|
|
|
Адвокаттардың кәсіптік құқықтарын қорғау, заң талабы
Нурпейісов Бақтыбек Абатұлы, адвокат, Қостанай облысы адвокаттар алқасы, адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі Комиссия мүшесі
1. Адвокаттардың кәсіптік құқықтарын қорғау жөніндегі Комиссия, оның құрылымы және жұмысы
Адвокаттардың кәсіптік құқықтарын қорғау жөніндегі Комиссия (бұдан әрі - Комиссия) адвокаттардың кәсіптік құқықтарын қорғау, сондай-ақ, «Адвокаттық қызмет және заңгерлік көмек туралы» 2018 жылғы 05 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабы 3-тармағының 8) тармақшасына және Республикалық адвокаттар алқасы (РАА) Жарғысының 28-тармағының 6) тармақшасына (адвокаттардың әлеуметтік және кәсіптік құқықтарын қорғайды) сәйкес Адвокаттық қызмет кепілдіктерін қамтамасыз етуге жәрдемдесуді ұйымдастыру мақсатында құрылды. Комиссия - Республикалық адвокаттар алқасының құрылымына кіреді, Адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы туралы Ереже (бұдан әрі - Ереже) адвокаттар алқалары Республикалық конференциясымен 2022 жылдың 19 ақпанында бекітілді. Комиссияның сандық құрамын РАА Төралқасы бекітеді. Комиссия мүшелерін РАА Төралқасы төрт жыл мерзімге сайлайды. Комиссия құрамына кемінде бес жыл адвокаттық тәжірибесі бар барлық аймақтық адвокаттар алқаларының өкілдері кіреді. Комиссия мүшелігіне кандидаттар аймақтық адвокаттар алқалары төралқаларының, РАА Төралқасының мүшелерінің, РАА Төрағасының, Комиссия төрағасының дәлелді өтініштері бойынша беріледі. Әрбір аймақтық адвокаттар алқасынан кемінде бір кандидат ұсынылуы тиіс. Комиссияның қызметін ұйымдастыруды және оған басшылық етуді Комиссия төрағасы жүзеге асырады. Комиссия төрағасының кандидатурасын РАА Төралқасы Комиссия мүшелерінің арасынан сайлайды. Бір адам Комиссия төрағасының лауазымына бір мерзімнен артық тағайындала алмайды. Хатшы Комиссия мүшелерінің арасынан ашық дауыс беру арқылы сайланады.
2. Комиссияның өкілеттіктері
Комиссия адвокаттардың, адвокаттар алқалары төралқаларының кәсіптік құқықтарын бұзу туралы жеке және ұжымдық өтініштерін (бұдан әрі - өтініш) қарайды. Комиссия өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін: келіп түскен өтініштерді қарайды, адвокаттардың құқықтарын бұзудың (бұзушылықтардың) болуы немесе болмауы туралы қорытындыларды әзірлейді және оларды РАА Төралқасына немесе РАА төрағасына жолдайды; РАА Төралқасына адвокаттардың құқықтарын қорғаудың тәсілдері мен тетіктері туралы ұсыныстарды енгізеді; адвокатты қорғау бағытында жүргізілетін жұмыс және Төрағаның тапсырмасы бойынша немесе өз бастамасымен атқарылған жұмыс нәтижелері туралы РАА төрағасын хабардар етеді; ҚР баспасөз қызметімен бірлесіп адвокаттардың құқықтарын қорғау жөніндегі мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жөніндегі шараларды қабылдайды; РАА Төралқасына адвокаттардың құқықтарын бұзудың алдын-алу үшін қажетті шаралар туралы ұсыныстарды енгізеді; РАА Төралқасына адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау мәселелері бойынша құжаттардың жобаларын енгізеді; Адвокаттардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша құқық қолдану тәжірибені жинақтайды және РАА Төралқасына Адвокаттық қызмет кепілдіктерін белгілейтін заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстарды енгізеді; РАА Төралқасының немесе РАА Төрағасының тапсырмасы бойынша комиссия қызметіне байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Ережеге қайшы келмейтін өзге де функцияларды жүзеге асырады; Комиссия қызметінің мақсатына жету үшін қажетті консультациялық, әдістемелік және басқа да көмек алу үшін мамандарға жүгінуге құқылы. Мұндай көмекті ақылы негізде алуын РАА шығыстар сметасына сәйкес РАА төрағасының келісімі бойынша жүргізіледі; Адвокаттық қызметтің өз құқықтары мен кепілдіктерін өз бетінше қорғау тәсілдері мен тәжірибесі бойынша адвокаттық қоғамдастық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді; Адвокаттық қызметтің өз құқықтары мен кепілдіктерін өз бетінше қорғау тәсілдері мен тәжірибесі бойынша адвокаттық қоғамдастық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;
3. Комиссия мүшелерінің құқықтары
Осы Ережеде көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін комиссия мүшелері: 1) адвокаттардың кәсіби құқықтарын бұзу жағдайларын тексерумен байланысты жекелеген адвокаттардан түсініктеме сұратуға; 2) адвокаттың кәсіби құқықтарының бұзылуын анықтап және РАА Төралқасы, РАА төрағасының тапсырмасы бойынша осы мәселеге қатысты РАА-ның өз ұстанымын мәлімдеу қажет болған жағдайда азаматтық және әкімшілік істерді қарау кезінде, сондай-ақ іс жүргізу заңнамасына сәйкес және РАА төрағасы беретін сенімхат негізінде қылмыстық сот ісін жүргізу барысында адвокаттардың құқықтарын қорғап сөз сөйлеуге; 3) адвокаттың кәсіптік құқықтарының бұзылу фактісі анықталған кезде, іс жүргізу заңнамасына сәйкес оның өтініші бойынша іске қатысуға. Бұл жағдайда Комиссия мүшесі РАА-ның сенімхатынсыз қатысады және оның өкілі болып табылмайды. 4) қажет болған жағдайда адвокаттың өтініші бойынша, РАА Төрағасының сенімхаты негізінде, оның кәсіби құқықтарын қорғау туралы іс бойынша қатысуға; 5) РАА Төралқасы төрағасының шешімі бойынша үлкен қоғамдық резонанс тудырған істерге қатысуға құқылы.
4. Комиссия мүшелерінің міндеттері
Осы Ережеде көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыру барысында Комиссия Төрағасы, Хатшысы, мүшелері және комиссия жұмысына көмектесетін адамдар: 1) Қазақстан Республикасы заңнамасының және адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексінің нормаларын сақтауға; 2) өз қызметінде адвокатураны ұйымдастыру және оның қызметі қағидаттарын басшылыққа алуға; 3) өз өкілеттіктерін орындау барысында оларға белгілі болған мәліметтерді құпия сақтауға міндетті; 4) адвокаттың кәсіптік құқықтарын бұзу фактісі бойынша адвокат шағымданатын іс-әрекеттерге байланысты нақты мән-жайларды анықтау бойынша заңмен тыйым салынбаған кез келген іс-қимылды орындауға; 5) егер істің нәтижесінде жеке мүдделілік немесе комиссияға жүгінген өтініш берушінің мүдделеріне қайшы келетін өзге де мән-жайлар болған жағдайларда өз өкілеттіктерді жүзеге асырудан бас тартуға міндетті.
5. Адвокаттың өтініші және өтінішті қарау тәртібі
Адвокаттардың өтініші Республикалық адвокаттар алқасының Төрағасының атына жолданады. Өтінішті Республикалық адвокаттар алқасының Төрағасы немесе оның орынбасары Комиссияға ілеспе хатпен жолдайды. Қабылданған өтінішті Комиссия хатшысы Комиссия мүшесінің біреуіне немесе бірнешеуіне өндіріске/жұмысқа алуды ұсынады. Өндіріске қабылданған Өтініш бойынша қорытынды 15 жұмыс күні ішінде әзірленеді. Әзірленген қорытынды Комиссия мүшелеріне шешім қабылдауға үшін ұсынылады. Қорытындыда адвокаттың кәсіптік құқықтарының бұзылу оқиғасы анықталды немесе бұзылу оқиғасы анықталмады деген анық тұжырым болуы керек. Егер де адвокаттың кәсіптік құқықтарының бұзылу оқиғасы анықталған жағдайда, оған Комиссия тарапынан берілетін көмектің түрлері қорытындыда қарастырылып көрсетіледі. Егер адвокаттың құқықтарының бұзылуы анықталса: сотқа қатысу қажет болған жағдайда құжаттарды дайындау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру және басқа да қажетті іс-әрекеттер қарастырылады. Комиссия мүшелерімен шещім тапқан қорытынды Комиссия төрағасымен бекітіліп РАА Төрағасына жіберіледі. Ол өз тарапынан өтініш жасаған адвокатқа қабылданған қорытындыны ілеспе хатпен кері жолдайды.
6. Комиссия қызметінің нәтижелері
Комиссия қызметінің 2022 жылғы қараша - 2023 жылғы желтоқсан уақыт аралығындағы нәтижелері. Келіп түскен өтініштерді қарау нәтижелері бойынша Комиссия - 41 қорытынды дайындады, соның ішінде: 1. Кәсіби құқықтардың бұзылу фактілері туралы қорытындылар - 29; 2. Бұзылған кәсіби құқықтар фактісінің жоқтығы туралы қорытындылар - 12. Соның ішінде: Маңғыстау облысы: 2; Атырау облысы: 2; Алматы қаласы: 5; Түркістан облысы 3; Қостанай облысы: 2; Павлодар облысы: 2; Алматы облысы: 2; Қарағанды облысы: 11; ШҚО: 3; Астана қаласы: 5; Солтүстік Шығыс облысы: 1; Шымкент қаласы: 1; Ақмола облысы: 1; Ақтөбе облысы: 1.
7. Комиссияның жұмысы барысында адвокаттардың кәсіби құқықтарының жиі кездесетін бұзушылықтарының тізбесі
1) Адвокатты іске қатысуға, оны жүргізуге жібермеу; 2) Адвокаттан клиентке көмек көрсеткен ісі бойынша жауап алу; 3) Адвокатқа қатысты жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу; 4) Клиентпен кездесуге жол бермеу; 5) Адвокаттың қадағалау ісін тексеру және байланыс құралдарын алу; 6) Адвокатты іске қатысудан шеттету; 7) Адвокатты жасырын қызметке (агентуралық жұмысқа) тарту; 8) Адвокатқа зорлық-зомбылық көрсету, күш қолдану, қорқыту; 9) Негізсіз жекеше қаулылар мен ұйғарымдарды шығару; 10) Адвокаттың қызметіне заңсыз араласу және адвокатты қудалау; 11) Адвокаттардың кеңселері мен үйлерінде заңсыз тінтулер жүргізу; 12) Адвокаттарға қатысты заңсыз қылмыстық істерді қозғау; 13) Уәкілетті мемлекеттік органның адвокатты лицензиядан айыру туралы негізсіз талаптары. Бұл тізім әліде толық емес, себебі адвокаттардың кәсіби құқықтарының бұзылуы әртүрлі тәсілдер мен жағдайларда көрініс алуы мүмкін, сондықтан адвокаттар Комиссияға жүгінген сайын тізім толықтырылады.
8. Адвокаттардың кәсіби құқықтары бұзылмайтын жағдайларға мыналар жатады:
1) Адвокаттың әдеп немесе құқық нормаларын бұзғаны үшін негізді, дәлелді шығарылған жеке қаулылар мен ұйғарымдар; 2) Заң көмегін көрсету шарты бойынша төлемнің болмауы, оны клиент төлемеуі, гонорар дауының туындауы; 3) Адвокаттың қорғаушы ретінде тергеушіге, сотқа мәлімдеген шағымын (қарсылық білдіру) қанағаттандырудан бас тартуы; 4) Заңды шектеулерге байланысты адвокаттың іске қатысуына жіберілмеуі (мемлекеттік құпия істерге адвокатпен рұқсаты алынбаған, карантин шектеулері, төтенше жағдайлар т.б.); 5) Адвокаттың шағымдары бойынша шара қолданбау; 6) Адвокаттың өтініш беру тәртібін сақтамай шағымдануы; 7) Адвокаттың шағымын қараудан немесе адвокаттың шағымын қанағаттандырудан бас тарту; 8) Адвокаттың өзінің лайықсыз мінез-құлқымен арандатқан бұзушылықтар; 9) Адвокат пен клиент арасындағы, оның ішінде заңгерлік көмек көрсету сапасы мен гонорарды төлеу бойынша дау; 10) Адвокаттың кәсіби құқықтарының бұзылуына байланысты емес адвокатқа қатысты қылмыстық істі қозғау. Бұл тізім де толық емес және Комиссияға жаңа түскен өтініштерді, шағымдарды қараумен анықталған жағдайда толықтырылады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |