|
|
|
28.12.2023 Мемлекеттік тілдің құқықтық реттелуі
Азаматтық процессуалдық Кодексінің 14 бабына сәйкес, сот ісін жүргізу тілін сақтау үшін құжаттар қай тілде түссе, сол тілде жүргізіледі. Яғни, құжаттар қазақ тілінде болса, сот ісі де қазақ тілінде, егер, орысша болса, онда сол тілде жүргізілуі тиіс. Дегенмен, кейде құжаттар екі тілде келіп жатады. Бұл әрине, сот ісін жүргізу талабына келтіруде қиынға соғады. Берілген талап арызды қайтару арқылы кемшілікті жою мүмкіндігі заңда қарастырылғанымен, іс жүзінде арызды қайтару заңсыз болып саналады. Оның үстіне жеке тұлғалардың арызға қоса берілген құжаттарын іс жүргізу тіліне аударып әкелуі оңай шаруа емес, оған қаражат және қосымша уақытты қажет етеді. Негізінде, арыз қай тілде жазылса, құжаттар да сол тілде тіркелуі тиіс екендігін сотқа арызданушылардың көпшілігі де біле бермейді. Мысалға, көптеген азаматтар, сонымен бірге мемлекеттік органдар да талап арызды мемлекеттік тілде жазса, құжаттарын ресми тілде әкеледі, немесе керісінше. Сонымен қатар, талап қоюшылар талап арызды ресми тілде келтіргенмен, істі сот талқылауына дайындаған кезде ол тілді білмейтіндігін, ал арызды сотқа заңгерлердің ресми тілде дайындағаны анықталып жатады. Мұндай жағдайларда, сот ҚР АПК-нің 14-бабының талаптарын басшылыққа алып, сот ісін жүргізу тілін сот ұйғарымымен өзгертеді. Тіпті кейбір заңгерлер арасында қазақ тілінде арыз жазғанша ресми тілде жазған ыңғайлы, әрі тез деген пікір орын алған. Осы орайда, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызына тоқталсақ, қай ұлтта, қай елде болсын, туған тіл - қастерлі, құдыретті. Ата-бабаларымыздан мирас болып, ұлтымыздың үні мен жүрегіндей қазақ тілі біздің халықтың да мақтанышы әрі болашағы. «Сүйемін ана тілін, бабам тілін, Бесікте жатқанымда берген білім» демекші, жарық дүниеге келе сала, ең мейірімді, ең ізгі сөздерді ана тілімізде естиміз. Содан болар, ол ана тілі деп аталады. Туған тіл - тек өміріңнің айнасы, тірлігінің қолданысы емес, сондай-ақ, ұлтыңның болашағы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі. Олай болса, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, маңызын арттыру, қолданысын күшейту - әрбір қазақтың міндеті. Бүгінгі жас ұрпақтың тілін білуі, өз тілін құрметтеуі - ол болашағымызға деген кепілдік деп түсінуге болады. Ал, өз тілін білмейтін, сүймейтін, білмейтініне күймейтін ұрпақтан үміт аз. Ал, тілге деген сүйіспеншілік сөз жоқ, отбасында қалыптасады. Тағы бір айтар кетерлік жәйт, «Сот төрелігі» базасында істердің санаттарын таңдау кезінде қазақ тіліндегі нұсқасы толық жоқ, қазақ тіліндегі аудармаларында бірқатар қателіктер орын алуда. Мемлекеттік тілде қаралатын істер бойынша жолдама хаттарды жазу кезінде мемлекеттік органдар мен көптеген ұйымдардың атаулары қазақша жазылмағандықтан, төл тіліміздегі хаттардың мекен-жайлары ресми түрде жазылып жатады. Сонымен қатар, мемлекеттік тілде қаралатын іс құжаттарын біріздендіру, «Сот төрелігі» базасына істерді автоматты түрде бөлу парағын мемлекеттік тілде дайындау мәселелері уақыттың талабы екенін айтқым келеді.
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.М. Машрап
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |