| ||||||||||||||||||||
|
|
|
14.11.2025 Шымкент - Қазақстандағы үшінші мегаполис
Заң ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Сараптамалық кеңесінің мүшесі
Жақын күндерде Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің «Заң және тәртіп», «Білім мен парасат» қағидаттары бойынша қаладағы мектеп педагогтары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне осы тақырыпта екі күн бойы дәрістер оқыдым. Оңтүстік өңірі табиғатына сай жайдары әрі көңілдері кең мамыражай жайсаң жандарға толы ғой. Халықтың көңіл-күйі жақсы әрі көтеріңкі, кәсіп жасауға икемі мол халық қой. Осы сапарда көзбен көргендерімді оқырмандарыммен бөлісейін. Мен де біраз әріптес достарыммен қаланы жаяу аралап, тамашаладым. Жаңадан салынған қаладағы құрылыс қарқыны, онда жасалып жатқан инфрақұрылымдарды тамашалап, өте риза болдық. Шымкенттің бүгінгі келбеті ерекше құбылып жаңарған. Бұл дегеніміз Шымкент әкімдігінің заман талабына сай уақыт үдерісінен қалмай отырғандығының белгісі деп бағалаймын. Бір таңғалғаным, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің аптасына үш-төрт рет өзі бастап тиісті мекемелердің басшыларымен бірге он-он бес шақырым жаяулатып қаланы аралап, кемшіліктерді көріп: жолдарды, суағарларды, инфрақұрылымдарды және қала жоспарындағы орындалатын құрылыстардың бәріне мән беріп, орындалу жөнінде бақылау жасайды. Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін мұнда Қазақстанның басқа өңірлерінен тұрғындар ағыла бастады. Ғимараттардың орналасқан жері дамыған инфрақұрылыммен, қаланың басқа аудандарымен жақсы көлік байланысымен және жоғары экологиялық көрсеткіштермен сипатталады. Прайм саябақ Қаратау облысында орналасқан. Қаланың бұл бөлігі қарқынды дамып, заманауи кешендер салынуда, үлкен көлік артериясының жақындығы қаланың басқа бөліктеріне жылдам жетуге мүмкіндік береді. Демалыс және демалыс орындары жаяу қашықтықта, Арборетумға дейін екі шақырымдай жерде орналасқан. Қала көшелері жоғары сапалы технологиялармен жабдықталып, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Шымкенттегі ерекше ғимараттар, яғни архитектуралық жауһарлар әлемдік сәулеттің өнерін көрсетеді. Түнгі жарықтың сәулесімен қаланы аралағанда Дубай немесе Парижде жүргендей әсерде қаласыз. Көне және заманауи архитектураның тоғысын танытады және архитектураның ұлттық ерекшелігін сезінесіз. Шымкент қаласы тек тарихи мұраларымен ғана емес, заманауи және ерекше архитектурасымен де мақтана алады. Қаладағы ғимараттар ұлттық дәстүрді заманауи дизайнмен үйлестіре отырып, Шымкенттің мәдениеті мен даму деңгейін көрсетеді. Шымкенттің архитектуралық тарихы бірнеше ғасырды қамтиды. Ежелгі Сайрам қаласының қираған орындарынан бастап, қазіргі заманғы заманауи ғимараттарға дейін бұл қала әр дәуірдің ерекшелігін бейнелейді. Мысалы, Қошқар ата кесенесі мен Айша бибі мешіті көне архитектураның жарқын үлгісі болса, жаңа әкімшілік ғимараттар мен сауда орталықтары - заманауи инженерияның жетістігі. Шымкент ғимараттары ұлттық нақыштармен ерекшеленеді. Әрбір мешіт, мәдениет үйі немесе әкімшілік ғимараттың дизайнында қазақтың ою-өрнектері мен табиғи материалдары қолданылған. Бұл - Шымкенттің архитектурасында өз тамырынан алыстамай, заманауи талаптарға сай бола білгенінің дәлелі. Шымкент - архитектуралық әртүрлілікке толы қала. Ескі мен жаңаның үйлесімі бұл қаланы ерекше етеді. Қаланың ғимараттары тек өмір сүру немесе жұмыс істеу үшін ғана емес, оның мәдениеті мен дәстүрін көрсету үшін салынғандай. Архитектуралық жауһарларын аралау арқылы Шымкенттің жанын түсінуге болады. Бүгінгі таңда Шымкент мегаполисінде 855 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 568-і - дене шынықтыру және спорт бағытында, 253-і - білім беру ұйымдарында, ал 34 нысан спорт мектептерінде орналасқан. Биыл қалада бес жаңа спорт нысанының құрылысы басталды. Оның ішінде Қаратау ауданында 26 гектар аумақта жаңа футбол стадионы бой көтеруде. Бұл нысанның құрылысы 2026-2027 жылдары толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Абай ауданындағы Қайнарбұлақ тұрғын алабында және №2 Оқушылар сарайы жанында модульді спорт нысандары салынуда. Тұран-2 шағын ауданында 35 мың орындық жаңа стадионның құрылысы қызу жүріп, аренаның сыйымдылығы 21 гектарды алып жатыр. Стадион құрылысын 2026 жылы аяқтау жоспарлануда. Жаңа спорт нысаны халықаралық матчтарды өткізуге арналған УЕФА талаптарына сәйкес бой көтереді. Архитектуралық дизайнмен салынатын сәулетті стадион мегаполистің көркін арттырады. Заманауи арена халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге, қаланың спорттық имиджін жақсартуға, жергілікті халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар туризмді дамытуға да ерекше серпін береді. Бұл ғимараттар өңірде болашақта күллі елдің мақтанышы болар спортшыларды тәрбиелеуге және спортсүйер жастарға шабыт сыйлайтын орындар болмақ. Мегаполистегі «Көл» қоғамдық орнының аумағында заманауи музыкалы-лазерлі субұрқақ салтанатты түрде ашылды. Бұл - әсемдік, технология және қолайлылықты үйлестірген жаңа құрылыс Шымкенттегі лазерлік, жарық және отты шоуды біріктірген алғашқы кешенді құрылым, Инновациялық технологиялар орнатылған субұрқақ қалыпты ырғақтағы музыкалық композицияларды да, лазер сәулелі жарқын динамалық шоуларды да орындай алады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, заманауи субұрқақтың ашылуы - техникалық жетістік қана емес, қаланың жайлы ортасы мен көрікті қоғамдық орындарды дамытудағы маңызды қадам. «Біздің мақсатымыз - Шымкенттегі әр ауданда заманауи сергу және демалыс орындарын құру. Мұндай нысандар қала тұрғындары жиналатын әсем орындарға айналып, шаһар көркін аша түседі және мерекелік орта қалыптастырады», - деп атап өтті әкім. Қазіргі таңда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков еліміздегі ірі құрылыс компаниялардың басшыларымен келіссөздер жүргізіп, жаңа нысандардың сапалы салынып, болашақта ғұмыры ұзақ болып және олардың салауатты өмір салтын ұстанушы халықтың игілігіне қызмет етуін басты ұстаным ретінде алға тартып отыр. Шымкент - Қазақстанның ең ірі және ең көрікті қалаларының бірі. Бұл қала өзінің жылы климаты, қонақжай халқы және ерекше рухымен танымал. Мұнда ежелгі тарих пен заманауи өмір тамаша үйлесім тапқан. Көшелерінде гүл жайнаған ағаштар, ұлттық нақыштағы сәулет және заманауи ғимараттар көз тартады. Шымкент - өнер мен мәдениеттің ордасы, дәмі тіл үйірер тағамдардың мекені және әрқашан күн нұрынан жылылық шашқан қала. Мұнда өмір қайнап жатыр - жастары белсенді, көшелері әсем, табиғаты бай. Шымкент - тек қала емес, бұл - махаббат пен шабыт сыйлайтын мекен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 11 -сәуірдегі арнайы сапарында Шымкент қаласының жұртшылығымен кездесуде «Халқымыз Шымкентті «шырайлы шаһар» деп атайды. Расында бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары - өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар» деп атап өте келе, бұл мекенде ертеден сауда-саттықтың өркен жайғанын және «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» атты күре жолдың арқасында шаһардың стратегиялық маңызы арта түскеніне тоқталды. Ал, менің көргендерім бойынша, Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап, шаһардың жыл өткен сайын қарыштап дамып келе жатқанына көз жеткізесіз. Президенттің тапсырмасымен бірнеше әлеуметтік нысан салынды, атап айтқанда, Конгресс-холл, екі Оқушылар сарайы, 12 жайлы мектеп. Былтыр қалада жалпы аумағы 1,3 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй салынды. Былтыр қала экономикасы 11 пайызға өсті. Қазіргі таңда Шымкентте 400-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Тек былтырдың өзінде қалаға 770 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған. 2025 жылғы қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 585,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,7 % құрайды (2024 жылғы 10 ай - 537,5 млрд теңге).
2025-2032 жылдар аралығында қала аумағында жүзеге асырылатын инвестициялық құны 5,1 трлн теңгені құрайтын 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Олардың арасында жергілікті ғана емес, сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың қатысуымен ірі жобалар бар. Кезінде мен Шымкент қаласында тұрып, қызмет жасағанмын. Ал енді көп жылдан кейінгі Шымкент шаһарындағы жүргізіліп жатқан қыруар жұмыстардың бір ғана көріністеріне куә болып, қуанышты ақпараттарды жариялаймын.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |