|
|
|
26.11.2024 Адам өліміне немесе денсаулығына ауыр зиян келтіруге алып келген көлік құралдары жүргізушілерінің жол жүру ережелерін бұзуы - «жеңілтектік пе, я немқұрайлылық па?»
Қазақстан Республикасының қылмыстық заңында Қылмыстық кодексте* жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты жасалған, қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылатыны белгіленген. Адам өзінің кінәсі анықталған қоғамға қауіпті іс-әрекеттері (әрекеттері немесе әрекетсіздігі) және оның қоғамға қауіпті зардаптарының туындауы үшін ғана қылмыстық жауаптылыққа жатады. Объективті айып тағуға, яғни кінәсіз зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа жол берілмейді. Іс-әрекетті қасақана немесе абайсызда жасаған адам ғана қылмыстық құқық бұзушылық үшін кінәлі деп танылады. Абайсызда жасалған іс-әрекет осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында арнайы көзделген жағдайда ғана қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады. Яғни, кінә қылмыстың субъективті жағының міндетті, негізгі белгісі болып табылады. «Қылмыстық құқықта кінә адамның жасаған қылмысына және оның салдарына психикалық қатынасы ретінде қарастырылады. Заңмен қорғалатын игіліктер мен құндылықтарға қарсы жасалған кінәлі қол сұғушылық үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілей отырып, мемлекет пен қоғам субъектінің айналасындағылардың мүдделеріне көрсетілген теріс қатынасына өзінің ресми құқықтық бағасын бекітеді»**. Кінәнің түріне байланысты қылмыстар қасақана, абайсыз және кінәнің екі нысанымен жасалған қылмысқа бөлінеді. «Кінә нысандары заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарға қол сұғуға жол беретін адамның құқыққа қайшы мінез-құлқын соттау дәрежесін бағалау тәртібін регламенттейтін жалпыланған құқықтық ережелерді белгілеу мақсатында қылмыстық заңнамада бекітілген» **. Заңнамалық анықтамада «Тікелей немесе жанама пиғылмен жасалған іс-әрекет қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады. Егер адам өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін ұғынған болса, оның қоғамға қауіпті зардаптарының болу мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала болжап білген болса және осы зардаптардың туындауын қалаған болса, қылмыстық құқық бұзушылық тікелей пиғылмен жасалған деп танылады» делінген (ҚК 20-бабы*). (автор тікелей пиғыл дегеннің заңнамалық анықтамасын келтірмейді, себебі ол осы басылымда қарастырылмаған). «Менмендікпен немесе немқұрайлылықпен жасалған іс-әрекет абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады. Егер адам өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті зардаптар туғызу мүмкіндігін алдын ала болжап білген болса, бірақ бұған жеткілікті негіздерсіз жеңілтектікпен бұл зардаптарды болдырмауға болады деп есептеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық менмендікпен жасалған деп танылады» (ҚК 21-бабы*). (автор немқұрайлылық дегеннің заңнамалық анықтамасын келтірмейді, себебі ол осы басылымда қарастырылмаған). Баптың атауында аталған қылмыс құрамы, қылмыстық құқық теориясындағы қалыптасқан доктринаға, сондай-ақ қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес абайсыз қылмыстарға, яғни менмендікпен жасалған әрекетке жатады. Басылым авторының пікірінше, қылмыстың қарастырылып отырған құрамын абайсыз әрекеттерге жатқызу дұрыс емес және қылмыстың субъективті жағының нақты белгілеріне сәйкес келтіруге жатады. Түсінікті болу үшін келесі мысалға жүгінейік. Бұзушы жүргізуші реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінде жаяу жүргіншіге жол бермей, жаяу жүргіншінің өліміне алып келген соққы жасайды немесе жолаушыларды түсіріп жатқан трамвайдың алдына тоқтамай, жолаушының өліміне алып келген соққы жасайды. Егер қылмыстық құқықтың қолданыстағы доктринасына сүйенетін болсақ, онда жүргізуші өз іс-әрекетінің қоғамға қауіпті зардаптар туғызу мүмкіндігін болжап білген болса (бірақ өз іс-әрекетінің қоғамға қауіптілігін түсінбеген), бірақ бұған жеткілікті негіздерсіз жеңілтектікпен бұл зардаптарды болдырмауға болады деп есептейді. Бұл жағдаймен келісу қиын, өйткені жүргізуші өткелде жаяу жүргіншіні немесе есіктерін ашып жолаушылар міндетті түрде шығуы тиіс, тоқтаған трамвайды көре тұра, жылдамдықпен «айдап өтіп», ол ең алдымен өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті екенін түсінеді және сөзсіз өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті зардаптарды туғызу мүмкіндігін болжайды. Яғни, менмендік жүргізушінің өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті екенін түсінуі сияқты кінәсінің ондай зияткерлік тұсын қамтымайтыны анық, ал ол іс жүзінде қарастырылып отырған қылмыс құрамының субъективті жағында болады және жанама пиғыл ұғымымен қамтылады. Құқық бұзушы жүргізушінің өз әрекеттерінің салдарына психикалық көзқарасына қатысты. Менмендік жағдайында, адам жеткілікті негіздерсіз жеңілтектікпен бұл зардаптарды болдырмауға болады деп есептейді. Жанама пиғылмен адам бұл салдардың болуын қаламайды, бірақ саналы түрде мойындайды немесе оларға немқұрайлы қарайды. Қылмыстық құқық теориясында «менмендік жанама пиғылдан ерекшеленеді, өйткені менмендікте субъект зиян келтіру мүмкіндігін де болжап, түсінеді және сонымен қатар осы жағдаймен бірге, өз ойынша нақты, зиянды салдарды дер кезінде алдын-алатын нұсқаларын да бейнелейді, нәтижесінде жағымсыз салдардың болу мүмкіндігі субъектіге екіталай, күмәнді және бұлдырланған абстракция болып көрінеді. Жанама пиғылмен адам қоғамға қауіпті зардаптар туғызу нақты мүмкіндігін де, оқиға барысына араласудан бас тартуға және пайда болған қоғамға қауіпті зардаптар туғызу қаупін болдырмау үшін ешқандай шаралар қолданбауға деген шешімін де нақты болжайды»**. Жоғарыда келтірілген мысалға оралсақ, қолданыстағы қылмыстық заңға, сондай-ақ қылмыстық құқық теориясындағы қалыптасқан доктринаға сәйкес, бұзушы жүргізуші өткелде жаяу жүргіншіні немесе есіктерін ашып жолаушылар міндетті түрде шығуы тиіс, тоқтаған трамвайды көріп, жылдамдықпен «айдап өтіп», бұған жеткілікті негіздерсіз жеңілтектікпен бұл қоғамға қауіпті зардаптарды болдырмауға болады деп есептейді, яғни құқық бұзушы жүргізуші қоғамға қауіпті болуы мүмкін зардаптарға бей-жай қарамайды (бұл қолданыстағы заң бойынша). Бұл жағдайда сұрақ, егер құқық бұзушы жүргізуші трамвайдан ата-анасы, бауырлары немесе реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінде оның жақын адамдары жолды кесіп өтетінін білсе, ол жақын адамдарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре тұра «қоғамға қауіпті зардаптарды жеңілтектікпен болдырмауға болады деп есептей ме»? Менің ойымша, жоқ және ол трамвайдың алдында міндетті түрде тоқтайды немесе жаяу жүргіншілерге жол береді, өйткені жақын адамдарының өмірі мен денсаулығына құқық бұзушы жүргізуші немқұрайлы қарамасы хақ. Жүргізуші бұзушының бейтаныс адамдармен болған жағдайда бұндай қатынас танытуы екіталай. Демек, бұзушыға бейтаныс адамдармен болған жағдайда, оның өз іс әрекеттері әкеп соғатын зардаптарға қатынасы немқұрайлы болады деген қорытындыға келеді. Сонымен бірге, автор менмендік құқық бұзушының өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті зардаптардың туындауына немқұрайлы қарамауын білдіреді, бұл өз кезегінде, егер мұндай жағдай орын алса, «жеңілтектікпен қоғамға қауіпті зардаптарды болдырмауға болады деп есептеуді» алып тастау керек, өйткені бұл екі қатынас (немқұрайлылық және жеңілтектікпен есептеу) бірін бірі жоққа шығарады және біріншісінің болуы бұзушының ережелерді сақтауға, тәуекелге бармауға мәжбүрлейді. Жоғарыда айтылғандардан автор қылмыстың қарастырылып отырған құрамы іс жүзінде жанама пиғылмен жасалған қасақана іс-әрекет деген қорытындыға келеді, яғни құқық бұзушы жүргізуші өзінің іс-әрекетінің қоғамға қауіпті екенін ұғынған болса, оның қоғамға қауіпті зардаптарының болу мүмкіндігін алдын ала болжап білген болса, осы зардаптардың орын алуын қаламаса да, оларға немқұрайлы қарайды».
Осыған байланысты қылмыстың қаралып отырған құрамын ҚК-нің Ерекше бөлігіндегі баптың санкциясын түзетіп, абайсыз жасалған іс-әрекеттерден қасақана жасалған іс-әрекеттерге ауыстыру ұсынылады.
* Қазақстан Республикасының қолданыстағы Қылмыстық кодексі. ** «Қазақстан Республикасының Қылмыстық құқығы. Жалпы бөлім. Жауап. басп. - з.ғ.д., проф. И.И. Рогов және з.ғ.д., проф. К.Ж. Балтабаев. - Алматы: Жеті Жарғы, 2016. Б. 105, 116.
Заң ғылымдарының магистрі, Өскемен қаласының № 2 сотының судьясы А.У. Абдыханов
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |