|
|
|
Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және талан таражға салу туралы істер бойынша тергеу қателіктері
Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі «Назханов және Серіктестер» адвокаттық кеңсесінің серіктесі - адвокат Дамир Жамалов
Кәсіпкерлік қызмет саласындағы тергеліп жатқан қылмыстық істердің негізгі бөлігі сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан таражға салу болып табылады. Аталған қылмыс түрін жасағаны үшін заңда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жауапкершілігі көзделген. Әдетте, бұл қылмыстардың субъектілері болып, ұйымдардағы материалдық жауапты тұлғалар - директорлар, есепшілер, кассирлер, қойма меңгерушілері және т.б. Бұл мақалада мен кәсіпкерлер үшін де, қылмыстың осы санаты бойынша жауапкершілікке тартылатын адамдар үшін де пайдалы ақпаратпен бөлісуге тырысамын. Көбінесе сотқа дейінгі қудалау органдары компанияның мүлкін иемдену фактілері бойынша жеке тұлғалардың арыздарын сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеу туралы шешім қабылдаған кезде қателіктер жібереді, яғни бастапқы кезеңде. Сонымен бірге, тергеу кезінде жәбірленушілерді және қылмыс субъектісін анықтау кезінде де көптеген қателіктер жіберіледі. Ұйым тарапынан уақтылы және дұрыс әрекет ету, дер кезінде дұрыс шешім қабылдау, оларға сотта кінәлі адамның қылмыстық жауаптылықтан құтылуына және залалдың өтелмеуі сияқты қолайсыз салдарларды болдырмауға көмектеседі. Заңды тұлғаның банктік шотындағы ақшаның ұрланғаны туралы мысалды және сол қылмысқа қатысы бар есепшіні күдікті деп қарастырайық. Заңды білмейтін ұйымның басшысы, қоластында жұмыс атқаратын қызметкерлерінің біріне сенімхат жазып, оны құқық қорғау органдарына арыз жазу үшін жібереді. Қолында сенімхаты бар қызметкер сәйкесінше жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз жазады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері өздерінің білімінің жеткіліксіздігіне байланысты жеке тұлғаның арызын сенімхат бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеп тексеруді бастайды. Ал заң талаптарына сәйкес бұл арызды ұйымдағы басқару функцияларын орындайтын тұлға жазу керек, ол директор, бас директор немесе президент болуы мүмкін. Шынында да, ҚПК-нің 180-бабының 1,3-бөлімдеріне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер, атап айтқанда жеке тұлғаның арызы не мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе ұйымда басқару функцияларын орындайтын адамның қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабары сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуына себеп болады. Заңды тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызы растайтын құжаттар мен материалдарды қоса бере отырып, жазбаша нысанда беріледі. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаннан кейін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жіберетін екінші қателіктері ол, сенімхаты бар жеке тұлғаны қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің өкілі ретінде жіберу туралы қаулыны ғана шығарып қоюлары болып табылады. Себебі бұл ретте ең бастысы іс бойынша заңды тұлғаны жәбірленуші ретінде тану туралы қаулыны шығару керек еді, содан кейін сенімхат негізінде, сенімхат берілген тұлға жәбірленушінің өкілі ретінде танылады. Яғни қарастырып отырған мысалдағы қылмыстық іс сотқа жолданған болатын, ал іс бойынша жәбірленуші жоқ болып шықты. Ал бұл мәселе жәбірленушінің жоқтығынан емес, тергеуші заңды тұлғаға қатысты тиісті қаулы шығармағандықтан және оған жәбірленушінің құқықтары мен міндеттерін жүктемегендіктен туындап отыр. Осындай қателіктерге жол берілгендігі салдарынан қолында сенімхаты бар өкіл де жәбірленуші өкілінің құқықтары мен міндеттерінсіз қалды. Бұл бұзушылықтар сотта қатысушы өкілдің жәбірленушінің құқықтары мен міндеттерінсіз қалуына әкеледі, тиісінше өкілдің мәлімдеген талап - арызы да қараусыз қалдырылады. Өйткені, ҚПК-нің 71-бабының 3-бөлігіне сәйкес, тұлға қылмыстық процесте тиісті қаулы шығарылғаннан кейін жәбірленуші деп танылады. ҚР Жоғарғы Сотының «қылмыстық құқық бұзушылықтан зардап шеккен адамдардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы» 24.04.1992 жылғы №2 нормативтік қаулысының 4-тармағына сәйкес - қоғамдық қауіпті іс-әрекетімен зиян келтірілген тұлға тиісті процестік құқықтарға ие болады және оған Заңда белгіленген міндеттер жүктеледі оны жәбірленуші, азаматтық талапкер деп тану туралы қаулы шыққаннан кейін ғана. Қылмыс субъектісіне келетін болсақ. Осы қылмыс бойынша заңмен арнайы субъект - материалдық жауапты тұлға көзделген. Осы нақты мысалда кінәлі адамның атқаратын лауазымына байланысты жәбірленушінің ақша шотындағы қаражатқа билік ету құқығының болу шарттары үлкен рөл атқарады. Мұндай құқық болмаған кезде іс-әрекет ҚК-нің 188-бабы бойынша ұрлық немесе ҚК-нің 190-бабы бойынша алаяқтық ретінде саралануға жатады. Сондықтан қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан тұлға мен ұйым арасында толық материалдық жауапкершілік туралы жасалған шарттың бар-жоғын негізге алу қажет. Оған ұйым басшысының электронды цифрлік қолы (ЭЦҚ) бар кілтті беру арқылы банктегі шоттағы ақшалай қаражат сеніп тапсырылған ба, яғни, егер оған ол ақшалай қаражат қол жетімділік болмаса және төлем тапсырмасының ЭЦҚ-мен қол қою құқығы болмаса, ол басқа біреудің мүлкін иемдену және талан таражға салу бойынша жауапқа тартыла алмайды. Бірақ тергеушілер бұл жағдайлардың барлығын анықтамай, есепшінің компанияның банктегі шоттағы ақшалай қаражатына қол жеткізе алмайтынын ескерместен, оның әрекеттерін басқа біреудің мүлкін иемдену және талан таражға салу деп саралап, есепшілерге бухгалтерлік есеп жүргізуге берілген сенімхат негізінде ғана, есепшіге қатысты қылмыстық істерді сотқа жіберіп жатқан істер аз емес. Бұл санаттағы істердің назар аударатын тағы бір негізгі мәселелердің бірі - ол материалдық шығынды анықтау болып табылады. Арыз жазғанға дейін ұйымдар келтірілген материалдық шығынның мөлшерін анықтау үшін аудиторлық тексеруден өтуі керек. Аудиторлардың бұл есебі қылмыстық құқық бұзушылық жасау туралы арызға қоса беріледі және компанияға келтірілген шығын сомасын растайтын құжат болып табылады. Бірақ қылмыстық іс сотқа бір аудит негізінде жіберілмейді, тергеушілер әдетте сот-экономикалық сараптаманы тағайындайды, оны жүргізуді Әділет министрлігінің Сот сараптамалары институтының сарапшыларына жүктейді. Бірақ сараптаманың бұл түрін жүргізу үшін сарапшылар бастапқы бухгалтерлік құжаттарды зерттеуі керек. Көбінесе тергеушілер бухгалтерлік құжаттарды қабылдау және тапсыру кезінде тиісті қаулы шығармай және құжаттарды алу туралы хаттамалар немесе құжаттарды ұсыну хаттамаларын жасамай қателіктер жібереді. Көрсетілген құжаттарды қарау заңнама талаптарын бұза отырып жасалады. Құжаттарды іс бойынша дәлелдемелер ретінде тану туралы қаулы шығарылған кезде алып қойылған құжаттарды қылмыстық іс материалдарына қоса тіркеу туралы көрсетілмей қалады. Құжаттарды алу және қарау кезінде фотофиксация жүргізілмей, әрбір жеке құжат фотоаппаратқа түсірілмей, құжаттардың қаптамасы көрсетілмей қалады, бұның бәрі сот сараптамасына ұсынылған құжаттардың дұрыстығына күмән келтіреді, аяғында жүргізілген сот сараптама қорытындысының жол берілмейтін дәлел деп тануға әкеледі. Тергеушілер процестік әрекеттер жүргізген кезде ҚПК талаптарының орындалуын қатаң басшылыққа алуы керек, өйткені әрбір процестік әрекетінің тәртібі көрсетілген және жаңа ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Заңның талаптарына қарамастан, іс жүзінде өтініш берушілер мен тергеушілер заңды жетік білмегендігі салдарынан, жоғарыда аталған және одан басқа көптеген қателіктерге жол беріледі, ал бұл сотта қылмыстық құқық бұзушылықтың дұрыс саралануына және тұтастай алғанда түпкілікті сот актісіне тікелей әсер етуі мүмкін. Сол себепті осындай қателіктерге жол бермей алдын алу үшін, тәжірибесі бар маманга жүгініп, кеңес алған жөн!
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |