Ұлттық кеңес реформаларға тұрақты мониторинг жүргізіп отырғаны абзал. Оны бұрмалауға немесе өзгерістер туралы жаңсақ пікір қалыптасуына жол бермеу керек. Қабылданған нормативтік актілер, саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық бастамалар тұрғындардың тұрмысына қалай әсер етіп жатқанын қадағалап отырған жөн. Қолға алынған өзгерістер еліміздегі демократия қағидаттарын орнықтыра түсуге тиіс. Сондай-ақ, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуі қажет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға септігін тигізуі керек. Қазір елімізде реформалар жүргізіліп жатқанын ешкім жоққа шығармайды. Барлық салада біртіндеп сапалы өзгеріс болып жатыр. Мұның барлығы еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан, әрбір реформаны тиянақты әрі түпкілікті жүзеге асыру аса маңызды. Ең бастысы, қоғамда жасампаздық рухы дәріптеле беруге тиіс. Ашық пікірталас және мазмұнды диалог қашанда болуы керек. Бұл елімізді одан әрі өркендету үшін қажет. Халқымыз «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деп бекер айтпаған. Әдетте, мәселе жан-жақты талқыланса, дұрыс шешімі табылады. Бірақ, демократия деген желеумен қоғамға іріткі салатын әрекетке жол берілмейді. Мұны естен шығармаған жөн. «Плюрализмге ашық, радикализмнен қашық болуымыз керек». Біздің саясатымыздың басты ұстанымы – осы. Сөз соңында тағы бір мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы үнемі айтып жүрмін. Бұл – өте маңызды міндет. Реформаларымыздың түпкі межесі – ұлттың сапасын жақсарту. Себебі, халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады. Ал, ұлтымыздың кемелденуі үшін әрбір азамат өресі биік, парасатты болуға ұмтылуы қажет. Яғни, сана өзгермесе, бәрі бекер. Шын мәнінде, жаңғыру тәрбиеден бастау алады. Сондықтан, біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беруіміз керек. Жастардың бойына ең ізгі қасиеттерді сіңіре білген абзал. Бұл – имандылық пен адамгершілік, отаншылдық пен ұлтжандылық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, ұқыптылық пен тиянақтылық. Мен жақында белгілі дінтанушы, Ұлттық кеңестің мүшесі Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» деген кітабын оқып шықтым. Жастарға өнегелі тәлім-тәрбие беретін мұндай еңбектер елге қажет. Осындай кітаптарды кеңінен таратуымыз керек. Бізде ұшқыр ойлы жастар аз емес. Билік оларды қолдауы керек, оларға жан-жақты жағдай жасауымыз қажет. Жалпы, азаматтарымыздың ағартушылық жұмыспен көбірек айналысқаны жөн. Ел бірлігі – біздің баға жетпес байлығымыз. Кейбір шетелдік саяси күштер ел ішіне іріткі салғысы келіп, Қазақстан туралы жалған ақпарат таратуда. Осындай әрекеттерге қарсы тұру үшін ақпараттық кеңістік арқылы өзімізде де, шетелде де үгіт-насихат жүргізу керек. Тағы да айтайын: Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздігіміз – бәріміз үшін ең құнды дүние. Тәуелсіздігімізді даңғаза ұрандармен емес, ақылмен, парасаттылықпен, біліммен, сабырлықпен қорғау қажет. Бұл мақсатқа жету үшін татулық керек. Еліміздің біртұтастығы – реформаларымыздың табысты жүзеге асуының басты кепілі. Біз Тәуелсіздік кезеңінде толайым табысқа кенелдік. Оның бәріне бірлік пен ынтымақ саясатының арқасында жеттік. Сондықтан, осы құндылықтарды сақтай білейік! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |