|
|
|
01.08.2022 Әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттары мен олардың мәні
Әкімшілік сот ісін жүргізу Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінде (әрі қарай - ӘРПК) белгіленген қағидаттар негізінде жүзеге асырылады, алайда, олар түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Сондай-ақ, азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер осы қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік сот ісін жүргізу келесі қағидаттар негізінде жүзеге асырылады: 1) Заңдылық қағидаты; 2) Әділдік қағидаты; 3) Құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау; 4) Мөлшерлестік қағидаты; 5) Әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері; 6) Құқықтар басымдығының қағидаты; 7) Сенім құқығын қорғау; 8) Формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу; 9) Анықтық презумпциясы; 10) Соттың белсенді рөлі; 11) Әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі; 12) Сот актілерінің міндеттілігі. Заңдылық қағидатына сәйкес, сот әкімшілік істерді қарау және шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдардың, ӘРПК-нің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, қолданылуға жататын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті. Соттар адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқылы емес. Егер сот қолдануға жататын заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп есептесе, ол әкімшілік іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне жүгінуге міндетті. Сот Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің шешімін алған соң іс бойынша іс жүргізу қайта басталады. Әкімшілік істерді қарауға уәкілеттік берілген соттардың конституциялық емес деп танылған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген шешімдерінің күші жойылуға жатады. Әділдік қағидаты – бұл әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті екендігі дегеніміз. Егер заңда немесе дау тараптарының келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті. Құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау. Көрсетілген қағидатқа сәйкес, әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы. Әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгіну құқығынан бас тарту жарамсыз болады. Мемлекеттік органдар – өз құзыреті шегінде, жеке және заңды тұлғалар ӘРПК-де белгіленген тәртіппен басқа тұлғалардың немесе айқындалмаған тұлғалар тобының бұзылған немесе дау айтылатын заңды мүдделерін қорғау туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы. Прокурор ӘРПК-де белгіленген тәртіппен өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы. Ешкімнің де өзінің келісуінсіз заңда ол үшін көзделген соттылығын өзгертуге болмайды. Әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгіну құқығынан бас тартуға мәжбүрлеу заңсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді. Мөлшерлестік. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс. Егер әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін қолайлы болса, жарамды деп есептеледі. Егер әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін барынша аз дәрежеде шектейтін болса, қажетті деп есептеледі. Егер әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеу нәтижесінде алынған қоғамдық игілік осы шектеулер келтірген зияннан көп болса, әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) пропорциялы деп есептеледі. Әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жүзеге асыруға міндетті. Әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік актіні қабылдау және (және) әкімшілік әрекетті жасау (әрекетсіздік таныту) осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келуге тиіс. Құқықтар басымдығының қағидатына сәйкес, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі. Сенім құқығын қорғау қағидатына сай, әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады. Әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теріс деп белгілемейінше, әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) заңды және негізді деп есептеледі. Әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді. Сенім құқығы заңсыз әрекеттер жасауға (әрекетсіздік танытуға) негіз бола алмайды. Формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу. Бұл қағидатқа сай, әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынады. Анықтық презумпциясы қағидаты дегеніміз – бұл әкімшілік рәсімді жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған материалдар, объектілер, құжаттар мен мәліметтер әкімшілік орган, лауазымды адам теріс деп белгілемейінше, анық деп есептеледі. Материалдардың, объектілердің, құжаттар мен мәліметтердің төлнұсқалығына күмән болған кезде әкімшілік орган, лауазымды адам олардың төлнұсқалығын өзі дербес тексеруге міндетті. Соттың белсенді рөлі қағидаты. Әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды. Әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі. Жекелеген процестік әрекеттерді жүргізуді қоса алғанда, әкімшілік сот ісін жүргізу ақылға қонымды мерзімде жүзеге асырылады. Бұл ретте, ақылға қонымды мерзімді айқындау кезінде әкімшілік істің құқықтық және нақты күрделілігі, әкімшілік процеске қатысушылардың процестік құқықтарды пайдалану және процестік міндеттерді орындау дәрежесінен көрінетін мінез-құлқы, соттың әкімшілік істі жедел қарау мақсатында жүзеге асырылатын әрекеттерінің процестік тұрғыдан жеткіліктілігі мен тиімділігі сияқты мән-жайлар ескеріледі. Сот актілерінің міндеттілігі қағидаты дегеніміз, бұл заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ соттар мен судьялардың сот төрелігін іске асыру кезіндегі өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары мен басқа да жолданымдары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, жеке тұлғалар үшін міндетті екендігі және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жататыны. Сот актілерін, сол сияқты сот талаптарын орындамау ӘРПК-де көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға және заңда көзделген жауаптылыққа алып келеді. Сот актісінің міндеттілігі әкімшілік процеске қатыспаған мүдделі тұлғаларды бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіну мүмкіндігінен айырмайды. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің көрсетілген қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді. Ақмола облысының Біржан сал аудандық сотының төрағасы А.Д. Уразов
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |