С.П.Мороз
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Құқық» мамандықтарының тобы бойынша Оқу-әдістемелік кеңесі оқулық ретінде ұсынған
Рецензенттер: Сүлейменов М.Қ. - ҚРҰҒА-сының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Қарағұсов Ф.С. - заң ғылымдарының докторы
Мороз С.П. Инвестициялық құқық: Оқулық. - Алматы: ҚазақМЗУ, 2007.
ISBN Ұсынылып отырған оқулықта инвестициялық құқықтың көкейтесті проблемалары баяндалған. Бірінші бөлімде инвестициялық құқықтың жалпы ережелері, оның заты мен құқықтық реттеу әдісі, инвестициялық құқықтың принциптері мен жүйесі, инвестициялық құқықтық қатынастар, инвестициялық қызмет, инвестициялық қызметті мемлекеттік реттеу, инвестициялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік ашылған. Екінші бөлімде жер қойнауын пайдалану саласында, бағалы қағаздар нарығында, банк жүйесінде инвестицияларды құқықтық реттеудің өзіндік ерекшеліктеріне талдау жасалған; шетел инвестицияларын құқықтық инвестициялық шарттың ұғымы мен мәні ашылған; инвестициялық шарттардың жекеленген түрлерінің сыпаттамасы берілген; инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық дау-дамайларды шешу мәселелері қарастырылған. Оқулық заң жоғары оқу орындары мен факультеттердің студенттеріне, аспиранттары мен оқытушыларына, практик-заңгерлерге, сондай-ақ инвестициялық құқық проблемалары мен шұғылданушыларға арналған.
М
ISBN © Мороз С.П., 2007 © Қазақ МЗУ, 2007
АЛҒЫ СӨЗ
Инвестициялық құқық - кеңестік кезеңнен кейінгі құқық ілімі үшін жаңа пән. Социализм жағдайында құқық жүйесінде инвестициялық құқық, немесе, мысалы коммерциялық, сауда, т.б. құқық құрылымдары туралы сөз қозғалуы мүмкін емес еді. «Инвестиция» және «Инвестициялық қызмет» түсініктерінің өзі-ақ инвестициялау саласында шетелдік капиталистік елдер тәжірибесіне телініп қарастырылды. Әрине, бұрынғы КСРО тарихында ЖЭС кезінде шетел капиталын жұмылдыру тәжірибесі болды, бірақ зерттеушілердің басым көпшілігі оны уақытша, лажсыз қадам деп бағалап келді, ал сол кезеңнің елеулі нәтижелері (экономиканы қалпына келтіру және көтеру) жоққа шығарылды, кеңестік экономика жеке меншік секторсыз-ақ, оның ішінде шетелдік инвестициясыз дами алады деп дәлелденді, солай бола тұрса да, өмірдің өзі мұны теріске шығарды. Кеңес мемлекетінің дамуы ұзақ уақыт бойы объективтік заңдарға кереғар бағытта дамыды, мұның өзі КСРО-ның ыдырауы мен социалистік елдер блогының құлдырауына әкеп соқты. ХХ ғасырдың 80-інші жылдарының ортасы - 90-шы жылдардың басында «Қайта құру» деп аталған кезеңде нарықтық экономиканың жекеленген элементтерін жартылай енгізу жолымен кеңестік экономиканы модерлендірудің соңғы талпынысты қолданылды да. Атап айтқанда, КСРО-да, кейін Қазақ және басқа одақтас республикаларда инвестициялық қызмет және шетелдік инвестициялар туралы Заңнамалар негіздері, шетелдік инвестициялар және инвестициялық қызмет туралы Заңдар қабылданды. Дәл осы сәттен Қазақстанның осы заманғы инвестициялық құқының тарихы бастау алды. Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы экономикада болсын, әлеуметтік салада болсын түбірлі өзгерістерге жеткізді. Осы кезеңде жабық үлгідегі экономикадан «шетелдік инвестициялардың» ашық үлгідегі экономикасына көшу тек маңызды ғана емес, өмірлік қажеттілік болды. Жаңа нарықтық жағдайда бұл саладағы шетелдік тәжірибені қысқа мерзімде зерттеп, жинақтау, сондай-ақ оны қолдану жөнінде нақты ұсыныстар жасау керек болды. Сол кездің заң базасы шекарадан бері қарай лықсып келген шетел капиталының тасқынын қабылдауға дайын болмады. Сондықтан сол уақыттағы заңнама актылары, негізінен, уақытша сыпат алды, қазіргі кезде олар жойылды. Мемлекеттің инвестициялық саясатында да үлкен өзгерістер болды: бастапқыда шетелдік инвестицияларға басты назар аударылып, «шетелдік инвестицияларды» мүмкіндігінше пайдалану принципіне ден қойылды. (өйткені басқа инвестициялар сол кездерде болмаған-ды), ал соңғы кезде шетелдік инвесторларға ғана емес, шетелдік болсын, ұлттық инвестициялар болсын, мемлекет үшін қызметтің басым түрлеріне инвестициялар қосатын инвесторларға негізгі назар аударылды, мұндайда мемлекет ұлттық (отандық) инвесторларға (товарөндірушілеріне) мемлекеттік қолдау жасайды. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 қаңтардағы Заңы шетелдік және ұлттық инвестициялар үшін бірыңғай құқықтық режим белгіледі және құқықтың кешенді саласы ретінде инвестициялық құқықтың қалыптасу үрдісін аяқтады. Кешенді құқықтық құрылымдардың қалыптасуы құқық және заңнамалар жүйесінің дамуының объективті заңдылықтарына байланысты. Кешенділік ең алдымен заңнамалар жүйесін қамтиды, сонсоң құқық жүйесіне ықпал жасайды. Заңнамалар жүйесінде ірі кешенді құрылымдардың пайда болуы өз тарапынан құқық жүйесінде елеулі құрылымдық өзгерістерге әкеледі. Сонымен бірге, құқық жүйесі бір жазықтықтағы белгілі құрамдас бөліктердің жай ғана бірігуі емес екендігін танудың маңызы зор. Құқық жүйесі оның әртүрлі жазықтықта орналасқан құрылымдық элементтерінің бірлігімен сыпатталады. Құқық жүйесінде әр реттегі құрылымдық элементтердің болуы олардың арасында ерекше байланыстарды анықтайды. Тең мәнді құрылымдық элементтердің өзара әрекеттері олардың арасында көлбеу өзара байланыстардың көрініс алғанын білдіреді, онда құқық жүйесінің басқа элементтері тең мәнде қатынастарға түсе алмайды. Тиісінше, әртүрлі мәнді құрылымдардың болуы құқық жүйесінің көп деңгейлігі мен көп мөлшерлігін дәлелдейді. Сондықтан қазіргі уақытта құқық жүйесінде құрылымдық элементтер ретінде құқықтың кешенді салалары сияқты қайталама құрылымдар қалыптасып отыр. Бұған инвестициялық құқықты жатқызуға болады. Инвестициялық құқық - әртүрлі салалық қатыстылықтың нормаларын біріктіретін құқықтық құрылым. Осыған байланысты инвестициялық құқық құқықтың кешенді саласы болып табылады, құқықтың негізгі салаларымен (азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, еңбек, процессуалдық) бірдей қызмет атқарады. Біздіңше, инвестициялық құқық қазірдің өзінде-ақ құқықтың кешенді саласы ретінде әбден қалыптасты. Сонымен құқық жүйесінде кешенді салалардың көрініс алуы оның көпмәнділігі мен жоғары деңгейлігін көрсетеді. Сондықтан құқық жүйесінде құқықтың негізгі (профильдік) салаларымен бірге құқықтың кешенді салалары (инвестициялық құқық, банк құқығы, халықаралық жеке меншік құқы, т.б.) құқық жүйесінде ерекше маңыз алады. Ұсынылып отырған оқулықта пәннің ерекшеліктері мен инвестициялық құқықтың әдістері ашып көрсетілген: инвестициялық құқықтың негізгі принциптеріне сыпаттама беріледі; инвестициялық заңнаманың қалыптасуы мен даму тарихы зерттеледі және оның дамуы мен жетілдіруінде негізгі заңдылықтар анықталады; инвестициялардың мәні және оларды сұрыптаудың тәсілдері айқындалады; инвестициялық құқық қатынастары, сондай-ақ инвестициялық құқық қатынастарының объектілері мен субъектілері сыпатталады, шетелдік инвестицияларды халықаралық-құқықтық, ұлттық-құқықтық реттеуге байланысты мәселелер де қарастырылған. Инвестициялық шарттар мен олардың жекеленген түрлеріне құқықтық сыпаттамалар жасауға ерекше назар аударылған. Осымен бірге еңбекте Қазақстан Республикасының инвестициялық заңнамасын жетілдіру және оны практикада пайдалану жөнінде ұсыныстар да қарастырылған. Осы оқулық үшінші басылыммен шықты, автор Қазақстан Республикасының инвестициялық заңнамасындағы соңғы өзгерістерді ескеріп, қайта өңдеп, толықтырды. Оқулықтың және оның тарауларының құрылымы инвестициялық құқықтың ішкі құрылымына сәйкес келеді, сондықтан оқулық жалпы білім мен инвестициялық құқықтың ерекшеленген бөлігін қамтитын екі үлкен тараудан тұрады. Оқулықтың соңында автор өзі жасаған «Инвестициялық құқық» курсы бойынша жұмыс мақсатындағы оқу бағдарламасы қоса берілген. Онда оқу пәні ретінде инвестициялық құқықтың негізгі мазмұны ашылады, курс және диплом жұмыстарының үлгілік тақырыбы, сондай-ақ тест сұрақтары мен жауаптарының үлгілік тізбесі берілген. Оқулық заң оқулық әдебиетіне қойылатын осы заманғы талаптарға сәйкес келеді, «Инвестициялық құқық» пәнінің өзіндік мәнін анағұрлым ашып көрсетеді.
Құқық жүйесінде инвестициялық құқықтың орны. Инвестициялық құқықтың қалыптасуы мен дамуы. Инвестициялық құқықтық реттеудің мәні. Инвестициялық құқықты құқықтық реттеудің әдісі. Инвестициялық құқық және кәсіпкерлік құқық. Инвестициялық құқықтың құқықтық аралас салаларымен арақатынасы. Инвестициялық құқықтың атқаратын қызметтері. Инвестициялық құқықтың принциптері. Инвестициялық құқықтың жүйесі.
§ 1. Құқық жүйесінде инвестициялық құқықтың орны
Нарықтық қатынастардың онан әрі дамуы жағдайында құқық жүйесінің ішкі ұйымдық және құрылымдық мәселелері ерекше көкейтесті сыпатталады. Құқық жүйесі мен оның құрамдас құрылымдық элементтері туралы мәселені дер кезінде шешудің маңыздылығы құқықтың қоғамдық қатынастарды реттеудегі және оның нормаларын дұрыс пайдалануды қамтамасыз етудегі пәрменділікті көтеру қажеттігінен туындайды. Дәстүрлі түсінікте құқық жүйесі ішкі құрылымды, оның құрамдас элементтерін ұйымдастыру мен орналастырудың белгілі тәртібін, қоғамдағы қатынастардың сыпатын анықтайды. Құқық жүйесі жалпы объективтік заңдылықтар негізінде қалыптасып, әрекет жасайды, солай бола тұрса да, субъективті факторлар да құқық жүйесінің қалыптасуы мен даму үрдісіне өз ықпалын тигізеді (әуелбастан-ақ қолданылмайтын, «өлі» заңдар деп аталатын заңдарды басқаша қалай түсіндіруге болар еді, заң жасаушы құқық жүйесінің қалыптасуы мен қызмет етуінің шарты - объективтік факторларды назардан тыс қалдырған). Экономикалық және әлеуметтік өмірдегі елеулі өзгерістерге қарамастан, мемлекет қызметтің көптеген салаларында жетекші тұрғыларды, оның ішінде заңнамалықты жүйелендіруді қолында ұстап тұр. Әрине, құқық-объективтік шындық, ал субъективтік факторлар құқық жүйесінің қалыптасуына белгілі бір ықпалын жасауда, бұл ықпал позитивті (дамудың объективтік заңдылықтарын ескеретін), негативті (құқық жүйесінің қалыптасуы мен дамуын тежейтін немесе бөгет жасайтын) болуы мүмкін. Тиісінше, құқық жүйе ретінде объективті құбылыс, ол тұтастылығымен ажырамастығымен, сонымен бірге құрамдас құрылымдық элементтерінің дербестігімен сыпатталады. Өзінің мазмұны жағынан ажырамас болып табылатын құқық жекеленген, сонымен бірге өзара байланысты бөліктердің (құқық нормалары, құқық институттары, құқықтың қосалқы салалары, салалары) дербестігімен сыпатталады. Демек, құқық жүйесін белгілі бір біріккен өзара байланысты нормалар құрайды. Құқық нормасы - құқық жүйесінің бастапқы элементі, оның әртүрлі үйлесім табуы құқық жүйесінің басқа да элементтерін құқық институттары, салалары, қосалқы салаларын туғызады. Кеңестік заң ғылымының өкілдері құқықтың мәні мен мазмұнын көрсете алатын құқық жүйесін құруға талай әрекеттер жасады. Құқықтық жүйе жөнінде екі айтыс белгілі: (1938-1940 жж.) нәтижелерінде құқық жүйесінде құқықтың он саласының (оның ішінде мемлекеттік, еңбек, жер, колхоз, әкімшілік, бюджет-қаржы, отбасы, азаматтық, қылмыстық, сот құқы) қызметі танылды және құқықтың жеке меншік және жалпылама құқық болып бөлінуі теріске шығарылды. Екінші айтыс (1956-1959 жж.) құқық жүйесін үш құрамдас бөлікке теңдестіруге әкеп соқты: 1) мемлекеттік құқық (кеңес құқының жүйесіндегі басты буын ретінде); 2) материалдық салалар (қылмыстық, азаматтық, әкімшілік, еңбек, колхоз және отбасы құқы); 3) сот ісін жүргізу (процессуалдық) салалар (қылмыстық іс жүргізу және азаматтық іс жүргізу). Осылай сұрыптаудың басты кемшілігі - мұндай жүйенің бір мәнділігі және бір мөлшерлігі, шын мәнінде ол құқықтың қолданылып жүрген бар саласын қамтуға мүмкіндік бермейді. Осы заманғы құқық салаларын сұрыптауға келетін болсақ, оларды былай жүйелеуге болады: 1) бағыт нұсқағыш (базалық); 2) арнаулы; 3) кешенді[1]. Осылайша жүйелеуде базалық сала басты құқықтық режимдерді қамтиды және шындап келгенде, базалық сала - конституциялық құқықты, сонсоң құқықтың үш материалдық саласын (азаматтық, әкімшілік, қылмыстық құқық) және тиісті үш құқықтың сот ісін жүргізу салаларын (азаматтық іс жүргізу, әкімшілік іс жүргізу және қылмыстық іс жүргізу құқы)[2] қамтиды. Құқықтың, құқықтық реттеудің мәнімен сыпатталатын ерекше құқықтық режимдерімен сыпатталатын құқықтың арнаулы салаларына еңбек, жер, қаржы, әлеуметтік қамтамасыз ету құқы, отбасы құқы, қылмысты өтеу құқы жатады. Құқықтың әр алуан және әртекті институттарын қамтитын салаларына сауда құқы, прокурорлық қадағалау құқы, теңіз құқы жатады. Мұндайда С.С.Алексеев мынаны атап көрсетеді: Қазіргі уақытта кешенді сыпаттағы өзіндік мәні бар салалар - экологиялық, ақпараттық және кәсіпкерлік құқықтар қалыптасуда. Сонымен бірге олардың негізгі салаларға[3] ұласу тенденциясы басым. Бұл жерде кәсіпкерлік, сауда құқықтары мен басқа да проблемалық мәселелерге (атап айтқанда, болашақта кешенді салалар құқықтың негізгі салаларына ұласуы мүмкіндігімен келісуге болмаса да) бөлінудің қажеттілігіне егжей-тегжейлі тоқталмай-ақ, мынаны атап өтуге болады: бұлайша сұрыптаудың мұның алдындағы сұрыптаумен салыстырғанда артықшылығы - құқық жүйесінде қолданылып жүрген құқықтың құрылымдарды мейілінше молынан қамтуында. Құқықтың басты салаларына байланысты мынаны атап өтуге болады: О.С.Иоффе құқық жүйесінде тек бес саланың басымдылығын айтады. О.С.Иоффе өз тұғырнамасын былайша түсіндіреді: басқа зерттеушілер жер, отбасы, еңбек құқын таниды да, оларды реттеудің мәнін ашып бермейді, немесе бәрі тану тәсілдерін ескермейді, үйлестіру тәсілінің ешқандай қатысы[4] жоқтығын жария етеді. Біз бұл жағдайда «құқық жүйесінің және оның құрылымдық элементтерінің объективті заңдылықтары» және «құқық жүйесінің қандайда бір элементтерінің болуын негіздеуге зерттеушілердің субъективті қабілеттері» деген түсініктерінің араласып кеткен деп санаймыз. Ғалымдардың құқық жүйесінде жекеленген құрылымдық элементтердің болуын негіздей және толық дәлелдегеніне қарамастан, мұндай элементтер өмірге келіп жатады, заң ғылымының осы заманғы хал-ахуалы құқық жүйесінің, оның жекеленген элементтерінің қалыптасуы мен дамуына ықпал етуге қабілетсіз. Құқық жүйесінде бір мезгілде әртүрлі элементтердің қатар жүретінін, тиісінше әрқилы роль атқаратынын, құқық жүйесіндегі ірі құрылымдармен бірге үлкенді-кішілі қарапайым құрылымдар, атап айтқанда, құқық нормасы болатынын тану-басқа мәселе О.С.Иоффе мен С.С.Алексеевтің конституциялық (мемлекеттік) әкімшілік, азаматтық, қылмыстық, іс жүргізу, құқының ерекше маңыздылығы туралы мәселеде пікірлері үйлеседі. Демек, құқық жүйесінің басты салалары құқық жүйесінде анағұрлым белсенді роль атқарады, сондықтан оларды негізгі немесе іргелі салалар деп айтуға болады. Заң әдебиетінде құқық жүйесінде инвестициялық құқықтың орны туралы әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Әдеттегідей, пікірлер қарама-қайшы. Инвестициялық құқықты бес сала ретінде танудан бастап оны жоққа шығаруға дейін. Инвестициялық құқықты құқық саласының дербес буыны ретінде жақтаушылар қатарына А.Г.Богатырев, Б.Б.Самарходжаев, т.б. жатады. Мысалы, А.Г.Богатыревтің пікірінше, инвестициялық құқық жалпылама-құқықтық және жеке меншік-құқықтық сыпаттағы инвестициялық қатынастарды реттейтін[5] нормалардың жиынтығы. Мұндағы басты кемшілік-зерттеу негізіне шетел инвестицияларын талдау алынған, автор инвестициялық құқықты құқықтық реттеудің негізгі нысандағы (түрлері) ретінде ұлттық-құқықтық және халықаралық құқықтық реттеу туралы айта келіп, тек шетелдік инвестициялық сөз етеді. Сондықтан бастапқы элементтің инвестициялардың, инвестициялардың құқықтық қатынастарының, тиісінше инвестициялық құқықтың табиғатын тану болмаса, инвестициялық құқықтың бүкіл құрылымы оңай бұзылады. Осының бәрі шетел инвестициялары тұрғысынан қаралған, ал шетел инвестициялары инвестициялардың бір түрі ғана. Пікірлер мен тұжырымдардың қарама-қайшылығы осымен түсіндіріледі, ақыр соңында, инвестициялық дербестігін негіздеу сәтсіз әрекет болған екен, оны қайдағы бір «аралас құқық» деп тану орын алған екен деген күдік туады. Бірақ, шындап келгенде, бұлай емес. Біздіңше, инвестициялық құқық ғылымының қалыптасуында оң сәттердің болғанын атап өткен жөн: біріншіден, заң әдебиетінде тұңғыш рет инвестициялық құқықтың дербестігі туралы идея көтерілді; екіншіден, бір зерттеудің шеңберінде, инвестицияларды (тіпті шетелдік болсын) жүзеге асыруға байланысты мәселелер біріктірілді; үшіншіден, бастапқы алға қойылған мақсатқа (инвестициялық құқықтың дербестігін дәлелдеуге) қарамастан, автор инвестициялық құқықтың кешенді сыпаты туралы мейілінше дұрыс қорытындыға келеді. Солай бола тұрса да, инвестициялық құқықты құқықтың дербес саласы деп тануға болмайды, жекеменшік-құқықтық және жалпылама-құқықтық бастамаларды қамтыған құқықтың кешенді саласы деген пікірде қаламыз. Б.Б.Самарходжаевтың пікірі де осындай қарама-қарсы пікір туғызады. Бірінші жағынан, Б.Б.Самарходжаев, біздің пікірімізше, инвестициялық құқық-құқықтың кешенді саласы деген дұрыс қорытынды жасайды, екінші жағынан, осыны дәлелдеуге тырысқан айғақтарымен келісуге болмайды. біріншіден, инвестициялық құқық-құқықтық дербес саласы, екіншіден, инвестициялық құқық «өзінің реттеу әдісі мен мәніне ие болып отыр, әдеттегіден, «құқықты салаларға бөліну негізіне реттеу әдісі мен мәні»[6] жатады пікірімен келісуге болмайды. Біздіңше, бұл жағдайда құқықтың кешенді саласы ретінде инвестициялық құқықты танудың негізіне құқықтың дербес саласы ретінде шарттардың жатқызылуын ақтауға болмайды. Алайда, инвестициялық құқық әртүрлі салалық бағыттағы (азаматтық, халықаралық, қаржы, банк заңнамалары) нормаларды біріктіретін заңнаманың кешенді саласы туралы берік орныққан. Атап айтқанда, инвестициялық құқық құқықтың дербес саласы болып табылмайды, өйткені, құқықтың реттеудің мәні мен әдісіне ие емес; табиғатына қарай көп жағдайда өзінің сыпатына қарай қарама-қарсы әртүрлі (азаматтық немесе әкімшілік) қарым-қатынастар реттеу негізі бола алады. Инвестициялық қызметтің, инвестициялық қатынастардың құқықтық реттеу маханизмін қарастыруда құқықтың[7] емес, заңнаманың тиісті саласымен істес боламыз. Алайда, біздің пікірімізше, мәселенің осылай қойылысымен келісуге болмайды, толық және қажетінше заңнама мен құқық жүйесінің өзара әрекетінің проблемаларын зерттеу керек, құқық жүйесінің, оның құрылымдық элементтерінің (ең алдымен құқық салаларының) қалыптасуы мен дамуының заңдылықтары мен ерекшеліктерін зерттеп білу қажет. Әдебиетте айтылған пікірлерді жинақтай келіп, мынадай қорытынды жасауға болады: қазір құқық жүйесі жөнінде екі тоқтам қалыптасты: «құқық құрылымының қосарлануы» тұғырнамасы және «құқықтың қосарлануы» тұғырнамасы және «құқықтың бір жазықтық құрылымы» тұғырнамасы. Бірінші теорияға сәйкес құқықтық жүйеде заң тәртібінде оқшауланған негізгі құрылымдармен бірге кешендік сыпаттағы құрылымдар бар. Құқықтың кешенді салаларының идеясын 1947 В.К.Райхер ұсынды, кейін оны С.С.Алексеев, В.Н.Протасов, М.Қ. Сүлейменов, Ю.К.Толстой, т.б. қолдап дамытты, бірақ қазірге дейін бұл теорияны жақтаушылар саны көп емес. Қазақстан Республикасында құқықтың кешенді салаларының негізін қалаушы және сенімді жақтаушысы М.Қ.Сүлейменов, ол отыз жылдан астам уақыт бойы осы теорияның негізгі ережелерін тынбастан насихаттап келеді (мынаны атап өткен жөн: әуелбаста О.С.Иоффе де құқықтың кешенді салаларының тұғырнамасын ұстанып келген-ді кейін бұдан бас тартып, осы теорияға үзілді-кесілді қарсы шықты). В.Н.Протасов мынаны әділетті түрде атап көрсетті: құқық жүйесінде кешенді салалардың қалыптасуы мен дамуы заң ғалымдарының теориялық күш-жігеріне кереғар сыпатта өтеді; кешенді салалардың пайда болуы құқық жүйесінің[8] дамуындағы тек объективті жағдайларға байланысты. Қазіргі уақытта заңнама жүйесін салалық актылармен бірге кешенді сыпаттағы актылар құрастыратын жоққа шығаратын адам табыла қоймас. Сондықтан, әдеттегідей, заң жүйесінде жекеленген кешенді құрылымдар (оның ішінде кәсіпкерлік, банк, кеден, т.б.) қалыптасуы мүмкін екендігін мойындау қажет. Атап айтқанда Н.С.Соколованың пайымдауынша, құқықтық нысанның интеграциялануы заңнаманың кешенді салаларының қалыптасуына әкеліп соғады, бұған шаруашылық заңнамасын[9] қосуға болады. Алайда, құқықтық кешенді салаларының теориясына қарсылар пайымдағандай, бұл құқық жүйесіне ешқандай ықпал жасамайды. Мысалы, В.Ф.Яковлев заңнаманың кешенді салаларының пайда болуы мен қолданыс табуы қоғамдық өмірдің белгілі бір саласында қатынастарды реттеуге құқықтың әртүрлі салаларының өзара іс-әрекетінің нәтижесі деп санайды: азаматтық құқық құқықтың көптеген салаларымен өзара іс-әрекет жасайды, атап айтқанда, әкімшілік, қаржы, салық, еңбек, табиғи ресурстар мен табиғат қорғау құқықтарымен өзара байланыста әрекет жасайды; соның нәтижесінде қызметтің белгілі бір салаларына (азаматтық қатысуымен кешенді құрылымдар - өнеркәсіп, құрылыс, көлік, банк құқықтары, т.б.)[10] жататын заңнама құрылымдары құралады. Құқықтың кешенді салаларының идеяларын жақтаушылардың да, қарсыластарының да тұжырымдарымен келісу қиын, өйткені мұнда құқық салаларының қалыптасуы құқықтың әртүрлі салаларының өзара іс-әрекетіне байланысты. Құқықтың негізгі және кешенді салаларының қалыптасу негізіне анағұрлым объекті сыпаттағы себептер алынады. Егер құқықтың кешенді салалары туралы айтар болсақ, олардың пайда болуының қажеттілігі қоғамдық дамудың объектілік қажеттілігінен туындайды.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |