|
|
|
27.01.2023 Тәуелсіздік жылдарындағы сот жүйесінің дамуы
«Тәуелсіздік – бұл бәрінен бұрын, біздің басты құндылығымыз! Біздің міндетіміз – өркендеген және қуатты Қазақстанды болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы. Қазақстан тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жатқанына 30 жылдан асты. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде жеке дара дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, Ата Заңы мен мемлекеттік рәміздері, ұлттық құндылықтары бар тәуелсіз елге айналды. Тәуелсіз ел дамуының әр кезеңі сот билігінің қалыптасу тарихында маңызды рөл атқарды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, елде мемлекеттік билікті заңнамалық деңгейде: заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу қағидаттары енгізілді. Содан бері сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды заңдарды қабылдау, шығару жұмыстары кеңінен жүргізілді. Сот жүйесінің тәуелсіздігі қағидаттарының негізгі кепілдіктері Конституцияда қаланды. Осының негізінде Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Сот жүйесінде түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы – соттың іргетасы қаланды. Сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында, қылмыстық сот ісін жүргізуіне алқабилер институты енгізілді, тұтқындауға санкцияны соттың беруі бекітілді, экономикалық, әкімшілік, әскери, кәмелеттік жасқа толмағандар, аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып қызметін бастады. Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң, ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді. Президент Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезінде жасаған баяндамасында сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі екенін атап өтіп, алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірқатар басымдықтарды айқындады. Сонымен қатар адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз етуді бірінші міндет ретінде атап көрсетті. Әділ сот төрелігі және азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттыру міндетті шарт болу керек екені, сондай-ақ кәсіби судьялар корпусы барынша сот реформаларының шешуші факторы екеніне баса назар аударды. Барша міндеттерді тиімді шешу арқылы сот жүйесіндегі оң өзгерістерге қол жеткізуге болатынын және азаматтардың сотқа деген сенімі арта түсетінін атап өтті. Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары түгелдей дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты. Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі енгізіліп, сот ісін жүргізуде заманауи бағдарламалық өнімдер пайдаланылып, ақпараттық технологиялар арқылы халыққа көптеген ақпараттық қызметтер көрсетіліп, Республиканың сот жүйесінің тиімділігін, қолжетімділігі және ашықтығын, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімділігін одан әрі арттыруға қажетті жағдайлар жасалған. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі сот жүйесі бірқатар өзгерістерді өткеріп, жылдан-жылға даму үстінде. Аталған жетістіктеріміз бен айқын мақсаттарымыз тәуелсіздік деп аталатын қасиетті құндылығымыздың нәтижесі. Әлем елдері алдында асқақ абырой мен биік беделге ие болған мемлекетіміздің әлі де атқарар жұмысы алда.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі М.М. Ускенов
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |