|
|
|
07.02.2018 Қазақ даласындағы билер сотының тәжірибесі мен қазақтың
05 тамыз 2011 жылдан бері қолданыста болып отырған «Медиация туралы» заң бүгінгі күннің талабы болып отырғандықтан, қабылданған заңның қоғамдық қатынысатарды реттеуде кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету, тек қана сот органдарының ғана емес, барлық азаматтардың азаматтық парызы болуға тиіс. Олай деуге негізде жоқ емес, мәселен, тараптар арасындағы даулы мәселені сот үрдісінен тысқары тәртіппен шешуге азаматтардың өздерінің ынталы болуы қажет және де, тараптардан бастама болмаған жағдайда, сот оларды мәжбүрлеп бітімгершілікке келуге шақыруға құқылы емес. Алайда қазіргі уақытта, қарапайым халық арасында медиация туралы заңға деген оң көзқарас қалыптаса қойған жоқ, оның себептері де жетерлік. Сондықтан да, заң нормаларын халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары заң қолданысқа енгізілген сәттен бастап үнемі жүргізіліп келе жатқандығы айқын. Дегенмен де, аталмыш заңның қолданыс аясын кеңейте түсу жолында, заң нормаларын түсіндірумен қатар, оның тарихи түптамырынада мән берген жөн деп санаймыз, себебі, қоғамдық ортада аталмыш заң туралы әртүрлі пікірлер туындап отырғандығы жасырын емес. Шет елдердегі сот саласында бұл практика бұрыннан қолданылып келеді. Көптеген даулы істер сотқа жетпей осындай бітімгершілік жолмен шешіледі екен. Мысалы, Америкада істердің 95 пайызы, Англияда 87 пайызы, кішкентай ғана Словения елінде 35 пайызы бітімгершілік жолмен өз шешімін табады. Ендеше, дамыған құқықтық мемлекеттік құруға қол созып, құқықтық қатынастарды реттеудің бітімгершілік жолын таңдау біздің қоғамға жат қылық емес, және де, бұл бүгінгі қоғамның талабына сай өркендеп отыр деп айтуға болады. Қай заманда да қазақ сөзге тоқтаған, қара қылды қақ жарып айтқан билердің сөзін аяқасты етіп кетпей ымыраға келіп, бейбіт тірлігін жалғастырған елміз. Бір кездері жер мен жесір дауы, барымтама мен қарымта дауы ел ішінде от ауызды орақ тілді шешендер мен данагөй ақсақалдардың араласуымен әділ шешімін тауып отырған. Сол ұлы дәстүр бүгінгі күні заңнамаға еніп, өмірімізге қайта келуде. Ендеше, бітімгершілік институтының түптарихын зерделеу тұтастай бір ғылыми зерттеу жүргізудің пәні болуыда мүмкін екендігін ескеріп, біз осы тақырыпты тек бір қырынан қарастырып, қазақ даласында билер сотының дәуірлеп тұрған тұсында, тараптарды бітімге келтіру қалай жүзеге асырылғанына тоқталу мақсатын көздеп отырмыз. 16-18 ғасырларда қазақ қоғамындағы әлеуметтік құрылымда билер аса маңызды орынға ие болды. Өйткен себебі, билер тек ел басқарушылар ғана емес, сот билігін жүзеге асырушы - судья ретінде де танылған. Осыған орай, билер әдет-ғұрып нормасын жақсы меңгерген және оны қолдана білуге тиісті болды. Билер осы екі қасиетті игере білгенде ғана ел ішінде билік айтып, және де бұл шешімдерінің халық арасында орындалуына мүмкіндік алды. Сол себепті, билердің шешімдеріне құқықтық әдет нормасының күші берілді. Бұған басты себеп ретінде, билердің шешім шығару кезінде қазақтың әдет-ғұрып құқығының негізгі түпнұсқасына сүйенгендігін атап өтуге болады. Осы түпнұсқалық нормаларға сүйене отырып, тоқсан торапқа бөлінген даулы мәселелер бойынша ақиқатты шешім айтқан. Бұл басшылыққа алынған түпнұсқалар ретінде мына ережелер танылады. *Әдеп /заң/ *Билер сотының тәжірбиесі /бидің билігі/ *Билер съезінің ережесі /ереже/ Бұл ережелер бір-бірімен тығыз байланысты және әрекет ету, яғни қолдану ерекшеліктеріне байланысты толықтырылып, жаңа мән беріліп отырады. Осы түпнұсқалардың ішінде дауласқан тараптарды бітімгершілікке келтіріп, даулы мәселені бейбіт жолмен шешуде әдет пен билер сотының тәжірибесіның ықпалы өте зор болған. Сонымен, әдет - бұл белгілі бір қоғамдық немесе әлеуметтік топтардың ішінде қалыптасқан және олардың мүшелері үшін дағды болып табылатын, мұра болып қалған стереотипті әдіс. Әдет қоғамдық қатынастарды реттеуде маңызды орын алған және адамдарды қоғамдық ортаға тартуда ерекше мәнге ие болды. Сондықтан, да әдет нормалары міндетті түрде орындалатын ықпалды күшке ие болды. Осы тұрғыдан, ерекше күші бар, саяси билікпен шығарылған әдет құқықтық әдетке айналғандығын аңғаруға болады. Бірақ, 16 ғасырдың басында, әдет нормалары арнайы жазба түрде қалдырылмай, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалып, халық арасында мақал-мәтел түрінде айтылып жүрді. Билер сотының тәжірбиесі істерді қарап, дауға бітім айтуда кеңінен қолданылды. Дегенмен де, 16-17 ғасырларда қазақ даласында жазбаша түрде шешім шығарылып отырмағандығы аян. Бірақ, дауға бітім айтқан бидің бір ауыз сөзі би билігі ретінде танылып, талап қоюшы мен талапқа жауап беруші екі жақта бітімге келетін. Өйткені, исі қазақ баласы бір ауыз сөзді қадір тұтып, оған құлақ асуды қанына сіңірген, сөзге тоқтаған. Сол себепті, бидің билігінің үкім /шешім/ ретінде жазбаша қабылданбаса да, даулы мәселені қарап шешуде үлкен мәні болды. Ендеше, бүгінгі күні арнайы нормаға айналып, тараптар арасында туындаған даулы мәселелерді реттеумен байланысты Медиация туралы заң бүгінгі күннің талабы ғана емес, ата-баба салтының жалғасы және дана бабаларымыздан қалған дәстүрден бастау алған, қазіргі қазақ қоғамына жат емес құбылыс деп түсінгеніміз жөн болар. Себебі, Абай атамыздың қара сөзіндей өрбіген, Әйтеке би, Төле би және Қазыбек би баларымыздың ауызекі шешіміндей пәрменді, адамзатқа ой салатын Жиреншенің саналы шешендік сөздеріне сүйеніп сөз саптау, сол арқылы қара халыққа басу айту исі қазақ баласының табиғатынан бойына сіңген қасиеті емес пе. Тарихи тағылымнан көрі, батыстандырылған көзқарасқа көп иек артып кеткен қазіргі қазақи қоғамда «Медиация туралы» заңды қолдануға әлі де болса біздің қоғам дайын емес деген пікірлер ілуде болсада кездесіп қалатыны бар. Сондықтан да, бітімгершілік саясаты сонау 16-18 ғасырлардан бері қазақи қоғамда кеңінен қолданылып келе жатқан салт-дәстүріміздің өзегі деп түсінгеніміз дұрыс болар еді. Ал, тарихтан бастау алған, тек қазіргі заман ағымын ескере отырып қабылданған «Медиация туралы» заңның қоғамдық қатынастарды реттеудегі белсенділігін арттыру мәселесі, бүгінгі ұрпақ- біздердің парызымыз болмақ, ендеше, қазіргі қоғамда «Медиация туралы» заң бүгінгі күннің талабы деп айтуға толық негіз бар.
Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы Кабылбеков Б.Т.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |