|
|
|
02.09.2024 Сот шығыстары туралы
Сот шығыстарын бөлу мәселесі азаматтық процестегі ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады, өйткені оны судья (сот) әрбір азаматтық іс бойынша азаматтық сот ісін жүргізудің әрбір кезеңінде (азаматтық іс қозғау, қарау барысында және дауды мәні бойынша шешу кезінде) шешеді. Бұл ретте, негізгі талап қою талаптарын қараудан айырмашылығы, онда сот тараптардың бәсекелестік қағидатын іске асыруына жәрдемдесе отырып, процеске басшылықты жүзеге асырады және төреші ретінде әрекет етеді, азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормаларын қолданудан туындайтын сот шығыстарын бөлу мәселелерін сот тараптардың қандай да бір өтінішінсіз және олардың ұстанымына қарамастан жиі шешеді. Азаматтық істер бойынша сот шығыстары Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексімен (бұдан әрі - АПК), Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексімен (Салық кодексі), Қазақстан Республикасы «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңының нормаларымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы», «Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы», «Сот шешімі туралы», «Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулыларымен, сондай-ақ республиканың басқа да нормативтік құқықтық актілерімен реттелген. АПК-нің 102-бабына сәйкес сот шығыстары іс бойынша іс жүргізуге байланысты мемлекеттік баж бен шығындардан тұрады. Іс жүзінде сот шығыстары іске қатысушы адамдар мен мемлекеттің істі қарауға байланысты көтеретін шығындары ретінде анықталады. Сот төрелігін жүзеге асыру айтарлықтай мемлекеттік қаржыландыруды қажет етеді. Шығындардың бір бөлігі процестің тараптары есебінен жабылады. АПК-нің 103-бабына сай мемлекеттік бажды төлеу тәртібі мен мөлшері, сондай-ақ оны төлеуден босату негіздері Салық кодексінде айқындалады. Мемлекеттік баждың бюджетке төленуі төлем құжаттарымен немесе кассалық құжаттармен, ал төлемдерді банкоматтар, электрондық терминалдар, қашықтан байланыс арналары және «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы төлеген кезде - чектермен және түбіртектермен қағаз жеткізгіштерде немесе электрондық түрде расталуға тиіс. АПК-нің 108-бабында іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындардың түрлері көзделген. Оларға келесі шығындар жатады: 1) куәларға, сарапшыларға және мамандарға төленуге тиісті сомалар; 2) тиісті орында қарап-тексеруді жүргізуге байланысты шығыстар; 3) заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шығыстар; 4) жауапкерді және (немесе) баланы іздестіру бойынша шығыстар; 5) іс бойынша жарияланым мен хабарландыруларға байланысты шығыстар; 6) тараптарға және іске қатысатын басқа да тұлғаларға хабарлау және оларды сотқа шақыру бойынша шығыстар; 7) тараптар мен үшінші тұлғалардың жол жүру және тұрғын үй-жайларды жалдау бойынша, олардың сотқа келуіне байланысты жұмсаған шығыстары; 8) өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстар; 9) сот өтелуге жатады деп таныған, оның ішінде тараптардың кейіннен сотқа жүгінген кезде дауды міндетті түрде сотқа дейін реттеу рәсімдерінде жұмсаған басқа да шығыстар. Тәжірибеде негізінен сарапшылар мен мамандарға төленуге жататын сомалар түріндегі сот шығындарын, сотқа келуге байланысты жол жүру және тұрғын үй-жайларды жалдау шығындарын, өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстарды, почта шығыстарын және сот өтелуге тиіс деп таныған басқа да шығыстарды өндіріп алу жөніндегі АПК нормалары қолданылады. 2024 жылғы 01 қаңтардан бастап Салық кодексі соттарда мемлекеттік бажды төлеу бойынша кейінге қалдыруды беру тәртібі мен шарттарын айқындайтын 51-2 баппен толықтырылды. Салық кодексінің 51-2-бабына сәйкес соттарда мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру талап қоюды беру кезінде мемлекеттік бажды төлеуге мүмкіндік бермейтін, бірақ оны төлеу мүмкіндігі кейінге қалдыру берілгенде пайда болады деп есептеуге жеткілікті негіздер бар кезде, жеке тұлғаның мүліктік жағдайы немесе ірі кәсіпкерлік субъектісін қоспағанда, заңды тұлғаның қаржылық жағдайы негізге алына отырып, мемлекеттік баж төлеу мерзімінің өзгеруін білдіреді. Кейінге қалдыру сот ұйғарым шығарған күннен бастап бір жылдан аспайтын мерзімге, келесі негіздердің бірі болған кезде беріледі: 1) дүлей зілзаланың, технологиялық апаттың салдарынан нұқсан келтіру; 2) жеке тұлғаға жалақыны уақтылы төлемеу; 3) жұмыссыз адам ретінде есепке қою; 4) жеке тұлғаның ауыр сырқатының болуы және үш айдан артық емдеуде болуы; 5) заңды тұлғаға берілген тауар, орындалған жұмыстар, ол көрсеткен қызметтер үшін ақша төлемеу; 6) заңды тұлғаның тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді өндірудің және (немесе) өткізудің маусымдық сипаты; 7) атаулы әлеуметтік көмек беру болған кезде кейінге қалдыру берілетін мерзім ішінде туындайды деп пайымдауға жеткілікті негіздер болғанда. Соттарда мемлекеттік бажды төлеу мерзімін кейінге қалдыруды беру туралы арыздарды қарау бойынша келесі алгоритм әзірленген. Соттар талап қою түскен кезде, Салық кодексінің жоғарыда көрсетілген нормаларын негізге ала отырып: 1.Берілген өтініштерді (талап қоюдың өзінде, сонымен бірге берілген құжаттарда), талап қоюды беру кезінде мемлекеттік бажды төлеуге мүмкіндік бермейтін талап қоюшының мүліктік және қаржылық жағдайын растайтын, оны төлеу мүмкіндігі кейінге қалдыру берілген кезеңде пайда болады деп санауға негіз беретін құжаттардың болуын тексеру. Кейінге қалдыру ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылмайды (жұмыскерлердің орташа жылдық саны 250 адамнан асатын немесе бір жылдағы активтердің жалпы құны сәйкесінше 325 000 айлық есептік көрсеткіштен асатын). Сәйкесінше, кәсіпкерлік субъектісінің мәртебесін айқындайтын, персонал саны немесе активтердің құны туралы құжаттар ұсынылуы керек. Заңды тұлғаның қиын қаржылық жағдайының дәлелі ретінде банктерден түскен ақша қаражаттарының қозғалысы туралы (соңғы 6 айдағы үзінді көшірмелер), жылжымалы және жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы (тіркеу органы берген тіркелген құқықтар туралы анықтамамен расталған), қызметкерлерге жалақы бойынша берешек, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша мәліметтер болуы мүмкін. Болашақ түсімдердің бар екендігінің дәлелі ретінде үшінші тұлғалармен (даудың мәніне қатысы жоқ) тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету туралы келісім-шарттар, орындалған жұмыстар туралы немесе салыстыру актілері, кепілдік хаттар, сонымен қоса жеткізу немесе міндеттемені орындау кейінге қалдыруды беру мерзімі ішінде туындайтын банктерден, төлеуге арналған шоттар табылады. Заңды тұлғаның тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді өндірудің және (немесе) өткізуінің маусымдық сипатының дәлелі ретінде заңды тұлғаның негізгі қызметімен өткізу көлемі табиғи, климаттық жағдайларға және жыл мезгіліне байланысты екендігі туралы ақпарат болуы мүмкін. Талап қоюшының жалпы қаржылық жағдайын, заңды тұлғаға жеткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін ақша төлембеуінің фактісін жеке қарастыру қажет. 2. Сот мемлекеттік бажды төлеуді кейінге қалдыру туралы тиісті өтініш және мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжаттар болмаған жағдайда АПК-нің 106, 279, 280-баптарына сәйкес талап қоюды қараусыз қалдырып, талап қоюшыға қайтарылады. 3.Сот мемлекеттік бажды төлеуді кейінге қалдыру туралы өтініш болған жағдайда белгіленген мерзімде талап қоюды қабылдап, іс бойынша іс жүргізуді қозғайды. Сот мемлекеттік бажды төлеуді кейінге қалдыру туралы арыздан бас тартылған жағдайда талап қоюды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады. Ұйғарым шағымдануға жатады. 4.Сот кейінге қалдыру туралы өтінішхатты қанағаттандырған жағдайда ұйғарымының көшірмесін істі қарау орны бойынша салық органына жібереді. Кейінге қалдыру мерзімі өткеннен кейін мемлекеттік баж салық органымен өндіріп алынуға жатады (Салық кодексінде көзделген әдістер мен шаралар негізінде). 5.Талап қою ұлғайтылған жағдайда талап қоюшы тиісті өтінішке мемлекеттік баждың ұлғайтылған бөлігінде төленгенін растайтын құжат немесе мемлекеттік бажды төлеуді кейінге қалдыру туралы өтінішхат қоса беріу ітиіс. Салық кодексінің жоғарыда көрсетілген талаптарына сәйкес, бұл соттың қарауына жатады. 6.Талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылданған кезде (кейінге қалдыру мерзімі өткенге дейін) мемлекеттік баж жауапкерден мемлекетке өндірілуге жатады (сот шешімінің көшірмелері бір мезгілде тараптарға және салық органына жіберіледі). 7.Шешім заңды күшіне енгеннен кейін тиісті белгі қойыла отырып, шешім шығарған сот салық органына қайтадан жібереді. 8.Талап қоюдан бас тарту туралы шешім қабылданған кезде (кейінге қалдыру мерзімі өткенге дейін) мемлекеттік баж талап қоюшыдан өндіріп алынуға жатады. Бұл ретте мемлекеттік бажды төлеу мерзімі кейінге қалдыру ұйғарымына сәйкес жүзеге асырылады (сот шешімі салық органына жіберіледі). 9.Тараптар дауды (жанжалды) бітімгершілік, медиация, партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасасқан кезде төлеу мерзімі кейінге қалдырылған мемлекеттік баж төленуге жатпайды және өтелген болып саналады.
Қарағанды облысы мамандандырылыған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Машрап А.М.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |