|
|
|
27.09.2024 Тіл- әр ұлттың жан дүниесі
Тіл тарихы және диалектология жеке ғылым ретінде қалыптаса қоймаса да, жекелеген мақалаларда тіл тарихы, диалектология мәселелері сөз болады. Мысалы, Аймауытовтың «Тіл туралы» («Еңбекші қазақ», 1926, 9 наурыз), «Әдебиет тілі мен емле» («Еңбекші қазақ», 1929, 12 мамыр), Кемеңгеровтің «Қазақша-орысша тілмаш туралы түсінік» («Еңбекші қазақ», 1926, 24 қараша), «Дұрыс па? Бұрыс па?» («Еңбекші қазақ» 1926‚ 10 қараша), т.б. мақалаларында жергілікті тіл ерекшеліктері, кейбір сөздердің этимологиясы сөз болады. ХХ ғ. басында орта мектеп пен педагогикалық училищелерге арналған грамматикалық ғылыми еңбектер, сөздіктер басылып шықты. 1946 жылы Қазақстан ғылым академиясының құрылуы, оның құрамында Тіл және әдебиет институтының ұйымдастырылуы, 1961 жылдан Тіл білімі институтының бөлініп шығуы - қазақ тіл білімінің көптеген мәселелерін шешуге, ғылыми зерттеу жұмыстарының жан-жақты жүргізілуіне, мамандардың көптеп даярлануына жағдай туғызды. 1920-30 жылдардағы әдеби тілдің жай-күйі, өзіндік ерекшеліктері, жартастағы жазулар, эпиграфиялық ескерткіштер қарастырылды. Осының негізінде «Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы» атты 7 жинақ шықты. Диалектологиялық атластар жасалды. Тіл мәдениеті және стилистика саласындағы іргелі зерттеулер 1960 жылдан басталады. 1969 жылы Тіл білімі институтының жанынан Тіл мәдениеті бөлімі құрылғаннан кейін зерттеулер жүйелене түсті. Фольклор тілі, көркем әдебиет тілі 1970 жылдан бастап зерттелді. 1991 жылдан кейінгі қазақ тіл білімінің негізгі бағыттары: жалпыхалықтық тілдің, оның ішінде, әдеби тілдің тарихын жасау, Қазақстан аумағындағы түрлі ұлт тілдерінің өзара әсерін, қостілділік, көптілділік барысын зерттеу, жеке жазушылардың сөздігін жасау, қазақ тілінің тарихи грамматикасын жазу, диалектологиялық атлас жасау, тілдің дыбыстық жүйесін тәжірибелік тұрғыда зерттеу, шет ел сөздерінің сөздігін жасау, әртүрлі ғылым салаларына байланысты толық атаулық сөздіктер шығару, лексикография теориясындағы мәселелерді шешу, көркем әдебиет, фольклор тілін, тіл мәдениеті мен стилистика мәселелерін дамыту, қазақ тілінің дыбыс жүйесін синхрония және диахрония тұрғысынан құрылымдық, математика, лингвистиканы әдістер арқылы жан-жақты зерттеу болса, бүгінгі таңда іске асып жатыр. Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен қазақ тілі - ежелгі таза қалпын сақтап келе жатқан тілдердің бірі. Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз - мейлінше жетілген ұлттық тіл. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралары бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Өткен ғасырда қазақтың бас бостандығы үшін күресіп, құрбандығы болған қайраткеріміз Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі - жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына» - деген екен. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бүгінде елімізде ұлтты ұйыстыру мен халықты біріктірудің басты факторына айналып отырған - мемлекеттік тіл екендігі баршамызға белгілі. Ең бастысы, бүгінгі жаңа қоғам, жаңа дәуірде қазақ тілінің қажеттілігі орныға бастады. Мемлекеттік тілді білу, оны меңгеру уақыт талабына айналды. Ұрпақ тәрбиесінің маңызына қазақ зер салып, оған ерекше мән берген. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз - өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайтыны рас. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруда, тіл жаппай қолданыс тіліне айналар күн де алыс емес. Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы барша жастарымызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге жұмылдыратын ұранға айналуы тиіс.
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы Карибаева М.Т.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |