"Көмiр шахталарындағы қауiпсiздiк ережелерiн" бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігі 2000 жылғы 25 қыркүйектегі N 327, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі төрағасының 2000 жылы 13 қазандағы N 235 бірлескен бұйрығы
Бастапқы редакция
"Заңдарға тәуелдi актiлердi одан әрі жетілдіру жөнiндегi жұмыс туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 1997 жылғы 14 қаңтардағы N 64 қаулысын орындау үшiн БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қоса берiлiп отырған "Көмiр шахталарындағы қауiпсiздiк ережелерi" бекiтiлсiн.
2. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлiгi белгiленген заңнамалық тәртiппен Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде тiркеуден өткiзгеннен кейiн 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енгiзiлсiн.
3. Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлiгiнiң Электр энергетикасы және қатты отын департаментi, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнің Төтенше жағдайларға мемлекеттiк қадағалау, техникалық және тау-кен қадағалау жөнiндегi департаментi көрсетiлген нормативтiк құқықтық кесiмнiң күшiне енуi жөнiнде қажеттi iс-шараларды жасайтын болсын.
4. Көмiр шахталарында қызметтi жүзеге асырушы кәсiпорындар мен ұйымдардың басшылары олардың ұйымдастырушылық-құқықтық нысандарына және меншiк нысандарына қарамастан, инженерлiк-техникалық қызметкерлерi мен жұмысшыларына "Көмiр шахталарындағы қауiпсiздiк ережелерiн" дер кезiнде оқып-үйретудi ұйымдастыратын болсын.
5. Көрсетiлген ереженің күшiне енуiмен КСРО Көмiр өнеркәсiбi министрлiгiнің 1986 жылғы 18 тамызда және КСРО "Көмiр және тақта тас шахталарындағы қауiпсiздiк ережелерiнің" күшi тоқтатылады.
6. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлiгiнiң Электр энергетикасы және қатты отын департаментiне (Н.И. Өтеғұлов, В.В. Клякин) және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнiң Төтенше жағдайларға мемлекеттiк қадағалау, техникалық және тау-кен қадағалау жөнiндегi департаментiне (В.В. Оглов, С.Ғ. Ғаббасов) жүктелсiн.
Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының Төтенше
Энергетика, индустрия және жағдайлар жөніндегі агенттігі
сауда министрі төрағасы
Қазақстан Республикасының
Энергетика, индустрия және сауда
министрінің
2000 жылғы 25 қыркүйек N 327
және
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар жөніндегі
агенттігі төрағасының
2000 жылы 13 қазан N 235
бірлескен бұйрықтарымен
бекітілген
Көмір шахталарындағы қауіпсіздік ережелері
(ҚР ЕҚЕ 0-028-99)
1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Негiзгi қағидалар
1. Көмір шақтысы (Мұнан былай "шақты" терминiмен жеке өздiк шақтыларды; шақты басқармасының құрамындағы шақтыларды (техникалық бiрлiктердi) және шақты басқармаларын; шақты (көмiр) құрылыс және құрастыру басқармалары және шақтылардың жер астында жұмыстарды жүргiзетiн басқа кәсiпорындарды (ұйымдарды) түсiнуге болады) ерекше қауiптi жағдайлар (жарылыс, өрт, лақтырылыс, опырылыс, су мен газдың бұзып шығу қауiптiлiгi) болып тұратын бiрде-бiр күрделi өндiрiстiк жүйе, геологиялық жағдайлардың немесе табиғи күштердiң күтпеген және кенеттен өзгерiсi, осы Ереженi сақтамау немесе тiптi бiр қызметкердiң терiс әрекетi апатты жағдайлар туғызуы мүмкiн кәсiпорын болып саналады.
2. Осы қауiпсiздiк Ережесi - шақтыларда жұмыстардың қауiпсiздiгi және еңбек қорғау жөнiндегi басқа нормативтiк құжаттарды сәйкестiкпен дайындауға негiз болатын еңбек қорғау жөнiндегi нормативтiк құжат болып есептеледi.
Ереженi кәсiподақтардың Орталық кеңесiнiң келiсiмiмен тек оны бекiткен мемлекеттiк органдар ғана өзгертiп, толықтыра алады.
3. Қауiпсiздiк Ережесi көмiр шақтысында әрекет ететiн меншiк түрiне байланыссыз барлық кәсiпорындар мен ұйымдарға қатысты және шақтыларды жобалауға, салуға, пайдалануға, тоқтатуға және жоюға; машиналарды, құралдарды, аспаптарды және материалдарды әзiрлеуге, iстеп шығаруға және пайдалануға қатысатын барлық қызметкерлер үшiн; ғылыми-зерттеу және жобалау ұйымдарының, бақылау органдарының, ӘАҚҚ "Көмiр" қызметкерлерi үшiн, сондай-ақ жұмысы немесе оқуы шақтыға түсумен байланысты адамдар үшiн мiндеттi.
4. Жұмыс берушi осы Ережеге және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес еңбектiң қауiпсiз және сауықты жағдайларын қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Қызметкерлердiң жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу және еңбек қорғау жөнiндегi мiндеттерi мен құқығы осы Ережемен iшкi еңбек тәртiбiнiң ережелерiмен, еңбек келiсiмiмен (контракттарымен), ұжымдық шартпен, техникалық құжаттармен, лауазымды нұсқаунамалармен, жұмыстарды жүргiзу ережесiн белгiлейтiн мамандықтар жөнiндегi нұсқаунамалармен анықталады. Осындай нұсқаунамаларды кәсiподақтың келiсiмiмен шақты директоры бекiтедi.
6. Еңбек және демалыс режимi Қазақстан Республикасы заңдарымен анықталады.
7. Әр шақтыда директор (иесi) дайындап, бекiткен еңбек қорғау iсiн басқару жүйесi және наряд беру жүйесi жұмыс iстеуi керек. Директор (ие) еңбек қорғау қызметiн жасап, жұмыс iстеуiне инженер-техникалық қызметкерлердiң тиiстi штатын бекiтедi.
Еңбек қорғау iсiн басқару жүйесi, еңбек қорғау қызметi, қауiпсiздiк техникасы және наряд беру жүйесi туралы қағидалар тиiстi нормативтiк құқықты актiлер негiзiнде дайындалады және оларды шақты директоры (иесi) бекiтедi.
Еңбек қорғау қызметi шақты директорына бағынады және негiзгi өндiрiс-техникалық қызметтерге теңеседi.
Ассоциациялардың, корпорациялардың, концерндердiң, комбинаттардың, трестердiң, бiрлестiктердiң және басқа басқару органдарының жарғыларында (қағидаларында) ведомствоға қарасты кәсiпорындарында еңбектiң қауiпсiз жағдайларын қамтамасыз ету жөнiндегi олардың мiндеттерi анықталуға тиiстi. Басқару органдарында жоғарыда көрсетiлген мiндеттердi орындау үшiн еңбек қорғау және қауiпсiздiк техникасының қызметi құрылуы керек.
8. Әр шақтыда желдету және қауiпсiздiк техника (ЖҚТ) учаскесi ұйымдастырылуға тиiстi. ЖҚТ тау-кен мастерлерiнiң саны салалық басқару органдары бекiткен әдiстеме бойынша есептеледi.
9. Жаңа және жаңғыртылатын шақтыларды, деңгейжиектердi, блоктарды және панельдердi Мемкентехбақылау, Мемсанбақылау және ӘАҚҚ "Көмiр" өкiлдерiнiң қатысуымен, қарауында қабылданатын объектiсi бар басқару органы тағайындайтын комиссия қабылдайды.
Iстеп тұрған шақтыларда кен алу учаскелерiн, жалпы шақтыға арнаулы дайындау қазбаларын және тазалау кенжарларын (соның iшiнде дайындап, қайта кесiлгеннен кейiн), сондай-ақ жаңа технологияны енгiзгенде, пайдалануға қабылдауды Мемкентехбақылау, Мемсанбақылау, ӘАҚҚ "Көмiр", Мемлекеттiк еңбек инспекциясы және кәсiподақ техникалық инспекциясы өкілдерiнің қатысуымен шақты директоры тағайындаған комиссия жүргiзедi.
2. Құжаттамаға қойылатын талаптар
10. Әр шақтының бекiтiлген жобалау-сметалық, геология-маркшейдерлiк, өндiрiс-техникалық, санитария-гигиеналық және тiркеу-бақылау құжаттамасы болуы керек, сондай-ақ тау-кен иелiгiнiң iшiндегi барлық объектiлер мен құрылыстар, әсiресе тау-кен жұмыстарын жүргiзуде қауiптiлiк туғызатын объектiлер көрсетiлген жер бетiнiң ситуациялық жоспары болуға тиiстi.
Құжаттаманың барлық түрлерiне олардың титулдық беттерiнде мiндеттi түрде көрсетiлген сала бойынша бiрыңғай сақтау мерзiмi белгiленедi.
11. Тау-кен жұмыстары дамуының күнтiзбелiк жоспарлары (болашақты және ағымдағы) "Тау-кен жұмыстары дамуының және жер қойнауындағы көмiрдiң өндiрудегi шығынының бағдарламасын дайындау, ресiмдеу, келiсу және бекiту тәртiбi туралы қағидаға" сәйкес дайындалып бекiтiледi. Мемкентехбақылау органдары және Мемлекеттiк еңбек инспекциясы жүргiзетiн еңбек қорғау жөнiндегi нормативтiк актiлерге жобалау құжаттамасының сәйкестiгiне сараптама алдын-ала өткiзiлмей өндiрiс объектiлерiн салуға, жоюға, жаңғыртуға, техникалық қайтадан құралдандыруға; өндiрiстiң жаңа технологиясы мен әдiстерiн ұжымдық және жеке қорғану құралдарын дайындауға және енгiзуге рұқсат етiлмейдi.
12. Шақтыда жұмыстар лицензия негiзiнде және жобаларға, паспорттарға, желiлерге сәйкес орындалуы керек. Жобаларды, сондай-ақ жұмыстардың қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi ЭЕМ бағдарламаларын дайындайтын ұйымдардың лицензиясы болуы керек.
Әр шақтының құрылыс (жаңғырту) жобасы болуға тиiстi.
Шақтыларды салу, жою; қазба алаптарын, деңгейжиектердi, блоктарды, панельдердi ашу және дайындау; оқпандарды жүргiзу және күрделi жөндеу, тұрақты құралдарды орнату шақтыны салу (жаңғырту) негiзiнде лицензиясы бар жобалау мекемелерi дайындаған және меншiк иесi бекiткен жобалар бойынша iске асырылуы керек.
Жобалар бекiту алдында жұмыстардың қауiпсiздiгi жөнiндегi осындай қызмет түрiне лицензиясы бар институтта сараптамадан өтуге тиiстi және Мемкентехбақылау органдарымен және Мемлекеттiк еңбек инспекциясымен келiсiлуi керек.
Қазба учаскелерiн пайдалану, тау-кен қазбаларын жүргiзу және күрделi жөндеу жобаларына сәйкес жасалынған паспорттар бойынша, механизмдердi қондыру шақты директоры немесе бас инженерi бекiтетiн желiлерi бойынша iске асырылуға тиiстi. Қазба учаскелерiнiң, жерасты қазбаларын жүргiзу және бекiту паспорттары Қазба учаскесiн, жерасты қазбаларын жүргiзу және бекiту паспорттарын жасау жөнiндегi нұсқаунамаға сәйкес жасалынады.
13. Шақтыда техникалық құжаттама еңбек қорғау жөнiндегi нормативтiк құқықты актiлердiң талаптарына сәйкес жүргiзiлуге тиiстi.
Өндiрiс-техникалық құжаттаманы төмендегi талаптарды сақтай отырып, ЭЕМ пайдаланумен жүргiзуге рұқсат етiледi:
1) лицензиясы бар ұйымдарда бағдарлама құралдарының және шығатын құжаттардың нормативтiк актiлерге сәйкестiгiне сараптама жүргiзу;
2) тиiстi куәлiк беру арқылы қызмет етушiлердi қосымша оқыту;
3) құжаттаманы әдеттегi тәртiппен жүргiзуге қарастырылғандай сақтау орындары мен мерзiмiн қамтамасыз ету.
3. Апатқа қарсы қорғаныш
14. Шақтылардың апатқа қарсы қорғанышы ықтимал апаттарды болдырмауды, апат белгiлерiнiң пайда болғаны туралы дер кезiнде хабарлауды және оны оқшаулап, жоюдың барлық құралдарының iске кiрiсуiн қамтамасыз етуге тиiстi.
15. Салынатын, жаңғыртылатын және iстеп тұрған шақтылардың апаттарды жою ең қашық тау-кен қазбаларына дейiнгi аралығы апат кезiнде адамдардың осы қазбалардан апаттарды жою жоспарымен белгiленген қауiпсiз жерге шығу уақыты өзiн құтқарғыштардың iс-әрекет мерзiмiнен аспайтындай және бiр сағаттан артық болмайтындай болуға тиiстi. Тау-кен қазбаларының желiсi құтқару жұмыстарының нәтижелi жүргiзiлуiн қамтамасыз ету керек.
16. Әр шақты адамдарды шақтының қай жерiнде болуына байланыссыз, апат туралы хабарлау жүйесiмен, апатқа ұшырағандарды iздестiру құралдарымен, сондай-ақ ӘАҚҚ "Көмiр" шақтыға қызмет ететiн бөлiмшесiмен тiкелей байланыспен құралдануға тиiстi.
17. Әр шақтыда Апаттарды жою жоспарларын жасау жөнiндегi нұсқаунамаға сәйкес апаттарды жою жоспары жасалынуы керек.
Шақтыға апаттарды жою жоспарымен таныстырылмаған және жұмыс орындары мен жүретiн жолдарына қатысты оның бөлiмiн бiлмейтiн қызметкерлердi түсiруге рұқсат етiлмейдi.
Бекiтiлген апаттарды жою жоспары болмағанда, жоспар бүтiндей немесе жеке позициялары ӘАҚҚ "Көмiр" келiсiлмегенде бұзылыстарды жоюмен байланысты жұмыстардан басқа жұмыстарды жүргiзуге рұқсат етiлмейдi.
18. Шақтыда апат болған кезде Апаттарды жою жоспары iске қосылады. Апатты жоюдың жауапты басшысы шақтының бас инженерi, ал ол шақтыға келгенге дейiн - тау-кен диспетчерi (ауысым бастығы) болады. Оның жарлығы барлық апатты жоюға қатысатын адамдар мен ұйымдар үшiн мiндеттi.
Апатты жоюдың жауапты басшысы тек жоғары бастықтың оперативтiк журналында жазбаша бұйрығы немесе жарлығы бойынша апатты жою жұмыстарын басқарудан босатылуы мүмкiн; онда жоғарғы бастық апатты жою жұмысын басқаруды өзiне алуға немесе ол үшiн басқа жауапты адамды тағайындауға тиiстi.
19. Барлық шақтыларға салыну, жаңғыртылу, пайдалану және жойылу кезiнде ӘАҚҚ "Көмiр" қызмет етуi керек.
ӘАҚҚ "Көмiр" бөлiмшелерiнiң орналасу жерлерi Мемкентехбақылаумен келiсiледi.
Апаттың бастапқы сатысында тау-кен құтқару жұмыстарын жүргiзу үшiн әр шақтыда учаскелік тау-кен құтқару командаларынан (УТҚК) тұратын көмекшi тау-кен құтқару қызметi (КТҚҚ) ұйымдастырылып, жұмыс iстеуге тиiстi.
КТҚҚ-нiң қызметi Мемкентехбақылаудың жергiлiктi органдарымен келiсiлген Көмiр өндiру кәсiпорындарында көмекшi тау-кен құтқару қызметi туралы қағидада белгiленген.
20. Шақтыға түсушiлер мен одан шығушылардың табельдiк есебi жүргiзiлуi керек. Оны ұйымдастыру жауапкершiлiгi шақты директорына жүктелiнедi, ол шақтыдан адамдардың уақытында шықпауын бiлу тәртiбiн орнатып, оларды iздеу үшiн шараларды қолдануға мiндеттi.
21. Шақтының бас инженерi белгiлеген жерлерде жерасты қазбаларында және шақты көлiгiнде сигналдар мен белгiлерге қойылатын бiрiңғай талаптармен қамтылған қауiпсiздiк белгiлерi қойылуы керек.
22. Барлық шақтыға түсушiлерге бүлiнбеген, әркiмге жеке бекiтiлген жекелегiш өзiнқұтқарғыштар берiлуге тиiстi; әр шақтыда олардың саны жерасты жұмыстарындағы қызметкерлердiң тiзiмдiк құрамынан 10 % артық болуы керек.
Жеке бекiтiлген өзiнқұтқарғышсыз шақтыға түсуге, шақтыда және жұмыс орындарында болуға рұқсат етiлмейдi.
Шақтыларда алыс жұмыс орындарынан апаттар кезiнде қауiпсiз жерге шығу өзiнқұтқарғыштың қорғау әрекетiнiң уақытында қамтамасыз етiлмесе, ауыстыру пункттерi ұйымдастырылуы керек (жүрiс жолында бiрден артық емес) немесе орналасуы ӘАҚҚ "Көмiр" келiсiлiп, топты жылжымалы немесе тұрақты өзiнқұтқару құралдары орнатылуға тиiстi.
Апаттарды жою жоспары ӘАҚҚ "Көмiр" келiсiлу алдында 6 айда бiр рет апат болуы ықтимал жерде апаттарды жою жоспарымен белгiленген қауiпсiз жерге дейiн өзiнқұтқарғыштың жиынтық әрекет мерзiмiнiң 90 % артығын жұмсауды керек ететiн жүру жолымен өзiнқұтқарғыштарды (жұмыстық немесе оқулық) кигiзiп жұмыскерлер мен инженер-техникалық қызметкерлердiң бiр тобын бақылау ретiнде шығару керек. Демалуға жарамсыз атмосферада жұмысшылардың шығу уақытын есептеу Тау-кен құтқару жұмыстарын ұйымдастыру және жүргiзу жөнiндегi ӘАҚҚ "Көмiр" жарғысына сәйкес жүргiзiлуге тиiстi.
Шамханадағы өзiнқұтқарғыштардың сыртқы түрi мен саңылаусыздығын ай сайын, ал шақтыда ауыстыру пункттерiндегiлердi - 6 айда бiр реттен сирек емес ӘАҚҚ "Көмiр" өкiлiнiң қатысуымен шақтының ЖҚТ учаскесiнiң инженер-техникалық қызметкерлерi тексередi.
23. Iске жарамды аккумуляторлық шырақсыз және тиiстi жеке қорғану құралдарынсыз адамдардың шақтыға түсуiне, қазбалармен жүруiне, сондай-ақ жұмыс жасауына рұқсат етiлмейдi.
Шамханада iске жарамды аккумуляторлық шырақтардың саны, метан сигнализаторлармен бiрлескен шырақтарды қосқанда жерасты қызметкерлерiнiң тiзiмдiк санынан 10 % артық болуы керек.
4. Құралдарға, материалдарға, технологияларға
және бағдарлама құралдарына қойылатын талаптар
24. Шақты жұмыстарына пайдалануға арналған құралдар мен бұйымдарды тек олардың көрсеткiштерi осы Ереженiң талаптарына, мемлекеттiк стандарттарда және басқа нормативтiк құжаттарда баяндалған экологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес болса, жұмыстардың қауiпсiздiгi жөнiндегi осындай қызмет түрiне лицензиясы бар институттан сертификат алынғаннан кейiн ғана сериялы өндiруге рұқсат етiледi.
25. Тау-кен машиналарын, механизмдерiн, электр құралдарын, аспаптарын, аппаратурасын, қорғану құралдарын және материалдарын пайдалану олардың Мемлекеттiк стандарттарға, Қазақстан Республикасының нормативтiк және заң құжаттарына сәйкес болса рұқсат етiледi.
26. Құралдар мен материалдарды сынауға, сондай-ақ бiрен-саран жасалынған бұйымдарды пайдалануға және сериялы шығарылған құралдардың конструкциясын бiрлi-жарым өзгертуге МакҒЗИ-нiң, ШығысҒЗИ-нiң немесе жұмыстардың қауiпсiздiгi жөнiндегi осындай қызмет түрiне лицензиясы бар институттың қорытындылары негiзiнде Мемкентехбақылау және Мемсанбақылау органдары рұқсат етедi.
27. Жасап шығарушы зауыттар құралдарды жұмыстардың қауiпсiздiгi мен зиянсыздығын қамтамасыз ететiн комплектiсiмен жеткiзiп беруге тиiстi.
28. Машиналарды, кеншақты құралдарын, аспаптарды және аппаратураны пайдалану және күту, сондай-ақ құрастыру, бөлшектеу және сақтау оларды пайдалану жөнiндегi жетекшi құжаттарға (нұсқаунамаларға) және жасаушы зауыттың басқа пайдалану құжаттарына сәйкес орындалуы керек.
Машиналардың, құралдардың, басқа және қорғаныш желiлерiнiң зауыттық конструкциясын жасаушы зауыттың келiсiмiнсiз ауыстыруға рұқсат етiлмейдi.
29. Жасалып шығарылатын кен шақты құралдарының паспорттарында,
нұсқаунамаларында және басқа пайдалану құжаттарында олардың туғызатын
зиянды өндiрiс факторларының және жұмыс кезiнде ықтимал қауiптiлiктер
туралы мәлiметтер көрсетiлуi керек.
Зияндылықтардың нормалы көрсеткiштерi КШҚ-ның барлық пайдалану мерзiмi бойы, күрделi жөндеуге дейiн және одан кейiн сақталынуға тиiстi.
30. Құралдардың функциональдық арналуына қарай қоршалуы мүмкiн емес бөлшектерiнен басқа (кенжар машиналарының жұмыс органдары және жiберу жүйелерi, конвейер таспалары, шығыршықтары, тарту шынжырлары және т.б.) қозғалғыш бөлшектерi, егер олар қауiптiлiк көздерi болса, қоршалуға тиiстi.
Егер адамдар үшiн қауiптiлiк болатын машиналарды немесе олардың атқарушы органдарын (жылжымалы машиналар, конвейерлер, сымарқан және монорельстi жолдар, итергiштер, маневр шығырлары және т.б.) қоршау мүмкiншiлiгi болмаса, машиналарды жүргiзу туралы ескерту сигналы, тоқтату және энергия көзiнен ажырату құралдары қарастырылуға тиiстi.
Жүргiзу алдындағы ескерту сигналы дыбысты сигнал болу керек, оның ұзақтығы 6 с кем болмауға және адамдарға бүкiл зона бойы естiлуге тиiстi.
31. Тау-кен жұмыстарын жүргiзудiң жаңа технологиялары (тәсiлдерi) және өндiрiс қауiптiлiктерi мен зияндылықтарын болдырмау, шақтылық жүйелердi (желдетудiң, газсыздандырудың, энергия жабдығының және жұмыстардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн басқа жүйелердi) есептеу (жобалау) үшiн бағдарлама құралдарын шақтыларда жұмыстардың қауiпсiздiгі жөнiндегi осындай қызмет түрiне лицензиясы бар институтта сараптан өткеннен кейiн және Мемкентехбақылау органдырының рұқсатымен қолдануға болады.
5. Шақты қызметшiлерiне қойылатын талаптар
32. Шақты қызметкерлерiнiң құжатпен расталған iстейтiн жұмысына сәйкес кәсiби дайындығы болуы керек; медициналық байқаудан, ал керек жағдайда кәсiби iрiктеуден, еңбек қорғау жөнiнде алғашқы және еңбек ету барысында оқудан өтуге тиiстi; осы Ережеге сәйкес еңбек қорғау жөнiнде бiлiмiн тексеруден және аттестациядан өтуi керек.
$1. Медициналық байқау және кәсiби iрiктеу
33. Барлық қызметкерлер шақты директоры және құқығы бар медициналық мекеме ұйымдастыратын алғашқы (жұмысқа түсерде) және мерзiмдi (бүкiл еңбек ету мерзiмi бойы) медициналық байқаулардан өтуге мiндеттi. Медициналық байқаулардың тәртiбi мен мерзiмдiлiгiн қызметкердiң еңбек жағдайы мен мамандығына (қызметiне) қарай денсаулық сақтау Министрлiгi белгiлейдi.
Шақты директоры өз ынтасымен немесе қызметкердiң талабы бойынша кезектен тыс медициналық байқау ұйымдастыруға мiндеттi, егер қызметкердiң денсаулығы нашарлауының белгiлерi байқалған жағдайда және де ол денсаулығының нашарлауы еңбек жағдайларымен байланысты деп санайтын болса.
34. Егер медициналық байқаудың нәтижесiнде қызметкер денсаулығы бойынша өзiнiң қызметiн орындай алмайтын болса, шақты директоры әрекеттегi заңға сәйкес оған басқа жұмыс беруге мiндеттi.
Қызметкер медициналық байқаудан бас тартса немесе медициналық тексерудiң нәтижесi бойынша ұсыныстарды орындамаса, шақты директоры оны еңбек мiндетiн атқаруға жiбермеуге тиiстi.
Медициналық байқау өту туралы нұсқаулар немесе медициналық мекеменiң ұсыныстары әрқашан орындалмаса, қызметкермен еңбек шарты (контракт) бұзылуы керек.
35. Көмiрдiң, жыныстың және газдың кенеттен лақтырылысынан қауiптi тақталарда тазалау және дайындау қазбаларындағы жұмысқа газдан қауiптi шақтылардың тазалау немесе дайындау кенжарларында бiр жылдан кем емес жұмыс iстеген стажы бар жұмыскерлер жiберiледi. Барлық қазылатын тақталары көмiрдiң, жыныстың және газдың кенеттен лақтырылысынан қауiптi немесе қатер төндiретiн тақталарға жататын шақтыларда көрсетiлген тақталардағы жұмысқа газдан қауiптi шақтыларда бiр жылдан кем емес жерасты жұмыс стажы бар жұмысшылар жiберiледi. Бұл ретте барлық жұмысқа жаңадан түсетiн жұмысшылар жұмыстардың қауiпсiздiгi жөнiндегi осындай қызмет түрiне лицензиясы бар институт тағайындаған лақтырылыстан қауiптi тақталарда тау-кен жұмыстарын қауiпсiз жүргiзу бағдарламасы бойынша оқудан өтуi керек.
$2. Шақты басшылары мен мамандарына қойылатын талаптар
36. Шақтының директоры және бас инженерi болып жоғары тау-кен бiлiмi және шақтыларда 5 жылдан кем емес басшылық және инженер-техникалық қызметтерде жұмыс стажы бар маман тағайындалуына болады.
Лақтырыстан қауiптi тақталарды қазатын шақтылардың бас инженерлер қызметiне осындай шақтылардың жерасты жұмыстарында көрсетiлген 5 жылдың 3 жылынан кем емес басшылық және инженер-техникалық қызметтерге жұмыс iстеу тәжiрибесi бар мамандар тағайындалуға тиiстi.
37. Шақтыда жұмыстарды техникалық басқаруға жоғары немесе орта кентехникалық бiлiмi бар қызметкерлер жiберiледi.
Шақтылардың тау-кен аттыру жұмыстарын техникалық басқаруға инженер-техникалық қызметкерлер Мемкентехбақылау бақылауындағы Кәсiпорындарда, ұйымдарда және объектiлерде тау-кен және аттыру жұмыстарын басқаруға жiберу тәртiбi жөнiндегi нұсқауларға сәйкес жiберiледi.
38. Шақтыда еңбек қорғау қызметi мен қауiпсiздiк техникасы басшысының жоғары кентехникалық бiлiмi және шақтыда 3 жылдан кем емес жұмыс стажы болуы керек.
39. Шақтылардың тау-кен диспетчерлерiнiң қызметiне жоғары немесе орта кентехникалық бiлiмi және шақтыда 3 жылдан кем емес тау-кен жұмыстарын басқарумен байланысты жұмыс стажы бар адамдар тағайындалуы мүмкiн.
Тау-кен диспетчерi мезгiл-мезгiл жерасты жұмыстарына барып тұруы керек, барлық тау-кен жұмыстарының жоспарларын бiлуге тиiстi.
40. Директорлар мен бас инженерлер және олардың еңбек қорғау және қауiпсiздiк техникасы жөнiндегi орынбасарлары, бас механиктер, бас энергетиктер, бас технологтар; ЖҚТ, бұрғылау-қопару жұмыстары, газсыздандыру, қауiпсiздiк техникасы жөнiндегi сақтандыру жұмыстары учаскелерiнiң бастықтары тек "Басшылар мен мамандардың еңбек қорғау жөнiнде бiлiмiн тексеру тәртiбi туралы қағидаға" сәйкес еңбек қорғау жөнiнде оқудан және бiлiмiн тексергеннен кейiн ғана қызметке тағайындалуы мүмкiн.