|
|
|
Мағынасыз аударманың салдары
Есқали Саламатов, заң ғылымдарының кандидаты, доцент
Кезінде қазақтың ақыны, жазушы Сырбай Мәуленов «мороженое» сөзін «балмұздақ» деп аударған еді. Бұл сөз және оның мағынасы бізге бала кезден жақсы таныс. Егер мағынасына қарай емес сөзбе-сөз аудармаға сүйенсек «балмұздақтың» орнына «тоңазытылған» немесе «мұздатылған» деп айтуымыз керек еді. Қазақ және орыс тілдерінде мағынасы жағынан бір ұғымды білдіретін, бірақ сөзбе-сөз аударманың салдарынан бір-бірімен үйлеспейтін сөздер көп кездеседі, мысалға: қос ауыз мылтық - двухствольное ружье; кемпірауыз, атауыз - плоскогубцы; бас тарту - отказаться; бет алу - направиться, кемпірқосақ - радуга, және басқа да көптеген мысалдарды келтіруге болады. Бұл таңқаларлық жағдай емес. Өздеріңіз білетіндей кез-келген тілдің өзіндік философиясы бар, ол белгілі-бір тілде сөйлейтін адамдардың менталитетінің ерекшелігін, ойлау стилі мен логикасын түсінудің кілті болып табылады. Платон мен Аристотель тіл философиясының маңыздылығы туралы көп айтқан. Сондықтан кез-келген семантикалық аударма, сөзбе-сөз емес, нысан мен құрылымның мәнін дәлірек ашуы керек. Соған қарамастан біз, ширек ғасыр ішінде орыс тілінен қазақ тіліне аударылған кейбір терминдерді мемлекеттік деңгейде қолдана отырып олардың бұрмаланған мағынасы туралы көп ойлана бермейміз. Мұндай мысал ретінде сот үкімі бойынша қылмыстық жазаны атқаратын тұтас мемлекеттік ведомстваның қазақ тіліндегі атауын келтіруге болады. Әңгіме «қылмыстық атқару жүйесінде» болып отыр. Орыс тілінде бұл орган «уголовно-исполнительная система» деп аталады және орыс тілінің философиясына сүйенсек бұл терминге қатысты айрықша ескертулер жоқ. Бірақ оның мемлекеттік тілдегі ресми аудармасы «қылмыстық атқару жүйесі» теріс, бұрмаланған мағынада, сөзбе-сөз қылмысты орындайтын жүйе деген мағынаны білдіріп отыр. Бұл жердегі «қылмыстық» деген сөздің мағынасы орысша «преступность» деген мағынаны білдіріп тұр. Бұл атау қашан және қалай пайда болды? Бұл біздің алғаш тәуелсіздік алған 1997 жылдары Қазақстан Республикасының Қылмыстық атқару кодексі (Уголовно-исполнительный кодекс) қабылданған кейін орын алды. Бұрын бұл құқықтық құжат термині Қазақ кеңестік социалистік республикасының Түзету-еңбек кодексі деп аталған. Кеңес кезіндегі қалыптасқан дәстүр бойынша «Уголовно-исполнительный кодекс» атауын біз Ресей Федерациясының заңнамаларынан қабылдадық. Мәселен оларда аталған кодекс 1997 жылдың 8 қаңтарында, ал бізде 1997 жылғы 13 желтоқсанында қабылданған. Алайда, Ресей өзінің түрмелік жүйесін ресми түрде «Федералды қылмыстық-атқару жүйесі» (Федеральная уголовно-исполнительная система) деп емес «Федералдық жазаларды орындау қызметі» (Федеральная служба исполнении наказании) деп атады. Украинада - «Мемлекеттік пенитенциарлық жүйе» (Государственная пенитенциарная служба), Әзірбайжанда «Пенитенциарлық жүйе» (Пенитенциарная служба), Грузияда «Арнайы пенитенциарлық қызметі» (Специальная пенитенциарная служба), Қырғызстанда «Жазалардың орындаудың мемлекеттік қызметі» (Государственная слубжа исполнения наказаний), Тәжікстанда «Қылмыстық жазаларды орындаудың бас басқармасы» (Главное управление исполнения уголовных наказаний) т.б. Бұл орыс тіліндегі «уголовно-исполнительная» деген сәтсіз терминалогиясымен байланысты деп пайымдаймыз, егер оның сөзбе-сөз аудармасын алсақ, оның артында тұрған атқарушы орган атауының мағынасын толық ашпайтынына көз жеткізуге болады. Посткеңестік кеңістіктегі бірқатар елдерде пенитенциарлық Кодекстің атауында «қылмыстық атқару» деген сөздің болмауы кездейсоқтық емес, Әзербайжан мен Латвияда бұл «Жазаларды орындау кодексі» (Кодекс об исполнении наказаний), Тәжікстанда «Қылмыстық жазаларды орындау кодексі» (Кодекс об исполнении уголовных наказаний), Эстонияда «Пенитенциарлық кодекс» (Пенитенциарный кодекс) және т.б. деп аталады. Біз болсақ түрме қызметінің атауын (Комитет уголовно-исполнительной системы) кодекстің атауынан алып (Уголовно-исполнительный кодекс), қазақ тіліне сөзбе-сөз аудара салдық. Сонда қазақ тілінде - «қылмыстарды атқаратын жүйе» болып шыға келді. Ойды қорытындылай келе, қылмыстық жазаларды орындайтын аталған мемлекеттік органның атауын өзгертетін уақыт келді деп пайымдаймыз. Нұсқалары әр түрлі болуы мүмкін. Маңыздысы мемлекеттік тілде бұрмаланып тұрған мағынасын ауыстыру, жөнге келтіру.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |