| ||||||||||||||||||||
|
|
|
Заңнама тілін жетілдірудің кейбір мәселелері
Бекен Ахметоллаұлы ШОЛАН Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері, Астана қаласы, Қазақстан Республикасы; e-mail: sholan50@mail.ru
Тіл білімінің алуан түрлі саланы қамтитыны белгілі, соның бірі - заңнама тілі. Бұл өте күрделі сала, өйткені оның өзіне тән ерекшелігі, тұрақты қолданылатын ұғымдық аппараты, қалыптасқан терминологиялық жүйесі бар. Олар жан-жақты зерделеніп, ғылыми жүйеге келтіріліп болған жоқ. Бүгінгі таңда елімізде қабылданып жатқан барлық заңдар, шет мемлекеттермен жасалатын шарттар мен келісімдер орыс тілінде дайындалып, кейіннен қазақ тіліне аударылатыны құпия емес. Бұл маңызды құжаттарды мемлекеттік тілде әзірлеуге дайындық жұмысы жаңа ғасырдың басында басталғанымен, негізгі проблемаларды жедел шешу әлі күнге дейін мүмкін болмай тұр. Оның объективті себептері де бар. Таяу болашақта осы саладағы тиісті мекемелер мен ұйымдар атқаруға тиіс міндеттер толық қолға алынады деп сенеміз. Біз бұл шағын мақалада заңнама тілінің, оның ішінде аударма тілінің кейбір өзекті мәселелеріне ғана тоқталып өтпекпіз. Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Лингвистика орталығы (бұдан әрі - Орталық) осыған байланысты бірқатар шараларды күн тәртібіне уақтылы енгізіп келе жатқанын айтп айту керек. Осы Орталықтың ұжымы аталған Институтпен бірлесе отырып, мемлекеттік тілдегі заң терминдеріне қатысты көкейкесті проблемаларды Парламент депутаттарының, тілші ғалымдардың, білікті аудармашылардың, салалық мамандарының қатысуымен әртүрлі деңгейдегі конференцияларда, ғылыми-практикалық семинарларда, «дөңгелек үстелдерде» талқылап, нақты шаралар кешенін белгілейді. Терминкомның ресми мақұлдауымен «Заңнама терминдерінің қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздігі» [1]. 2012 жылдан бері жеке кітап түрінде шығарылып келеді және ол Парламентке, атқарушы билік органдары мен құқық органдарына көмекші құрал ретінде жіберіледі. Заңнамалық актілерді мемлекеттік тілде әзірлеу жолындағы негізгі сатылардың бірі осы аударма тілі дер едік, өйткені осы уақытқа дейін заңнамалық актілерде қолданылып келген көптеген қазақша терминдер мен тіркестер, заң ұғымдары мен нормалары аударманың арқасында қалыптаса бастады. Заңнамалық терминдер, тұрақты тезаурус (қайталанып келіп отыратын термин сөздер мен сөз тіркестері) түзіліп, салалық сөздіктер, бірқатар түсіндірме сөздіктер мен анықтамалықтар жарық көрді. Аударма тілін қалыптастыру төңірегінде біршама жұмыс атқарылғанымен, бұл іс әлі толық аяқталған жоқ. Мемлекетік тілдегі заңнамалық актілердің сапасы үнемі көңілден шыға бермейді. Бұл ретте, алдағы уақытта атқарылар межелі жұмыс та аз емес. Әсіресе, халықаралық құжаттардың аудармасында олқылықтар жиі кездеседі. Шет тілінен алынған әрбір сөзді қалайда қазақшалауға тырысып, кез келген терминді аударып беру мағыналық тұрғыдан нормаға нұқсан келтіріп, ұғымдық жаңсақтыққа ұрындырары сөзсіз. Халықаралық нормаларды жатсынбай, ретімен пайдалана білсек, заңнама тілі де дами түсер еді. Сөздің мағынасын дәл беретін баламасы табылып жатса, оны әртүрлі саладағы білікті мамандардың талқылауынан өткізіп, жан-жақты саралай отырып, қолданысқа енгізуге болатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Осы арада бір ғана мысал келтіре кетейік. Мәселен, «2009 жылғы 24 ақпандағы Кедендік рәсімдерді оңайлату мен үйлестіру туралы халықаралық конвенцияның»[1] 17-бабының 2-тармағында және басқа да құжаттарда «денонсация» термині «күшін жою» деп аударылған. Біздің ойымызша, бұл сөзді аудармай, сол күйінде қалдырған жөн. Өйткені, бұл терминге орыс тілінде: «денонсация - надлежащим образом оформленный отказ государства от заключённого им международного договора» деген анықтама берілген. Яғни, бұл арада әңгіме халықаралық шарттың күшін жою туралы емес, одан бас тарту жөнінде болып отыр. Бірнеше мемлекет қатысқан шарттың күшін жалғыз мемлекет жоя алмайды, тек қана өз дәлелін ұсынып, бас тартуға құқылы. Бүгінгі таңда сөздік қорымызға кірігіп, ұлттық заңнама мәтіндерінде кеңінен қолданылып жүрген, сәтімен табылған сөз тіркестері мен терминдер баршылық, мысалы: «национальное законодательство - ұлттық заңнама», «ставка - мөлшерлеме», «социум - әлеумет», «урбанизация - қалаға шоғырлану», «глобализация - жаhандану», «ракета - зымыран», «таможня - кеден», «вибрация - тербеліс», «витамин - дәрумен», «затор - кептеліс», «трубопровод - құбыр жолы», «стаж - өтіл», «реквизит - деректеме», «резюме - түйіндеме», «реестр - тізілім», «флюгер - желбағар» деп аударылып жүр. Бұларды бұқаралық ақпарат құралдары да кеңінен қолдануда. Сонымен бірге, күнделікті өмірде жиі кездесетін мынадай түбірлес (төркіндес) сөздердің балама аудармалары да мемлекеттік тілдегі заң мәтіндерінен орын алып, қолданысқа енгізіле бастады: «аутентичность текстов - мәтіндердің теңтүпнұсқалығы», «копия - көшірме», «оригинал - түпнұсқа», «подлинник - төлнұсқа», «дубликат - телнұсқа», «контекст - мәнмәтін, түпмәтін», «досмотр - жете тексеру», «осмотр - қарап тексеру», «обследование - тексеріп қарау», «расследование - тергеп тексеру», «исследование - зерттеу», «слияние - қосылу», «присоединение - бірігу», «выделение - бөлініп шығу», «образование - құрылу», «преобазования - қайта құрылу», «здание - ғимарат», «сооружение - құрылысжай», «помещение - орынжай», жилище - тұрғынжай», «строения - құрылыстар». Әрбір тілдің өзіне ғана тән ерекшеліктері болады. Мысалы орыс тілінде көптеген терминдер, жекелеген сөздер мен сөз тіркестері көпше түрде жазылады. Ал оларды аударған кезде қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін, әр сөздің қолданылу заңдылығын қатаң басшылыққа алу қажет болады. Айталық, «науки - ғылым», «знания - білім», «правонарушений - құқық бұзушылық», «в целях - мақсатында», «в случаях - жағдайда», «на оснований - негізде» деп аударылуға тиіс. Аталған сөздер жинтық ұғымды білдіретіндіктен, қазақ тілінде жекеше түрде жазылады. Бұған нақты мысал ретінде 2014 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің[2] атауын (ал орысша атауы - «Кодекс Республики Казахстан об административных правонарушениях») келтіре кетуге болады. Осындағы «об административных правонарушениях» деген сөз тіркесін «әкімшілік құқықтарды бұзушылықтар туралы» деп алсақ, ол айтуға ауыр әрі қолдану кезінде оралымсыз болып шығар еді. Сол сияқты алдындағы анықтауышы сан есім болатын зат есімдер де («жеті күн», «бірнеше кәсіпкер», «көптеген жеңілдік», «алты бап», «бес бала» және т.б.) жекеше тұлғада берілуге тиіс. Заңнама мәтіндерін қазақ тіліне аударған кезде тіліміздің осындай ерекшеліктері үнемі ескеріле бермейді. Заң жобаларының барлығы дерлік орыс тілінен аударылатыны жөнінде жоғарыда айттық. Олардың орысша мәтіндері батыс елдерінің заңнамасына, әсіресе, ағылшын тіліндегі үлгі заңдарға негізделіп жазылатыны белгілі. Кейбір шетел тілдерінің (мысалы, ағылшын тілінің) грамматикалық заңдылығы бойынша атау тұлғадағы зат есімдер сөйлемнің аяғында келсе де, бас әріппен беріледі. Ал орыс тіліне аударылып, бас әріппен жазылып кеткен кейбір терминдер қазақ тілінде де сол күйінде қалатынын кез келген халықаралық шарттан немесе келісімнен байқауға болады. Басшылыққа алынып жүрген негізгі құжаттарда да (заң, шарт, келісім, келісімшарт, конвенция, меморандум, хаттама) бірізділік жоқ. Кейде тәжірибелі аудармашылардың өзі қай нұсқаны басшылыққа аларын білмей қиналады. Мәселен, «тарап» деген зат есім бір шартта бас әріппен алынса, екінші заңда немесе келісімде кіші әріппен беріледі. Бұл ретте 2013 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі шығарған «Қазақша-орысша-ағылшынша дипломатиялық сөздікті» [2] атап өткен жөн. Сонда кейбір атаулар, лауазымдар халықаралық шарттарға сәйкес бас әріппен берілген. Өкінішке қарай, бұл сөздікте халықаралық құжаттарға қатысты сөздер ғана қамтылған. Сондықтан, жалпы көпшілік пайдалана алатын, халықаралық терминдерге анықтама беретін ортақ сөздік шығару қажет-ақ. Заңдарда және халықаралық құжаттарда қолданылатын терминдер мен тіркестердің ұғымдық тұрғыдан дәл әрі теңтүпнұсқалы аудармасы мемлекеттік тілде дайындалатын заңнамалық актілердің сапалы болуына ықпал ететіні сөзсіз. Заң терминдерін жобамен, түпнұсқадан ауытқи отырып еркін тәржімалау заң нормасына нұқсан келтіретінін әрқашанда есте ұстаған абзал. Оларды пайдаланғанда әрбір сөзді ғылыми тұрғыдан сұрыптап, заң ұғымына нұқсан келтірмей, негізгі мағынасын дәл жеткізу заң шығару жұмысының басты өлшемі болуға тиіс. Ел тыныс-тіршілігінің барлық қырларын (экономика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, әлеуметтік және т.б. салалар) қамтитын заңнамалық актілерде қолданылатын терминдер мен ұғымдардың тұрақты тіркестерін қалыптастыру мәселесі күн тәртібінен түспеуге тиіс. Соның нәтижесінде заңнамалық актілер мәтіндеріндегі терминдер мен сөздерді барлық құжаттарда бірізді қолдануға мүмкіндік туып, қалыптасқан тұрақты тіркестер мен терминдер әзірлеушілердің заңнамалық актілерді мемлекеттік тілде сапалы дайындауына бағдар береді деп есептейміз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Заңнама терминдерінің қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздігі- Астана: «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» ММ, 2015.- 480 б. 2. «Қазақша-орысша-ағылшынша дипломатиялық сөздік» //Астана, 2013. - 527 б.
[1] 2009 жылғы 24 ақпандағы Кедендік рәсімдерді оңайлату мен үйлестіру туралы халықаралық конвенция //«Әділет» АҚЖ, 92 б. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z090000141_ [2] Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (05. 07. 2014 ж.) // «Әділет» АҚЖ. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000235.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |