Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы № 1 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Электр станцияларының, жылу және электр желілерінің жабдықтарына, ғимараттары мен құрылыстарына техникалық қызмет көрсетуді және оларды жөндеуді ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 11 ақпандағы №73 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10451 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 3 сәуірде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Электр станцияларының, жылу және электр желілерінің жабдықтарына, ғимараттары мен құрылыстарына техникалық қызмет көрсетуді және оларды жөндеуді ұйымдастыру қағидаларында:
1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«1-тарау. Жалпы ережелер»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) ағымдағы жөндеу - жабдықтың (қондырғының) қалыпты пайдаланылуына кедергі келтіретін және оларды жұмыс істеп тұрған жабдықта жою мүмкін емес, анықталған ақауларды жою үшін орындалатын жөндеу;
2) байпас - жылу жеткізгіште бекіту және реттеуіш арматурасына қатарлас тасымалдау үшін қолданылатын айналма жылу құбыры;
3) жабдық - белгілі бір технологиялық схемамен біріктірілген механизмдер, машиналар, құрылғылар, аспаптар жиынтығы;
4) жарамды күйі - жабдықтың, ғимараттардың және (немесе) құрылыстардың нормативтік-техникалық және (немесе) конструкторлық (жобалау) құжаттамасының барлық талаптарына сәйкес келетін күйі;
5) жөндеу - жабдықтың, ғимараттар мен құрылыстардың жұмысқа қабілеттілік күйін және (немесе) жарамды күйін қалпына келтіру және олардың құрамдас бөліктерінің ресурсын қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешені;