Ұлтқа өзін-өзі сәйкестендіру құқығы және Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабы:
сот қарауының шегі және Конституциялық Сотқа жүгіну міндеті
Мухсинова Т.А.,
Қазақстан Республикасы
Конституциялық Сотының талдаушысы
Қазақстан Республикасының Конституциясы адамның құқықтары мен бостандықтарын ғана емес, сонымен қатар оларды қорғау тетіктерін, оның ішінде конституциялық бақылауды бекітеді. Басты тетіктердің бірі - адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында (бұдан әрі - Конституция) бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен нормативтік құқықтық актілер анықталған кезде соттардың іс жүргізуді тоқтатып, Конституциялық Сотқа жүгіну міндеті. Бұл міндет Конституцияның 78-бабында тікелей көзделген және сот практикасында конституциялық емес заңнаманың қолданылуына жол бермеуге бағытталған.
Конституциялық Сот биылғы жылы Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің (бұдан әрі - НОтК) 65-бабына қатысты қабылдаған 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 70-НҚ нормативтік қаулысы (бұдан әрі - нормативтік қаулы) Конституцияның 19-бабының 1-тармағын іске асыру үшін үлкен септігін тигізген маңызды құжат болды. Конституцияның 39-бабының 3-тармағына сәйкес осы бапта көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс. Осы нормативтік қаулыға жүргізілген талдау көрсеткендей, ол ұлтқа өзін-өзі сәйкестендірудің конституциялық құқық ретіндегі құқықтық сипатын ғана емес, сонымен қатар заңнаманың конституциялық емес нормаларын қолдану кезінде сот қарауының шегін де белгілеуге мүмкіндік береді.
Конституцияның 78-бабы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді соттың қолдануына тікелей конституциялық шектеу қояды және оған Конституциялық Сотқа императивті жүгіну міндетін жүктейді. Бұл норма әртүрлі түсіндіруге жол бермейді: «Соттардың Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға хақысы жоқ ...».
Аталған норма Конституция үстемдігі, биліктің бөлінуі мен адам құқықтарының басымдығы қағидаттарын ашып көрсетеді және бұл қағидаттар бүкіл сот практикасына енуге тиіс. Сонымен қатар, құқық қолдану шындығы соттардың осы құралды сирек қолданатындығын көрсетіп отыр, тіпті заң Конституцияға қайшы келсе де, оның сөзбе-сөз қолданылуын қалап тұрады. Бұл сот жүйесінде конституциялық құқықтық сананың жеткіліксіз институцияландырылғанын растайды.
Конституциялық Сотқа келіп түскен өтініш шеңберінде өтініш субъектісі НОтК-тің 65-бабына дау айтты, оған сәйкес баланың ұлты өзінің ата-анасының ұлтымен ғана айқындалады және баланың ұлты өзінің өтiнiшi бойынша тек қана ата-анасының бірінің ұлтына өзгертiлуi мүмкiн. Нақты жағдайда кәмелетке толмаған Р.-ның анасының қолында құжаты және оның ұлты мен әкесі туралы мәліметтерді растайтын мәліметтер жоқ. Бұл баланың өзін-өзі тануына және құқықтық мәртебе үшін осы аспектінің маңызды болатынына қарамастан, оның ұлтын ресми түрде көрсетуге мүмкіндік бермеді.
Кейіннен бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар баланың заңдық маңызы бар қай ұлтқа жататындығы фактісін анықтау туралы талабын қанағаттандырудан бас тартқан.
Конституциялық Сот НОтК-тің 65-бабын ата-анасы туралы мәліметтер болмаған жағдайларда (мысалы, жетім болған жағдайда), сондай-ақ Конституцияның 19-бабының 1-тармағында бекітілген адамның өзін-өзі анықтау секілді заңды мүдделерін қозғайтын өзге де өмірлік жағдайларда баланың ұлтын айқындау мен өзгертудің өзге тәсілдерін көздемейтін бөлігінде конституциялық емес деп таныды.
Конституциялық Соттың нормативтік қаулыдағы маңызды құқықтық қорытындыларына тоқталсақ:
- ата-анасының қай ұлтқа жататындығы ұлтын айқындау, көрсету және өзгерту кезінде негізгі өлшемшарт болып табылады, бұл ұлттық, мәдени және отбасылық дәстүр тұрғысынан түсінікті және негізді.
- баланың ұлтын тек ата-анасының ұлтымен айқындау және өзгерту мүмкін болмайтын түрлі өмірлік жағдайларды ескеру қажет (мысалы, құжатпен растаудың болмауы).
Нақты іс шеңберінде бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар НОтК-тің 65-бабының Конституцияға сәйкестігіне талдау жүргізбестен, оны сөзбе-сөз мазмұнында қолданған. Сонымен қатар, олар Конституцияның 78-бабында көзделген тетікті пайдаланбаған - іс бойынша іс жүргізуді тоқтатпаған және Конституциялық Сотқа ұсыну жібермеген.
Сот органдарының мұндай әрекеті бірнеше проблемалық мәселе туғызады:
1) соттың Конституцияның 78-бабын іске асырудан бас тартуын құқық қолданудағы қателік деп қарауға бола ма?
2) осы бапты қолдану үшін «құқықтарға нұқсан келтіру» өлшемшарты қаншалықты кеңінен түсіндірілуі керек?
3) Конституция мен заңдар арасындағы бәсекелестік кезінде сот жеке адамның конституциялық құқықтарын қорғау мүддесінде әрекет етуі керек пе?
Бұл сұрақтарға бір ғана жауап болуға тиіс: егер қолданылуға тиіс норманың конституциялылығына негізді күмән туындаса, сот Конституцияның 78-бабын іске асыруға міндетті.
Нормативтік қаулыда ұлтты «биологиялық» түсінумен қатар - ата-ананың жалғасы ретінде - адамның өзін-өзі сәйкестендіруі түрлі өмірлік жағдайларда және түрлі мән-жайларды ескере отырып шешуші мәнге ие болатын әлеуметтік модельді қарастыру керек екендігіне назар аударады.
Ұлт өкілі болу құқығының конституциялық-құқықтық мәні мыналарды қамтиды:
1) өзінің қай ұлтқа жататындығын айқындау құқығы;
2) құжаттарда ұлтын көрсету не көрсетпеу құқығы;
3) ішкі таңдау, мәдени орта, тәрбие және басқа факторларға сүйене отырып, ұлтын өзгерту құқығы.
Демек, мемлекеттің міндеті - осы құқықтарды шектеу емес, адамның өзін-өзі ұлтқа сәйкестендіруін, оның ішінде формальды-құқықтық тетіктерде көзделмеген жағдайларда тануға жағдай жасай отырып, іске асыруды қамтамасыз ету.
Осы айтылғандарды ескере отырып, сот органдары осындай дауларды қараған кезде:
1) Конституциялық Соттың қорытынды шешімдеріндегі құқықтық ұстанымдарды ескеруге;
2) заңнамада олқылық орын алған кезде Конституцияның 19-бабының дәлме-дәл мағынасын негізге алуға;
3) өзге де ықтимал конституциялық емес нормалар анықталған кезде Негізгі Заңның 78-бабындағы тетікті белсенді пайдалануға тиіс.
Сонымен қатар, құқық қолдану практикасы адамның іргелі құқықтарын қозғайтын нормаларды түсіндірген кезде Конституцияға және халықаралық стандарттарға (оның ішінде Бала құқықтары туралы конвенцияға) сәйкес олардың мағыналы түсіндірілуіне басымдық бере отырып, формальды тәсілден аулақ болуға тиіс.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, қарастырылып отырған жағдай жеке адамның, ажырамас конституциялық құқық ретінде ұлтқа өзін-өзі сәйкестендіру құқығының маңыздылығын ғана емес, сонымен қатар соттардың конституциялық өтініш (ұсыну) беру институтын жандандыру қажеттігін де көрсетеді деп қорытынды жасауға болады. Конституцияның 78-бабы адам құқықтарын қорғаудың маңызды элементі болып табылады және оны елемеу сот жүйесіне деген сенімсіздікке алып келеді.
Атап өтетін тағы маңызды жәйт - нормативтік қаулыда баяндалған құқықтық ұстанымдарды соттар өтініш берушінің ісін қайта қараған кезде құқық қолдану практикасында қолданған және бұл кейінгі сот актілерімен де расталып отыр. Өтініш берушінің бұзылған конституциялық құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді. Бұл Конституцияның нормалары мен Конституциялық Соттың ресми түсіндірмесі құқықтың басым және тікелей қолданылатын құқық көздері ретінде қаралатын, Конституцияға бағытталған сот практикасының қалыптасуын көрсетеді.
Аталған нормативтік қаулыны орындау мақсатында жауапты мемлекеттік орган НОтК-тің 65-бабына ата-анасы белгісіз не олардың ұлтын анықтау мүмкін болмаған жағдайларда баланың жеке куәлігі мен төлқұжатын ресімдеген кезде оның ұлтын айқындау тәртібін көздейтін түзетулер әзірледі. Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі осы түзетулерді «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде қарауда.
Осылайша, аталған нормативтік қаулы заңның Конституцияға қайшылығын жойып қана қоймай, соттар үшін практикалық бағдар болды, бұл адам құқықтарын қорғау декларативті қағидат емес, сот қызметінің нақты императиві екенін көрсетеді.
Пайдаланылған дереккөздер тізімі
1. 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясы
2. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі.
3. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 70-НҚ нормативтік қаулысы.
4. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысы.
5. «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы» 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы.