|
|
|
Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауы аясында конституциялық заңнаманы жетілдіру
Лейла Тельманқызы Жанұзақова «Тұран» университетінің құқық ҒЗИ директорының орынбасары, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының БҒҚ, заң ғылымдарының докторы, профессор, Алматы, e-mail: zhanleila@mail.ru
Караев Алипаша Агаханович ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының БҒҚ, Жария құқық институтының ЖҒҚ, заң ғылымдарының кандидаты, Каспий университетінің профессоры, e-mail: ali_agahan@mail.ru
Қазақстан Республикасының Президенті 2022 жылғы 16 наурызда Парламент депутаттары алдында өзінің жыл сайынғы Жолдауында саяси жүйені жаңғыртудың жаңа бағыттарын белгіледі. Мемлекет басшысының ұсыныстары құқықтық мемлекет, конституционализм идеяларын іске асыруға және адам құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерін жетілдіруге байланысты объективті қажеттіліктерден туындайды. Қоғамда биліктің ауысуына, конституциялық процестің үздіксіздігіне, сондай-ақ саяси партиялар мен азаматтық қоғамның мүдделеріне кепілдік беруге тиіс саяси жүйені терең трансформациялаусыз жаңа Қазақстанның құрылуы мүмкін емес деген түсінік қалыптасты. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының билік тармақтарымен өзара қарым-қатынасының неғұрлым тиімді моделін қалыптастыру, биліктің тәуелсіз сот тармағының, конституциялық бақылаудың және жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа органының жұмыс істеуі конституционализм мен құқық үстемдігі қағидаттында демократиялық және құқықтық мемлекетті қалыптастырудың айқындаушы факторлары болып табылады. Президенттің ұсыныстарын іске асыру қолданыстағы заңдарды жетілдіруді ғана емес, бірқатар жаңа заңдар қабылдауды талап етеді. Президент өз сөзінде нақты конституциялық жаңғыртуды қажет ететін құқықтық реттеудің мынадай зоналарын нақты белгіледі. Біріншіден, саяси шынайылықты ескере отырып, президенттік өкілеттіктердің, сондай-ақ басқа да орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірқатар басшыларының саяси партияға мүшелігі және үйлесімділігіне шектеулер енгізу ұсынылды. Мемлекет басшысына қатысты бұл шектеу 2007 жылға дейін қолданылғаны белгілі, алайда конституциялық реформа барысында ол шектеу алынып тасталған болатын. Осыған байланысты Президенттің саяси партиялармен қарым-қатынасының бұрынғы моделін қалпына келтіру партиялық құрылымдардың мемлекеттік аппаратпен бірігіп кетуіне қарсы маңызды тосқауыл болып отыр. Алайда, бұл жеткіліксіз деп санаймыз. Осыған байланысты Президент Әкімшілігі Басшысының және оның құрылымдық бөлімшелері басшыларының партиядан тыс мәртебесі туралы да ойланған жөн. Осындай үлгімен Мемлекет басшысының қызметі бір партияны қолдаудан қоғамның бүкіл саяси жүйесін қолдауға қайта бағдарланады, қоғамдық-саяси процестерді ынталандырады, көп партиялылықты және азаматтардың саяси мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ Президенттің «туыстары үшін» мемлекеттік лауазымдарды, оның ішінде квазимемлекеттік секторда да атқаруға тыйым салуды енгізу туралы ұсынысты қолдау керек. Бұл ретте мұндай шектеулер Мемлекет басшысына ғана қатысты болмай, Жоғарғы Сот пен төмен тұрған соттардың, Конституциялық Соттың (құрылғаннан кейін), Сенат пен Мәжілістің төрағаларына, Бас Прокурорға, Премьер-Министрге және Үкімет мүшелеріне, агенттіктер мен басқа да орталық мемлекеттік органдардың басшыларына, барлық деңгейдегі әкімдерге қолданылуға тиіс. Аталған ұсыныстарды іске асыру сыбайлас жемқорлық деңгейін, сондай-ақ ел немесе өңір үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық шешімдер қабылдау кезінде мүдделер қақтығысының туындау тәуекелін төмендетуге мүмкіндік беріледі деп пайымдаймыз. Жолдауда сондай-ақ билік өкілеттіктерінің шамадан тыс шоғырланатын суперпрезиденттік республикадан президенттік республикаға көшу белгіленген. Осыған байланысты Қазақстан үшін оның қандай моделі (француздық немесе америкалық) орынды болатынын нақты айқындап алған жөн. Президент билік тармақтарынан жоғары орналасқан және олардың арасында төреші қызметін атқаратын 1995 жылғы Қазақстан Конституциясының негізі ретінде алынған француз моделі Қазақстанның тәжірибесінде толық жүзеге асырылмады, өйткені ол билігі басымдылыққа ие болатын заң шығарушы билікті - Парламентті қалыптастырған жоқ. Қазақстанның саяси кеңістігінің жақын арада жаңа партиялардың пайда болуымен өзгерілуі орын алған жағдайда, классикалық президенттік республика, мысалы, АҚШ, Түркия және т.б. ақылға қонымды болып табылады. Оларда үкімет партиялық емес, кәсібилік қағидаты бойынша құрылады. Бұдан басқа, Президенттің кейбір ұйымдық-кадрлық өкілеттіктерден бас тартуы туралы мәселені оларды Үкіметке (мемлекеттік бағдарламаларды және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері үшін қаржыландырудың бірыңғай жүйесін бекітуге келісім беру), басқа органдарға не азаматтарға (мәслихаттарды тарату құқығы және т.б.) бере отырып, осы бағытта өзектілендіруге болады деп пайымдаймыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж. Тоқаев өз Жолдауында өкілді билікті қайта қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сенат депутаттарын тағайындау үшін президенттік квотаны 15-тен 10-ға дейін қысқарту, оның 5-еуі - Қазақстан халқы ассамблеясының ұсынымы бойынша, жоғарғы Палатаның өкілеттігін өзгерту, Мәжілісті аралас сайлау жүйесі бойынша қалыптастыру, республикалық бюджетті бақылау жөніндегі Есеп комитетін Мәжіліске есеп беретін Жоғары аудиторлық палата етіп қайта құру ұсынылды. Тұтастай алғанда, заң шығарушы билік органын қайта құрудың негізгі трендін қолдай отырып, оларды іске асыру жоғары өкілді органды күшейтетін және «ықпалды Парламент» формуласына нақты өмір беретін кейбір басқа тәсілдерді де айтуға болады деп санаймыз. Парламенттің екі палаталы құрылымын тексерулер мен тепе-теңдік жүйесінің элементі ретінде сақтай отырып, олардың сандық құрамын, сондай-ақ әр өңірден сайлаушылардың санына, бірақ өңірден кемінде екі сенатордан өкілдік ете отырып, Сенаттың тікелей сайлау құқығы негізінде сайлануына көшкен жөн. Бұл тең сайлау құқығы қағидатына сәйкес келеді. Сонымен қатар, бұл тәсіл Президенттің «Сенат ел өңірлерінің мүдделерін нақты білдіретін Палата болуы керек» деген пікірімен сәйкес келеді. Әрине, сенаторлардың саны осы факторды және жаңа облыстардың құрылуы ескеріле отырып арттырылады. Парламентті қайта ұйымдастырудағы аса маңызды міндет оған Президенттен бірқатар қосымша өкілеттіктер беруден, әсіресе оның бақылау өкілеттіктерін күшейту бөлігінде оның конституциялық мәртебесін арттырудан көрінеді. Парламентке жаңартылған мәртебе беруге «Парламенттік бақылау және парламенттік тексеру туралы» Заңның қабылдануы ықпал ететін болады, бұл да Қазақстанда парламентаризмнің қалыптасуының құқықтық негіздерін қалайды. Қазақстанда парламентаризмнің қалыптасуының құрамдас бөлігі қаржылық бақылау нысандарын күшейту болуы тиіс. Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палатаға айналдыру парламенттік бақылаудың бақылау-қадағалау тетіктерін институттық дамытудағы маңызды қадам болуы тиіс. Бірақ оның Төрағасының Мәжіліс алдында жылына екі рет есеп беруі жеткіліксіз. Бұл органның құрамын қалыптастыруды Парламенттің өзі толығымен жүзеге асыруы қажет. Тек осы жағдайда ғана республикалық бюджеттің атқарылуын тиісінше парламенттік бақылауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ бюджеттік-қаржылық құқық бұзушылықтардың жолын кесу мен алдын алуда бақылау және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын және қызметін үйлестіруді жақсартуға мүмкіндік туады. Айтылған бастамалардың ішінде конституциялық бақылау моделін өзгерту туралы ұсыныс барынша күтілген болатын. Қазіргі Конституциялық Кеңес өкілеттіктері мен өтініш беруші субъектілерінің шектеулі болуына байланысты Конституцияның үстемдігін толық көлемде қамтамасыз етуге және қазақстандық азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты Конституциялық Сот құру практикалық және қазіргі саяси шынайылыққа сәйкес келеді. Конституциялық Соттың қызметі қоғамдық өмірдің барлық салаларына ене алады. Түсіндіруден басқа, ол құқық қолдану практикасының конституциялылығын белгілеуге құқылы, бұл, сөзсіз, оның құқық қорғау әлеуетін арттырады. Тәжірибе көрсеткендей, дәл осы салада Конституцияның жиі бұзылуы орын алады. Жаңа Қазақстанды қалыптастыруда биліктің сот тармағы маңызды рөл атқаруға тиіс. Сонымен бірге, жаңа саяси-құқықтық жағдайларды, мемлекеттің стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін ескере отырып, сот жүйесі жетілдіруді қажет етеді. Кандидаттарды іріктеу рәсіміне ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ, судьялардың заңсыз шешімдер шығарғаны үшін тәртіптік және қылмыстық қана емес, материалдық та жауапкершілігін күшейткен жөн. Осылайша, президенттік бастамаларды іске асыру Мемлекет басшысының билік институттарымен өзара қарым-қатынасының неғұрлым тиімді моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді, көппартиялықты қалыптастыруды ынталандырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасында жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық кепілдіктерін күшейтеді деп пайымдаймыз.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |