|
|
|
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 197-бабын қолдану тәжірибесіндегі қауіпті салдарлар
2 бөлімді қараңыз
Куряченко Дмитрий Петрович Адвокат
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде 2010 жылғы 6 қазанда «Мұнай мен мұнай өнімдерін олардың шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз ірі көлемде тасымалдау, сатып алу, сату, сақтау, сондай-ақ қайта өңдеу» деген жаңа қылмысты қарастыратын 183-1 бап пайда болды. Бұл баптың енгізілуіне мұнай құбырларынан мұнай ұрлаудың көбейіп кетуі түрткі болды. Бұған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің айналымы саласында жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР-ның 2010 жылғы 10 маусымдағы № 343-IV Заңымен енгізілген өзгерістер мен толықтырулар дәлел: 1. 04.04.2003 ж. «Мұнай мен жекелеген мұнай өнімдерінің айналымы туралы» Қазақстан Республикасының №402 Заңының 10-бабы 1-тармағына «мұнай өндірушілер мұнай берушіде иеленетін (қабылданатын) мұнайдың шығарылуының заңдылығын растайтын құжаттар болған кезде ғана оны өңдеу үшін иеленуге (қабылдауға) міндетті» делінген 2-1-тармақша қосылды. 2.Қылмыстық Кодекстің 304-бабына өзгеріс енгізілді. 1. Құбырларды, оның ішінде мұнай-газ құбырларын қасақана зақымдау немесе қирату. 3. Қылмыстық Кодекстің 304-1-бабының 1-бөліміне өзгертулер енгізілді. Құбырларды, оның ішінде мұнай-газ құбырларын абайсызда зақымдау немесе қирату 4. Қылмыстық Кодекстің «Ұрлық» деген 175-бабының 2-бөліміне «г) мұнай-газ құбырынан жасалған ұрлық» деген құрам қосылды. 5. Қылмыстық Кодекс 183-1-баппен толықтырылды: Мұнайдың және мұнай өнімдерінің шығарылуының заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иелену, өткізу, сақтау, сондай-ақ мұнайды өңдеу. 6. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 229-бабының 1-тармағына «Мұнай-газ құбырлары мен олардың жабдықтарын зақымдау деген толықтыру енгізілді. 7. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс «Қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері жоқ, мұнайды және мұнай өнімдерінің шығарылуының заңдылығын растайтын құжаттарсыз оны тасымалдау, иелену, өткізу, сақтау, сондай-ақ мұнайды өңдеу» деген 141-1-баппен толықтырылды. Аталған бап 2014 жылы 05 шілдеде жаңа ӘҚБтК қабылдануымен бірге алынып тасталып, 2014 жылғы 09 шілдеде ҚК-нің 197 бабының 1 бөліміне енгізілді. Заң шығарушы 183-1-бапты (қазіргі 197 бап) Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің «Меншікке қарсы қылмыстар» деген 6-тарауында бекітті және бап мұнай мен мұнай өнімдері иелерінің меншік құқығын қорғауға арналды. Бұл қылмыстың объектісі меншік болуы керек еді. Осы бап бойынша меншік құқығын бұзумен байланысты және ұрланған мұнайды қайта өңдеу, ұрланған мұнай мен мұнай өнімдерін алу, тасымалдау, сақтау және сату кезінде олардың шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз көрсетілген әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген болатын. Алайда, егер ұрланған мұнай және мұнай өнімдерімен жасалған бұл іс-әрекеттер жасау кезінде олардың ұрланған болса да, шыққан жерінің заңдылығын растайтын құжаттар қоса берілсе, Қылмыстық Кодекстің 197-бабының қылмыс құрамын құрамайды. Сондай-ақ, егер олар осы әрекеттерді ұрланған мұнаймен немесе мұнай өнімдерімен жасаған, олардың шығу тегінің заңдылығын растайтын жалған құжаттарды пайдаланып жасаса және олар бұл құжаттардың жалғандығы туралы білмесе де, олардың іс-әрекеттерінде Қылмыстық Кодекстің 197 бабының қылмыс құрамы болмайды. Бірақ егер бұл адамдардың құжаттардың қолдан жасалғанын және мұнай мен мұнай өнімдерінің ұрланғанын білгендігі анықталса, онда олардың әрекеттері ұрланған тауарларды жасыруға немесе өткізуге қатысу деп дәрежеленуі керек. Бұл мысалдар Қылмыстық Кодекстің 197-бабының қылмыстық құқық бұзушылық құрамының мұндай жағдайларда қолдануға жатпайтынын және тәжірибе жүзінде іске алғысыздығын көрсетеді. Егер мұнай мен мұнай өнімдерін өңдеуді, тасымалдауды және сатуды оларды ұрлаған адамдар жүзеге асыратын болса, онда олардың әрекеттерінде Қылмыстық Кодекстің 188-бабымен көзделген «ұрлық» қылмысының құрамы орын алады. Олардың әрекеттері ұрланғанды жасыруға (өңдеу, тасымалдау) және ұрланған заттарды өз қалауы бойынша өткізуге (үшінші тұлғаларға ақылы түрде немесе өтеусіз беру) бағытталған. Бұл әрекеттер Қылмыстық Кодекстің 197-бабы бойынша қосымша дәрежелеуді қажет етпейді, өйткені олар ұрлықтан басқа қылмыс құрамына кірмейді, осы орайда, ҚР Жоғарғы Сотының «Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы» Нормативтік қаулысын қараңыз. Тәжірибеде біз (мысалы, Ақтөбе облысы бойынша №1598-20-00-1/57, Павлодар облысы бойынша №5511-20-00-1/130 қылмыстық істерді қараңыз) Қылмыстық Кодекстің 197-бабы бойынша қылмыстық істерде қылмыс кімнің меншігіне қарсы жасалғандығы туралы ақпараттың да, жәбірленушілердің де жоқ екенін көріп отырмыз. Тіптен, іс материалдарында, айыптау актілері мен үкімінде мұнай өнімдерінің Павлодар немесе Атырау мұнай өңдеу зауыттарынан заңды шығу фактілерін куәландыратын сенімді фактілер келтірілген. Істерде мұнай өнімдерінің жанар-жағармайдың көтерме саудасымен айналысатын, мемлекеттік кірістер органдарында тіркелген жеткізушілерден сатып алынғанының заңдылығын растайтын құжаттар бар. Бұл істерде мұнай өнімдерінің шығу тегін анықтау мақсатында сараптамалар тағайындалмаған. Олардың шығу тегі осы мұнай өнімдерін сатқан көтерме жеткізушілерден алынған құжаттармен анықталады. Сонымен бірге, жоғарыдағы көтерме жеткізушілердің күдіктілерге, айыпталушыларға, сотталушыларға (олардың жеке кәсіпкерлері мен фирмаларына) мұнай өнімдерін сатуының заңдылығы сотқа дейінгі тергеу органында да, соттарда да күмән тудырмайды. Сотқа дейінгі тергеу органы мен сот күдіктілер мен айыпталушылардың көтерме жеткізушілерден мұнай өнімдерін заңды түрде сатып алғанына да күмән келтірмейді. Алайда, түсініксіз себептермен заңды түрде сатып алынған мұнай өнімдерін тасымалдау және сату процесі заңсыз болады. Сонымен бірге, күдіктілердің «заңсыз» сатқан мұнай өнімдерін үшінші тұлғалардың одан әрі иемденуі заңсыз деп танылмайды, үшінші тұлғалар олардың шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз мұнай өнімдерін сатып алғаны үшін жауапкершілікке тартылмайды. Басқаша айтқанда, заңсыз сатылған мұнай өнімдерін қалайша заңды түрде сатып алу мүмкін болады. Немесе, заңды жолмен алынған мұнай өнімдерін сату қалай заңсыз деп танылуы мүмкін? Мұнай өнімдерін заңды түрде алу және одан әрі сату бойынша іс-әрекеттердің қоғамға қауіптілігі болмағанда, ешкімнің меншік құқығы бұзылмаған жағдайда, яғни заңсыздық болмағанда, ешкімге зиян келтірілмеген жағдайда, азаматтарды Қылмыстық Кодекстің 197-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартып, оларды сатып алу құнынан жоғары бағамен сату жөніндегі іс-әрекеттерінің пайдакүнемдігі үшін деп айыптау орын алып отыр. Бұл қоғамға кері әсер етуде. Заңды жолмен алынған мұнай өнімдері Қылмыстық Кодекстің 197-бабы бойынша «қылмыс» құралы болған цистерналармен бірге тәркіленеді. Мұнай өнімдерін заңды түрде сатып алушылар мен тасымалдаушылар заңмен тыйым салынбаған әрекеттері үшін Қылмыстық Кодекстің 197-бабы бойынша қылмыстық қудалауға ұшырап сотталуда. Мұның бәрі азаматтар мен ел экономикасына орны толмас шығындар мен зиян келтіруде. Азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзып, сыбайлас жемқорлық пен рейдерлікке үлкен жағдай туғызып, мемлекетті өз азаматтарының мүлкін заңсыз тәркілеу арқылы негізсіз баюшы деген атаққа ұшыратып отыр, бұл халықтың билікке деген сенімін жояды және мемлекеттің беделін түсіреді. Қылмыстық Кодекстің 197-бабы орынсыз, өзінің мақсатын орындамайды.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |