«Қазақстан мұнайын экспортқа тасымалдау жобаларын әзiрлеу және
жүзеге асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
1997 жылғы 12 ақпандағы № 204 Қаулысы
Қазақстан Республикасы мұнай-газ кешенiнiң экспорттық әлеуетiн пайдалануды жақсарту, қазақстан мұнайын дүние жүзiлiк рынокқа берудiң қосымша көлiктiк сызбаларын iздестiру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлігі:
қазақстандық мұнайдың Ақтау теңiз портынан беру сызбасын әзiрлесiн;
қазақстандық мұнайдың Ақтау теңiз портынан экспортқа шығарылуын жүзеге асыру жөніндегі өкiлеттi операторларды анықтасын;
өкiлеттi операторлар арқылы талап етiлетiн сапада мұнай қоспасын жасау үшiн шетел қатысатын кәсiпорындардан 100 процентке дейiн Қазақстан Республикасына үлес есептелетiн мұнай сатып алуды жүзеге асырсын;
аталған мәселелер бойынша келiссөздер жүргiзсiн, келісімдер жасасын және қажеттi құжаттарды әзiрлесiн.
2. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлігі, Қаржы министрлігі, Экономика министрлігі, Көлiк және коммуникациялар министрлігі, Мемлекеттік салық комитетi, Мемлекеттік кеден комитетi, Баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитетi және басқа да орталық атқарушы органдар Иран Ислам Республикасымен мұнай алмасу туралы контрактiнiң, оның күшi сақталатын барлық уақытта және жасасылған контрактiлерге (шарттарға) сәйкес Ақтау портынан қазақстандық мұнайды экспортқа беру шарттарының орындалуын қамтамасыз етсiн.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiктi басқару жөніндегі мемлекеттік комитетi, Қазақстан Республикасының Жекешелендiру жөніндегі мемлекеттік комитетi "Ақтау теңiз порты" мемлекеттік кәсiпорнын, "Мұнайимпекс" кәсiпорнын, Батыс Қазақстан темір жолын қайта құрылымдау және жекешелендiру, "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамының, "Каскор" акционерлік компаниясының және Ақтау теңiз портынан қазақстан мұнайын экспорттау процесiне қатысатын басқа да шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң мемлекеттік акциялар пакетiн сату кезiнде ұзақ мерзiмдiк контрактiлерде көзделген мiндеттемелер бойынша құқықтық мұрагерлiктi қамтамасыз етсiн.
4. Осы қаулының орындалуына бақылау жасау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Д.Т. Дүйсеновке жүктелсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi