрсету 1. Консулдық қызмет адамы өз консулдық округiнiң шегiнде өкiлiн жiберген мемлекеттiң консулдық орналасқан мемлекеттiң iшкi және аумақтық суларында, бұған порттарды және басқа зәкiр салатын тұрақтарды қоса алғанда, сондай-ақ кеме капитанына, экипаж мүшелерiне және жолаушыларға көмек көрсетуге, сонымен бiрге: а) кеменiң бортына көтерiлуге, капитанның кеме, жүк, жүзу жағдайлары туралы баяндамасын тыңдауға құқылы, ал кеме капитаны, экипаж мүшелерi мен жолаушылар кемеге жағалаумен еркiн қатынас жасауына рұқсат берiлiсiмен консулдық қызмет адамымен қарым-қатынас жасай алады; б) консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi органдарының құқықтары үшiн нұқсан келтiрместен, кеме жүзген кезде болған оқиғаларды тергеуге; в) консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет орындарының құқықтары үшiн нұқсан келтiрместен өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң заңдарына сәйкес жалақыға және жалға алу туралы шартқа қатысты дауларды қоса алғанда капитан мен экипаж мүшелерiнiң арасындағы дауларды шешуге; г) қажет болған жағдайда кеме капитанын немесе экипаж мүшелерiн ауруханада емдеу немесе қайтару жөнiнде шаралар қабылдауға; д) кемеге қатысты құжаттарды алуға, тексеруге, беруге, куәландыруға немесе ресмилендiруге; е) кеменi шетелде алған жағдайда осы кеменiң өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң жалауының астында жүзу құқығына уақытша куәлiктер беруге; ж) өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындарының тапсыруы бойынша кемеге байланысты басқа да мiндеттердi орындауға құқылы. 2. Осы бапта қарастырылған мiндеттердi орындау кезiнде консулдық қызмет адамы консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындарынан көмек сұрап, өтiнiш жасай алады.
Өкiлдiгiн жiберген мемлекет кемесiне қатысты ерiктен тыс жүзеге асырылатын шаралардан қорғау
1. Егер консулдық орналасқан мемлекеттiң соты немесе басқа құзыреттi органдары өкiлiн жiберген мемлекет кемесiне қатысты немесе осы кеменiң бортында қандай да бiр ерiктен тыс шаралар қабылдау немесе маңызды бiр тергеу жүргiзудi көздеген болса, онда құзыреттi өкiмет орындары бұл туралы осындай iс-қимылдарды жүзеге асыру кезiнде консулдық қызмет адамы немесе оның өкiлi қатыса алуы үшiн күнi бұрын мiндеттi түрде хабарлауға тиiс. Егер консулдық қызмет адамы қатыспаған болса, онда оның өтiнiшi бойынша консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындары оған кеменiң бортында не болғаны туралы толық ақпарат бередi. 2. Осы баптың 1-тармағында қарастырылған ережелер, сонымен бiрге консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындары жоғарыда аталған шараларды құрылықта кеме капитанына немесе экипаж мүшелерiне қатысты қабылдауды көздеген жағдайда да қолданылады. 3. Әдеттегi, шекаралық, кедендiк немесе санитарлық бақылау жүзеге асырылып жатқан немесе консулдық орналасқан мемлекеттің құзыреттi өкiмет орындарының iс-қимылдары капитанның немесе консулдық қызмет адамының талабы бойынша немесе келісімiмен жасалатын жағдайларды қоспағанда, консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындары өкiлiн жiберген кеменiң iшкi iстерiне, консулдық орналасқан мемлекеттiң бейбiтшiлiгi, қауiпсiздiгi мен қоғамдық тәртібі бұзылмаған жағдайда араласуға құқығы жоқ.
20-бап Өкілдігін жіберген мемлекеттің бүлінген кемесіне жәрдем көрсету
1. Егер өкiлдiгiн жiберген мемлекеттiң кемесi консулдық орналасқан мемлекеттiң ішкі немесе аумақтық суларында немесе аумақтық суларына жақын жерде апатқа ұшыраса, онда консулдық орналасқан мемлекеттiң құзыреттi өкiмет орындары бұл туралы мүмкiндiгiнше тез арада консулдық мекемеге хабарлайды, сондай-ақ адамдарды, кеменi, жүктi және басқа мүлiктi құтқару жөнiнде қабылданған шаралар туралы мәлiмдейдi.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |