|
|
|
27.03.2019 Қазақстанның құқықтық жүйесін қалыптастырудағы билер институтының рөлі мен маңызы
Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында Ұлы даланың ұлы есімдерін жаңғырту мақсатында, олар туралы толық қанды зерттеу жүргізіп, жинақтау арқылы ұлы дала ұрпақтарына ұмытылмас тарих сыйлау үшін оқу-ағарту энциклопедиялық саябақтар ашу ойы арқылы еліміздің тарихын жаңғыртудың өзгеше жолын ұсынды. Бұл Қазақстанды дүниенің төрт құбыласына танытатын мақсат. Қазақ елінің тарихы бай болғанымен, өкініштісі, ғылыми тұрғыдан зерттеліп қағаз бетіне түспегені қаншама. Елбасы Қазақстанның тарихына жаңаша көзқараспен қарап, Ұлы тұлғаларды ұлықтауға үндеген. Осы құндылықты жұрттың рухани игілігіне практикалық тұрғыдан пайдалануды тапсырды. Ұлы даланың көп ғасырлық рухани мұраларын, жаңа қалыптасып жатқан цифрлық өркениетке сай етуді алға тартты. Бүгінгі тарихшылар, саяхатшылар тарихи оқиғалардың куәсі болған мекенге, бабаларымыз мекен еткен, еңбегі сіңген жерлерге барып, сол дәуірдің куәсі болған, даналық сөздермен жазылған кітаптарды, жәдігерлерді қолмен ұстап көруге өте құмар. Қазақ елінің Шығысы мен Батысы, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы Ұлы дала төсі - тұнып тұрған тарих. Сол тарихты аршып, өркениет көшіне ілестіру оңай шаруа емес екені анық. Елбасының мақаласынан мына бір жазылған пікірді оқи отырып, «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады» - деген ойды түйдім. Ия, адамзат, ұлттар қоғамының тарихында басты рөлді ұлы тұлғалар атқарады. Қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылмаған «Ұлы тұлғалар» жетерлік. Солардың бірі тарихта аты қалған, ел арасында аңызға айналған билер туралы қысқаша тоқталғым келіп отыр. Билер өз заманында елдің бірлігі және келешегін сақтап қалу үшін күрескен абзал азаматтар. Оларға сол уақытта мемлекет би деген титул бермесе де, әр ата-бабамыз оларды би санаған. Тағдырларын соларға сеніп тапсырған. Билер, елге көрсеткен қызметі үшін ешкімнен ақы алмаған. Ақыл-кеңесін сатпаған. Өз тірлігін өзі жасап, еңбегі мен арын пұлға, параға айырбастамаған. Олардың қорғаушысы ел, олар елдің адал қызметшісі. Сондықтан олар сол уақытта ел арасында құрметке ие болған. Билеріміз ұлы даланың, қазақ халқынын бірлігін сақтап қалу үшін, тарихтың қатал кезеңдерінде салт-дәстүрімізді, тілімізді және дінімізді жоғалтпай бізге сыйлаған тұлғалардын бірі және қазіргі тәуелсіз ел болуымыздың себепкерлерінің бірі депте айтуға болады. Қазақ билері ерте заманда осы күнгі соттың да, тергеушінің да қызметін атқарған. Билер өздерінің бір ғана сөзімен небір шытырман даулы мәселелердің дұрыс шешімін тауып отырған. Қазақ билері әділ және елге сыйлы болатын. Солардың бірі атақты үш жүздің билері - Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би. Сондықтан кез келген мемлекет тарихы ұлы тұлғалар ісінің призмасы арқылы анағұрлым айқын, әрі әсерлі көрінетіні тегін емес. Оның үстіне, тарихтың өзі де кейде осы тұлғалармен сәйкестендіріледі. Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Билердің ел тыныштығы, оның бақытты келешегі, тәуелсіздігі үшін қауіп-қатерді елемей, бастарын бәйгеге тіккен осы шынайы отаншыл сезімі, ынтымақ- бірлігі басқалаларға да ықпал етіп, қазақ халқын бір мақсатқа жұмылдыра түскен. Бүгінгі бақытты өміріміз осындай бабалар арқасы екенін түсініп, билерімізді ұлықтап, елім деп еңіреген батырларымызды ұрпақ ешқашан ұмытпауы қажет деп білемін. Бүгінгі күні еліміздің бүкіл соттарында «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы сәтті жүзеге асуда. Кешегі билеріміздің сара жолын жаңғырту және дамыту мақсатында еліміздің аймақтарында Билер кеңестері құрылып жатыр. Осы жобаның аясында Жангелдин аудандық соты да аудан орталығында Татуластыру орталығын ашу мүмкіндігін қарастыру және осы бағыттағы жұмысты ұйымдастыру бағытында жұмыстарды жүзеге асырып келе жатыр. Жалпы көпшілік арасында татуластыру рәсімдерін насихаттау мен әйгілендіру мақсатында үнемі кездесулер мен семинарлар өткізіледі, сот қызметкерлері БАҚ-да көптеген мақалалар жариялап, медиацияның артықшылықтары жөнінде біршама халыққа түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудандық кәсіпқой емес медиаторлардың тізімі қайта жаңартылды. Қазіргі таңда адамдар аудан орталығына келмей, өз ауылдарындағы кәсіби емес медиаторлардың көмегіне жүгініп отыр. Осы жерде Жангелдин ауданында өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы және мінсіз беделі бар тұлғалардан тұратын кәсіби емес медиаторлар іс жүзінде дәстүрлі билер қызметін атқарып келе жатқандығын айтып өткім келеді. Өз еңбектерімен олар тек медиация институтының дамуына ғана сүбелі үлестерін қосып қана қоймай, аймақтағы ауызбіршілік пен келісімді, татулықты насихаттап, сонымен қатар біздің тұрғындарымыздың арасындағы даукестік деңгейін төмендетуге жұмыс жасап жүр. Бүгінгі күні сот және құқық қорғау жүйесін жаңғырту мақсатында бітімгершілік, медиация жүйесінің оның ішінде Билер кеңестерінің жұмысын жандандырудың маңызы зор болып отыр. Ескі жүйені жаңғырта отырып, бүгінгі қоғам мүддесіне сай, қолдана біліп отырғанымыз осының айғағы. Қазіргі таңда азаматтарымыз ұзаққа созылатын сот процестерінсіз-ақ өз құқықтарын, мүдделерін заңды түрде қорғауға қол жеткізе алып отыр. Медиация рәсімі арқылы даулы жағдайлардың көрсеткіштік деңгейі төмендеп, экономикалық, еңбек, отбасылық даулардың шешілуі жеңілдеп, сотталушылардың да санын азайтуға септесіп, сот шешімін ерікті түрде орындаушылар саны ұлғайып, бюджеттік шығындардың төмендеуіне қол жеткізіп отырмыз. Қанша ғасыр өтсе де, жаңғыртып жеткен жүйе өзінің маңыздылығын дәлелдей түсуде.
Алмас Хамзин, Жангелдин аудандық сотының кеңсе меңгерушісі
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |