Бұл жерде мемлекет пен құқық теориясы саласындағы ғалымдардың «құқық» ұғымына берген анықтамларының бәрін бірдей келтіру мүмкін емес. Құқыққа берілген анықтамалардың әр алуандығы, оның мәні туралы пікірталастың толастамауы сондай, тіпті, құқықтың мәнін тануға болмайтындай торығулы қорытындыға да әкеп соғуы мүмкін. Міне, осыдан болар, юристер ғасырлар бойы құқықтың анықтамасын іздеумен әлек деп назаланған Кантты [14] дұрыстай түскендей, құқықтың ресейлік теоретигі Н.Н.Алексеев: «жаратылыстанушылар табиғат дегеніміздің не екеніне жауап бере алмайтыны сияқты, құқықтанушылар да құқық анықтамасын ешқашан таба алмайды», - деп ескертеді [15]. Құқыққа беріліп жүрген анықтамалардың әр түрлілігіне қарамастан, оларда ортақ сипат, белгілердің бар екенін есте ұстау қажет. Біріншіден, құқық деп адамдардың әлеуметтік-құқықтық талаптарын атайды, мысалы, адамның өмір сүруге құқы, халықтардың өзін-өзі билеу құқы. Бұл талаптар адам мен қоғамның табиғатымен шарттас, сондықтан табиғи құқық болып саналады. Екіншіден, әділет нормаларының жүйесі құқық деп ұғылады. Нормалары жекелеген адамдардың еркінен тыс жасалып, ықпал ететіндіктен, бұл құқықта объективтік мән болады. Бұл мән құқық ұғымына мына сияқты сөз тіркестерінде орайласады: қазақстандық құқық, азматтық құқық, жер қойнауы мен оны пайдалану құқығы, экологиялық құқық т.с.с. Үшіншіден, құқық ұғымымен жеке я заңды тұлға ие болатын ресми танылған мүмкіндіктер белгіленеді. Мәселен, азаматтардың еңбек етуге, демалуға, денсаулығын сақтауға; ұйымдардың мүлікке, мемлекет пен қоғамның белгілі бір салсында қызмет етуге қақысы бар. Бұл жағдайларда құқық субъективтік мәнге ие болады, яғни, құқық оның жеке субъектісіне тиесілі болады. Төртіншіден, құқық термині табиғи құқықты, объективті және субъективті мәндегі құқықты қоса алғанда, түгелдей құқықтық құбылыстардың жүйесін белгілеу үшін қолданылады. Осыған орай оның синонимі ретінде құқықтық жүйе термині қолданылады. Мысалы, роман-герман құқығы, англосаксон құқығы, ұлттық құқық жүйелері деген ұғымдардың осындай мағынасы бар. Сонымен, объективтік мәндегі құқық ретінде әділет нормаларының мемлекеттің тиісті нормативтік актілерінде белгіленген, әрбір жеке инсанға тәуелсіз жүйесі танылады. Ал субъективтік мәндегі құқық ретінде субъектілердің құқығы мен бостандықтарының жүйесі, жоғарыда айтылған актілерден келіп шығатын я тумысынан тиесілі және белгілі бір шекте, әсіресе, пайдалану барысында олардың еркі мен санасына тәуелді нақты хақылылықтары танылады. Құқық ұғымын философиялық-құқықтық санат ретінде түсіндіретін классикалық теориялық талдауларға сүйене отырып, қазақстандық құқық салаларының жалпы жүйесіне енетін жер қойнауы мен оны пайдалану құқығына мынадай сипаттар тән екенін көрсеткен жөн: - нормативтілік. Бұл - жер қойнауы мен оны пайдалану құқығы мемлекет пен оның институттары қабылдаған нормативті құқықтық актілерге негізделеді; - жалпыға міндеттілік. Бұл - жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін нормативті құқықтық актілер осы қатынастардың субъектілерінің бәріне бірдей міндетті дегенді білдіреді; - мемлекеттің қамтамасыз етуі, яғни, мәжбүрлеу қаупімен мемлекет жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының ықпалын жүргізіп отырады; - объективтілігі, яғни, мұндай құқық пен жер қойнауы мен оны пайдалану заңнамасы, атап айтқанда, субъективті емес, объективті сипатқа ие. - формалды түрде белгіленуі. Бұл - құқық нормаларының ресми түрде пішімделуін білдіреді; - құқық нормалары ықпалының бір адамға арналмайтындығы мен қайталанатындығы. Бұл - заң нормаларының қолданылу саны шексіз екендігін, нақты бір адресаттың болмайтындығын және жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық қатынастардың барлық субъектісіне арналатындығын білдіреді; - құқық нормалары мазмұнының әділдігі. Бұл - құқық құқықтық қатынастардағы әріптестіктің реттеуге қызмет ететіндігін және құқықтық қатынасқа түсушілердің бәріне бірдей тең де әділ болатындығын білдіреді; - жүйелілігі. Бұл - құқықтың іштей үйлесімді, ретті механизм екендігін растайды; - ұсынушы-міндеттеуші сипат. Бұл - құқықтың бір мезгілде бір субъектіге құқықтылық ұсынса, басқасына тиісті міндет жүктейтінін білдіреді. Жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының бұл сипаттары оның құқықтың дербес саласы екендігінің және қазақстандық құқық салаларының жалпы жүйесіне енуге тиіс екендігінің дәлелі деген қорытындыға әкеп саяды. Ал Қазақстандағы құқық салаларының жүйесінен жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының алатын орны мен рөлі бұл еңбектің басқа тармақтарында егжей-тегжейлі талданбақ. Қазақстандағы құқықты салаларға жіктеудің негізінде құқықтан тыс маңызды бір критерий жатыр. Ол - құқықпен реттеудің пәні, басқаша айтқанда, құқықтың нақты бір саласының нормаларымен реттелуге тиісті қоғамдық қатынастар. Мұндай қатынстарға қатынас атаулының бәрі емес, мынадай сипаттарға сай келетіндері ғана жатады: тұрақты болады және құқықтық қатынастар инсандарының әрекеттері мен оқиғалар қайталанып отырады; өзіндік қасиеттеріне қарай мемлекеттік-құқықтық мәжбүрлеуге және оларды сырттан бақылауға жол береді; оларды реттеуге объективті қажеттілік болады. Қолданыстағы заңдарға сүйенсек, жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының реттеу пәні жер қойнауын пайдалану мен қорғауға, нақты айтқанда, жер қойнауын пайдалану амалдарын атқаруға байланысты қатынастар болып табылады. Жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының пәнін осылайша ұғыну құқықтың осы саласын Қазақстанда алғаш зерттеушілердің бірі Н.Б.Мұхитдиновтің алғашқы бір пікірлерімен үндеседі. Ол, алайда, құқықтың бұл саласын кен құқығы деп белгілеп, оның пәні деп «жер қойнауын пайдалану мен қорғаудағы қоғамдық қатынастарды» санады [16]. Кейін, Н.Б.Мұхитдинов С.П.Морозбен бірлесіп жазған еңбегінде кен құқығының пәніне «жер қойнауын пайдалану мен қорғауға байланысты қатынастар және жер қойнауына қатысты пайда болатын, осымен өзектес кейбір басқа қатынастарды» жатқызды [17]. Теорияда құқықтың бұл саласының пәні жөнінде басқа да анықтамалар бар екенін ескере кеткен жөн. Бұл мәселе төңірегінде кен құқығы саласын зерттеуші ресейлік ғалымдар арасында да әр түрлі көзқарастар бар. Мәселен, М.Е.Певзнер кен құқығының пәніне «қоғамның жер қойнауымен өзара байланысы саласындағы қоғамдық қатынастарды» жатқызады. Ал бұл қатынастар (жер қойнауын пайдаланудағы қатынастар), оның пікірінше, жер қойнауы ресурстарын зерттеу, пайдалану, ұдайы өндіру мен қорғаумен байланысты пайда болады және дамиды [18]. Я.В.Манин «Жер ғаламшарының қойнауын игеру төңірегіндегі қоғамдық қатынастарды» кен құқығының пәні деп санайды [19]. Б.Д.Клюкин кен құқығына «құқықтың кен өндірісі және онымен байланысты қызмет саласындағы мүліктік, жер, еңбек, қаржылық, әкімшілік, табиғат қорғау сияқты қоғамдық қатынастарды реттейтін, өзара байланысты нормалар жүйесін білдіретін кешенді саласы» ретінде анықтама береді [20]. Сонымен, теорияда көптеген ғалым кен құқығы деп атаған жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының пәні туралы пікірлер, бір-біріне ұқсастығы болғанмен, әр алуан екендігін байқауға болады. Мұның өзі белгілі бір деңгейде құқықтың бұл саласының теориясын дамыту мен заңдарды жетілдіруді қиындатып отыр. Осы мәселе жөніндегі теориялық еңбектердегі жүйелі талдау мен жер қойнауы мен оны пайдалануға орай қолданып жүрген заңдарға сүйене отырып, біздің ойымызша, жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының пәнін жер қойнауын зерттеу, пайдалану, ұдайы өндіру мен қорғау саласындағы қатынастар ретінде айқындаған жөн болады. Осыған орай, мүліктік, жер, су, салықтық, табиғат қорғау, әкімшілік және басқа қатынастардың бәрі құқықтың басқа дербес салаларымен реттелуі тиіс және бұлар жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының реттеу пәні болмауы керек. Жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының пәні қатынастардың мынадай негізгі топтарынан тұрады: - жер қойнауына деген меншік қатынасы; - жер қойнауын пайдалану құқығын беру, өзгерту мен тоқтатуға байланысты қатынастар; - басқа біреуге жер қойнауы телімдерін сервитут ережесі бойынша берумен байланысты қатынастар; - жер қойнауын геологиялық зерттеумен байланысты қатынастар; - геологиялық ақпаратты алу, пайдалану, алмасу мен сақтаумен байланысты қатынастар; - геологиялық нысандар құру мен қорғауға байланысты қатынастар; - минералды шикізат пен пайдалы қазбаларды өндіруге байланысты қатынастар; - минералды шикізат пен пайдалы қазбаларды түпкі өнім (тауар) алу мақсатымен бастапқы өңдеуге байланысты қатынастар; - жер қойнауын пайдаланумен ілесе жүргізілетін пайдалы қызметтің басқа түрлерін атқарумен (мысалы, мұнайдан газ, күкірт, парафин сияқты басқа да пайдалы заттарды бөлу) байланысты қатынастар; - жер қойнауларын өзгеше пайдаланумен (мысалы, жерасты құрылыстарын салу мен пайдалану, жерасты суларын алу, емдік су мен батпақты пайдаланумен) байланысты қатынастар; - жер қойнауын зерттеу я әзірлеу жұмыстарын жүргізудің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты қатынастар; - жер қойнауын қорғау мен ұдайы өндіруге байланысты қатынастар; - жер қойнауын мемлекеттік басқарумен және жер қойнауын пайдаланушылар қызметіне мониторинг жүргізумен байланысты қатынастар. Қазіргі кезеңде жер қойнауы мен оны пайдалану жөнінде қолданылып жүрген заңдарда жер қойнауы мен оны пайдалану құқығы пәніне мынадай жайттармен - жер қойнауын пайдалану құқығын беру конкурсын өткізу және конкурстық негізде мердігер таңдаумен; келісімшартқа отыру жолымен жер қойнауын пайдалану құқығын заңды түрде бекітумен; Қазақстан жұмысшыларын жалдау; жергілікті қызмет пен тауарларды алумен; жер қойнауын пайдаланушылардан пайдалы қазбаларды алуға мемлекеттің бірінші кезекті құқығын жүзеге асырумен байланысты қатынастар да жатқызылған. Ал бұлар азаматтық, еңбек туралы және басқа да сәйкес заңнамалармен реттелуі тиіс. Жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының пәні туралы айтылғандарды жалғастыра келе, адамдар, азаматтардың бірлестіктері, заңды тұлғалар, мемлекет пен оның өкілетті орындары түсетін қатынастар өзара тығыз байланыста болып бір тұтастық түзілетінін атап көрсеткен жөн. Демек, құқық та қоғамдық қатынастар мен оның тұрақты белгілері мен қасиеттерін білдіретіндіктен тұтас түзілім ретінде көрінеді. Құқық жүйесі құқықтың белгілі бір елдегі нақты қоғамдық қатынастарды білдіретін ішкі формасы ретінде көрінеді. Құқық жүйесін құрайтын нормалардың бәрі өзара байланысты және тәуелді сипаты жағынан өздері реттейтін қоғамдық қатынастармен бірдей болады. Сөйтіп, жүйелілік құқықтың кез келген типінің ажырамас қасиеті болып табылады. Жүйенің болуы құқықтың шашыранды заңдық нормалардың кездейсоқ жиынтығы емес, тұтас та тұрақты түзілім екенін көрсетеді. Реттелмек қоғамдық қатынастардың мемлекет, қоғам мен азаматтардың өмірлік қарекетіндегі маңызына байланысты құқықтың әр саласы құқық жүйесінен белгілі бір орын алады. Қазақстандағы құқық салаларының ішінде жетекші орын конституциялық (мемлекеттік) құқыққа тиесілі. Мұның ізін құқық жүйесіндегі басқа салалар, атап айтқанда, зерттеушілердің көбі кен құқығы деп атаған жер қойнауы мен оны пайдалану құқығы да, жалғастырады. Мұнан былай құқық жүйесі - өзара белгілі бір байланыста (бағыныңқыластық, түйісу, функционалдық тәуелділік т.с.с.) болатын, қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатымен ұйыстырылған элементтердің қосындысы деген түсінікке сүйенетін боламыз. Өйткені құқық жүйесіне анықтама беру төңірегінде әр түрлі пікірлер баршылық. Мәселен, В.Д.Перевалов құқық жүйесін «құқықтың әділет нормаларының бірігуі мен жіктелуін бейнелейтін ішкі құрылымы» деп санайды [21]. О.Э.Лейст [22] құқық жүйесін белгілі бір елде қолданылатын нормалардың бәрін қамтитын, күрделі де көпдеңгейлі кешен түрінде болатын, құқық нормаларынан, құқық институттары мен салаларынан тұратын тұтас түзілім деп қарайды. Л.А.Морозова бұл жүйеге «құқықтың тарихи қалыптасқан, объективті өмір сүретін, реттелмек қоғамдық қатынастардың сипаты арқылы белгіленетін ішкі құрылымы» ретінде анықтама береді [23]. Н.Б.Мұхитдинов кен құқығы туралы ілім аясында: «жүйе дегеніміз - мазмұндық сипаттары бойынша біріккен, осы арқылы басқа жүйелермен бір тұтастық ретінде қатынасқа түсетін өзара байланысты элементтердің тұтас жиыны», - деп тұғырлайды [16, Б.11]. Сонымен қатар, құқықтың қазіргі теорияларында құқық жүйесі ұғымын анықтау төңірегінде өзгешеліктер болуына қарамастан, авторлардың бәрінің көзқарастары бір пікірде - құқық жүйесінің элементтеріне құқық нормалары, құқықтық институттар, құқықтың салалары мен ішкі салалары, кей жағдайда құқықтың субинституттары жататындығы туралы пікірде тоқайласады. Осы тұста жер қойнауы мен оны пайдалану өзіне тән құқықтық нормалары, құқық институттары және басқа маңызды элементтерімен қазақстандық құқық жүйесінде ерекше орын алып отырғанын көрсете кету қажет. Құқық нормасы адам өмірінің белгілі бір саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін бастапқы компонент болып табылады. Советтік және ресейлік белгілі құқықтанушы С.С.Алексеев көрсеткендей, құқық нормалары - кейінгі, анағұрлым күрделі элементтерді (институттар, құқық салалары) құрайтын, анағұрлым көлемді қоғамдық қатынастарды реттейтін ерекше «кірпіштер». Енді жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының нормаларына толықтай сәйкесетін құқық нормалары ұғымы туралы классикалық қағидаларға тоқталамыз. Қазіргі заң ғылымы құқық нормалары деп жалпыға міндетті формалды түрде белгіленген мінез-қылық ережелерін таниды. Бұл ережелерді қоғам мен мемлекет белгілеп, олардың орындалуын қаматамассыз етеді, бұл ережелер ресми актілер түрінде бекітіліп, жарияланады, қатысушылардың құқығы мен міндеттерін белгілеу жолымен қоғамдық қатынастарды реттеуге арналады [24]. Құқықтық нормалардың мынадай негізгі сипаттары назар аударуға лайықты: 1) Құқық нормасы дегеніміз - адамның қалауы мен қылығына еріктілігінің өлшемі. Нақты бір адамның осы сәтті ұғынуы мен меңгеруі ішкі факторлардан (парасат деңгейі, мінез ерекшелігі, мәдениеті мен зердесінің деңгейі) қандай тәуелді болса, сыртқы факторлардан (қоғамдық қатынастардың реттелу дәрежесі, норманың ықпалды күшінің болуы т.с.с.) да сондай тәуелді болады. Қоғамдық қатынастардың тұрақтылығы жағдайында жеке адам мен қоғамның мақсаттары үйлессе, жалпыадамзаттық мүдде мен әлеуметтік топтардың мүдделері тоғысса, құқықтық норманы жүзеге асыруда анғұрлым жоғары тиімділікке қол жеткізуге болады. 2) Құқық нормасы дегеніміз - құқықтар мен міндеттерді белгілеу мен бекітудің формасы. Бұлар құқық субъектісінің іс-әрекетке бостандығының шамасын белгілейтін бағдарлар ретінде қызмет етеді. Өйткені адамдар мен олардың ұйымдары арасындағы қатынастарды шынайы түрде реттеу нақ осы арқылы, яғни, біреуге құқық беріп, екіншісіне міндет жүктеу арқылы атқарылады. 3) Құқық нормасы дегеніміз - жалпыға міндетті қылық ережесі. Басқаша айтқанда, онда жалпыға ортақ сипат бар, оның ықпалына түскендердің бәрі әрі әрқайсысы үшін тең, бірдей ауқымда әрекет етеді. 4) Құқық нормасы - адам қылығының форма жағынан анықталып белгілеген ережесі. Мұндайда норманың ішкі анықтығы мазмұннан, құқықтар мен міндеттердің көлемінен, норманы бұзудың салдарларына арналған нақты нұсқаулардан көрінеді. Ал сыртқы анықтығы кез келген норманың ресми нормативті құқықтық актілердің бабы, тарауы, бөлімінде бекітілуінен көрінеді. 5) Құқық нормасы - адам қылығының мемлекет кепілдік берген ережесі. Осыған байланысты көрсете кетер жайт - азаматтардың құқық пен құқықтық тәртіпті бұзған жағдайында мемлекеттің құқықтық мәжбүрлеу мүмкіндігі құқықтың әрекеттілігінің маңызды кепілдерінің бірі екендігі. 6) Құқық нормасында жүйелілік қасиет болады. Бұл - норманың құрылымдық түзілісінен, құқықтың әр түрлі институттары мен салаларындағы нормалардың арнайылануы мен топтасуынан көрінеді[21, Б.159-160]. Құқық нормасының санамаланған жалпы сипаттары жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының нормаларына да тән. Солай бола тұра құқықтың бұл саласында, Н.Б.Мұхитдинов пен С.П.Мороз дұрыс көрсеткендей, міндеттеуші нормалар ерік беру мен тыйым салу нормаларынан басым қарастырылған [17, с.39]. Бұл - жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастардың жер қойнауы мен пайдалы қазбаларға деген мемлекетттік меншік құқығынан келіп шығатын ерекшелігін көрсетеді. Осыған орай жер қойнауы мен оны пайдалану құқығы жүйесінен нормалардың белгілі бір топтарын айырықшалауға болады. Ол - жалпы ықпалды нормалар, ерекше ықпалды нормалар, дара ықпалды нормалар. Жер қойнауы мен оны пайдалану құқығы нормаларының бұлайша жіктелуіне жер қойнауында ресурстардың қосынды, күрделі түрлері, минералды ресурстар мен пайдалы қазбалардың жекелеген түрлері, сондай-ақ жер қойнауының жекелеген арнайы нысандарының болатындығы негіз болып отыр. Сонымен қатар бұл жіктеме жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының белгілі бір институттарының болуымен де байланысты. Институттар деп бұл жерде жер қойнауын зерттеу, пайдалану, ұдайы өндіру мен қорғау саласындағы қоғамдық қатынастардың салыстырмалы түрде айтқанда дербес жиынтығын реттейтін өзара байланысты нормалардың жүйесін айтамыз. Осыған орай жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының Жалпы бөліміне тән негізгі институттарды айырықшалау жөн. Олар: - жер қойнауына деген мемлекеттік меншік институты; - жер қойнауын лицензия және/немесе келісімшарт арқылы пайдалану институты; - жер қойнауын пайдалануды мемлекеттік бақылау мен қадағалау институты; - жер қойнауын пайдаланғаны үшін алынатын ерекше төлемдер жүйесі институты; - жер қойнауын пайдалану саласындағы шарттық қатынастардың арнайы түрлері институты; - жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықбұзушылық үшін жауапкершілік және құқықбұзушылыққа байланысты шыққан дауларды қарау институты; - жер қойнауын пайдалану саласындағы сервитут институты. Жер қойнауы мен оны пайдалану заңнамасы Жалпы және Ерекше бөлімнен тұруға тиіс екендігіне сүйеніп, Ерекше бөлімге мынадай құқықтық институттарды жатқызған жөн: жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу; жер қойнауын пайдаланушылардың (шаруашылық жүргізуші субъектілердің) жерді барлауы; минералды шикізат пен пайдалы қазбалар алу; барлау және/немесе өндірумен байланыссыз жерасты құрылыстарын салу және/немесе пайдалану; жалпы кең тараған пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру; жерасты суларын, емдік батпақтарды алу және пайдалану; жер қойнауының ерекше экологиялық, ғылыми, мәдени және басқа құндылығы бар телімдерін пайдалану. Жер қойнауын пайдаланудың бұл түрлерімен байланысты қатынастар нақты, өзара байланысты құқықтық нормалардың жүйесімен реттеледі. Сондықтан құқықтық институттардың бұл тобына жерасты суларын барлау мен пайдалану саналы түрде толықтай енгізілген. Өйткені жерүсті суы адам тіршілігі мен пайдалы өндірістік қарекетінің қажеттерін толықтай өтеуге тапшылық етеді. Бұл қатынастардың өзіне тән айырықша сипаты болғандықтан, жер қойнауындағы суларды алу мен барлау су жөніндегі құқықпен реттелмеуге тиіс екендігін түсінеміз. Аталмыш мәселе жұмысымыздың келесі бөлімдерінде кеңірек баяндалмақ. Осыған орай атап көрсетер жайт нормалардың белгілі бір жиынын (мұның қатарында жер қойнауы мен оны пайдалану құқығы да бар) нақты бір институт ретінде оңашалаудың заңдық критерийі ретінде үш негізгі белгі қызмет етеді. Олар: 1) құқық нормаларының заңдық бірлігі. Бұл - жалпы қағидалардан, құқықтық ұстанымдардан немесе қолданылатын құқықтық ұғымдар жиынтығынан, реттелмек қатынастардың құқықтық тәртібінің бірлігінен көрінетін мазмұн бірлігі. 2) қоғамдық қатынастардың белгілі бір жиынын реттеудің толымдылығы. Бұл - кез келген құқықтық институт құқықтық нормалардың алуан түрін (диспозитивтік, императивтік, міндеттеуші, тыйым салушы және басқа нормаларды) қамтиды, ал бұл нормалар кешенінде қатынастардың тиісті тобын құқықпен реттеудің барлық аспектісі болады деген сөз. 3) құқықтық институт түзетін нормалардың айырықшалануы (оңашалануы). Бұл - заңдар мен басқа да нормативті-құқықтық актілердің тараулары, бөлімдері және басқа құрылымдық бөліктері арқылы жүзеге асады. Құқықтық институттардың мұндай жіктемесі жер қойнауы мен оны пайдалану туралы заңнаманы жетілдірудің алғышарты бола алады. Бұл үшін, ең алдымен, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Жалпы және Ерекше бөлімдерден тұратын Кодекс әзірлеп, қабылдау қажет. Осы қорытынды ұсынысты жүзеге асыру мақсатымен зерттеуіміздің нәтижелері бойынша аталмыш кодекстің құрылымының жобасын дайындадық (қараңыз: Б қосымшасы). Қарастырып отырған тақырып аясында жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының әлеуметтік бағыттылығы жөніндегі мәселелерге зор мән беріледі. Осы тұста құқыққа берілген анықтамалардың бірін - қоғам мүшелерінің өміріне кепілдік беретін әлеуметтік құндылық, қоғамды ұйымдастыру, қолдау мен қорғау құралы ретіндегі анықтаманы еске түсірген жөн. Егер бұрын, адамзат дамуының өткен дәуірлерінде, құқық қоғамның өндіріс құралына ие азшылық бөлігінің (мысалы, құл иеленушілер, феодалдар, басқа қоғамдық-саяси формациялардағы өнеркәсіп және сауда буржуазиясы) үстемдік ету құралы болса, қазіргі уақытта өркениетті елдердің бәрінде (бұлардың қатарына Қазақстан да ұмтылуда) құқық тұтастай алғандағы қоғамның еркін білдіреді. Әрі жеке адамның мүддесін қорғауға, мемлекеттегі әр түрлі әлеуметтік жіктердің қажеттіліктері мен мүдделерін үйлестіруге, қоғамдағы шиеленістерді шешуге төрелік етуге бағытталған. Демек, құқыққа мемлекеттік, қоғамдық, топтық және жеке мүдделердің оңтайлы үйлесіміне, жалпыұлттық игілік пен нақты адамның жеке қажеттілігінің оңтайлы үйлесіміне қол жеткізу құралы ретінде қараған жөн. Құқықтың әлеуметтік сипаты туралы идеяны нақтылау үшін ең алдымен адамның әлеуметтік-экономикалық құқығы мен бостандығын қамтамасыз ететін қағидатты айырықша бөліп көрсету керек. Бұл дегеніміз мемлекет, егер ол әлеуметтік және құқықтық мемлекет болса, қоғамға қызмет етуге тиіс, осы арқылы уәжсіз әлеуметтік айырмашылықтарды жоюға я барынша азайтуға ұмтылуға тиіс. Бұл постулаттан мемлекет жер қойнауын пайдаланушылардан алынған табыстың бөлігін өз халқымен бөлісуге міндетті деген қорытынды жасау керек. Мұның мынадай жолдары бар: әлеуметтік көмектің әр түрлі формаларын кеңейту (мысалы, денсаулық сақтау, білім беру, зейнетақымен қамтамасыз ету, мүгедектер мен әлеуметтік көмекке мұқтаж басқа санаттағы адамдарды қолдау салаларында); аграрлық секторды мемлекет есебінен сақтандыру мен дотациялау; әлеуметтік мәні бар нысандарды (денсаулық сақтау мен білім беру орындары, коммуналдық тораптар, көпшілік демалатын орындар және басқа нысандар) салу және қайта құрастыру. Жер қойнауын пайдаланудан күткеннен көп табыс алынатын болса, оның белгілі бір бөлігін елдің азаматтарына бөліп, елдің Ұлттық қорын толықтыру қажет. Бұл ұсыныс жер қойнауы мемлекеттің айырықша меншігі екендігі туралы конституция белгілеген құқыққа сүйенеді. Ал өз кезегінде меншікті пайдалану қоғамдық игілікке қызмет етуді міндеттейді (ҚР Конституциясы 6-бап).
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |