|
|
|
27.09.2024 Сот жүйесі туралы
Қазақстан Республикасында сот билігі тұрақты судьялар, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда және тәртіппен қылмыстық сот ісін жүргізуге тартылған алқа заседательдері арқылы соттарға ғана тиесілі. Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Соттың ерекше өкілеттігін басқа органдарға беруді көздейтін заң актілерін шығаруға тыйым салады. Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкілеттігін немесе сот билігі функцияларын иеленуге құқығы жоқ. Сот ісін қарау тәртібімен қаралуға тиіс өтініштерді, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді. Әркімге мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Республиканың Конституциясында және заңдарында көзделген құқықтарға, бостандықтар мен заңды мүдделерге нұқсан келтіретін немесе оларды шектейтін кез келген заңсыз шешімдері мен іс-қимылдарынан сот арқылы қорғалуға кепілдік беріледі. Ешкімді де оның ісін заңның барлық талаптары мен әділеттілікті сақтай отырып құзыретті, тәуелсіз және алаламайтын соттың қарау құқығынан айыруға болмайды. Сот билігі азаматтық, қылмыстық және заңда белгіленген өзге де сот ісін жүргізу нысандары арқылы жүзеге асырылады. Судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялардың мәртебесі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға жол берілмейді. Соттың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Судьялар нақты істер бойынша есеп бермейді. Сот ісін жүргізудің белгіленген тәртібіне қарамастан берілген сот істері бойынша, сондай-ақ соттың құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша өтініштерді сот қараусыз қалдырады немесе тиісті органдарға жібереді. Сотқа немесе судьяға құрметтемеушілік білдіру заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. Сот актілері мен судьялардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезіндегі талаптарын барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға міндетті. Сот актілері мен судьяның талаптарын орындамау заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады. Соттар ғимараттарына және сот отырысы залдарына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы орнатылады және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылады. Судьялар сот төрелігін судья мантиясын киіп жүзеге асырады, оның нысаны мен сипаттамасын Жоғарғы Соттың жалпы отырысы бекітедi. Қазақстан Республикасының сот жүйесін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Конституциялық заңға сәйкес құрылатын жергілікті және басқа соттар құрайды. Қандай да болмасын атаумен арнаулы және төтенше соттар құруға жол берілмейді. Жергілікті соттарға мыналар жатады: 1) облыстық және оларға теңестірілген соттар (Республика астанасының қалалық соты, республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттары); 2) аудандық және оларға теңестірілген соттар (қалалық сот, ауданаралық сот). Қазақстан Республикасында басқа соттар, оның ішінде мамандандырылған (әскери, қаржылық, экономикалық, әкімшілік, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі және басқа) соттар құрылуы мүмкін. Мамандандырылған соттарды облыстық немесе аудандық сот мәртебесімен Қазақстан Республикасының Президенті құрады.
Қарағанды облысының МАЭС бас маман- сот отырысының хатшысы Ж.Е. Қапасәлі
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |