Жеке қорғаныш құралдарын кию және шешу тәртібі
І. ЖҚҚ-ға қойылатын жалпы талаптар ЖҚҚ пайдалану орнына жақын таза аймақта орналасуы тиіс, ластануды болдырмау үшін таза, құрғақ жерде қауіпсіз сақталады. Үй ошағына барған кезде ЖҚҚ қолданар алдында оны таза контейнерде тасымалдау керек. Үй ошағында пайдаланғаннан кейін шығатын жерде шешіледі және В сыныбындағы қалдықтарға арналған сары пакетке салынады. Егер өндіруші көрсетпесе немесе көп рет пайдалану үшін келісілмесе, ЖҚҚ-ы бір рет пайдаланылады. ЖҚҚ әр пациенттен кейін және/немесе процедура немесе медициналық манипуляция аяқталғаннан кейін бірден өзгереді. Зақымдалған немесе ластанған кезде ЖҚҚ-ны дереу ауыстыру керек. Егер қорғаныш көзілдірігі/қорғаныш қалқандары/комбинезон сияқты көп рет пайдалануға болатын ЖҚҚ пайдаланылса, ЖҚҚ өндірушінің нұсқаулықтарына сәйкес әр пайдаланылғаннан кейін зарарсыздандырылуы қажет. ЖҚҚ персоналдың киім мөлшеріне сәйкес таңдалуы тиіс. ЖҚҚ медициналық жұмыс костюмінің үстіне киіледі. ЖҚҚ таза аймақта киіледі. Лас аймақта медицина қызметкері ЖҚҚ-ны шешеді. ЖҚҚ кию және шешу аймағында қолды өңдеуге арналған антисептиктер болуы тиіс. Таза аймақта адамның бойымен бірдей айна болуы керек. Лас аймақта В сыныбының медициналық қалдықтарын жинауға арналған таңбаланған контейнер (пайдаланылған ЖҚҚ-ны жинауға арналған), қол жууға арналған раковина және қолды өңдеуге арналған антисептиктер болады. ЖҚҚ-ны кию ЖҚҚ пайдалануды бақылау жөніндегі жауапты адамның қатысуымен жүргізіледі. Медицина қызметкері науқастың палатасына кіргеннен кейін жауапты адам таза аймақта күту керек. Егер жауапты адам болмаған жағдайда қызметкер көзбен шолып бақылауды жүзеге асыра отырып, айна алдында киінеді. ЖҚҚ пайдалануды бақылау жөніндегі жауапты адам – бұл ЖҚҚ-ны кию/шешу техникасына және биологиялық қауіпсіздік шараларына оқытылған медицина қызметкері. Ол ЖҚҚ-ны кию және шешу кезінде көзбен шолып бақылауды жүзеге асырады.
1. №1 қорғаыш деңгейі.
ЖҚҚ-ны кию
ЖҚҚ-ны кию алдында қолды сабынмен жуып, спирттің негізіндегі антисептикпен өңдеу қажет. 1) Бас киімнің астына шашты салып, оны киіңіз. 2) Арқасында байламдары бар тоқылмаған материалдан бір рет қолданылатын халатты киіңіз. Халат денені мойыннан тізеге дейін, қолдарын білек ұшына дейін толық жабады және арқасында байланады. Мойны мен белінде түймеленеді немесе байланады. 3) Жауапты адам халаттың арқа мен белді толық жабуын бақылайды. 4) Егер сіз оптикалық көзілдірік киген болсаңыз, оны респиратор кигенше шешіңіз. Көзілдірік линзаларын спиртті салфеткамен сүртіңіз. Респираторды киіңіз және оның бетке тығыз жанасуына көз жеткізіңіз. Респиратор пайдаланылатын бет қалқаншасына сәйкес келуі тиіс. Респиратордың жанасуын қамтамасыз ету үшін екі саусақпен мұрын клипсін қысыңыз. Респиратордың жанасуын тексеру үшін бірнеше дем шығарыңыз. Көзілдіріктің имек тұтқасын респиратордың байланымының артына салып, оптикалық көзілдірікті киіңіз. Жауапты адам респиратор байламдарының желкеде орналасуының дұрыстығын тексереді. 5) Қолайлы өлшемдегі стерильді емес нитрил/латекс қолғаптарын киіңіз. Қолғап жеңдердің манжеттерін жабатынына көз жеткізіңіз. Палатаға кіреберісте жауапты адам соңғы тексеруді жүргізеді. · Қолыңызды беттен алыс ұстаңыз · Өзіңіз ұстайтын беттердің санын шектеңіз · Егер олар бүлінген немесе қатты ластанған болса, қолғапты ауыстырыңыз · Қол гигиенасы қағидаларын сақтаңыз. ЖҚҚ-ның бүтіндігі бұзылған жағдайда, ол құсық массаларымен немесе науқастың басқа бөлінділерімен ластанған жағдайда палатадан кетіңіз.
ЖҚҚ-ны шешу
Медицина қызметкері ЖҚҚ-ны шешуге арналған аймаққа шығады. 1) Ластанған беттерді ұстамай қолғапты шешеді, қолғапты медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салады. · Қолғаптың сыртқы жағы ластанған! · Егер қолдарыңыз қолғап шешкен кезде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирттің негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз. · Қолғаптағы қолыңызды пайдаланып, басқа қолғаптың алақан тұсын ұстап, бірінші қолғапты тартыңыз. · Шешілген қолғапты қолғаптағы қолыңызда ұстаңыз. · Қолғапсыз қолыңыздың саусақтарымен екінші қолыңыздың білек тұсынан ұстап, екінші қолғапты бірінші қолғаптың үстінен тартыңыз. 2) Қолды спирттің негізіндегі антисептикпен өңдеңіз. 3) Халаттың байлауын үзіп, халатты ластанған жағымен ішке қарай бұрап шешіңіз. · Халаттың алдыңғы бөлігі мен жеңдері ластанған! · Егер сіздің қолыңыз халатты шешу кезінде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирт негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз. · Байлауды шешу кезінде жеңдердің денеңізге тимеуін қадағалай отырып, халат байламдарын шешіңіз. · Халаттың тек қана ішкі жағын ұстап, халатты мойын мен иықтан сыртқа тартыңыз. · Халаттың сыртын айналдырыңыз. · Халатты жинаңыз немесе түйіндеп байлаңыз және медициналық қалдықтарға арналған контейнерге тастаңыз. 4) Қолыңызды спирт негізіндегі антисептикпен өңдеңіз. 5) Медициналық масканы немесе респираторды шешіңіз. · Медициналық масканың/респиратордың алдыңғы бөлігі ластанған — ҰСТАМАҢЫЗ! · Егер сіздің қолыңыз медициналық масканы/респираторды шешу кезінде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирт негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз. · Медициналық масканың/респиратордың төменгі байламдарын немесе иілгіш ленталарын, содан кейін жоғарғы байламдарын ұстап, алдыңғы жағына тимей шешіңіз. · Медициналық қалдықтарға арналған контейнерге тастаңыз. 6) Қолыңызды спирт негізіндегі антисептикпен өңдеңіз. 7) Бас киімді шешіп, медициналық қалдықтарға арналған контейнерге тастаңыз. 8) Барлық ЖҚҚ-ны шешкеннен кейін қолыңызды жуып, спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз. Жауапты адам медицина қызметкерінің іс-әрекетін бақылайды.
2. №2 қорғаныш деңгейі.
ЖҚҚ-ны кию
1) Қолды сабынмен жуып, спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз. 2) Бас киімнің астына шашты салып, оны киіңіз. 3) Респираторды киіңіз (N95 немесе FFP2). Екі саусақпен мұрынға респиратор клипсін басыңыз. Бірнеше дем шығарып, респиратордың тығыз орналасқанына көз жеткізіңіз. Егер сіз оптикалық көзілдірікті киген болсаңыз, оларды респиратор кигенше шешіңіз, көзілдірік линзаларын спирттік салфеткамен сүртіңіз. 4) Қорғаныш көзілдірігін немесе қорғаныш қалқаншасын киіңіз, оларды реттеңіз. Егер бет қалқаншасы болмаса, қорғаныш көзілдірігін оптикалық көзілдіріктің үстінен киеді. 5) Арқасында байламы бар мата емес материалдан тігілген халатты пайдаланған кезде. Халат денені мойыннан тізеге дейін, қолды білектің ұшына дейін толығымен жабады және артқы жағына байланады. Мойын мен белге бекітіледі немесе байланады. 6) Комбинезонды пайдаланған кезде. Тоқылмаған материалдан жасалған капюшоны бар қорғаныш комбинезонын ашыңыз. Комбинезон сырғытпасын ашып, оны жоғарыға қарай жылжытыңыз. Комбинезонның оң және сол жақтарын тізбектеп киіңіз. Комбинезонның жоғарғы жағын түзеп, жеңін киіңіз. Комбинезонның сырғытпасын иекке дейін сырғытыңыз. Капюшонды киіңіз. Комбинезон сырғытпасын соңына дейін жабыңыз. Комбинезон клапандарының жабысқақ лентасынан қорғаныш пленкасын алып, оларды оған жапсырыңыз, сырғытпасы мен жағасын жабыңыз. 7) Қолайлы мөлшердегі стерильді емес нитрил/латекс қолғаптарын киіңіз. Қолғап жеңдердің манжеттерін жабатындығына көз жеткізіңіз. 8) Жауапты адам медицина қызметкерінің іс-әрекетін бақылайды.
ЖҚҚ-ны шешу
Медицина қызметкері ЖҚҚ-ны шешу үшін лас аймаққа шығады. 1) Қолды спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен немесе қолды дезинфекциялау ерітіндісі бар ыдысқа батыру арқылы өңдеңіз. 2) Ластанған бетке тимей, қолғапты шешіңіз, оларды қақпағы жабылатын медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салыңыз. · Қолғаптың сыртқы жағы ластанған! · Егер қолдарыңыз қолғап шешкен кезде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирттің негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз. · Қолғаптағы қолыңызды пайдаланып, басқа қолғаптың алақан тұсын ұстап, бірінші қолғапты тартыңыз. · Шешілген қолғапты қолғаптағы қолыңызда ұстаңыз. · Үстіңгі қолғапсыз қолыңыздың саусақтарымен екінші қолыңыздың білек тұсынан ұстап, екінші қолғапты бірінші қолғаптың үстінен тартыңыз. 3) Қолды спирт негізіндегі антисептикпен немесе қолды дезинфекциялық ерітіндісі бар ыдысқа батыру жолымен өңдеңіз. 4) Комбинезон клапандарының жабысқақ лентасын алып, сырғытпасын шешіңіз. Комбинезонның капюшонын шешіңіз. Комбинезон жеңдерін лас жағымен ішіне қарай айналдырып, комбинезонның жеңдерін шешіңіз. Комбинезонның лас жағын ішіне айналдырып, оны толық шешіңіз және оны қақпағы жабылатын медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салыңыз. Егер су өткізбейтін бахилаларды пайдалансаңыз, оларды киіммен бірге шешіңіз. 5) Қолды спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен немесе қолды дезинфекциялау ерітіндісі бар ыдысқа батыру арқылы өңдеңіз. 6) Егер Сіз тоқылмаған материалдан жасалған, арқасында байламы бар халатты пайдаланған болсаңыз, шешу тәртібі № 1 қорғаныш деңгейінде көрсетілген. 7) Қорғаныш көзілдірігін немесе қорғаныш қалқанын шешіңіз. · Көзілдіріктің сыртқы жағы немесе қалқан ластанған! · Егер қолыңыз көзілдірікті немесе қалқаншаны шешу кезінде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирт негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз. · Бастағы бауларын немесе көзілдірік тұтқасын көтеріп, көзілдірікті немесе қалқаншаны артқы жағынан бастап шешіңіз. · Егер қорғаныш көзілдірігі немесе қорғаныш қалқаншасын қайта пайдалануға болатын болса, оны өңдеуге арналған арнайы контейнерге салыңыз. Егер олай болмаса, медициналық қалдықтарға арналған контейнерге тастаңыз. 8) Қолды спирт негізіндегі антисептикпен немесе қолды дезинфекциялау ерітіндісі бар ыдысқа батыру жолымен өңдеңіз. 9) Респираторды шешіп, оны қақпағы жабылатын медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салыңыз. · Респиратордың алдыңғы бөлігі ластанған — ҰСТАМАҢЫЗ! · Егер қолдарыңыз респираторды шешкен кезде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирт негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз. · Медициналық масканың/респиратордың төменгі жақтағы байламдарын немесе иілгіш ленталарын, содан кейін жоғарғы байламдарын ұстап, алдыңғы жағына тимей алып шешіңіз. 10) Қолды спирт негізіндегі антисептикпен немесе қолды дезинфекциялық ерітіндісі бар ыдысқа батыру жолымен өңдеңіз. 11) Медициналық бас киімді шешіп, оны қақпағы жабылатын медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салыңыз. 12) Барлық ЖҚҚ-ны шешкеннен кейін қолды жуып, қолды спирт негізіндегі антисептикпен өңдейді. Жауапты адам медицина қызметкерінің іс-әрекетін бақылайды. Қолыңызды жуыңыз, душ қабылдаңыз, таза киім киіңіз және таза аймаққа шығыңыз.
3. №3 қорғаныш деңгейі. Ауаны мәжбүрлеп беретін респираторды пайдалану арнайы даярлықтан өтуді талап етеді. Әр түрлі өндірушілердің респираторлары бір-бірінен өзгеше болуы мүмкін, ұйымыңызда қабылданған стандартты операциялық рәсімдерді орындаңыз.
ЖҚҚ-ны кию
1) PAPR батареясының толық зарядталғанына көз жеткізіңіз. 2) қолды сабынмен жуып, оны спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз. 3) мата емес материалдардан тігілген капюшонсыз комбинезонды ашыңыз. 4) комбинезон шалбарынан алмай, етікті киіңіз, содан кейін жоғары тартып комбинезонды киіңіз. 5) қолдың үлкен саусағын комбинезон жеңдерінің манжеті жанындағы саңылауға кигізіңіз. Комбинезон сырғытпасын салыңыз. 6) нитрил/латекс қолғапты комбинезон манжеттерін жабатындай етіп киіңіз. 7) ауа үрлеуіш қозғалтқышы бар белдікті киіңіз. 8) қажет болған жағдайда алжапқыш киіңіз. 9) өндірушінің нұсқаулығына сәйкес батареяны тиісті ұяшыққа салыңыз (егер қолданылса). 10) жауапты адам ауа беру түтігін ауа үрлегішпен қосады. Респиратор шлемін (немесе капюшонды) ауа беру түтігімен жалғаңыз. Ауа ағыны индикаторының жұмысын тексеріңіз. 11) PAPR шлемін (немесе капюшон) киіңіз. Жауапты адам оны ауа беру түтігімен жалғайды.
ЖҚҚ-ны шешу
Медицина қызметкері ЖҚҚ-ны шешу үшін лас аймаққа шығады. 1) Қолды спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз. 2) Дезинфекциялау ерітіндісіне батырылған кілемшеге тұрыңыз. 3) Ластанған бетке тимей, қолғапты шешіңіз, оларды қақпағы жабылатын медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салыңыз. · Қолғаптың сыртқы жағы ластанған! · Егер қолдарыңыз қолғап шешкен кезде ластанса, тез арада қолды жуыңыз немесе спирттің негізіндегі қолға арналған антисептикті пайдаланыңыз. · Қолғаптағы қолыңызды пайдаланып, басқа қолғаптың алақан тұсын ұстап, бірінші қолғапты тартыңыз. · Шешілген қолғапты қолғаптағы қолыңызда ұстаңыз. 4) Қолды спирт негізіндегі антисептикпен өңдеңіз. 5) Комбинезон сырғытпасын шешіңіз. Комбинезонның лас жағын ішіне айналдырып шешіңіз. Оны қақпағы жабылатын медициналық қалдықтарға арналған контейнерге салыңыз. 6) Қолды спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз. 7) PAPR шлемін (капюшон) ауа беру түтігімен қосылған жерден ұстап тұрып шешіңіз. Шлемді (капюшонды) қолыңызда ұстап тұрып, ауа беретін түтіктен ажыратыңыз. Дезинфекция аймағына өтіңіз 8) Ауа үрлеуіші мен ауа беру түтігімен қосылған белдікті шешіңіз. 9) Қолды спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз. Қолғаптың таза жұбын киіңіз. 10) Қолданыстағы нұсқаулыққа сәйкес PAPR компоненттерін дезинфекциялаңыз. 11) Спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдеңіз. 12) Барлық ЖҚҚ-ны шешкеннен кейін қолды жуып, спирт негізіндегі қолға арналған антисептикпен өңдейді. Жауапты адам медицина қызметкерінің іс-әрекетін бақылайды. Қолыңызды жуыңыз, душ қабылдаңыз, таза киім киіңіз және таза аймаққа шығыңыз.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі № 38 қаулысына 4-қосымша
Жеке қорғаныш құралдарын пайдалану және кәдеге жарату алгоритмі
І. Қорғаныш маскаларын кию 1. Халық үшін медициналық немесе матадан тігілген маскаларды кию міндетті: - қоғамдық орындарда, халықтың келуіне, қызмет көрсетуіне және демалуына арналған үй-жайларда, қоғамдық көлікте, 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтау кезінде қоғамдық тамақтану орындарында тамақ ішу жағдайларын қоспағанда; - қоғамдық орындарда 5 жасқа дейінгі балаларды және жеке, топтық спортпен шұғылданатын адамдарды қоспағанда, әлеуметтік қашықтықты сақтаған кезде 5 адамнан аспайтын ашық ауада; - COVID-19 күдікті адамға көмек көрсету кезінде сау адамдарға; - коронавирустық инфекцияға ұқсас аурудың белгілері (безгегі, жөтел, түшкіру) бар адамдар. Бұл ретте осы тармақ адамды міндетті орындауға міндеттейді және бұзушылық болған жағдайда кінәлілерге әкімшілік шаралар қолданылады. 2. Медициналық және матадан тігілген маскаларды (бұдан әрі - маскалар) қалай қолдануға болады 1) Бір рет қолданылатын маскалар бір рет пайдаланылады; 2) Масканы аузын, мұрнын және иегін жабатындай етіп кию керек. Бұл жағдайда ол тығыз бекітілуі керек. Егер маскада баулары болса, оларды мықтап байлау керек. 3) Маскада арнайы қатпарлар болған кезде оларды ашу керек, ал мұрын аймағында тігілген икемді пластина болған жағдайда, оны бетке неғұрлым толық жанасуды қамтамасыз ету үшін мұрынға мықтап бүгу керек. 4) Масканы қолданған кезде сүзгілеу бетіне қолды тигізбеу керек. 5) Медициналық ұйымдарда және үй карантиніндегі адамдар масканы кемінде 2 сағатта 1 рет ауыстыру керек. 6) Егер маска дымқыл немесе ластанған болса, жаңа таза және құрғақ маска киіңіз. Бір рет қолданылатын маскаларды қайта пайдаланбаңыз. 7) Пайдалану кезінде медициналық масканы ұстамаңыз. Медициналық масканың сүзгіш жағынан ұстамай, резеңкесінен (байлау) шешу керек. Медициналық масканы шешкеннен кейін бетіңізді ұстамаңыз және қолды бірден жуыңыз. Бұл сіз масканың бетін кездейсоқ ұстаған болсаңыз да, вируспен байланысты болдырмауға көмектеседі. 8) Инфекцияның матадан тігілген маскалар арқылы таралуын болдырмау үшін оларды жиі жуып, ұқыпты ұстау керек. Матаның тозуының айқын белгілері болған кезде оны ауыстыру керек.
ІІ. Бір рет қолданылатын жеке қорғаныш құралдарын қалай кәдеге жарату керек 1. Жағдайға, персоналға және қызмет түріне байланысты COVID-19 инфекциясы кезінде ЖҚҚ-ны таңдау, COVID-19 кезінде ЖҚҚ пайдалану алгоритмі осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады. 2. COVID-19 аурулары бар карантиндік орталықтарда, инфекциялық стационарларда, COVID-19 ауруын жоққа шығармайтын симптомдары бар науқастар және COVID-19-бен ауыратын науқастармен байланыста болған адамдар пайдаланған ЖҚҚ «В» сыныбының қалдықтары (төтенше эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар) ретінде зарарсыздандырылуға және жойылуға жатады. 3. Карантиндік орталықтарды, инфекциялық стационарларды қоспағанда, денсаулық сақтау ұйымдарында пайдаланылған ЖҚҚ-ны «Б» сыныбының қалдықтары (эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар) ретінде тастауға жатады. Барлық медициналық ұйымдарда COVID-19-ға күдікті немесе расталған пациент анықталған кезде пайдаланылған ЖҚҚ «В» сыныбының қалдықтары (төтенше эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар) ретінде зарарсыздандыруға және жоюға жатады. Осы мақсатта барлық бөлімшелерде «Б» сыныбының, сондай-ақ «В» сыныбының пакеттері мен ҚЖКЖҚ жеткілікті мөлшерде болуы тиіс. 4. Пайдаланылған ЖҚҚ салынған пакеттер «Б» сыныбының қалдықтары (эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар) ретінде мамандандырылған кәсіпорындармен шығарылады және кәдеге жаратылады. 5. Қызметкерлері санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды (көшелерді патрульдеу, үй-жайларды және қоғамдық орындарды дезинфекциялау бойынша) жүргізуге тартылған ұйымдар мен объектілерде, оның ішінде полиция қызметкерлері, еріктілер пайдаланған ЖҚҚ жинауға арналған пакеттерді уақытша сақтау үшін арнайы орын бөлінуі тиіс. 6. Тартылатын персоналмен ЖҚҚ-ны қауіпсіз пайдалану бойынша нұсқау, пайдаланылған ЖҚҚ-ны жинауға арналған пакеттерді уақытша сақтау орнымен танысу жүргізіледі. 7. Үй жағдайында пайдаланылған медициналық маскаларды (соның ішінде түшкіргенде және жөтелгенде пайдаланылған сулықтарды) жеке пакетке жинап, оны тығыз және герметикалық жабу керек және содан кейін ғана қоқыс шелегіне лақтыру керек. Халық пайдаланатын медициналық маскалар «А» сыныбының медициналық қалдықтарына (қауіпті емес медициналық қалдықтар, ҚТҚ сияқты) жатады және полигондарға шығарылады. 8. «Б» және «В» сыныптарының қауіпті медициналық қалдықтарын тасымалдауды, залалсыздандыруды және кәдеге жаратуды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі № 38 қаулысына 5-қосымша
І. Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңіндегі тамақ өнімдерін көтерме және бөлшектеп сату (сақтау) объектілеріне қойылатын талаптар
1. Сауда объектісінің әкімшілігі Infokazakhstan.kz сайтында жұмыс жағдайларына қойылатын талаптармен міндетті түрде танысады және тиісті келісімге қол қояды. 2. Кіреберісте (ресепшн, күзет пункті) дене температурасын бақылауды сауда объектісінің қызметкері барлық қол жетімді кіреберістерде байланыссыз немесе байланыс тәсілімен жүзеге асырады. 3. Сауда объектісінің аумағына маскасыз кіруге және болуға жол берілмейді. 4. Объекті әкімшілігі мен жауапты адамдар келушілердің, қызметкерлердің міндетті түрде маска киюін, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтауын қадағалайды. 5. Ағындарды бағыттау және әлеуметтік қашықтықты сақтау, касса маңы аймақтарында және кезектер пайда болатын басқа жерлерде (санитариялық тораптар, киім ілетін орындар және т.б.), сондай-ақ әрбір бутик пен сауда орнының алдында адамдар көп жиналатын орындарға жол бермеу үшін қоршаулар мен тосқауыл таспалардан еден таңбаларын, сондай-ақ ирек белгі салу қамтамасыз етіледі. 6. Сауда объектілерінің әкімшілігі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер қаулыларының талаптарына сәйкес әлеуметтік қашықтық сақталған жағдайда (сауда алаңының 4 шаршы метрі 1 адамға шаққанда) келушілердің объектіні толтыруын қамтамасыз етеді. 7. Сауда объектісінің әкімшілігі сатушылар арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, толтыруды қамтамасыз етеді. 8. Сауда объектілерінің әкімшілігі келушілердің рұқсат етілген саны туралы көрнекі ақпаратты әрбір бутикке кірген кезде қолжетімді жерде орналастырады. 9. Тауарлар сататын адамдар сауда аймақтарында (бутиктерде) сауда алаңының 4 шаршы метріне 1 адам есебінен әлеуметтік қашықтықтың сақталуын қамтамасыз етеді. 10. Санитариялық шараларды сақтау қажеттілігі туралы радиотрансляция кемінде 60 минутта 1 рет жүзеге асырылады. 11. Сауда объектісінің меншік иесі мыналарды қамтамасыз етеді: 1) санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына (температураны өлшеу, персоналға нұсқау беру, жеке қорғаныш құралдарын уақтылы ауыстыру, дезинфекциялау, жуу және антисептикалық құралдардың қажетті қорын қадағалау, нұсқама жүргізу журналын жүргізу, маскаларды, респираторларды, сулықтарды кәдеге жарату, жабдықтар мен мүкәммалды өңдеу, үй-жайларды жинау) жауапты адамды айқындау; 2) кіреберісте, сауда залдарының холлдарында, дәліздерде, лифтілерге, санитариялық тораптарға кіреберісте, сондай-ақ әрбір бутикте тері антисептигі бар санитайзерлер орнату; 3) жұмыскерлер арасында жеке/өндірістік гигиена қағидаларын сақтау және олардың мүлтіксіз сақталуын бақылау, кварц шамдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы нұсқама өткізу; 4) жеке гигиена құралдарымен санитариялық тораптар (сұйық сабын, антисептиктер, дәретхана қағазы); 5) халыққа қызметті антисептиктермен қолды өңдеу арқылы маскамен көрсету; 6) әрбір 2 сағат сайын желдету режимін сақтауды қамтамасыз ете отырып, сауда объектілерінің ішінде профилактикалық тексеру (сүзгілерді ауыстыруды, ауа өткізгіштерді дезинфекциялауды қоса алғанда) жүргізе отырып, желдету жүйелері мен ауаны баптау жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі; 7) техникалық персоналдың (тазалаушының) жеке қорғаныш құралдарын (қолғап, медициналық маска) пайдалана отырып, арнайы киімде дезинфекция жүргізуі; 8) пайдаланғаннан кейін жинау мүкәммалын (шелектер, щеткалар, шүберектер) арнайы бөлінген орындарда тиісінше сақтау; 9) өндірістік және тұрмыстық үй-жайларды вирулицидті әсері бар құралдармен дезинфекциялай отырып, есік тұтқаларын, ажыратқыштарды, тұтқаларды, таяныштарды, жанасатын беттерді (жабдықтарды, мүкәммалды, үстелдерді, орындықтарды), ортақ пайдаланылатын орындарды (киім ілетін орындарды, тамақ ішетін, демалатын бөлмелерді, санитариялық тораптарды) міндетті түрде дезинфекциялай отырып, күніне кемінде 2 рет ылғалды жинауды жүргізу; 10) үй-жайларды жинауға, қызметкерлердің қолын өңдеуге арналған дезинфекциялау және жуу құралдарының, қолғаптардың, тыныс алу органдарының ЖҚҚ-сының азаймайтын (кемінде бес күндік) қоры; 11) дезинфекциялау құралдарымен жұмыс істеуге денсаулық жағдайы бойынша қарсы көрсетілімдері жоқ кәмелетке толған адамдарды жіберу; 12) дезинфекциялау құралдарын дайындаушының қаптамасында, арнайы бөлінген құрғақ, салқын және қараңғыланған, балалардың қолы жетпейтін жерде тығыз жабылған күйінде сақтау. Дезинфекциялау іс-шараларын жүргізу кезіндегі сақтық шаралары және кездейсоқ улану кезіндегі алғашқы көмек әрбір нақты дезинфекциялау құралын қолдану жөніндегі нұсқаулықтарда жазылған. 13) табиғи желдету болмаған жағдайда ауаны зарарсыздандыру қоса берілетін нұсқаулыққа сәйкес кварц, бактерицидті шамдарды немесе ауа рециркуляторларын пайдалана отырып жүзеге асырылады. Кварц шамдарын пайдалану қағидалар қатаң сақталған жағдайда, үй-жайларды міндетті түрде желдете отырып, адамдар болмаған кезде жүзеге асырылады. Ауа рециркуляторларын адамдар болған кезде пайдалануға рұқсат етіледі.
ІІ. Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу кезеңінде сауда-ойын-сауық кешендеріне (орталықтар, моллдар) қойылатын талаптар
1. Объектінің әкімшілігі Infokazakhstan.kz сайтында сауда жасаушы адамдардың жұмыс жағдайларымен міндетті түрде танысады және тиісті келісімге қол қояды. 2. Кіреберісте қызметкерлер мен персоналдың дене температурасын байланыссыз бақылауды сауда объектісінің қызметкері (ресепшн, күзет пункті) барлық қол жетімді кіреберістерде жүзеге асырады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |