| ||||||||||||||||||||
|
|
|
Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының жетекші ғылыми қызметкері
Айнбаева Қымбат Әбілқайырқызы
Қазіргі құқықтық қоғамда тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, құқықтық нормаларды белгілеудің және іске асырудың негізі болып табылады. Заң мәтіндерінің, нормативтік құқықтық актілердің немесе келісімшарттардың мағынасы мен мазмұны дәл әрі нақты болуы - құқық үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды шарты. Осы тұста ғылыми лингвистикалық сараптама, әсіресе мәтіннің теңтүпнұсқалылығын сақтау мәселесі ерекше маңызға ие. Теңтүпнұсқалылық (аутентичность) - бұл мәтіннің бастапқы мазмұны, мағынасы мен стильдік ерекшеліктерінің еш бұрмаланбай, дәл жеткізілуі. Бұл ұғым әсіресе құқықтық мәтіндерде маңызды, себебі заң нормаларының дұрыс түсінілуі құқық қолдану практикасында ерекше маңызға ие, ал халықаралық ынтымақтастық пен қарым-қатынасты реттейтін халықаралық келісімдер мен шарттарда тараптар арасындағы құқықтық қатынастың реттелуі осыған тікелей байланысты. Мәтіннің теңтүпнұсқалылығын сақтау төмендегі жағдайларда ерекше өзекті: · заңдардың немесе нормативтік актілердің аудармасында; · келісімшарттардың түрлі тілдегі нұсқаларын салыстыруда; · электрондық немесе қағаз нұсқалар арасындағы сәйкестікті анықтауда; · авторлық құқықты қорғау мақсатында мәтіннің түпнұсқа екенін дәлелдеуде. Ғылыми лингвистикалық сараптама заң жобаларына жүргізіледі, сондықтан бұл сараптаманы заңдарды әзірлеудің бір кезеңі деп те атауға болады. Яғни орыс тіліндегі мәтін мен қазақ тіліндегі мәтін арасында ешқандай қарама-қайшылық не түсініспеушілік, не болмаса қандай да бір сәйкессіздік болмауы тиіс. Осы тұста екі тілдегі мәтіннің сөзбе-сөз бірдей болуы, мағынасы бойынша дәл әрі нақты болуына жауапты сарапшылардың еңбегі орасан зор екенін де атап өту қажет. Жалпы алғанда, қоғам сараптаманың бұл түрін жете түсіне бермейді, сондықтан да лингвистикалық сараптама деген түсінік олардың ойынша белгілі бір сөзге не терминге түсініктеме, яғни мән-мағынасын ашып түсіндіріп беру деп ойлайды. Осыған байланысты ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізетін орталыққа көптеген сұрақтар келіп түседі. Бұл сұрақтар көбіне даулы мәселе тудыратын сөздер бойынша лингвистикалық тұрғыдан қорытынды беру не сөздердің астарлы мағынасын түсіндіріп беруге қатысты болып жатады. Лингвистикалық сараптама не үшін қажет? Құқық саласында лингвистикалық сараптама келесі мақсаттарда жүргізіледі: 1. Мәтіндер арасындағы сәйкестікті салыстыру Сарапшы түпнұсқа мен аударма мәтіндерін салыстырып, мағынасы, стилистикасы мен терминологиясы бойынша сәйкестік деңгейін анықтайды. 2. Бұрмаланған немесе өзгертілген мәтінді табу Кейбір жағдайларда келісімшарт немесе ресми құжат мазмұнына заңсыз өзгерістер енгізілуі мүмкін. Сараптама бұл өзгерістерді анықтап, олардың құқықтық салдарын бағалауға көмектеседі. 3. Құжаттың жалған немесе түпнұсқа екенін анықтау Құжаттың лингвистикалық құрылымына талдау жасау арқылы оның түпнұсқа немесе көшірме екенін анықтау мүмкін. Сараптамалық әдістер Мәтіннің теңтүпнұсқалылығын сараптау барысында келесі лингвистикалық тәсілдер қолданылады: · Лексикалық талдау: терминдердің, кәсіби сөздердің сәйкестігі. · Синтаксистік талдау: сөйлем құрылымдарының бірізділігі. · Стилистикалық талдау: тілдік стильдің сәйкестігі. · Прагматикалық талдау: мәтіннің мақсаттық мәні мен контекстке сәйкестігі. Сараптама нәтижесі ресми қорытынды түрінде беріледі және сот процестерінде дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін. Құқықтық салдар және тәжірибелік маңызы Егер аудармада немесе мәтін көшірмесінде теңтүпнұсқалылық бұзылса, ол: · Тараптардың құқықтарына нұқсан келтіруі мүмкін; · Сот шешімдеріне әсер етуі ықтимал; · Халықаралық келісімдердің бұзылуына апаруы мүмкін. Сондықтан, кәсіби лингвистикалық сараптама - құқықтық қауіпсіздіктің кепілі деуге болады. Осы тұста ғылыми лингвистикалық сараптама көбінесе Қазақстан Республикасының заңы жобалары мен халықаралық шарт жобаларына немесе Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін шарттарға жүргізілетінін атап өту керек. Мысалы, Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасында мәдени орталықтарды құру, оның жұмыс істеуі және қызметі туралы келісім жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы мен орыс тіліндегі нұсқасын лексикалық, грамматикалық, стилистикалық және синтаксистік талдау жүргізе отырып, екі тілдегі мәтіннің теңтүпнұсқалылығының сақталуын салыстыру барысында көптеген қате анықталды. Осы Келісім жобасында сөздердің дұрыс аударылмауы, олардың сөйлемдегі тәртібінің сақталмауы, сөйлемдердің толық аударылмауы сияқты кемшіліктер баршылық. Мысалы, мәтінде «функционирование» және «деятельность» деген сөздің екеуі де қазақшаға «қызмет» деп аударылыпты. Бұл екі сөз жобаның тақырыбында қолданылған. Қызығы, «деятельность» деген сөз «қызмет» деп аударылып, ал «функционирование» деген сөз аударылмай қалып кеткен. Әрі қарай мәтін бойынша «функционирование» деген сөз «қызмет» деп аударылған. Демек, тақырып толық аударылмаған, ал мәтін бойынша сөздің дұрыс аудармасы қолданылмағандықтан мағынасы бұрмаланған, бұның нәтижесі жоғарыда атап өткен құқықтық салдарға алып келуі әбден мүмкін. Міне, осындай кезде ғылыми лингвистикалық сараптаманың маңыздылығы өте зор, себебі сараптама жүргізу барысында әрбір сөздің аудармасы мен мағынасына, оның сөйлемдегі орын тәртібіне ерекше назар аударылады. Бұл егжей-тегжейлі тексеруді, мұқият болуды талап етеді. Сонымен, келісім жобасының тақырыбына келер болсақ, орыс тіліндегі «функционирование» және «деятельность» деген сөздерді «жұмыс істеу» және «қызмет» деп аудару керек еді деп пайымдаймыз. Сонда келісімнің не туралы, оның мағынасы мен мақсаты да толық ашылатын еді. Демек, сараптама жүргізілгеннен кейін ғана келісім «мәдени орталықтарды құру, олардың жұмыс істеуі және қызметі» туралы екені анықталды. Бұл орын алған кемшіліктің бір парасы ғана, бірақ осындай бір-екі сөзден кеткен қателік әрі қарай үлкен дау тудырмасына кім кепіл? Мәтінге лингвистикалық сараптама жүргізу барысында басқа да тілдік және құқықтық сипаттағы қателердің бар екені анықталған болатын. Мысалы, «договариваться», «государство пребывания», «популяризация», «в установленном порядке», «предусмотренный», «прекращает действие» және тағы да басқа сөздер қазақ тіліне дұрыс аударылмаған, ал кейбір тіркестер мүлдем қазақ тіліне аударылмай қалып кеткен, сол себепті құқықтық норма толық емес не оның мағынасы бұрмаланған. Одан бөлек, құқықтық норманың құқықтық жүктемесінің дұрыс берілуін көрсететін грамматикалық категория да маңызды. Бұл категория бойынша елеулі өрескел қателіктер жіберілген. Мақаламыздың басты мақсаты мәтіннің теңтүпнұсқалылығын сақтау ерекше назар аударатын ауқымды жұмыс екенін, оған немқұрайлы қарауға болмайтынын көрсету болғандықтан, бір-екі мысалмен шектелдік. Қорытынды Заң және құқық саласындағы лингвистикалық сараптама, оның ішінде мәтіннің теңтүпнұсқалылығын сақтау - құқықтық қатынастардағы сенімділіктің, әділдіктің және заңдылықтың негізі. Бұл сараптама түрі арқылы тіл мен құқықтың өзара байланысы нығайып, қоғамда заң үстемдігі қамтамасыз етіледі. Болашақта бұл салада арнайы мамандарды даярлау мен заманауи әдістерді енгізу қажеттігі арта түседі.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |