<< Назад
Далее >>
0
0
Два документа рядом (откл)
Распечатать
Копировать в Word
Скрыть комментарии системы
Информация о документе
Информация о документе
Поставить на контроль
В избранное
Посмотреть мои закладки
Скрыть мои комментарии
Посмотреть мои комментарии
Увеличить шрифт
Уменьшить шрифт
Корреспонденты
Респонденты
Сообщить об ошибке

Жолдау аясында ұлттық заңнаманы жетілдірудің кейбір аспектілері (бірінші мақала) (Н.М. Примашев, Қазақстан Рсепубликасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының басшысы, з.ғ.к., доцент)

  • Поставить закладку
  • Посмотреть закладки
  • Добавить комментарий

Жолдау аясында ұлттық заңнаманы жетілдірудің кейбір аспектілері

(бірінші мақала)

 

Н.М. Примашев, Қазақстан Рсепубликасының

Заңнама және құқықтық ақпарат институты

Лингвистика орталығының басшысы, з.ғ.к., доцент

 

Жыл сайынғы президенттік жолдаудың қоғам мен мемлекет өмірінің түрлі мәселелеріне арналатыны қалыптасқан тәжірибе. Директивтік және жобалық сипаттағы бұл құжатта келер жылға не жылдарға кезекті міндеттер қойылады. Кейіннен оларды жүзеге асыру бойынша нақты іс-шаралар жоспары да жасалады, яғни оның орындалуы да есептік сипатта болады. Ал 2022 жылғы жолдаудың ерекшелігі оның алға қойылған кең ауқымды реформалармен ғана емес, 30 жылдық мемлекеттік құрылыстың сәтсіз тұстары, әсіресе саяси-биліктік және оның салдары бірден көрінетін әлеуметтік-экономикалық салалардағы қателіктермен ұштастырудан көрінеді. Жолдаудағы «мұндай кең ауқымды талқылау ешқашан болмаған», «еліміздегі тоқыраудың салдары белгілі бір деңгейде әсер етті», «қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман», «халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек», «экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз», «нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады», «бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты» және т.с.с. тіркестер мен сөйлемдерді өткен тәжірибеге берілген қорытынды және баға деп қабылдауға бек болады.

Жолдауда айқындалған жаңарудың кез-келген бағытынан өткеннің теріс тәжірибелі болғанын мойындауды көруге болады. Кезінде мемлекет пен билікте, қоғам мен мемлкеттік құрылыстағы кемшіліктерді ашып көрсетіп, олардың қате екенін жеткізуге тырысқан қаншама азамат болды, қаншама жұмыс жасалды. Олардың соңында адамдардың өмірі де тұрды. 30 жыл бойы ешкіммен санаспаған биліктің елді тоқырауға алып келгені анық.

Өткенді талдамай, болашаққа жетудің мүмкін еместігі ғасырлық тәжірибелермен дәлелденгеніне қарамастан Қазақстан оны елемегендей болды. Тәуелсіз мемлекет құрудағы биліктің сандаған ұрандары мен БАҚ беттеріндегі «жетістіктері» қоғам мен мемлекетті тығырыққа тірегені және әрі қарай жол жоқ екені баршаға аян. Сондықтан осы жылғы жолдауда әдеттегі болашақты емес, жаңа Қазақстанды құруды межелеу объективті заңдылық.

Мақала объектісі ұлттық заңнама болғандықтан, оны мемлекеттік құрылыстың негізі ретінде қарап, жолдау аясында жетілдіру жолдарын саралау қажеттігі қисынды болып табылады. Оларда анықталған кемшіліктерді түзету де жаңарудың бір бағытттық әлеуеті бар. Осыған орай жолдау мен қолданыстағы заңнаманың тоғысуына жай ғана емес, қағидатты мысал бола алатын заңнамалық актілерді көптеп келтіруге болады. Қолданыстағы заңнаманы зерделеп, ғылыми талдау жасау үлкен жұмысты қажет етеді. Онымен айналысуға мүдделі зерттеушілерге, өкінішке орай, мүмкіндік көп, жұмыс ауқымы да кең. 30 жыл қордаланған мәселелер 30 жылдық түзету жұмыстарын талап етеді деуге де болады. Сондықтан мақаланың «бірінші» деп аталуы осындай себептен туындап отыр.

Осы жолдауда көрсетілген реформалық салалар бойынша заңнаманы жетілдіру не жаңа заң қабылдауға мысал үшін Тәуелсіздік алған 90-шы жылдардан қалған 3-4 заңның бірі «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы алынды (осы уақыт ішінде бұл заңға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Бұл күнге дейінгі соңғы өзгертулер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген).

 Ғылыми-публицистикалық мәртебедегі мақала жолдау мен аталған заңның ортақ мәселелері оларда қолданылған кейбір ғана ұғымдарды талдауға арналған. Бірінші мәселе жолдаудың лексикасынан туындап отыр. Мысалы, орыс тіліндегі мәтінде 26 рет кездесетін «регион» ұғымы жолдаудың қазақ тіліндегі нұсқасында 15 рет «өңір» деп, 12 рет «аймақ» деп алынған. Осы ұғымға қатысы бар, мәтінде 1 жерде «аймақтың» деген сөз «там» деген сөздің баламасы ретінде берілген. Бұл деректің келтірілуі олардың нақты санында емес, қарастырылып отырған ұғымның мәселелі екеніне байланысты.

 Ал көтерілген мәселенің басы жоғарыда көрсетілген заңда қолданылған нұсқаның ескерілмеуінде. Мысалы, ол заңда «регион» – «өңір» деп дұрыс аударылған. Бірақ, соның өзінде де, 4 жерде, атап айтқанда,

15-баптың тақырыбы мен мәтінінде 2 рет «аймақ» деп, ал 16-баптың тақырыбында – «өңір», ал мәтінінде «аумақ» деп қате алынған. Осылайша

30 жылға жуық күшіндегі заңның өзінде «регион» терминінің 3 түрлі аударма нұсқада алынғаны мәселе туындатып отыр.

Көрсетілген мәселемен қатар заңдағы «жағырапия» деген терминге де назар аудару қажет болады, сондықтан жоспарланған реформалар барысында оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминологиялық комиссия мақұлдаған «география» деген нұсқаға ауыстырған орынды болар еді. Заңдағы осындай тілдік мәселелермен қатар, олармен тығыз байланысты 3 мәселені қарастырған абзал. Біріншіден, «өңір» деген терминнің құқықтық мәселесін шешу қажет, өйткені қазіргі түсінік бойынша облыс та, аудан да «өңір» болып есептеледі. Екі түрлі санаттағы әкімшілік-аумақтық бірліктерді бірдей атау қисынға келмейді. Аумағы көлемді емес облыстарды былай қойғанның өзінде, мысалы, ресми түрде «Қарағанды облысының Осакаров өңірі» деп те айтуға болмайтын шығар.

Жоғарыдағыдай аударма қате, менің ойымша, 2-баптың 3-тармағында жіберілген. Ондағы «Елді мекен – Қазақстан Республикасы аумағының халық жинақы орналасқан, халық саны кемінде 50 адам болатын, азаматтардың шаруашылық және басқа қоғамдық қызметі нәтижесінде қалыптасқан, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен есепке алынған және тіркелген әрі жергілікті өкілді және атқарушы органдар басқаратын бір бөлігі» деген нормадан 50 адамнан тұратын елді мекенді «жергілікті өкілді және атқарушы органдар басқарады» деген ой туындайды. Норманы дұрыс түсіну үшін оны нақтылау қажет.

Осы сипаттағы келесі қате заңның 14-2-бабында орын алған. Оның 1, 2 және 3-тармағы елді мекендердің санаттарын өзгерту тәртібін бекітеді. Олар бойынша: «қала мәртебесін өзгерту бес жыл ішінде осы Заңның 3-бабының 1), 2) және 3)», «ауыл, кент мәртебесін өзгерту үш жыл ішінде осы Заңның

3-бабының 4) және 5) тармақшаларында», «ауылдық округ, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, үш жыл ішінде осы Заңның 2-бабының 2-тармағының бесінші бөлігінде» белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда жүзеге асырылады. Осы нормалардан елді мекендердің санаттарын өзгерту «тиісінше бес және үш жыл ішінде жүргізіледі» деген түсінік туындайды. Мұндай стилистикалық қатені түзету, норманың мағынасын дәл беру мақсатында «бес жыл» және «үш жыл» деген сөздерді «сәйкес» деген сөздің алдына орналастыру ұсынылады. Сонда талапқа сәйкес келмеудің мерзімдік белгісі нақты көрсетіліп, норма мен ой қисындық сипатқа ие болады.

Жолдау мен талданған заңның көрсетілген ортақ мәселелерін түзетудің де реформалық сипат ала алатын әлеуеті барын көрсету және мойындау осы мақаланың қорытындысы бола алады.

 

Қолданылынған көздер:

 

1. Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы: Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2022 жылғы 16 наурыз // «Әділет» АҚЖ. (Қарау күні: 2022. 27 наурыз)

2. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы

8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы // «Әділет» АҚЖ. (Қарау күні: 2022. 27 наурыз)