| ||||||||||||||||||||
|
|
|
27.08.2022 Мал ұрлығы
Мал ұрлығы қазақ халқы үшін ежелден лайықты жазалануы тиіс ауыр қылмыс болып саналады. Қазақта «Мал ашуы-жан ашуы», «Малым - жаным садақасы, жаным - арым садақасы» деген мәтелдер, амандық саулық сұрасуда «мал-жан аман ба», дүниесін сұрағанда «мал-мүлік» деп басқа мүліктен ерекше айтылуы малдың қазақ үшін маңызы зор екенін аңғартса керек. Мал көшпелі қазақ үшін тіршілік көзі болса, қазір де қазақ үшін оның мән-маңызы жоғалған жоқ.Ауыл халқы, кәсіпкерлері үшін мал инвестиция, бизнес, табыс пен пайда көзі. Мал меншік құқығының негізгі объектісі болғандықтан, мал ұрлығы басқа ұрлыққа қарағанда қауіпті қылмыс болып саналады. Ежелгі қазақ заңдарына сай мал ұрлығы үшін еселенген ауыр айыптар салынатын болған. Бірақ бұл жерде мал ұрлығы мен барымтаның ара-жігін ажырата білу керек. Барымта - малды иеленіп, сіңіріп кету мақсатынсыз келтірілген зәбір, моральдық зиян не мүліктік шығын үшін екінші жақты жазалап, одан лайықты өтемақы алу мақсатында ашық не жасырын жасалатын малды қуып, айдап кету. Кеңес үкіметі тұсында да мал ұрлығымен күрес бәсеңдеген жоқ. Халық шаруашылығы үшін мал ұрлығының орасан зияндылығын тиісті түрде бағалап, ол үшін ауыр жазалар, тіпті ең жоғары жаза – өлім жазасын тағайындауға дейін барған. Бүгінгі күні мал ұрлығы ұйымдасқан қылмыс үшін басты пайда көзінің біріне айналып отыр. Сондықтан Президент Қ.Тоқаев кезекті жолдауында мал ұрлығы үшін жазаны қатайту керек екенін атап көрсеткен болатын. Бұрын мал ұрлығы бөтеннің мүлкін жасырын ұрлау туралы заң шеңберінде басқа ұрлық түрлерімен қатар, бірдей қаралып келді. 2019 жылғы 27 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшеуту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, 2014 жылғы 03 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің (әрі қарай ҚК) 6 – тарауы 188-1-баппен (Мал ұрлау) толықтырылды. Бөтеннің малын жасырын жымқыру (мал ұрлау) қылмыстық заңның арнайы нормасы –ҚК-нің 188-1-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. ҚК-нің 188-1-бабының ескертпесіне сәйкес осы бапта мыналар мал деп түсініледі: іріқара мал; жылқылар мен есектер; түйелер; ұсақ мал; шошқалар.
«Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №8 нормативтік қаулысының 2-1-тармағына сәйкес мал және басқа да бөтеннің мүлкі бір мезгілде ұрланған жағдайда жасалған әрекет ҚК-нің 188-1 және 187 не 188-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс. Бөтеннің үй құсын ұрлау ҚК-нің 188-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Мал ұрлаудың саралаушы белгілері ретінде 1. алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған; 2. ірі мөлшерде жәнеаса ірі мөлшерде жасалған; 3. бірнеше рет; 4. тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кірумен жасалған; 5. қылмыстық топ жасаған; мал ұрлау
188-1-бап. Мал ұрлау 1. Мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру – мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. (ұрлық,188-бап - 3 жылға дейін б/б айыру)
2.Мынадай: 1) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған; 2) ірі мөлшерде жасалған мал ұрлау – (айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын мүлік құны немесе залал мөлшері) мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. (ұрлық – 5 жылға дейін б/б айыру)
3. Мынадай: 1) бірнеше рет; 2) тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кірумен жасалған мал ұрлау – мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. ( ұрлық 2 жылдан 7 жылға дейін б/б айыру)
4. Мынадай: 1) қылмыстық топ жасаған; 2) аса ірі мөлшерде жасалған мал ұрлау – (айлық есептік көрсеткіштен 2000 есе асатын мүлік құны немесе залал мөлшері) мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. (ұрлық 5 жылдан 10 жылға дейін)
«Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №8 нормативтік қаулысына сәйкес Ұрлық - бөтеннің мүлкін заңсыз жасырын иемдену. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемденудің жасырын болып табылатыны туралы мәселені шешу кезінде соттар кінәлі адамның өзі жағдайды қалай қабылдайтынын басшылыққа алуға тиіс. Егер кінәлі адам айналасындағылар үшін өзі байқатпай әрекет жасадым деп санаса, онда ұрлық, тіпті егер меншік иесі не өзге адам оның әрекеттерін бақылап жүргеннің өзінде, ұрлық деп саралануға жатады. Жоғарыда аталған адамдардың бірі мүлікті иелену оқиғасын көріп тұрғанымен оның қылмыстық сипатын түсінбеген жағдайларда да, ұрлық жасырын ұрлау деп саралауға жатады. Егер ұрлық кінәлі адам туыстық, достық және жеке сипаттағы өзге де өзара қатынастарда болған, осыған байланысты олар хабарламайды және оның әрекеттерінің жолын кеспейді деп сенген адамдардың алдында жасалса, бұл әрекетті мұндай жағдайларда да ұрлық ретінде сараланған жөн. Егер жоғарыда аталған адамдар бөтеннің мүлкін иемденуге бағытталған әрекеттердің жолын кессе, онда кінәлі адам ұрлыққа оқталғаны үшін жауаптылыққа тартылуға тиіс. Жәбірленуші немесе мүлік қарамағында немесе күзетуінде тұрған адамдар бар кезде не бөгде адамдардың көзінше, бөтеннің мүлкін заңсыз иемденген адам өз әрекетінің заңсыз сипатын аталған адамдар түсінетінін, алайда осы мән-жайларды елемейтінін сезінген кезде жасалған бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену бөтеннің мүлкін ашық заңсыз иемдену, яғни тонау болып табылады. Бұл орайда қылмыстық құқықтық бұзушылықты көзі көргендер кінәлі адам әрекетінің жолын кесу шараларын қолдануының маңызы болмайды. Қолданылған зорлық-зомбылықтың (күш қолданудың) қауіптілік деңгейіне қарай кінәлі адамның әрекеттері тонау немесе қарақшылық ретінде саралануға тиіс. Мал ұрлаудың объектісі – нақты тұлғаның меншік құқығымен (иелену, пайдалану және билік ету құқығы) байланысты қоғамдық қатынастар. Субъективтік жағы – қасақаналық, пайдакүнемдік мақсат. Яғни, кінәлі тұлға өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті сипатын сезіне тұра, қоғамдық қауіпті салдарларының болатынына не болу мүмкіндігіне көзі жете тұра, ешқандай құқықсыз бөтеннің малын өзіне не үшінші тұлғаларға заңсыз пайда табу мақсатында алып, меншік иесіне мүліктік шығын келтіреді. Объективтік жағы бөтеннің малын өзінің не басқа тұлғалардың пайдасына жаратуға бағытталған белсенді әрекеттер. Көбіне жайылыста жүрген мал ұрланады. Жайылыстар елді мекендерден алыс қашықтықта да болуы мүмкін. Ұрылар малдың бағымын, мүмкін болса иесін, бақташы не күзетшілердің, олардың байланыс құралдарының бар - жоғын, жер жағдайын мұқият зерттеп барып ұрлыққа шығады. Ертеден малдың кімге тиесілігін білу үшін малға белгі, ен салу, таңбалау қолданылған. Бұл жағдайдың мал ұрлығы бойынша сотқа дейінгі тергп-тексеру, сот процесінде дәлелдеме ретінде маңызы зор. Себебі, малдың таңбасына, еніне қарап ол малдың иесі анықталады. ҚР Ауыл шаруашылығы Министрінің 30.01.2015ж. бұйрығымен бекітіліген «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру (индетификация) қағидаларына» сәйкес бірдейлендіруге Қазақстан Республикасының аумағындағы ауыл шаруашылығы жануарлары жатады. 7. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру рәсіміне мыналар кіреді: 1) ауыл шаруашылығы жануарларына жеке нөмір беру; 2) мәліметтерді дерекқорға енгізу; 3) ветеринариялық паспорт беру. Жеке нөмірді беру ауыл шаруашылығы жануарларының түріне қарай келесі тәсілдердің бірімен жүргізіледі: 1) сырғалау (тоғыз айлық жасқа дейін сойылмаған, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіп-бағылатын, өнеркәсіптік өсіруге және бордақылауға арналған ірі қара мал, ұсақ мал, түйелер, шошқалар және торайлар үшін); 2) таңба басу (төрт айлық жасқа толғаннан бастап) немесе чип салу (туғаннан бастап жеті күн өткеннен кейін) (жылқылар және тақ тұяқты жануарлар үшін); 3) татуировка (ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіп-бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге, тоғыз айлық жасқа жеткенге дейін кейіннен сою үшін бордақылауға арналған торайлар үшін). Малды тасымалдау кезінде ветеринариялық анықтама берілуі керек.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А.Сабыров
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |