|
|
|
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының
ҚР 2016 жылғы 22 ақпандағы № 457-V Заңымен ратификацияланды 2016 жылғы 1 маусымда күшіне енді
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - «Тараптар» деп аталатын), өз мемлекеттері мен халықтары арасындағы достық өзара қарым-қатынастарды негізге ала отырып, халықаралық күш-жігер рухында заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасауға ниет білдіре отырып, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қабылданған нормаларына сәйкес және сенімді ынтымақтастық рухында тиісті Тараптың аумағында заңсыз тұратын адамдарды қабылдауды және адамдарды транзиттеуді жеңілдетуге ұмтылысты басшылыққа ала отырып, төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімде төменде келтірілетін терминдердің мынадай мағынасы бар: «реадмиссия» - шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың келу, кету және болу мәселелері бойынша заңнаманы бұза отырып, Тараптар мемлекеттерінің аумағына келген немесе онда тұрып жатқан адамдарды осы Келісімде көзделген тәртіппен, шарттарда және мақсатта бір Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының беруі және екінші Тарап мемлекеті құзыретті органдарының қабылдауы; «сұрау салушы Тарап» - адамды қабылдау, қайтару немесе транзиттеу туралы сұрау салуды жолдайтын Тарап; «сұрау салынатын Тарап» - өзінің атына адамның реадмиссиясы немесе транзиті туралы сұрау салу жолданған Тарап; «үшінші мемлекеттердің азаматтары» - осы Келісімнің қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттердің азаматтары; «азаматтығы жоқ адамдар» - бір Тарап мемлекетінің азаматтығынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына келгеннен кейін айырылған және осы Келісімнің 2-бабы 1-тармағының әрекеті қолданылатын адамдарды қоспағанда, Тараптар мемлекеттерінің азаматтары болып табылмайтын және үшінші мемлекеттің азаматтығы жоқ адамдар; «құзыретті органдар» - осы Келісімнің 13-бабына сәйкес оны іске асыру жүктелген Тараптар мемлекеттерінің органдары.
I бөлім 2-бап
1. Егер осы адамда сұрау салынатын Тараптың азаматтығы бар екені дәлелденсе немесе солай пайымдауға негіздеме болса, сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында қолданылатын келу немесе болу қағидаларын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан адамды Тараптардың әрқайсысы қабылдайды. Адамның сәйкестігін растау талап етілмейді. 2. 1-тармақ сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына келгеннен кейін сұрау салынатын Тараптың азаматтығынан айырылған немесе одан шыққан және екінші мемлекеттің азаматтығын алмаған немесе сұрау салушы Тараптың мемлекетінен азаматтыққа қабылдауға рұқсат алмаған адамға да қатысты болады. 3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша қабылданатын адамның кәмелетке толмаған бойдақ/күйеуге шықпаған, шет елде туған балаларын да, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің азаматтығы жоқ/бар зайыбын/жұбайын, егер олардың сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында болуға құқығы болмаса, қабылдайды.
1. Азаматтығы фактісінің дәлелдемесі ретінде: 1) азаматтығы туралы куәліктер; 2) барлық санаттағы паспорттар (ұлттық паспорттар, уақытша паспорттар және ресми инстанция берген паспорттар); 3) жеке куәліктер (оның ішінде уақытша куәліктер); 4) балалар паспорттары, теңізде жүзу кітапшалары және паспортты алмастыратын және шекарадан өтуге мүмкіндік беретін басқа да құжаттар; 5) әскери билеттер мен әскери куәліктер; 6) ресми инстанция берген, осы адамның азаматтығын растайтын басқа да құжаттар қабылданады. Мұндай жағдайларда сұрау салынатын Тарап осы адамды қандай да бір формальдылықсыз қабылдайды. 2. Азаматтығын пайымдау үшін негіз ретінде: 1) осы баптың 1-тармағында тізбеленген құжаттардың көшірмелері; 2) жүргізуші куәліктері және олардың көшірмелері; 3) тууы туралы куәліктер және олардың көшірмелері; 5) осы адамның өзінің айғақтары; 6) сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша жүзеге асыру қажет болатын, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары жүзеге асырған осы адамды тыңдау нәтижесі; 7) сұрау салынатын Тараптың тиісті тілінде сөйлей білуі; 8) азаматтығын айқындау кезінде көмегін тигізуі мүмкін басқа да құжаттар пайдаланылады. Мұндай жағдайларда адамды қабылдау осы Келісімнің 4-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. 3. Азаматтығы фактісін пайымдау үшін негіз ретінде осы баптың 1 және 2-тармақтарында тізбеленген құжаттардың тіпті олардың қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда да біреуі болса жеткілікті.
1. Дәлелдемелер болмаған жағдайда немесе осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында айқындалған жағдайларда адамды қабылдау сұрау салушы Тараптың қабылдау туралы өтінішхатының негізінде жүзеге асырылады. Қабылдау туралы өтінішхатта қабылдауға жататын адамның қолындағы құжаттарына немесе айғақтарына сәйкес мынадай деректер қамтылуға тиіс: 1) қабылдауға жататын адамның жеке деректері (тектері, аттары, әкесінің аты, туған күні және мүмкіндігінше - туған жері, сондай-ақ сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағындағы соңғы тұрғылықты жері туралы деректер); 2) азаматтығы фактісін пайымдау үшін негіз болып табылатын құжаттардың атауы; 3) қабылдауға жататын адамның келісімімен оның ауруына немесе жасына байланысты көмекке немесе күтімге ықтимал мұқтаждығын көрсету; 4) осы адамды беру кезінде қабылдаудың нақты жағдайында қорғау мен қауіпсіздіктің басқа да шараларының қажеттігін көрсету. 2. Адамды қабылдау осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылған жағдайда азаматтығынан айырылғандығы құзыретті органдарға мәлім болғаннан кейін 12 ай ішінде қабылдау туралы өтінішхат жіберу қажет. Адам сұрау салынатын Тараптың азаматтығынан осы Келісім күшіне енген кезге дейінгі кезеңде айырылған жағдайда, бұл мерзім осы Келісім күшіне енген кезден басталады. 3. Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген өтінішхатқа дереу, бірақ бір айдан кешіктірмей жауап береді. Бұл мерзім сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына келіп түскен күнінен басталады. Бір ай мерзім өткеннен кейін қабылдау туралы өтінішхат қанағаттандырылды деп есептеледі. Қажет болған жағдайда, сұрау салынатын Тарап қабылданатын адамның реадмиссиясы үшін қажетті, қолданылу мерзімі алты ай болатын паспорттық-визалық құжаттарды дереу ресімдейді. 4. Егер құқықтық немесе нақты кедергілерге байланысты ресімделген паспорттық-визалық құжаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін беруді жүзеге асыру мүмкін болмаса, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі он төрт күннің ішінде қолданылу мерзімі алты ай болатын жаңа паспорттық-визалық құжатты ресімдейді. 5. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салынатын Тараптың құзыретті органын осы адамның реадмиссиясы туралы дереу, бірақ адамның жоспарланған реадмиссиясына дейін үш күннен кешіктірмей хабардар етеді.
Егер сұрау салынатын Тараптың осы адамды қабылдауы үшін осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген негіздердің болмағаны қабылдаған кезден бастап екі ай ішінде дәлелденген болса, сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тарап қабылдаған адамды қандай да бір ерекше формальдылықсыз кері қабылдайды.
II бөлім 6-бап
1. Тараптардың әрқайсысы екінші Тараптың өтініші бойынша қазақстандық немесе германиялық азаматтығы жоқ адамды, егер осы адам сұрау салушы Тарап аумағында қолданылатын келу және болу үшін алғышарттарды орындамаса немесе орындауды тоқтатса, сондай-ақ егер осы адамның: 1) келген кезде сұрау салынатын Тарап берген жарамды визасының немесе қолданыстағы болуға арналған рұқсатының болуы немесе болғаны; немесе 2) сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағынан тікелей заңсыз келгені; немесе 3) келуге рұқсатты алдау жолымен сұрау салынатын Тараптың жалған немесе қолдан жасалған құжаттарын пайдалана отырып алғаны; немесе 4) сұрау салынатын Тараптың аумағында өзінің соңғы тұрғылықты жері бар екені дәлелденсе не солай деп пайымдауға негіздер болса, қабылдайды. 2. Сұрау салынатын Тарап, егер Тараптар осы адамға қолданылу мерзімі аяқталған визаны немесе қолданылу мерзімі аяқталған болуға арналған рұқсатты ресімдесе, бірақ сұрау салынатын Тараптың визасының немесе болуға арналған рұқсатының қолданылу мерзімі неғұрлым ұзақ болса да, қабылдауды жүзеге асыруға міндетті. Қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда, дәл сол күні қолданылу мерзімі неғұрлым ұзақ визаны немесе болуға арналған рұқсатты ресімдеген Тарап осы адамды қабылдауға міндетті. 3. Қазақстан Тарапы герман Тарапының өтінішхаты бойынша басқа азаматтық алмаған және Қазақстан Республикасының аумағында туған жері бар және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері бар бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының бұрынғы азаматтарын қабылдайды. Туған жері және тұрақты тұрғылықты жері Қазақстан Тарапының, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының немесе үшінші мемлекеттің ресми құжаттарының көмегімен дәлелденуі мүмкін. Қазақстан Республикасының аумағында тұру фактісін және туған жерін жанама растайтын басқа құжаттар да Қазақстан Республикасының аумағында тұрғанының және туған жерінің негіздемесі бола алады. 4. Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша осы баптың 3-тармағына сәйкес қабылданатын адамның кәмелетке толмаған бойдақ/күйеуге шықпаған, шет елде туған балаларын, сондай-ақ үшінші мемлекеттердің азаматтығы бар/жоқ оның жұбайын/зайыбын, егер оларға сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында болуға рұқсат берілмеген жағдайда, қабылдайды.
1. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағынан сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына тікелей келу және сұрау салушы Тараптың аумағында үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың болу фактілері, сол сияқты олардың келуінің немесе болуының заңсыздығы және сұрау салынатын Тарап берген визаның немесе сұрау салынатын Тараптың аумағында болуға арналған басқа жарамды рұқсатының болуы дәлелденуге немесе негізделуге тиіс. 2. Сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына келу және онда болу фактілері, сол сияқты сұрау салынатын Тарап ресімдеген жарамды визаның немесе болуға арналған басқа да жарамды рұқсаттың болуы: - сұрау салынатын Тараптың органдары ресімдеген паспорттық-визалық құжаттарында шығу және келу туралы мөртабандардың; - сұрау салынатын Тарап органдарының паспорттық-визалық құжаттардағы белгілерінің; - осы адамның сұрау салынатын Тараптың аумағында болғаны туралы нақты куәландыратын авиабилеттердің, түбіртектердің немесе шоттардың негізінде дәлелденген болып есептеледі. Сұрау салушы Тарап жоғарыда көрсетілген дәлелдемелердің бірін ұсынған жағдайда сұрау салынатын Тарап қосымша негіздемелерді талап етуге және қосымша тексеру іс-шараларын жүргізуге құқылы емес. - сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағы арқылы өткендігін растайтын авиациялық немесе өзге көліктік билеттердің негізінде; - осы адам келгеннен кейін оны ұстаудың мән-жайлары мен орнының негізінде; - шекараны кесіп өту фактісі туралы дәлел келтіре алатын шекара қызметтері қызметкерлерінің айғақтарына; - осы адамды сәйкестендіру немесе оның болуы туралы халықаралық ұйымның ақпаратына; - куәгерлік айғақтарға; - осы адамның айғақтарына негізделген деп есептеледі. Тараптар сұрау салушы Тарап теріске шығармайынша, жоғарыда көрсетілген тәсілмен алынған негіздемені мойындайды. 3. Адамның келуінің немесе болуының заңсыздығы, сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында болуға қажетті визасы немесе өзгедей рұқсаты жоқ, шекараларды кесіп өту құқығына арналған құжаттың көмегімен дәлелденеді. Келудің немесе болудың заңсыздығын негіздеу үшін осы адамда шекараны кесіп өту құқығына арналған қажетті құжатының немесе тиісті визасының немесе болуға арналған басқа рұқсатының болмауы фактісін белгілеу туралы сұрау салушы Тараптың өтініші жеткілікті болады. 4. Тұрғылықты жерінің болуын осы Келісімнің 6-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші мемлекеттің ресми құжаттарының көмегімен дәлелдеуге болады. Негіздемені ең алдымен, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағындағы тұрғылықты жерін көрсететін құжаттардың, куәліктердің немесе басқа да құжаттардың көмегімен алуға болады.
1. Үшінші мемлекеттердің азаматтарын және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау туралы өтінішхаттың негізінде жүзеге асырылады. Қабылдау туралы өтінішхатта қабылдауға жататын адамның қолындағы құжаттарына немесе айғақтарына сәйкес мынадай деректер: 1) қабылдауға жататын адамның жеке деректері (тектері, аттары, әкесінің аты, туған күні және мүмкіндігінше, туған жері, сондай-ақ сұрау салынатын Тарап мемлекетінің аумағындағы соңғы тұрғылықты жері туралы деректер); 2) фактілерді негіздеуге арналған дәлелдемелердің немесе құжаттардың атауы; 3) қабылдауға жататын адамның келісімімен, оның ауруына немесе жасына байланысты көмекке немесе күтімге ықтимал мұқтаждығын көрсету; 4) осы адамды беру кезінде қабылдаудың нақты жағдайында қорғау мен қауіпсіздіктің басқа да шараларының қажеттігін көрсету қамтылуға тиіс. 2. Қабылдау туралы өтінішхат осы адамның заңсыз келу немесе болу фактісі құзыретті органдарға мәлім болғаннан кейін 12 айдан кешіктірілмей жолданады. Осы Келісім күшіне енген кезге дейінгі кезеңде, осы адам сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына келген жағдайда, бұл мерзім осы Келісім күшіне енген кезден басталады. Сұрау салынатын Тарап өтінішхатқа дереу, бірақ бір айдан кешіктірмей жауап береді. Осы мерзім сұрау салынатын Тараптың тиісті органына ол түскен күннен басталады. Бір ай мерзім өткеннен кейін қабылдау туралы өтінішхат қанағаттандырылды деп есептеледі. Сұрау салынатын Тарап, қажет болған жағдайда, қабылданатын адамның реадмиссиясы үшін алты ай қолданылу мерзімімен қажетті паспорттық-визалық құжаттарды дереу ресімдейді. 3. Тиісті адамды беру дереу, алайда, сұрау салынатын Тарап қабылдау туралы өтінішхатты қанағаттандырған кезден бастап үш айдан кешіктірілмей жүзеге асырылады. Беру үшін құқықтық немесе нақты кедергілер болған кезде, сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша бұл мерзім ұзартылады. Тараптардың құзыретті органдары берудің жоспарланған күнін жазбаша түрде келіседі.
Егер сұрау салынатын Тарап осы адамды қабылдағаннан кейін екі ай ішінде осы Бөлімде көрсетілген алғышарттардың жоқ екендігін белгілесе, адамды осы Келісімнің 6-бабына сәйкес қабылдаған жағдайда сұрау салушы Тарап осы адамды қандай да бір формальдылықсыз кері қабылдайды.
III бөлім
Адамдарды осы Келісімнің 2 және 6-баптарына сәйкес қайтару, әдетте, әуе жолымен жүзеге асырылады. Егер мұны әуе кемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүдделері талап етсе, қайтаруға жататын адамдарға қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметтердің қызметкерлері еріп жүреді.
IV бөлім
1. Тараптардың әрқайсысы үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды өз мемлекетінің аумағы арқылы, егер бұл жөнінде екінші Тарап өтінішхат жолдаса, сондай-ақ межелі мемлекетке дейін ықтимал транзиттік мемлекеттер арқылы өтуді қамтамасыз етсе, транзиттеуге рұқсат етеді. 2. Сұрау салынатын Тарап өз аумағы арқылы транзитке берген рұқсатынан, егер осы адамға қандай да бір келесі транзиттік мемлекеттердің бірінде немесе межелі мемлекетте осы Келісімнің 17-бабының 1-тармағында көрсетілген Конвенцияда көзделген себептерге байланысты қудалау, адамгершілікке жатпайтын немесе қорлаушылықпен қарау, жазалау немесе өлім жазасын шығару қаупі төнсе, бас тартуға тиіс. Егер осы адам сұрау салынатын Тараптың аумағында қылмыстық қудалау немесе жазасын өтеу қаупі төнетін болса, транзитке берілген рұқсаттан бас тартылуы мүмкін. Қылмыстық қудалау немесе жазасын өтеу мақсатында адамдарды тапсыру рәсіміне бұл әсер етпейді. 3. Адамды транзиттеуден бас тартылған жағдайда, сұрау салушы Тарапты бас тартудың себептері туралы хабардар ету қажет. 4. Егер кейіннен осы баптың 2-тармағында көзделген және транзитке кедергі келтіретін фактілер анықталса немесе күшіне енсе немесе егер келесі транзиттік мемлекеттер арқылы өтуге немесе межелі мемлекеттің қабылдауына кепілдік берілмесе, өз аумағы арқылы транзиттеуге берілген рұқсаттың болуына қарамастан, транзиттеуге жататын адамдар сұрау салушы Тарапқа қайтарылуы мүмкін.
V бөлім
1. Беру және осы Келісімнің 2-бабының 1-тармағында және 6-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдарды сұрау салынатын Тарап мемлекетінің халықаралық қатынастар үшін ашық мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекетіне дейін ықтимал еріп жүру жөніндегі шығыстарды сұрау салушы Тарап көтереді. 2. Осы Келісімнің 11-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдарды беруге, оларға ықтимал еріп жүруге және транзиттеуге және оларды ықтимал қайтаруға байланысты шығыстарды сұрау салушы Тарап көтереді. 3. Осы Келісімнің 5-бабында және 9-бабында көрсетілген адамдарды беру және сұрау салушы Тарап мемлекетінің халықаралық қатынастар үшін ашық мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктіне дейін ықтимал еріп жүру жөніндегі шығыстарды сұрау салушы Тарап көтереді.
1. Мыналар Тараптардың құзыретті органдары болып табылады: 1) осы Келісімнің 4, 5, 6 және 9-баптарына сәйкес қабылдау туралы өтінішхаттарды беруге және оны қарауға қатысты, сондай-ақ паспорттық-визалық құжаттарды ресімдеуге өтініштер беруге қатысты: Қазақстан Республикасының тарапынан: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі; Германия Федеративтік Республикасының тарапынан: - шетелдіктер туралы заңнаманың орындалуы қарауында болатын органдар; немесе - Федералдық полицияның орталық басқармасы Bundespolizeiprдsidium Heinrich-Mann-Allee 103 D-14473 Potsdam тел.: 0049 331 97997-0 (коммутатор) факс: 0049 331 97997-1010. 2) қабылдау туралы өтінішхаттарды қабылдауға қатысты: Қазақстан Республикасының тарапынан: - Қазақстан Республикасының тиісті дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі; Германия Федеративтік Республикасының тарапынан: - Германия Федеративтік Республикасының құзыретті шетелдік өкілдігі. 3) осы Келісімнің 11-бабына сәйкес транзит туралы өтінішхаттарды беруге және қарауға қатысты, сондай-ақ осы Келісімнің 12-бабына сәйкес шығыстардың есебі бойынша: Қазақстан Республикасының тарапынан: - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі; Германия Федеративтік Республикасының тарапынан: - Федералдық полицияның орталық басқармасы Bundespolizeiprдsidium Heinrich-Mann-Allee 103 D-14473 Potsdam тел.: 0049 331 97997-0 (коммутатор) факс: 0049 331 97997-1010. 2. Тараптар өздерінің құзыретті органдарының атаулары мен функциялары өзгерген жағдайда, бұл туралы бірін-бірі жазбаша түрде дереу хабардар етеді.
VI бөлім 14-бап
1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында жеке деректерді беру қажет болған кезде оларға тек мынадай ақпарат жатқызылуы мүмкін: 1) беруге жататын адамның жеке деректері және қажет болған кезде оның отбасы мүшелерінің жеке деректері (тектері, аттары, әкесінің аты, бұрынғы тектері, егер мұндайлар бар болса, лақап аттары немесе бүркеншік аттары, туған күні мен жері, жынысы, қазіргі кездегі және бұрынғы азаматтығы); 2) жеке басын куәландыратын құжаттар (құжаттың түрі, нөмірі, қолданылу мерзімі, берілген күні және орны, кім берген және т.б.); 3) беруге жататын адамды сәйкестендіру үшін қажетті басқа да деректер; 4) болған жерлері және жүру бағыттары; 5) аталған адамды осы Келісімге сәйкес Тараптардың бірінің өтініші бойынша қабылдау үшін негіздердің болуын тексеру үшін оған қажетті басқа да мәліметтер. 2. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің құқықтық нормаларын сақтаған кезде, осы Келісімнің шеңберінде жеке деректерді беру кезінде мынадай ережелер қолданылады: 1) жеке деректерді алушы органның мәліметтерді деректерді жөнелтуші орган белгілеген мақсаттарда және шарттарда ғана пайдалануына жол беріледі; 2) алушы орган берілген деректердің пайдаланылуы және бұл ретте алынған нәтижелер туралы жіберуші органның өтініші бойынша оған хабарлайды; 3) жеке деректерді құзыретті органдарға ғана беруге болады. Деректерді кейіннен басқа органдарға беру оған сол жіберуші органның алдын ала келісімі болған кезде ғана беруге мүмкін болады; 4) деректерді беруші орган олардың дұрыстығына, берудің қажеттілігіне және олардың беру мақсатына сәйкестігіне көз жеткізуге міндетті. Бұл ретте мемлекеттің тиісті ұлттық заңнамасында қамтылған деректерді беруге тыйым салу сақталады. Егер дұрыс емес деректер немесе беруге жатпайтын деректер берілсе, онда алушы орган бұл туралы дереу хабардар етіледі. Алушы орган бұл деректерді түзетуге немесе жоюға міндетті; 5) деректерді беруші орган және деректерді алушы орган тиісінше жеке деректерді беруді және алуды тіркеуді қамтамасыз етуге міндетті; 6) деректерді беруші орган және деректерді алушы орган берілген жеке деректерді оларға санкцияланбаған қол жеткізуден, оларды санкцияланбаған өзгертуден және санкцияланбаған жария етуден тиімді қорғауға міндетті.
VII бөлім 15-бап
1. Осы Келісімді жүзеге асырудың анық-қанығын Тараптар сарапшылар деңгейінде реттейді. 2. Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын проблемаларды екіжақты келісім бойынша шешуге міндеттенеді. Тараптардың әрқайсысы қажет болған жағдайда, осы Келісімді орындау мәселелері бойынша келіссөздер жүргізуге екінші Тарапты шақыра алады.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша дипломатиялық арналар арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
1. Осы Келісім 1951 жылғы 28 шілдедегі Босқындар мәртебесі туралы конвенцияның және 1967 жылғы 31 қаңтардағы Босқындардың мәртебесіне қатысты хаттаманың қолданылуын қозғамайды. 2. Осы Келісім Тараптардың өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін, сондай-ақ Германия Федеративтік Республикасының Еуропа Одағындағы оның мүшелігінен туындайтын міндеттемелерін де қозғамайды.
VIII бөлім
1. Тараптар осы Келісімді оған қол қойылғаннан кейінгі екінші айдың бірінші күнінен бастап ол күшіне енген кезде дейін Тараптардың тиісті ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде уақытша қолдану туралы келісті. 2. Осы Келісім Қазақстан Республикасының Үкіметі оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Германия Федеративтік Республикасының Үкіметіне нота арқылы хабарлаған күннен бастап екінші айдың бірінші күні күшіне енеді. Бұл ретте хабарлама алынған күн айқындаушы күн болып табылады. 3. Осы Келісімнің 3 және 4-тармақтарын қоспағанда, 6-бабының ережелері осы баптың 2-тармағында көзделген күнінен бастап үш жыл өткен соң қолданылады. Осы үш жылдық кезең ішінде 3 және 4-тармақтарды қоспағанда, 6-баптың ережелері Тараптар реадмиссия туралы екіжақты шарттар немесе уағдаластықтар жасасқан үшінші мемлекеттердің азаматтығы жоқ адамдары мен сол үшінші мемлекеттердің азаматтарына ғана қолданылады. 4. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
Осы Келісім Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркелуге тиіс. Осы Келісімді тіркеуді ол күшіне енгеннен кейін Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі жүзеге асырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығы оны растағаннан кейін БҰҰ берген тіркеу нөмірін көрсете отырып, Қазақстан тарапына жазбаша хабарлама жіберіледі.
1. Тараптардың әрқайсысы Келісімді дипломатиялық арналар арқылы бұзуға құқылы. Осы Келісімнің қолданылуы тиісті нота алынған күннен бастап 90 күн өткен соң тоқтатылады. 2. Осы Келісім, оның I бөлімін қоспағанда, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, халықтың денсаулығын сақтауға немесе ұлттық қауіпсіздікті қорғауға байланысты себептер бойынша дипломатиялық арналар арқылы толық немесе ішінара тоқтатыла тұруы мүмкін. Осы Келісімді тоқтата тұру (және қайта бастау) бір Тарап тиісті жазбаша хабарламаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
2009 жылғы 10 желтоқсанда Берлин қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ, неміс және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Германия тарапы жоғарыдағы ұсыныспен келіскен жағдайда, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі осы нотаны және Германия Федеративтік Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауап нотасын 1969 жылғы халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 79-бабы 1-тармағының «b» тармақшасына сәйкес, 2009 жылғы 10 желтоқсанда Берлин қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдарды қабылдау және транзиттеу туралы (реадмиссия туралы келісім) келісімнің ажырамас бөлігі деп санауды ұсынады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |