Орталық сайлау комиссиясы: Президент сайлауының нормасы бойынша цугцванг
Нұрзада Примашев,
заң ғылымдарының кандидаты,
доцент,
Астана қаласы
Ұлттық құқық жүйесінің маңызды бірлігі - заңнаманың қоғамдық қажеттілік туындаған кезде өзгеріп отыруы табиғи да, жасанды да заңдылық (бірақ, егемен мемлекет жағдайындағы Қазақстан Республикасында, өкінішке орай, ондай қажеттілік тек қана заң шығару процесінің негізгі субъектісі - мемлекеттің, яки уәкілетті мемлекеттік органдардың мүдделері мен қалаулары бойынша туындайды. Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауының бұған еш қатысы жоқ болып тұр). Осындай практика жағдайында құқықтың бағынуы тиіс «тұрақтылық» деген қасиеттің көлеңкесі де көрінбейді. Қайдан келетіні де белгісіз, небір заңнамалық актілерді қамтитын, шексіз де тұрақты тапсырмалар мен қас қағым сәтте әзірленіп, қабылдану жағдайындағы заң шығару процесі де «заңнаманың динамикасы» деген объективті құбылыстан жырақта жатыр...
Ұлттық заңнаманың осындай кемшілікті жағдайын қағидатты түрде қазақ тілінде ғана жазу менің негізгі ұстанымдарымның бірі. Тәуелсіз мемлекет кезінде қалыптасқан құқықтық та, тілдік те сапасы төмен заңшығару процесі практикасының өзіндік себептерінің объективтік және субъективтік табиғаты баршаға белгілі. Дейтұрғанмен қателерді көре тұра, оларды түзету әзірге мүмкін болмай тұр. Соңғы кезде жағдай одан әрі ушыға түсті... Барлық дерлік әзірлеуші мемлекеттік органдар заң жобаларын орыс тілінен қазақ тіліне аударуды компьютерлік бағдарламалар арқылы жасауға жаппай көшті. Осындай жағдайда қолданыстағы заңнамада заң жобаларының қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің теңтүпнұсқалылығы үшін белгіленген жауапкершілік жайына қалды (Қараңыз: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының Регламенті»).
Қазақ тілінің осындай мүшкіл жағдайы мемлекеттік органдарда өз қызметтерін адал атқарып жүрген қазақ тілінің мамандарына да теріс әсерін тигізуде. Олардың өздерінің кім, қандай мәртебеде, құқықтық жағдайлары қандай екенін біле алмайтын һәм соңғы «сұрыптағы» мамандар есебінде, яғни мемлекеттік қызмет сатысындағы лайықты орнын әлі күнге дейін таба алмай жүргені де ешкімге жасырын емес. Олар Ана тілі үшін, өздерін ешкім көріп, тыңдамағасын тілдері жоқ мылқау күйінде. яғни мемлекеттік билікті ұстап жүргендердің айтқандарына, баршасына көніп қызметтерін адал атқарып жүр. Олардың тек өздерінің түрлі чаттарында «шырылдап» жатқаны да өмір шындығы... Жалпы айтқанда, тіл де, тіл мамандары да тығырықта...
Жалпы 34 жылдық осындай практика жағдайында 21 жыл бұрын, яғни 2004 жылғы 14 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданып, оның қандай салдар туғызғанын, шынында, туғызатынын бірде бір уәкілетті мемлекеттік орган да, жалпы мемлекеттік билік те байқамаған...
Бұл жағдаятта қатенің қате туғызғаны айқын! Жалпы құқық теориясында басшылыққа алынатын және ескерілетін, ежелгі Рұмнан қалған, көпшілік мойындайтын «Grammatica falsa non vitiat chartam» деген ереже/қағидат қазақстандық заң шығару процесінде жұмыс жасай алмайды. Өйткені қатесі бар сөздің де, әріптің де, тіпті тыныс белгісінің де құқық нормасының мағынасына тигізетін кері әсері үлкен екені белгілі («заң тілі математика тілінен кейінгі нақты тіл» деген сөз де бар). Бұл жерде мәселе заңнамалық актілерді орыс тілінен қазақ тіліне аударуда жіберіліп жатқан шексіз аударма қателерінде емес. Екі тілдегі мәтінде одан да бөлек күрделі қателер жеткілікті. Олардың арасында тіпті Конституциядан бастап, өрескел құқықтық қателердің барын да жалпы жұрттың біле бермейтіні де анық.
Қолданыстағы нормаларда баршаға белгілі нақты баламасы бар ұғымдардың қолданылмауы да көп кездеседі. Мысалы, «Қазақстан Республикасының Шет елде алиментті өндіріп алу туралы конвенцияға қосылу туралы» 1999 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған осы конвенцияның 2-бабының «Тиісті инвестицияларды тағайындау» деген тақырыбындағы екінші сөз мүлдем орынсыз. Осы баптың мәтінінде тек «инстанциялар» деген ұғым қолданылған, сондықтан бап тақырыбында да сол ұғым болуға тиіс еді. Осы сынды қателерді кімнің, қашан, қалай жібергені ешкімді қызықтырмайды, өйткені мұндайда норманы қолданушы (зерделеуші мен зерттеушіні де қоса алғанда) «Әділет» құқықтық ақпарат жүйесінде орналастырылған ресми мәтінді міндетті түрде басшылыққа алатыны да заңдылықты. Қабылданғаннан, яғни 1999 жылдан бері қаншама мемлекеттік орган мен құрылымның нақ осы «инвестицияларды» басшылыққа алып келгені оның да «сөрелік заң» екенін аңғартады. Оған қоса «Инвестиция» және «инстанция» сөздерінің айырмашылығын 26 жыл бойы ешкімнің аңғармағаны да өз алдына бір мәселе. Сол сынды қателердің қаншасы әлі жабулы күйінде жатыр (олардың арасында, мәселен, аталған конвенциядағы «Статья 17 Неунифипированные правовые системы - межличностные конфликты» және «Статья 46 Неунифицнрованные правовые системы - толкование», Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасының 1969 жылғы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясына қосылуы туралы» 1993 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен ратификацияланған осы конвенцияның (қазақ тіліндегі ресми нұсқасы берілмеген, жоқ болуы да ықтимал) 81-бабының орыс тіліндегі нұсқасындағы «Статуса Международного Суда», «Федеральной Ассамблеей Организации Объединенных Наций» және т.с.с. орфографиялық/техникалық қателер жіберілген нормалар да бар. Жалпы, ресми құжаттар қатарында осындай сапасыз мәтіндердің орын алуына халықаралық шарттардың мәтініне заң сараптамасын жүргізу арқылы тікелей жауап беретін, әдетте орыс тіліндегі мәтінді үлгі тұтып, оған «шаң жұқтырмайтын» Әділет министрлігінің де қатысы бар болар). Ондайлардың қасында күрделі сипатқа ие «Қазақстан Республикасының Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль Хаттамасына қосылуы туралы» 1997 жылғы 30 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының қазақ тіліндегі мәтінінің көлемі 50 бет, ал орыс тіліндегісі - 136 бет. Мәтіндердің теңтүпнұсқалылығы мәселесінің, бірінші кезекте аудармасының, бұған еш қатысы жоқтығымен қатар ондағы «Агенттік директоры А. Шәмен» деген сөздерден «Заң дегеніміз не?» деген сұрақ объективті түрде туындайды. Қазір қай мәтін жұмыс істейді және қайсысын басшылыққа алу қажет? Мұндайда осыншама саны бар да, сапасы жоқ заңдар қажет пе және асығыс-үсігіс, орынды-орынсыз һәм сапасыз жасалған заңдар «қоғамға қажет пе және қаншаға түседі?» деген сұрақтардың туындауы да орынды. Жоспар үшін әзірленіп жатқан заң жобалау/қабылдау жұмыстарын тоқтатып не онымен параллель қолданыстағы заңнамаға ревизия жасаған оңтайлы болар мұндай жағдайда. Ондай жұмыс сұралып тұр. Оған қоса, оның қазақ тіліндегі мәтініне мен ұсынып жүрген «ғылыми лингвистикалық мониторинг» жүргізу де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Осындай өрескел жағдай Қазақстан Республикасының Президентін сайлаудың құқықтық негіздерінде де орын алып келеді. Жоғарыда аталған конституциялық заңның және оған қатысты заңдағы өзге қателерді есептемегеннің өзінде, олардағы екі-ақ қате жалпы сайлау заңнамасының сапалық дәрежесін көрсете алатын әлеуеті бар. Бірінші қате - жай ғана заң техникасы бойынша. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 14 сәуірдегі № 545 Конституциялық заңының 1-бабында «51) 65-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы алып тасталсын;» делінген. Ал мәтіннің орыс тіліндегі нұсқасында - «50) подпункт 3) пункта 2 статьи 65 исключить;» («О внесении изменений и дополнений в Конституционный закон Республики Казахстан «О выборах в Республике Казахстан» Конституционный закон Республики Казахстан от 14 апреля 2004 года № 545). Неге екені белгісіз, орыс тіліндегі мәтінде заң техникасы тұрғысынан екі тілдегі мәтіннің теңтүпнұсқалылығына нұқсан келтіретін қате жіберілген, әлде қазақ тіліндегі мәтінде ме? (Қараңыз: Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы. - Астана, 2004. № 45-құжат). Екі мәтіндегі бір норманың реттік нөмірлерін «50)» және «51)» деп ресімдеу қатесін кімнің жібергені белгісіз (әзірлеушінің не заң шығарушының? Білдей бір процесте мұндай қатені ешкімнің аңғармағаны да жеке мәселе). Жалпы заң шығару процесінде де, сайлау заңнамасы бойынша да мұндайлар міндетті түрде ескерілетін жайт. Екінші қате - өрескел! Тағы да рұмдық «De lege lata» тұрғысынан алатын болсақ, 2004 жылғы 14 сәуірден бері өткізілген барлық «президент сайлаулары» заңсыз болып шығады, өйткені жоғарыда көрсетілген конституциялық заңның «мемлекеттік тіл» деген конституциялық-құқықтық мәртебесі бар қазақ тіліндегі мәтіні бойынша сайлаудың қорытындысын шығару мүмкін емес!!!
Аталған мәселе жайында сайлау бойынша уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы (бұдан әрі - ОСК) басшысының атына «Е-өтініш» жүйесі бойынша 2 рет жолдаған сауалыма алған сапасыз жауаптар осы мақалаға арқау болды.
Бірінші жолдаған «Қазақстан Республикасының Президентін сайлау «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен реттелетіні белгілі.
Осы Конституциялық заңның 65-бабының 2-тармағының қолданыстағы мәтіні мынадай:
«2. Республика Президенті болып:
1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентінен астамының дауысын алған;
2) қайта дауыс беру кезінде, басқа кандидатпен салыстырғанда, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшілік дауысын алған.». Бары - осы!
Аталған Конституциялық заңның бастапқы мәтініндегі 3) тармақша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
2004 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен алып тасталған.
65-баптың 2-тармағын басшылыққа алып еш уақытта да, ешқандай жағдайда да Қазақстан Республикасының Президенті сайлауының қорытындысын шығару мүмкін емес!!!
Қолданыстағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабы бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылатынын білесіздер. Осыған орай, Сізден «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комисссиясы 2004 жылғы 14 сәуірден бері «өткізілген президент сайлауларының» қорытындысын қалай шығарады?» деген сұраққа жауап беруіңізді сұраймын.» деген хатыма ОСК-ден «руководитель аппарата» деген сөздер көрсетіліп, тиісті қолдар қойылған электронды құжат түріндегі жауап алдым.
Онда «На №ЖТ-2024-05469112 от 29 сентября 2024 года
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының аппараты (бұдан әрі - ОСК) Сізге белсенді азаматтық ұстанымыңыз үшін алғыс білдіре отырып, келесіні хабарлайды. Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрілігі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын және оған іліспе заң жобаларын әзірлеуде. Осыған байланысты, Сіздің ұсынысыңыз тиісті түзетуді әзірлеу және оны жоғарыда аталған Заң жобасы шеңберінде іске асыру үшін Ұлттық экономика министрлігіне жіберіледі.» делініпті. Кез келген адамға мұндай жауаптың «кезекші жауаптың кезекші жауабы» екені түсінікті. Бірақ, менің бұл «жауап» бойынша бірнеше ескертуім бар. Біріншіден, қазақ тіліндегі мәтін орыс тіліндегі сөздермен басталған. Екіншіден, қолданыстағы заңнамалық актілерге «өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына ілеспе заң жобасы» деген табиғатта жоқ нәрсе. Үшіншіден, «жауап» мәнмәтініндегі «министрілігі» және «іліспе» деген сөздер қазақ тілінде жоқ. Төртіншіден, мен ешқандай да «ұсыныс» берген жоқпын.
ОСК-нің қисыны жоқ жауабын місе тұтпай, қайта хат жазуым орынды болып табылады. Сондықтан «жауапты» алған заматта ОСК-ге екінші хатты жөнелттім. Ол хатыма:
«Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының аппараты Сіздің cұрауыңызды өз құзыреті шегінде қарап, келесіні хабарлайды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның (бұдан әрі - Конституциялық заң) 65-бабының 2-тармағы қазақ және орыс тілдерінде мындай редакцияда жазылған:
Қазақ тілінде
2. Республика Президенті болып:
1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентінен астамының дауысын алған;
2) қайта дауыс беру кезінде, басқа кандидатпен салыстырғанда, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшілік дауысын алған.
Орыс тілінде
2. Избранным Президентом Республики считается кандидат:
1) набравший более пятидесяти процентов голосов избирателей, принявших участие в голосовании;
2) набравший при повторном голосовании большее число голосов избирателей, принявших участие в голосовании, по сравнению с другим кандидатом.
Сонымен «Құқықтық актілер туралы» Заңның талаптарына сәйкес нормативтік құқықтық актілердің мәтіні нақты және әртүрлі түсіндіруге жатпайтын мағынаны қамтуы тиіс.
Жоғарыда айтылғанға сүйене отырып, аталған редакциялық қателік сайлаудың мәні мен процесіне және сайлау нәтижелерін анықтауға әсер етпейді, сондай-ақ мағынасы әртүрлі түсіндіруге жатпайтынын атап өтеміз.
Мысалы, редакциялық қателіктер туралы Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жаршысында «Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіндегі терминологиялық мәселелер» атты тақырыптағы мақалада талқыланған.
Атап айтқанда, мақалада келесі қорытынды келтірілген: «Қолданыстағы заңнамада орын алған тілдік қателердің құқықтық салдары болатыны сөзсіз, сондықтан құқық қолданушы қазақ тіліндегі нұсқасына қарағанда, орыс тіліндегі редакциясына жүгінеді, себебі орыс тілінде түсінікті етіп жазылған.».
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес заң шығару бастамасына ие орган болып табылмайды. Заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады.
Жоғарыда аталғанды ескере отырып, туындаған сұрақтар бойынша және жіберілген қателіктер бойынша Конституциялық заңның әзірлеушісі Әділет министрлігі (Үкіметке) немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары әзірлеген және Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілуге жататын заң жобалары бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің теңтүпнұсқалығы бөлігінде ғылыми лингвистикалық сараптаманы жүргізетін уәкілетті ұйымға жүгінуіңізді сұраймыз.
Қосымша, Сіздің сұрау салуыңызға алдыңғы жауапта айтылғандай, көрсетілген сұрақ Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген Конституциялық заңның жобасы шеңберінде норма мәтінінің қазақ және орыс тілдеріндегі түпнұсқалығы бөлігінде тиісті түзету қарастырылғанын атап өтеміз.
Сонымен қатар бірінші басшының қолымен жауап беруге қатысты Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 44-бабына сәйкес құжаттарға мемлекеттік органның атынан оның басшысы, оны ауыстыратын адам (осы органда белгіленген қызметтік міндеттерді бөлуге сәйкес) не осы органның өзге уәкілетті лауазымды адамы қол қояды.
«Құқықтық актілер туралы» Заңның 60-бабының 4-тармағына сәйкес бұл түсіндірменің міндетті заңдық күші жоқ және ұсынымдық сипатқа ие екенін хабарлаймыз.» деген бас-аяғы жоғалтылған боратпа хат келді (дұрыс түсіну және объективті бағалау үшін екі «жауап» та сол күйінде келтіріліп отыр).
ОСК менің не сұрағанымнан мүлдем айырылып алған болулары керек, өйткені жауап мүлде басқа нәрсеге арналған. Қолданыстағы заңнама бойынша нақты жауап берудің орнына орындаушылар «ғылыми» тұрғыда жауап беруге тырысыпты. Бірақ олардың «Қолданыстағы заңнамада орын алған тілдік қателердің құқықтық салдары болатыны сөзсіз, сондықтан құқық қолданушы қазақ тіліндегі нұсқасына қарағанда, орыс тіліндегі редакциясына жүгінеді, себебі орыс тілінде түсінікті етіп жазылған.» деген сөйлемге жасаған сілтемесі орынсыз. Біріншіден, уәкілетті мемлекеттік органның заң тұрғанда ғылыми мақалаға сілтеме жасауы «сасқан үйрек... » деген мәтелге саяды. Екіншіден, сөйлем толық емес (мұндайда оларға белгісіз «авторлық құқық» талаптары туралы айту артық болар). Оған қоса, дәйексөз ОСК «тұжырымына» бейімделген!? Оның толық нұсқасы мынадай: «Сонымен қатар қолданыстағы заңнамада орын алған тілдік қателердің құқықтық салдары болатыны сөзсіз, сондықтан болар қарапайым құқық қолданушы заңнаманың қазақ тіліндегі нұсқасына қарағанда, орыс тіліндегі редакциясына жүгінеді, себебі орыс тілінде түсінікті етіп жазылған.», яғни ОСК бұл сөйлемнің қандай мағынада, стильде және қандай мәнмәтінде жазылғанына назар аудармаған (білмеген!). Үшіншіден, ОСК сілтеме жасауда қателескен, яғни ол басқа еңбекке жасалған. Маған берілген «жауапта» көрсетілген «Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіндегі терминологиялық мәселелер» атты мақалада «редакциялық қателіктер туралы» айтылмаған (қараңыз: Нұрбаева Н.А. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіндегі терминологиялық мәселелер // Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жаршысы. 2022. № 1 (68). 110-117 б.). ОСК «сілтемесі» мына еңбекке жасалуға тиіс еді: Мединаева А.А. Ғылыми лингвистикалық сараптаманың маңызы мен рөлі // Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жаршысы. 2021. № 4 (67). 110-117 б. Оған қоса ОСК қайда, ғылыми лингвистикалық сараптама қайда? Бұл не деген уәж 2004 жылдан бергі басшылыққа алынуға тиіс нормаға? Оларға қоса «жауап» жазылған файлдың «Жауаб Примашев Н.» деген атауының да ОСК-нің құқықтықпен қатар, тілдік те әлеуетін көрсете алатыны һақ!
Сонымен ОСК-нің барлық кезекші де кезекті аргументтерін «түкке тұрмайтын әріптер жиынтығы» деп санаймын.
Мен ОСК-ден Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасының, атап айтқанда, Қазақстан Республикасындағы Президент сайлауларының қорытындысын шығару туралы құқықтық норма бойынша нақты жауап беруді өтінген болатынмын. Менің сұрағым қайда, ОСК қайда және оның «жауаптары» қай бағытта (қайда «қуып») кетті? Мұндай «жауаптардың» ОСК-нің құқықтық та, тілдік те әлеуетінің төмен екенін көрсететіні оқырманға түсінікті деп ойлаймын. Шындығында, оларға қоса барлық мемлекетік органдардың жіберген қателерін мойындаудың орнына, құйтыртқы жауаптарды боратуы - Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесіне тән практика. Бірақ, қоғам мен мемлекет тұрғысынан мұндай практиканың ешкімге қажет емес екені де белгілі, өйткені салдары қауіпті! Сондықтан ОСК-нің «жауаптарын» уақыт салып саралауымның да өзіндік қисыны бар.
Іс жүзінде ОСК-нің мұндай «жауаптары» айтпаса да түсінікті, өйткені олар да шындықты мойындағысы келмеді. Шындықтан қашты! Осындай 2 «жауап» арқылы ОСК цугцвангты өз қолымен жасағаны баршаға түсінікті деп санаймын! Шындық заңның және менің жағымда! Сонау 2004 жылғы 14 сәуірден бері, шынын айтқанда, одан да ертерек, яки жоғарыда аталған конституциялық заңның жобасын әзірлеу барысында да (оған ОСК міндетті түрде қатысты, күмәнім жоқ!), әзірлеушілердің қолданыстағы конституциялық заңның қазақ тіліндегі мәтінін мүлдем есепке алмағаны / алмайтыны «тайға таңба басқандай» көрініп тұр! Сонда 21-22 жыл бойы ОСК сайлау заңнамасынан басқа не қарап жүрген? ОСК маған берген «жауаптарын» өзі түсінеді ме екен? Осындай жалғандық қашан тоқтатылады? Жалпы ОСК-ге сенім бар ма?
Мақаланы қорытындылай келе, заң тұрғысынан 2004 жылғы 14 сәуірден бері өткізілген барлық «президент сайлауларын» заңсыз деп санаймын, өйткені қорытындысы шығарылмайтын сайлау болмайды! Ал оны шығарудың құқықтық негізі - конституциялық заңның тиісті нормасы «алған» деген сөзбен ғана аяқталып тұр! Тығырық!? Бұл - ОСК жіберген өрескел қатенің салдары! Егер осы тұста ОСК «президент сайлауында орыс тіліндегі мәтін басшылыққа алынады» дейтін болса, ол да заңсыз, өйткені бұл оның Конституцияның 7-бабын өрескел бұзатынын білдіреді! Осылайша президент сайлауы да, ОСК-де «қос қақпанға» түсіп тұр. Ол біреудің жасағаны емес, ол - мемлекеттік билік пен ОСК-нің тікелей қатесі! Өкінішке орай, қолданыстағы заңнамада мұндайлардың әлі қаншамасы жүр. Мәселен, осы сынды өрескел қате «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында да жүр. Қане, қай министрлік, кім табады екен?
Жалғасы бар... Оның объектісі ОСК сияқты «жауап» берген келесі мемлекеттік орган.
P.S. ОСК сілтеме жасаған заң жобасына сайлау бойынша өзгерістер мен толықтырулар, атап айтқанда, Конституциялық заңның 65-бабына «кандидат сайланған болып саналады» деген сөздерді «қайтару» менің хатымнан кейін ғана «шұғыл» түрде қолға алынған болар... ОСК осыны мойындайды ма? Ол енді басқа мәселе...