|
|
|
06.02.2018 Терең білімді заңгер ғана судья бола алады
Ә. Құрықбаев- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Судьясы- Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі, Біліктілік комиссиясының төрағасы
Қазақстандағы сот билігінің дамуы, оның әлемдік стандарттарға сай болуы, тәуелсіз және әділ болуы қазақ мемлекетінің демократиялық жолмен саяси дамуының ғана емес, сонымен қатар серпінді экономикалық дамуының да негізі болып табылады. Сот билігінің мәртебесі жоғары, билері әділ елді Би бабаларымыз айтқандай, от шалмайды, мүдделер қайшылығы шырмамайды. Білікті, моральдық, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген иманды, әділетті судья ғана сот билігінің мәртебесін көтереді, сотқа деген қоғам мүшелерінің сенімін арттырады. Сондықтан сот қадрларын іріктеу бүгінгі қоғамда өзінің маңыздылығымен ел назарын Соңғы конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сай үміткердің жасы отызда болуы керек. Жоғары білім алғаннан кейін заңгер ретінде он жыл, сот хатшысы немесе сот көмекшісі ретінде, прокурор, адвокат болып кемінде 5 жыл жұмыс істеуі қажет. Осыдан кейін ғана барып, ондай азаматтар үміткер ретінде біліктілік емтиханын тапсыруға жіберіледі. Жоғары Сот Кеңесінің жанынан құрылған біліктілік комиссиясы судьялық лауазымға үміткерлердің(бұдан әрі үміткер) білім деңгейін және оны практикада қолдану қабілетін айқындау үшін олардан біліктілік емтиханын қабылдауды жүзеге асыруда біраз жұмыстар атқарды. Еске сала кетейін біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі үш кезеңді қамтиды: 1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін және оны практикада қолдану қабілетін компьютерлік тестілеу; 2) үміткердің білімін және оны практикада қолдану қабілетін сот практикасынан нақты жағдайларды бейнелейтін емтихан билеттері бойынша тексеру; 3) психологиялық тестілеу. Емтихан билеттеріндегі сұрақтардың санын Комиссия белгілейді. Біліктілікке байланысты тестен, ауызша емтихан тапсырудың жалпы талабына тоқтала кетейін. Компьютерлік тест бойынша үміткерлердің заңның алты саласы бойынша білімі тексеріледі. Бұларға-Конституциялық, азамттық және азаматтық процестік, қылмыстық және қылмыстық процестік, әкімшілік заңдар саласы жатады. Осы заңдардың шеңберінде комиссия мыңнан аса сұрақтар дайындады. Және олар заңдардың өзгерулеріне не толықтыруларына байланысты жаңартылып отырылады. Компьютерлік тестен өту үшін үміткер тест бойынша қойылатын жүз сұрақтың 80 сұрағына дұрыс жауап беруі қажет. 80 сұраққа дұрыс жауап берген үміткерге жақсы деген баға қойылады және ол ауызша емтихан тапсыруға жіберіледі. Ауызша емтиханның билетіне үш сұрақ кіргізілген. Бұл сұрақтар сот тәжірибесінен алынған қылмыстық, азаматық және әкімшілік заңдарды үміткердің қолдана білуін тексеруге арналған модельдік жағдайлар. Бұл сұрақтар үміткердің теориялық білімін тексеруге бағытталмасада, үміткер модельдік оқиғаны талдап, оған заңды қолдана отырып, өзінің теориялық білімінің тереңдігін көрсетеді. Мәселен, билеттерде мынандай мазмұнда сұрақтар бар. «Жапаров Князевпен бірге оның пәтерінде арақ ішіп отырған. Сол кезде Жапаров Князевпен ұрысып қалған және оны пышақпен ұрып өлтірген. Содан соң ол туған ағасы Насрединовке келіп, оған Князевті өлтіргенін айтып, оған басқа киім беруді, ал қанға боялған киімін өртеп жіберуді өтінген. Насрединовтің әрекеті қалай саралануға тиіс?» Бұл қылмыстық оқиға байланысты үміткер өзінің теориялық білімін қолдана білу қабілетін көрсету керек. Үміткер мысалдағы Насрединов қылмыстық жауапқа тартыла ма, егер ол қылмыстық жауапқа тартылса, оның қылмыстық құқық бұзушылық әрекетін қылмыстық кодекстің қандай бабымен саралануға жататынын талдап айтып беруі керек. Сонымен бірге үміткер қылмысты жасырып қалу дегенміз не екенін, оның субъектісінің қандай адам болатынын, осы қылмыс бойынша қылмыстық жауапкершілік қанша жастан басталатынын және қандай қылмыстар үшін қылмысты жасырған үшін жауапкершілік орнатылғанын, заң бойынша жақын туыс дегенге кімдер жататынын және қандай туыстар қылмысты жасырғаны үшін жауапкершілікке тартылмайтынын да білуі қажет.Теориялық білімі терең емес, заңды ат үсті оқыған үміткердің заңды дұрыс қолданып, жауабының толық және дұрыс болуы неғайбыл. Азаматтық және әкімшілік заңдарына байланысты қойылатын талаптар да осындай. Жоғары Сот Кеңесі және біліктілік комиссиясы үміткердің конституциялық заңның талаптарына ғана сай болып қана қоймай кіршіксіз таза болуында қадағалап келеді. Осы мақасатпен Жоғары Сот Кеңесі үміткердің қылмыстық не болмаса әкімшілік жауапкершілікке тартылған-тартылмағанын арнайы тексеру арқылы анықтайды. Бұл тексеруді Жоғары Сот Кеңесі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Бас прокуратураның көмегімен іске асырып отыр. Осындай тексеруді Жоғары Сот Кеңесі үміткердің жақын туыстарына байланысты да өткізіп келеді. Осы арнайы тексеруден өткеннен кейін ғана үміткерлер біліктілік емтихандарын тапсыруға жіберіледі. Соңғы бір жарым жыл мерзім уақытысында өткізілген осындай тексерулер үміткерлердің арасында әлденеше рет әкімшілік жауапқа тартылғандардың бар екенін анықтап берді. Ал, әкімшілік жауапкершілікке тартылған біраз үміткерлер біліктілік емтихандарын тапсыруға жіберілмеді. Біліктілік комиссиясы бүгінгі күнге дейін Жоғары Сот Кеңесінің регламентіне сай 8 рет үміткерлерден біліктілік емтихандарын қабылдады. Осы емтихандарға барлығы 899 үміткер шақырылды. Емтихан тапсыруға келген үміткерлердің саны 404. Қалғандары себепті, себепсіз жағдайлармен емтихан тапсыруға келмей қалған. Емтихан тапсыруға қатысқан үміткерлердің 23 пайызы ғана емтихандардың барлық сатысынан сүрінбей өтті. Демек үміткерлердің көбі емтихан тапсыруға жеткілікті дайындықпен келмейді не мүлде дайындықсыз келеді. Осы жерде айта кететін бір мәселе конституциялық заң сотта жұмыс істейтін сот отырысы хатшыларына, судьяның кеңесшілеріне қысқартылған жұмыс өтілін ұсынып, оларға соттың, судьяның жұмысын тікелей біледі, сондықтан олар судьялық қызметке дайындығы мол деп сенім артып отыр. Дегенменде, олардың да білімдері көңілден шыға бермейді. Осыған орай Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы ұсынысымен облыстық соттадағы оқу орталықтарында, базалық соттарда сотта жұмыс істеп жүрген мамандарды біліктілік емтихандарына дайындау курстарын ашып, оларды емтихан тапсыруға дайындау шараларын қолға алынып, дайындау курстары жұмыс істей бастады. Судьялық лауазымға қандай үміткер болмасын мыналар есінде болғаны дұрыс: бірінші, оның біліктілігі жоғары болуы, екінші, ол судьяның әдебіне байланысты қойылатын талаптардың бәрін біліп қана қоймай оны оны күнделікті өмірде орындауға тырысуы, үшінші, судьяға әдебіне байланысты қойылатын шектерулер судьяға үміткер ретінде оғанда қойылатын шектеулер деп түсінуі, төртіншіден, ар тазалығы, имандылық оның түпкі қазығы болуы керек.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |