|
|
|
27.05.2022 «Көлік қояны» туралы не білеміз?
Көлік картасын алып, толтыруға арналған құрылғының түбіртек басып шығаратын бөлігінде адамдар алмай кеткен түбіртектер кейде толып, кейде айналасында шашылып жатады. Күнделікті аялдамада автобус күтіп тұрғанда осындай жағдайды көрген кезде ойға қаласың. Мәселен, автобусқа «Сәлеметсіздер ме, құрметті, жолаушылар! Бақылау қызметі, кезекті тексеріс жүргізіледі. Төлем түрін көрсетуге дайын болыңыздар» деп тексерушілер кірген кезде, «қоян кебісін киген» жолаушылардың қалта телефондарын асығыс ашып, автобус кодын сканерлеп не көлік карталарын басып, «тыпырлай» бастағанын байқайсың. Замануи үлгідегі телефоны болмай, не байланыс операторының техникалық ақауының болуы, не кейбір адамның «интернетке тәуелді болмауы» сияқты жағдайларда қарапайым адамның мәжбүрлі түрде «көлік қоянына» айналатын кездерде де осы ой мазалайды. Айтайын дегеніміз осындай жағдайға душар болған адамдардың да, көлік қатынасын реттейтін ұйымның да риза болып, әрі қарай да «аралас-құралас» болуына септігін тигізетін бір ойдың ұшығы еді. Осы мәселенің мәнісі мынада. Бірінші тараптың, яғни көлікпен қамтитын ұйымның шығынын азайту, қызметін жетілдіру үшін жол қатынасы төлемдерін қабылдайтын құрылғының функциясына өзгеріс енгізу: 1) көлік картасына арналған құрылғы арқылы бір реттік жол жүру түбіртегін сатып алу мүмкіндігін жасау керек; 2) тексеріс кезінде бір реттік түбіртекке тексерілгенін көрсету үшін арнайы белгі қою (көлік кодын басу, белгіні ойып басу және т.б.) не көлік құралындағы валидаторға компостер функциясын енгізу қажет. Бұл орайда өткен кезеңді еске сала кеткен жөн. Айтып отырған компостер (фр. «composteur», нем. «komposter») – жолаушылардың көлік құралы қызметінің төлемі билеттеріне (талондарына) арнайы белгі қоюға арналған құрылғы. Википедия ашық энциклопедиясына сүйенсек, осы құрылғыны XIX ғасырда өнертапқыш Ян Юзеф Барановский ойлап тапқан екен. Кейіннен электрондық түрі де шығарылған. Компостер орнатылған қоғамдық көлік қызметтері кезінде Қазақстанда да пайдаланылған. Екінші тараптың, яғни көлік қатынасы көрсететін қызметтерді алушы халықтың «көлік қоянына» айналмауы үшін мынадай қажетті амалдар бар. Біріншіден, Абай Құнанбаев айтқандай «Пайда ойлама – ар ойла» деген ұстанымда болу лазым. Өйткені «ар», әдетте, адам бойындағы туа біткен ізгіліктің негізі болса, намыс дегеніміз ар-ожданға сай іс-әрекетті көруге, батыл өмір сүруге талпыну, белсенділік пен қайрат көрсету. Екіншіден, кез келген сауда ұйымдарында қолма-қол ақшамен төлеу мүмкіндігі берілетінін ескере отырып, «интернетке тәуелді болмауды» ұстанатын, замануи үлгідегі телефоны жоқ не байланыс операторының техникалық ақаулары (телефон қуатының болмауы және т.б.) болған азаматтарға ғана емес, барша жолаушыларға да сондай мүмкіндік жасау қажет. Өйткені, мәселе көлік қызметін көрсетушілерді шығынға батыратын «нағыз көлік қояндары» туралы емес, сондай жағдайға амалсыз баратындар туралы болып отыр. Осы жерде «Неліктен билетсіз жүретіндерді «қоян» деп атайды?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұрақтың жауабын «Русская фразеология» тарихи-этимологиялық анықтамалығынан табуға болады. Оның бір нұсқасы, «көлік қояны» болып жүру «қоян көлеңкесінен қорқады» немесе қорқақ адамдарды «қоян аяғын жеген», «қояндай зытып», «қояндай бұғып» демекші, «билетсіз жолаушының ұсталып қалып, айыппұл төлеуден қорқуы» деген мағынаны білдіреді. Екінші нұсқасы, әдетте, театрға билетсіз кірген көрерменді «қоян» деп атай бастаған кезден туындауы мүмкін. Кейіннен билетсіз жүретін жолаушыларды да солай атай бастаған. Үшіншіден, белгілі сықақшы Ермахан Шайхыұлының туындысынан үзіндіге тоқтала кетуге болады. «Қоянның қоңыр қойдай момын аң екені әлемге аян. Дегенмен қоянның жыл атауын алып жылжып келгенде қысы қатты, жазы жұмсақ, мінезі елең-селең, бітімі ойқы-шойқы, басқан ізі қиқы-жиқы болатын ежелгі әдеті бар екені шындық. Қояныңыз жайшылықта момын болғанымен, жыл атауын жамылып, 13 жылда бір рет айналып келгенде арыстаннан айбарлы, жолбарыстан жоталы, айдаһардан азулы болып келеді. Тарихқа көз салсақ, мұның да өзіндік себептері бар екен. 1867-68 жылдары жалпақ елді жайпаған жалпақ қоян жұты, 1879-80 жылдары үрей туғызған үлкен қоян жұты, 1915-16 жылдары жұрттың ақыр-тақырын шығарған тақыр қоян жұты...». Сондықтан сипатталып, сөз болып отырған «қоянға» айналмай, «адалдық – ардың ісі» деген ұстанымға тұрақтап, адамның адами келбетін айқындайтын асыл қасиетімізді жоғалтпай, арымызды таза ұстай білейік!
Айгүл Махамбетова
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |