|
|
|
«Қазақстан Республикасындағы коронавирус инфекциясының профилактика шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 25 наурыздағы № 16 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 12 тамыздағы № 29 Қаулысы
Қазақстан Республикасының халқы арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының (бұдан әрі – COVID-19) таралуының алдын алу мақсатында, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 104-бабының 7-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 1. «Қазақстан Республикасындағы коронавирус инфекциясының профилактика шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 25 наурыздағы № 16 қаулысына (бұдан әрі – Қаулы) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін: 1) Қаулының 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын: «2. Облыстар, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, Орталық мемлекеттік органдар, құқық қорғау және арнайы органдар, «Атамекен» ҰКП (келісу бойынша), ұлттық компаниялар, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғалар: 2.1. Өңір эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес тәуекелі төмен аймақта («жасыл аймақ») болған кезде, репродукция коэффициенті R (бұдан әрі – R) 1-ден артық болған кезде халық көп жиналатын орындарда (әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО-ы, банктер, көрермендер қатысатын спорттық іс-шаралар), ұйымдасқан ұжымдарда, көліктің барлық түрлерінде, көліктің барлық түрлерінде (қоғамдық көлік, әуе, теміржол, халықаралық автобус тасымалдары) медициналық немесе матадан тігілген маскаларды киюді ұсынсын; 2.2. Өңір тәуекелі орташа аймаққа («сары аймақ») ауысқан кезде төсек-орынмен қамту көрсеткіші 100 000 тұрғынға шаққанда 12,5-тен 25-ке дейін жеткен кезде R 1-ден артық болған кезде немесе төсек-орынмен қамту көрсеткіші 100 000 тұрғынға шаққанда 25-тен 50-ге дейін жеткен кезде R 1-ден кем болғанда: 1) мыналарды: - міндеттерін қашықтықтан орындау мүмкін болмайтын жұмыскерлерді қоспағанда, жақын байланыста болған адамдарды қашықтықтан жұмыс істеу нысанына ауыстыруды; - міндеттерін қашықтықтан орындау мүмкін болмайтын жұмыскерлерді қоспағанда, COVID-19-ға қарсы вакцинациялауға абсолютті қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді COVID-19-бен ауыратын науқаспен байланыста болған кезде қашықтықтан жұмыс істеу нысанына ауыстыруды; - білім беру ұйымдарындағы іс-шараларды топтарды қосып өткізуді болдырмауды (топтарда іс-шараларды өткізуге рұқсат етілген); - желдету және ауаны баптау жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін, желдету режимін сақтауды, адамдар көп жиналатын объектілерде, көліктің барлық түрлерінде санитариялық-дезинфекциялау іс-шараларын күшейтуді; 2) халық көп жиналатын орындарда (әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО-ы, банктер, көрермендер қатысатын спорттық іс-шаралар), ұйымдасқан ұжымдарда, көліктің барлық түрлерінде (қоғамдық көлік, әуе, теміржол, халықаралық автобус тасымалдары) медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануды ұсынуды қамтамасыз етсін. 2.3. Өңір тәуекелі жоғары аймаққа («қызыл аймаққа») ауысқан кезде: 1) төсек-орынмен қамту көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 25,0-ден 50,0-ге дейін жеткен кезде және R 1-ден артық болған кезде: - 10-нан астам адамның қатысуымен өткізілетін кеңестерді онлайн форматқа көшіруді; - жабық үй-жайларда, көліктің барлық түрлерінде медициналық немесе матадан тігілген маскаларды міндетті түрде пайдалануды; - жабық мекемелерге (МӘМ, ҚАЖК және басқалар) баруға шектеулер енгізуді қамтамасыз етсін; 2) төсек-орынмен қамту көрсеткіші R-ға қарамастан 100 мың тұрғынға шаққанда 50,0-ден артық болған кезде: - объектілерде «Ashyq» қосымшасын міндетті түрде пайдалануды, «жасыл» және «көк» мәртебесі бар адамдарға ғана кіруге рұқсат етуді; - мемлекеттік органдар (ұйымдар), кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 30%-ын қашықтықтан жұмыс істеу нысанына ауыстыруды; - адамдар көп жиналатын іс-шараларды (салтанатты, естелік, отбасылық іс-шаралар, көрермендер қатысатын спорттық іс-шаралар, конференциялар, форумдар, ойын-сауық және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шаралар) толымдылығы 50%-дан аспайтын объектілерде өткізуді қамтамасыз етсін.»; 2) Қаулыға 1-қосымшада 26-тармақ алынып тасталсын. 3) Қаулыға 8-қосымшада «IІІ. ПТР әдісімен тестілеу» деген бөлімнің 1.1-тармағы мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын: «3) COVID-19 белгілері бар байланыста болған адамдар (экспресс-тестілеу жүргізу мүмкіндігі болмаған кезде).»; 4) Қаулыға 9-қосымшада 2-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын: «Байланыста болған адамдар үй карантиніне оқшауланбайды, COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізілмейді. Аурудың белгілері пайда болған кезде байланыста болған адам COVID-19-ға зертханалық тексеруге және зертханалық тексеру нәтижелерін алғанға дейін үйде оқшаулауға (үй карантині) жатады. COVID-19 диагнозы расталған кезде МСАК маманы COVID-19-бен ауыратын науқас туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесіне шұғыл хабарлама береді.»; 5) Қаулыға 9-қосымшада 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: «3. Симптомсыз вирус тасымалдаушылық кезінде (ПТР-дің оң нәтижесі анықталған сәтте клиникалық белгілері жоқ адамдар) пациент амбулаториялық жағдайларда МСАК қызметкерлерінің медициналық бақылауына және үйде оқшаулауға жатады. 10 тәулік өткеннен кейін ауру белгілері болмаған жағдайда үй карантині аяқталады. Клиникалық симптомдар болмаған кезде 7 күн ішінде COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізуге жол беріледі. Зертханалық тексерудің нәтижесі теріс болған кезде үй карантині аяқталады. Зертханалық тексерудің оң нәтижесі кезінде бақылау оқшаулау сәтінен бастап 10 тәулік өткенге дейін жалғасады. 10 тәулік өткеннен кейін ауру белгілері болмаған кезде үй карантині аяқталады. Карантин аяқталған кезде МСАК маманы симптомсыз вирус тасымалдаушыға COVID-19-дың профилактика шараларын сақтау қажеттілігі (медициналық немесе матадан тігілген масканы, антисептиктерді пайдалану, қол гигиенасы) туралы ұсынымдар береді. Үй карантиніндегі симптомсыз вирус тасымалдаушыда аурудың клиникалық белгілері пайда болған кезде МСАК маманы COVID-19-бен ауыратын науқас туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесіне шұғыл хабарлама береді. Шұғыл хабарламаны қабылдаған Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесі осы COVID-19-бен ауыратын адамды тіркеуді және есепке алуды жүзеге асырады, оны симптомсыз вирус тасымалдаушылардың есебінен шығарады, сондай-ақ симптомсыз вирус тасымалдаушылық жағдайларының манифестік нысандарға (симптомдары бар жағдайлар) көшуінің жеке статистикасын жүргізеді.». 2. Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын. 3. Осы қаулы 2022 жылғы 16 тамызда сағат 00-ден бастап күшіне енеді.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |