|
|
|
Қымбат металдармен және асыл тастармен, сондай-ақ олардан жасалған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 15 қарашадағы № 1198 қаулысымен күші жойылды Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 1. Қымбат металдармен және асыл тастармен, сондай-ақ олардан жасалған бұйымдармен жүргiзiлетiн операциялар туралы қоса берiлiп отырған Ережелер бекітілсiн. 2. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi мен ведомстволары екi айлық мерзiм iшiнде ведомстволық шешiмдердi осы қаулымен бекітілген Ережелерге сәйкестендiрсiн. 3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігімен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының мүдделi министрлiктерi мен ведомстволарының қатысуымен екi айлық мерзiм iшiнде қолданылып жүрген нормативтiк актiлерге осы қаулыдан туындайтын өзгерістердi енгізу туралы ұсыныстар дайындап, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне тапсыратын болсын. Қазақстан Республикасының Премьер-министрi Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 7 қыркүйектегi № 1004 қаулысымен Бекiтiлген Қымбат металдармен және асыл тастармен, сондай-ақ олардан жасалған бұйымдармен жүргiзiлетiн операциялар туралы Ережелер Ескерту. Бұл Ережелердiң күшi Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесi бекiткен тиiстi ережелер мен Ұлттық Банктiң нормативтiк құжаттарын басшылыққа алатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Мемлекеттік құндылықтар қоймасына қолданылмайды. I. Жалпы ережелер 1. Бұл Ережелер "Алтын қоры мен алмас қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының басқа да заң және нормативтiк актілеріне сәйкес жасалды және қымбат металдарды, олардың тұздарын, балқымалары мен басқа да қоспаларын, асыл тастарды алудың, жұмсаудың, есепке алудың, сақтаудың, тасымалдаудың, олардың сынықтары мен қалдықтарын жинау мен өткізудiң тәртібін, сондай-ақ Ережелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiк шараларын белгiлейдi. Бұл Ережелер синтетикалық және жасанды алмастарды, зүбәржаттарды, корундтарды, сондай-ақ олардан жасалған ұнтақтар мен аспаптарды пайдалануға байланысты операциялар мен процестерге қолданылмайды. 2. Шикiзат, жартылай шикiзат, балқыма, тұздар, ерiтiндiлер түріндегі қымбат металдармен және асыл тастармен, қымбат металдар мен асыл тастардың аяқталмаған өнiмiмен, дайын бұйымдарымен, құрамында қымбат металдар мен асыл тастар бар материалдармен, аспаптармен, жабдықтармен, приборлармен, бөлшектермен, тораптармен, сондай-ақ сынықтар мен қалдықтардың барлық түрлерiмен заңдарда рұқсат берiлген кез келген операциялар жүргiзетiн барлық меншiк нысанындағы және бағыныстағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлер, оның iшiнде Қорғаныс министрлігінiң бөлiмшелерi, кедендер, ломбардтар, сондай-ақ жеке адамдар осы Ережелермен белгiленген тәртiптi сақтауға мiндеттi. 3. Министрлiктер, ведомстволар, корпорациялар, компаниялар, кәсiпорындар өз жұмыс ерекшелiктерiн ескере отырып, осы Ережелердiң негiзгi қағидаларына сүйене отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Мемлекеттік сынақ қадағалау инспекциясының, "Алтын алмас" ұлттық акционерлік компаниясының, iшкi iстер органдары жанындағы күзет бөлiмшелерiнiң (тиiстi бағыттар бойынша) келiсуiмен қымбат металдар мен асыл тастарды алудың, жұмсаудың, есепке алу мен сақтаудың тәртібі жөнiнде өз нұсқамаларын әзiрлеп, бекiтедi. 4. Қымбат металдармен және асыл тастармен операциялар жүргiзетiн барлық заңды ұйымдар мен жеке адамдар: а) өздерi орналасқан жерде тiркелiп, қымбат металдар мен асыл тастарды пайдалануға байланысты қызмет құқығына лицензия алуға мiндеттi. Шаруашылық жүргiзушi субъектiлердi тiркеу - белгiленген тәртiп бойынша жүргiзiледi. Лицензиялар беру тәртібі "Қазақстан Республикасында бағалы металдар, асыл тастар мен олардан жасалатын бұйымдар өндiруге, өңдеуге және сатуға байланысты қызметтi реттеу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң жаршысы, 1992 ж., № 8, 213-бап) 1992 жылғы 7 мамырдағы № 1311 қаулысымен бекітілген арнайы ережемен реттеледi. Меншiктiң барлық нысанындағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге лицензиялар бойынша қымбат металдар мен асыл тастарды заңда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасында одан әрi өңдеу және сату үшiн алып келуге рұқсат етiледi. Қымбат металдар мен асыл тастардың, құрамында қымбат металдар мен асыл тастар бар бұйымдар мен материалдардың экспорты мен импорты заңдарда белгiленген тәртiп бойынша жүргiзiледi; б) қымбат металдардың, асыл тастар мен олардың қалдықтарының сақталуын қамтамасыз етуге, олардың келiп түсуiнiң, жұмсалуының және қалдықтарының толық және анық есебiн жүргiзуге, белгiленген мерзiмде барлық сақталу орындарында және тiкелей өндiрiсте аталған құндылықтарға түгендеу жүргiзуге, осы түгендеудiң нәтижелерiн дер кезiнде есепте көрсетiп отыруға мiндеттi; в) қымбат металдар мен асыл тастарды қатаң үнемдеуге және олардың келiп түсуi, жұмсалуы мен қалдықтары туралы есеп-қисапты жасау мен берудiң белгiленген тәртібін сақтауға мiндеттi; г) қымбат металдар мен асыл тастардың сынықтары мен қалдықтарының барлық түрiн толық жинауды және алдын ала өңдеудi, оларды ұқсатушы кәсiпорындарға дер кезiнде өткізудi қамтамасыз етуге мiндеттi. 5. Қымбат металдарды, асыл тастарды және құрамында осылар бар өнiмдердi, материалдар мен бұйымдарды өндiретiн, алатын, шығаратын, ұқсататын немесе сақтайтын кәсiпорындар, цехтар, учаскелер мен объектiлер қымбат металдар мен асыл тастардың аман сақталуын, толық алынуы мен технологиялық шығындардың мейлiнше аз болуын қамтамасыз ететiн арнаулы ұйымдық және инженерлiк-техникалық шаралар орындалған жағдайда ғана пайдалануға берiледi. 6. Құрамында қымбат металдар немесе асыл тастар бар сатылатын шикiзатты өңдеу - шикiзат берiп тұрушы кәсiпорындар мен тұтынушылар арасында жасалатын шарттарға (контрактiлерге) сәйкес жүргiзiледi. Шарттар жасау тәртібі мен олардың орындалуына байланысты мәселелер "Өнiм берiп тұру жөніндегі ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 19 маусымдағы № 536 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1992 ж., № 24, 374-бап) бекітілген өнiм берiп тұру туралы Ережемен, кейiнгi өзгертулерiмен және толықтырулармен қоса реттеледi. 7. Қымбат металдармен және асыл тастармен жүргiзiлетiн операцияларға немесе өзге iс-әрекеттерге тiкелей қатысатын кәсiпорындардың, ұйымдардың, мекемелердiң қызметкерлерiмен Қазақстан Республикасының заңдары белгiлеген тәртiппен материалдық жауапкершiлiк туралы шарттар жасалады. 8. Қымбат металдар, асыл тастар мен олардан жасалған бұйымдардың, оларды өндiрудiң, ұқсатудың, қалдықтарын жинау мен тапсырудың, сақтау мен тасымалдаудың барлық кезеңiнде аман сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарға басшылық жасауды кәсiпорын басшылары режим және күзет жөніндегі өздерiнiң орынбасарлары немесе бұйрықпен тағайындалған адамдар арқылы жүзеге асырады. Технологиялық режимдердiң сақталуы жөніндегі жауапкершiлiк бас инженерлер мен бас мамандарға, цехтар мен объектiлердiң, учаскелердiң басшыларына, ауысым бастықтарына және учаске мастерлерiне, сондай-ақ өндiрiс процесiнде қымбат металдар мен асыл тастар пайдаланылатын технологиялық операцияларды тiкелей орындаушыларға жүктеледi. Осы адамдар табиғи зiлзала апаттары немесе өздерiне байланысты емес себептерден басқа жағдайларда шығындардың белгiленген нормативтерден асып кеткенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi. 9. Қымбат металдармен және асыл тастармен жасалатын операцияларға мемлекеттік бақылау мен қадағалау жасайтын органдардың ("Алтын қоры мен алмас қоры туралы" заңның 14-бабы), Қазақстан Республикасы Прокуратурасының, Iшкi iстер министрлігінiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Ұлттық Банкінің Мемлекеттік сынақ қадағалау инспекциясының өкiлдерi қымбат металдарды, олардың тұздарын, балқымаларын, басқа қоспалары мен асыл тастарды өндiру, алу, шығару, ұқсату, қолдану, пайдалану, олардың сынықтары мен қалдықтарын жинау және өткізу, беру, босату, есепке алу, тасымалдау мен сақтау мәселелерi бойынша меншiк нысандары мен бағыныстылығына қарамастан барлық шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң жұмысын тексерiп отырады. Кәсiпорындардың, ұйымдардың, учаскелер мен технологиялық қайта өңдеу, Қорғаныс министрлігінiң бөлiмдерi мен бөлiмшелерiнiң, кедендердiң, ломбардтардың және т.б. басшылары аталған өкiлдердiң қарауына қымбат металдармен және асыл тастармен iстелетiн жұмыстың барлық салалары бойынша жоспарлау, техникалық, есеп беру және есепке алу құжаттамасының (бастапқысын қоса) барлық түрiн бөгетсiз берiп, олардың режимдiк бөлiмшелерге қызмет куәлiктерi арқылы киiм ауыстырмай және тексерiссiз кiруiн қамтамасыз етуге мiндеттi. II. Қымбат металдар мен асыл тастарды алу тәртібі 10. Қымбат металдар мен асыл тастар бiр орталықтан бөлiнетiн және лимиттелетiн материалдық ресурстарға жатады. 11. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Мемлекеттік құндылықтар қоймасынан қымбат металдар мен асыл тастарды босату тәртібі "Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік банкінің Мемлекеттік қоймасындағы қымбат металдар мен асыл тастарды бөлу және пайдалану тәртібі туралы Ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi Төралқасының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң жаршысы, 1992 ж., № 8, 200-бап) 1992 жылғы 13 сәуірдегі № 1283 қаулысымен бекітілген Ережесiмен белгiленедi. Тұтынушылардың қымбат металдар мен асыл тастарды алуына Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiмен келісім, Экономика министрлігінiң ұсыныстары негiзiнде жасалған барлық меншiк нысанындағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге қымбат металдар мен асыл тастарды босату жөніндегі Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысы негiз болып табылады. 12. Барлық меншiк нысанындағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлер қымбат металдар мен асыл тастарды, олардың тұздарын, ерiтiндiлерiн, балқымалары мен басқа қоспаларын тұтынудың көлемiн Қазақстан Республикасы Экономика министрлігімен келiседi және жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 шiлдесiне дейiн Қазақстан Республикасы Экономика министрлігіне қымбат металдарға, олардың тұздарына, балқымаларына, басқа қоспаларына және асыл тастарға тапсырыстар, сондай-ақ сынықтардың, қалдықтардың, рекуператтардың пайда болуының барлық көздерiн ескере отырып, оларды қайта өңдеуге қайтару жөнiнде толық есеп тапсырады. Жоспарланып отырған жылдың 1 наурызына дейiн шаруашылық жүргiзушi субъектiлер Экономика министрлігіне санақ немесе түгендеу нәтижелерi бойынша қымбат металдардың, олардың тұздарына, балқымаларына, басқа қоспаларына және асыл тастардың жыл басындағы нақты қалдықтарын ескере отырып, оларға деген қажеттiлiк пен мұқтаждықтың нақтыланған есеп-қисабы мен ерекшелiгi туралы сипаттаманы тапсырады. 13. Қазақстан Республикасының Экономика министрлігі қымбат металдар мен асыл тастарды босату, оларды сынықтар мен қалдықтар түрiнде қайтару лимитiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiткеннен кейiн бiр ай мерзiм iшiнде шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге жоспарланып отырған жылға әр тоқсанға жiктеп, олардың қарамағына босатылған қымбат металдар мен асыл тастардың және оларды қалдықтар түрiнде қайтарудың мөлшерiн бөлу туралы хабарлама жiбередi. 14. Өздерiне бөлiнген қымбат металдар мен асыл тастардың мөлшерi туралы хабарламалар алғаннан кейiн шаруашылық жүргiзушi субъектiлер Қазақстан Республикасының өндiрушi-зауыттарымен қымбат металдардан өздерiне қажеттi өнiмдер жасап шығару жөнiнде немесе республикада қажеттi өндiрiстiк қуаттар болмаған және осы мәселе бойынша үкiметаралық уағдаластықтар болған жағдайда шетелдегi өңдеушi-кәсiпорындар мен шарттар жасасады. 15. Қымбат металдар мен асыл тастарды Мемлекеттік құндылықтар қоймасынан босату Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiне олардың құнын алдын-ала төлегеннен кейiн жүзеге асырылады. Үстiмiздегi жылы берiлетiн құндылықтар үшiн ақы төлеудiң шектi мерзiмi 10 желтоқсан, ал оларды берудiң шектi мерзiмi - 25 желтоқсан. 16. Барлық меншiк нысанындағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қымбат металдар мен асыл тастарды жұмсауы, шығынның қатаң белгiленген мақсаттарға (өнiм шығару, зерттеу жүргiзу және басқа жұмыстарға) бекітілген қажеттiлiктiң белгiленген нормаларының шегiнде жүргiзiлуге тиiс. 17. Қымбат металдар жұмсаудың нормаларын "Алтыналмас" Ұлттық акционерлік компаниясының келісімiмен министрлiктердiң, ведомстволардың, корпорациялардың және т.б. басшылары, ал оларды сынықтар мен қалдықтар түрiнде қайтару нормаларын "Алтыналмас" ұлттық акционерлік компаниясы бекiтедi. Қымбат металдар жұмсаудың жиынтық нормалары бұйымдарға, қалдықтар мен залалға кететiн шығынды көрсетiп, таза металға шаққанда өнiм өлшемiне граммен бекітілуге тиiс. 18. Шығарылатын өнiмге арналған жиынтық нормалардың құрамына енетiн қымбат металдар мен асыл тастарды жұмсаудың әрбiр бөлшек пен әрбiр операцияға қажет нормалары тиiстi цехтарға, учаскелерге, лабораторияларға, жұмыс орындарына, ал бухгалтерияға - осы өнiмге арналған жиынтық жұмсау нормалары да дер кезiнде хабарлануға тиiс. 19. Қымбат металдарды ұтымды пайдалану мақсатында қымбат металдардың ластанбаған қалдықтарынан (бөлiндi, жоңқа, кесiндi және т.б.) қажеттi шала өнiмдер жасау және оларды өздерiнiң өндiрiсiнде тиiмдi пайдалану үшiн оларды өнiм шығаруға пайдалануға болады. Мұндай қалдықтар қайталама шикiзат ретiнде қарастырылады және жұмсау нормаларынан алып тасталуға тиiс. 20. Шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысы бойынша алынған қымбат металдар мен асыл тастарды өз сұраныстары бойынша өткiзiлген құндылықтардан басқа жағдайларда өзге шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге беруге, сондай-ақ қымбат металдар мен асыл тастар қорларын тысқары ұйымдардың сұраныстарын орындау мақсатында пайдалануға тыйым салынады. Қымбат металдар мен асыл тастардың пайдаланылмаған қалдықтары статистикалық есеп беруде көрiнiс тауып, келесi жылға бөлiнген қорлардың есеп-шотында көрсетiледi, ал шаруашылық жүргiзушi субъект таратылған немесе қайта құрылған жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiсiнiң Мемлекеттік құндылықтар қоймасына өткiзiлуге тиiс. 21. Қымбат металдар мен асыл тастарды ұтымды және үнемдi пайдаланбағаны үшiн тиiстi жеке адамға немесе кәсiпорын, мекеме яки ұйым басшысына, сондай-ақ қымбат металдар мен асыл тастар қолданатын тиiстi цехтардың, бөлiмдердiң, лабораториялардың басшыларына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiк жүктеледi. III. Қымбат металдар мен асыл тастар қалдықтарын жинау және тапсыру 22. Барлық меншiк нысанындағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлер қымбат металдар мен асыл тастарды алудың барлық көздерiнен пайда болған сынықтар мен қалдықтардың (дайын алмас бұйымдарымен қоса) барлық түрiнiң өнiмдерiн қайтару жөніндегі мiндеттемелерiн орындауға тиiс. 23. Экономика министрлігіне "Алтыналмас" ұлттық акционерлік компаниясының келісімiмен жекелеген шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қымбат металдарды нақты жұмсауын ескере отырып, қымбат металдарды сынықтар мен қалдықтар түрiнде тапсырудың жылдық жоспарына iшiнара өзгерістер енгізу құқығы берiледi. Шаруашылық жүргiзушi субъектiлер жылдық жоспарды өзгерту туралы ұсыныстарды тиiстi есеп-қисаптармен бiрге есептi кезең аяқталған соң 25 күннен кешiктiрмей тапсырады. 24. Кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар және басқа да шаруашылық жүргiзушi субъектiлер қымбат металдарды, асыл тастарды немесе құрамында осылар бар материалдарды пайдаланатын жұмыс орындарын тиiстi қорғау құралдарымен (сүзгiштермен, шаң-тозаң аулағыштармен, қаптамалармен, тұндырмалармен, тосқауыл қалқандармен және басқалармен), сондай-ақ қалдықтарды толық жинап алуды, ысырапты азайтуды және қымбат металдар мен асыл тастарды аман сақтауды қамтамасыз ететiн ыдыстың қажеттi мөлшерiмен (жәшiктермен, бөшкелермен, шөлмектермен және т.б.) жабдықтауға мiндеттi. Құрамында пайдаланылған фотопластинқаға түсiрiлген суреттi сақтау үшiн қолданылатын химиялық ерiтiндi мен сақталған күмiсi бар және басқа да ерiтiндiлердi төгiп тастауға, кинофотоматериалдарды жоюға немесе өртеп жiберуге, сондай-ақ құрамындағы қымбат металдарды алдын-ала бөлiп алмаған басқа да материалдар мен приборларды жоюға тыйым салынады. 25. Қымбат металдардың сынықтары мен қалдықтарын алдын-ала өңдеу, оларды дайындаушыларға жөнелту, сондай-ақ сынықтар мен қалдықтар құрамындағы қымбат металдар үшiн есеп айырысу "Iшiнде бағалы металдар бар қайталама ресурстар мен қалдықтарды жинау мен ұқсатуды ұйымдастыру туралы" (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1992 ж., № 33, 506-бап) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 20 тамыздағы № 703 қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес жүргiзiледi. 26. Қайталама қымбат металдарды өңдеу және алмас бұйымдарын қайта алу республиканың немесе басқа республикалардың мамандандырылған кәсiпорындарында мiндеттi түрдегi берме шартымен бөлiп алынған қымбат металдарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Мемлекеттік құндылықтар қоймасына тапсыру немесе қымбат металдардан алынған өнiмдi республикаға қайтару жолымен жүргiзiледi. 27. Қымбат металдардың қалдықтарын толық жинап алу және оларды өңдеуге тапсыруды қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершiлiк Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес кәсiпорын басшысына, бас есепшiге, сондай-ақ қымбат металдарды барлық түрiнде жұмсайтын бөлiмдер, цехтар басшыларына жүктеледi. IV. Қымбат металдар мен асыл тастарды сақтау және оларды тасымалдау 28. Қымбат металдар мен асыл тастарды, сондай-ақ құрамында осылар бар бұйымдарды, материалдарды, сынықтар мен қалдықтарды сақтау - олардың барлық сақтау, пайдалану, қажетке жарату, тасымалдау орындарында талан-таражаға түсуден, өртенуден, табиғи зiлзаладан, бұзылудан толық аман сақталуын қамтамасыз етуге тиiс. 29. Оңай жолмен алынатын қымбат металдармен немесе құрамында 5 проценттен астам қымбат металдар бар өнiмдермен операциялар жасалатын барлық үй-жайлар режимдiк үй-жайлар болып табылады. Осындай объектiлердiң тiзбесiн, сандық құрамын және күзет түрiн, сондай-ақ инженерелiк-техникалық қорғау құралдарын жергiлiктi iшкi iстер органдарының өкiлдерi қатысатын кәсiпорын басшысы немесе оның режим және күзет жөніндегі орынбасары, күзет бөлiмшесiнiң бастығы (командирi) және кәсiпорынның, ұйымның бiрiншi бөлiмiнiң бастығы құрамындағы комиссия айқындайды. 30. Қымбат металдар мен асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды сақтау осы заманғы техникалық күзет құралдарымен арнайы жабдықталған үй-жайларда материалдық жауапкершiлiк туралы шарттар жасалған материалдық жауапкершiлiк жүктелген адамдардың басшылығымен жүзеге асырылады. Материалдық жауапкершiлiк жүктелген жұмыстарда пасықтық қылмыстары үшiн сотталған адамдарды, сондай-ақ сот үкімі бойынша белгiлi бiр қызметтердi атқаруға немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуға тыйым салынған адамдарды пайдалануға рұқсат етiлмейдi. 31. Қымбат металдар мен асыл тастар отқа жанбайтын шкафтарда, темір жәшiктерде немесе сейфтерде сақталуға тиiс, олардың есiгi кiлттелiп, мөрленуге тиiс. Қажет болуына қарай олар материалдық жауапкершiлiк жүктелген адамның, ал ол жоқта кәсiпорын басшысының рұқсатымен комиссияның қатысуымен ашылады. Қымбат металдар, асыл тастар, сынықтар мен қалдықтар, оның iшiнде тозған тораптар, бөлшектер, сондай-ақ отқа жанбайтын шкафтар, темір жәшiктер, сейфтер сақталатын қоймалар жұмыс күнi аяқталған соң құлыпталып, мөрленуге тиiс. Цехтардың, учаскелердiң және барлық сақтау орындарының кiлттерi жұмыс аяқталған соң мөрленген күйiнде қолхатпен күзетке тапсырылады. 32. Сақтау орындарынан қымбат металдар мен асыл тастарды босату кәсiпорын басшысының, бас (аға) есепшiнiң және тиiстi материалдық жауапты адамның рұқсатымен жүзеге асырылады. 33. Жұмыстарды орындаушыға жазып берiлген қымбат металдар мен асыл тастар жеке құлыпталатын жәшiкте сақталуға тиiс. Жұмыс күнi аяқталған соң қымбат металдар мен асыл тастар салынған осы жәшiк мөрленген күйiнде қоймаға немесе сейфке тапсырылады. Өндiрiстiк үй-жайлардағы ашық сөрелерге қойылған қымбат металдар мен асыл тастарды қараусыз қалдыруға тыйым салынады. 34. Қымбат металдарды таза немесе байытылған күйiнде қабылдауға, беруге, алуға, өңдеуге және жұмсауға байланысты барлық операцияларды комиссия жүргiзедi. 35. Жабдықтың, аспаптың құрамдас бөлiгi болып табылатын қымбат металдар мен асыл тастар, сондай-ақ құрамында қымбат металдар бар тұздар мен қышқылдар отқа жанбайтын шкафтарда, сейфтерде немесе темір жәшiктерде сақтау мүмкiн болмаған жағдайда өндiрiстiк үй-жайларда немесе материалдар яки химиялық реактивтер қоймаларында сақталуы мүмкiн. 36. Қымбат металдар мен асыл тастар және олардан жасалған бұйымдар қабылданатын және босатылатын барлық қоймалар мен көмбелер таразылармен және басқа да өлшеуiш приборлармен қамтамасыз етiледi. Таразылар мен кiрлердiң мемлекеттік уәкiлдiң уақытысында тексерiлгенi туралы куәлiгi болуға тиiс. Қымбат металдар, өнiмдер, шикiзаттар, сынықтар және қалдықтар метрологиялық дәлдiктердi төмендегiдей мөлшерлерге сай келетiн таразыларда өлшенуге тиiс: 200 грамға дейiн тартатын таразыларда - мемлекеттік стандарты 2 кластық 24104-88 Е дәлдiгiмен; 200 грамнан артық тартатын таразыларда - мемлекеттік стандарты 3 кластық 24104-88 Е дәлдiгiмен. Қолданылатын таразылардағы таразылау дәлдiгiнiң кемшiлiгi 24104-88 Е мемлекеттік стандарты бойынша көрсетiлген мүмкiндiктен артық ауытқымауға тиiс. Құрамында 5 проценттен аз қымбат металдар бар өндiрiс заттарын, шикiзаттарды, сынықтар мен қалдықтарды таразылау - өлшенетiн массаның + - 0,05 процентiне тең болатын таразыларды өлшенуге тиiс. Асыл тастар 1000 каратқа дейiнгi массада - 0,01 карат, 1000 караттан астам массада - 0,05 карат дәлдiкпен арнаулы немесе талдама таразыларда өлшенуге тиiс. Қымбат металдар мен асыл тастарды өлшеуде жiберiлген артық-кем алшақтық есеп-қисап құжаттарында көрсетiледi. Таразылау дәлдiгi мөлшерiнде артық кеткен алшақтық - кiрiске алынып, кемдiк - өндiрiстiк шығындар есебiне жатқызылады. 37. Қымбат металдар мен асыл тастар және олардан жасалған бұйымдарды тасымалдауды Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігінiң арнаулы байланысы арқылы немесе аман сақталуына кепiлдiк беретiн күзеттiң бас-көз болуымен арнаулы көлiк арқылы кәсiпорын қызметкерлерi жүзеге асыруға тиiс. 38. Құрамындағы қымбат металдар 5 проценттен аз материалдарды тасымалдау - жөнелтiлген материалдардың кұны бағаланып , почта сәлемдемелерiмен, темір жол немесе көлiктiң басқа түрi арқылы жүргiзiлуi мүмкiн. Ескерту. Бұл бап құрамында қымбат металдары бар темірлер мен концентраттарды тасымалдауда қолданылмайды. 39. Қымбат металдар мен асыл тастарды сақтау ережесін бұзғаны үшiн жауапкершiлiк Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес басшыға, директордың режим жөніндегі орынбасарына, сондай-ақ цехтардың, бөлiмдердiң, лабораториялардың, учаскелердiң т.б. жетекшiлерiне жүктеледi. V. Қымбат металдар мен асыл тастарды есепке алу 40. Қымбат металдар мен асыл тастар өндiретiн, өңдейтiн, жұмсайтын және олардың қалдықтарын жинайтын және ұқсататын, сондай-ақ оларды қабылдаумен, алумен, сақтаумен және өткізумен айналысатын барлық меншiк нысанындағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлерде (кәсiпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда, жеке адамдарда) қымбат металдар мен асыл тастардың барлық ұқсату iстерi мен операцияларындағы қозғалысына, аман сақталуына, тиiмдi түрде алынуына және бекітілген нормалар мен мақсатты мiндетi бойынша қажеттiлiктер шеңберiнде жұмсалуына қатаң бақылау жасауды қамтамасыз ететiн олардың бухгалтерлiк және жедел есебi ұйымдастырылуға тиiс. 41. Жедел есеп кәсiпорындардағы компьютерлендiрiлген және механикаландырылған есеп құралдары арқылы журналдарда, карточкаларда, дискеттерде және басқа құжаттарда жүргiзiледi. Есептi жүргiзу әдiстерiн шаруашылық жүргiзушi субъектiлер өндiрiстi ұйымдастырудың жергiлiктi жағдайлары мен технологиялық процестердiң ерекшелiктерiне қарай жасайды. Барлық сақтау, өңдеу және жұмсау орындары бойынша қымбат металдар мен асыл тастарды, шикiзат түрлерiне қарай сынықтар мен қалдықтардың, шала өнiмдердiң, құрамында осылар бар бұйымдардың қозғалыс маршруттары мен тәртібі жасалады және бекітіледi. 42. Бастапқы құжаттар: iлеспе қағаздар, актiлер, талаптамалар, лимит карталары, есеп берулер негiзiнде кәсiпорын бухгалтериясы қымбат металдар мен асыл тастар сақталатын, өңделетiн немесе пайдаланылатын орындарда механикаландырылған есеп құралдарын пайдалана отырып, әрбiр материалдық жауапты адамға байланысты таза күйіндегі грамм салмақпен алғанда әрбiр металдың түрi немесе каратпен алғанда асыл тастар бойынша олардың қозғалысының айналыс ведомостарын жасайды.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |