|
|
|
Қазақстан Республикасының айналыс мерзімі бір жыл және одан артық Ішкі капитал рыногында қарыз алудың қаржылық құралдарын әртараптандыру және бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру үшін қаражат тартуды жандандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының айналыс мерзімі бір жыл және одан артық мемлекеттік орта мерзімді қазынашылық валюталық міндеттемелерін шығарудың, орналастырудың, олардың айналысының, өтеудің және оларға қызмет көрсетудің ережесі бекітілсін. 2. Мыналар: 1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік орта мерзімді қазынашылық валюталық міндеттемелерін бастапқы орналастырудан алынатын ақша республикалық бюджетке түседі; 2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік орта мерзімді қазынашылық валюталық міндеттемелерін шығару, орналастыру, өтеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі шығыстар республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі деп белгіленсін. 3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 18 сәуірдегі № 597 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының айналыс мерзімі бір жыл және одан артық мемлекеттік орта мерзімді қазынашылық валюталық міндеттемелерін шығарудың, орналастырудың, олардың айналысының, өтеудің және оларға қызмет көрсетудің ережесі 1. Жалпы ережелер 1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының аумағындағы айналыс мерзімі бір жыл және одан артық мемлекеттік орта мерзімді қазынашылық валюталық міндеттемелерін (бұдан әрі - қазынашылық валюталық міндеттемелер) шығарудың, орналастырудың, олардың айналысының, өтеудің және оларға қызмет көрсетудің тәртібін айқындайды. 2. "Мемлекеттік орта мерзімді қазынашылық валюталық міндеттеме" (МЕОКАВМ) атауы орыс тілінде "Государственные среднесрочные казначейские валютные обязательства" деп аталады. 3. Қазынашылық валюталық міндеттемелер Қазақстан Республикасының эмиссиялық мемлекеттік бағалы қағаздары болып табылады, республикалық бюджеттің ағымдағы тапшылығын қаржыландыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі (бұдан әрі - Эмитент) шығарады және Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында еркін айналыста болады. 4. Қазынашылық валюталық міндеттемелер ұстаушыларға өтеу кезінде олардың атаулы құнын алуға және осы Ережеде белгіленген тәртіппен төленетін атаулы құнға пайызбен сыйақы (мүдде) алуға құқық береді. 5. Қазынашылық валюталық міндеттемелер құжатсыз нысанда шығарылады, аукциондық әдіспен орналастырылады және "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" жабық акционерлік қоғамындағы (бұдан әрі - Депозитарий) оларды ұстаушылардың "депо" шотында және бастапқы дилерлердің мемлекеттік бағалы қағаздар рыногында өздерінің инвесторлары бойынша ашылған "депо" шотында тиісті жазбалар жүргізу жолымен айналыста болады. 2. Қазынашылық валюталық міндеттемелерді шығару және орналастыру 6. Әрбір шығарымның Эмитент белгілеген параметрлерге сәйкес қолданылып жүрген заңдарға сай Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тағайындаған, ұлттық сәйкестендірілген нөмірі болады. Қазынашылық валюталық міндеттемелер шығарымының параметрлерін Эмитент Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне шығарымға дейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей береді. Мерзімі тараптардың келісімі бойынша өзгерілуі мүмкін. Ескерту. 6-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 28.10.2001 № 1369 қаулысымен. 7. Қазынашылық валюталық міндеттеменің бастапқы құны - 100 АҚШ доллары. 8. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қазынашылық валюталық міндеттемелерді бастапқы орналастыруды жүзеге асыратын қаржылық агент (бұдан әрі - Қаржы агенті) болады. Эмитент пен Қаржы агентінің арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасымен, осы Ережемен, Эмитент пен Қаржы агенті арасында жасалатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын бастапқы орналастыру және оларға қызмет көрсету туралы келісіммен реттеледі. 9. Қазынашылық валюталық міндеттемелерді орналастыру жөніндегі аукциондарды Эмитент белгілеген кесте бойынша Қаржы агенті жүргізеді. Эмитент кезекті аукцион өткізілетін күнге дейін жеті күнтізбелік күннен кешіктірмей, өз кезегінде бес күнтізбелік күннен кешіктірмей қазынашылық міндеттемелердің аукционын өткізудің күні мен шарттары туралы бастапқы дилерлерді хабардар ететін Қаржы агентіне қазынашылық валюталық міндеттемелердің аукционын өткізудің күні мен шарттарын хабарлайды. Аукцион өткізудің тәртібі Қаржы агентінің нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі. 10. Қазынашылық валюталық міндеттемелер төменгі ставкадан бастап эмиссияның қажетті көлеміне жеткенге дейін өтініштерде көрсетілген сыйақы (мүдде) ставкасын кесу деңгейінде бәсекелесті және бәсекелесті емес өтініштерді қанағаттандыру жолымен аукциондық негізде инвесторлардың ұсыныстары бойынша айқындалатын сыйақының (мүдденің) жылдық ставкасының бастапқы құны бойынша инвесторлардың арасында орналастырылады. Қанағаттандырылған өтініштерге қызмет көрсету аукцион нәтижелері бойынша айқындалған сыйақының (мүдденің) бірыңғай ставкасы бойынша жүзеге асырылатын болады. 11. Қазынашылық валюталық міндеттемелердің әрбір эмиссиясының көлемі мен шарттарын тиісті жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасының үкіметтік борышының лимиті шегінде Эмитент белгілейді. Бір аукционда жекелеген бастапқы дилердің немесе инвестордың қазынашылық валюталық міндеттемелерді сатып алуының ең көп көлемін, бәсекелесті емес өтінімдерді қанағаттандырудың пайызын әрбір аукцион үшін жеке-жеке Эмитент анықтайды. Аукциондарға резидент еместердің қатысу үлесін Қаржы агенті айқындайды. 12. Өткізілетін аукционның шарттары және оған қатысушылардың өтінімдерін қанағаттандырудың көлемі жөніндегі шешімді осы Ереженің 11-тармағында айқындалған шарттарға сәйкес Эмитент қабылдайды. 13. Сатып алынған қазынашылық валюталық міндеттемелер үшін ақы төлеу Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлеу күнінің алдындағы күнгі ресми бағамы бойынша ұлттық валюта - теңгемен қолма-қол және қолма-қол емес нысанда жүргізіледі. 3. Қазынашылық валюталық міндеттемелердің айналысы 14. Қазынашылық валюталық міндеттемелердің айналыс мерзімін тиісті эмиссияның шарттарын жариялау кезінде бір жылдан бастап және одан артық мерзімге Эмитент белгілейді. Айналыс мерзімінің алты айлық реті болуға тиіс. 15. Қазынашылық валюталық міндеттемелердің айналысы оларды Депозитарийдің "депо" шотына есептеу сәтінен басталады, сыйақы (мүдде) төлеу күнінен дейін 5 жұмыс күні қалғанда тоқтатылады, сыйақы (мүдде) төленгеннен кейін келесі жұмыс күні қайтадан жаңартылады және қазынашылық валюталық міндеттемелерді өтегенге және сыйақының (мүдденің) соңғы сомасын төлегенге дейін 5 жұмыс күні қалғанда аяқталады. 16. Қазақстан Республикасының резиденті және резиденті емес - заңды және жеке тұлғалар қазынашылық валюталық міндеттемелерді ұстаушылар болуы мүмкін. Бұл ретте қазынашылық валюталық міндеттемелердің аукциондарына тек бастапқы дилерлер - бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары тікелей қатысады. Екiншi дәрежелi банктер мен бағалы қағаздар рыногының өзге кәсiби қатысушылары арасынан iрiктеген жағдайда бастапқы дилерлердi Қаржы агентiнiң ұсынымы бойынша Эмитент белгiлейдi. Ескерту. 16-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 28.10.2001 № 1369 қаулысымен. 17. Қайталама рынокта қазынашылық валюталық міндеттемелермен жасалатын барлық операциялар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 18. Қазынашылық валюталық міндеттемелерге меншік құқығының есебі және оның ауыстырылуы қазынашылық валюталық міндеттемелерді ұстаушылардың жазбаша тапсырмалары және/немесе электронды тапсырмалары негізінде сатушы мен сатып алушының "депо" шотына тиісті жазбалар енгізу жолымен Депозитарий арқылы жүзеге асырылады. 19. Қазынашылық валюталық міндеттемелердің осы эмиссиясын айналысқа жіберу кезеңінде Эмитент, рыноктағы ахуалды ескере отырып, осы міндеттемелердің іс жүзіндегі айналысы кезінде әрекет ететін осы эмиссияның шартымен олардың қосымша көлемін орналастыруды жүзеге асыруға құқылы. 20. Қазынашылық валюталық міндеттемелердің қосымша көлемін шығару мен орналастыру рәсімдері олардың бастапқы көлемін шығару мен орналастыру рәсімдеріне ұқсас. Бұл ретте қазынашылық валюталық міндеттемелердің қосымша көлемін орналастыру жөнінде аукциондар өткізудің тәртібі Қаржы агентінің нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі. 4. Сыйақы (мүдде) төлеу және қазынашылық валюталық міндеттемелерді өтеу 21. Қазынашылық валюталық міндеттемелер бойынша сыйақыны (мүддені) есептеу осы Ереженің 10-тармағына сәйкес айқындалатын сыйақы (мүдде) ставкасы бойынша өтеу күнін қоса алғанда, айналыс мерзімі ішінде эмиссиялардың шарттарын жариялаған кезде Эмитент белгілеген қазынашылық валюталық міндеттемелерді аукционда инвесторлар сатып алған ақы төлеген күннен кейінгі күннен басталады. 22. Қазынашылық валюталық міндеттемелер бойынша сыйақыны (мүддені) төлеу осы эмиссияның қазынашылық валюталық міндеттемелерінің айналысы басталғаннан бастап олардың айналыс шегінің мерзімінде әрбір алты күнтізбелік ай сайын тиісті күнге жүргізіледі. 23. Тиісті кезең үшін сыйақының (мүдденің) сомасын есептеу үшін қазынашылық валюталық міндеттемелер айналысының есепті кезеңіндегі күнтізбелік күндердің саны және жылдың 365 күні пайдаланылады. 24. Қаржы агенті қазынашылық валюталық міндеттемелердің айналысы аяқталған күніне дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей және/немесе олар бойынша сыйақыларды төлеу күніне дейін Эмитентке өтеу және/немесе сыйақыны (мүддені) есептеу жүргізілетін қазынашылық валюталық міндеттемелердің саны және әрбір бастапқы дилер бойынша төлеу сомасы туралы мәліметтерді қамтитын жиынтық ведомосты жібереді. Осы эмиссияның сыйақысын (мүддесін) төлеу күнін оны жариялау кезінде Эмитент белгілейді. 25. Эмитент қазынашылық валюталық міндеттемелердің тиісті шығарымы айналысының мерзімі аяқталған соң бастапқы күн бойынша оларды өтеуді және сыйақыны (мүддені) соңғы төлеуді жүргізеді. Қазынашылық валюталық міндеттемелерді өтеу және сыйақыны (мүддені) төлеу төлем жасау күнінің алдындағы күнгі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми бағамы бойынша теңгемен жүзеге асырылады. Егер қазынашылық валюталық міндеттемелер бойынша есептелген сыйақыны (мүддені) өтеу және/немесе төлеу күні жұмыс емес күнге сәйкес келетін болса, есептелген сыйақыны (мүддені) өтеу және/немесе төлеу, егер Эмитент өзгеше көздемесе, жұмыс емес күннің алдындағы жұмыс күні жүзеге асырылады. 26. Эмитент сыйақыны (мүддені) есептеудің кезекті кезеңі шегінде олардың іс жүзінде айналыста болған уақытында сыйақыны (мүддені) төлей отырып, қазынашылық валюталық міндеттемелерді мерзімінен бұрын өтеуді жүзеге асыруға құқылы. Эмитенттің мерзімінен бұрын төлеу туралы шешімі осындай өтеу күніне дейінгі 10 күнтізбелік күн бұрын Қаржы агентіне хабарланады, ол өз кезегінде бұл туралы 5 күнтізбелік күннен кешіктірмей бастапқы дилерге хабарлайды. 27. Қазынашылық валюталық міндеттемелер бойынша сыйақыны өтеу және төлеу Депозитарийдің деректері негізінде құрылатын Қаржы агентінің жиынтық ведомосына сәйкес бастапқы дилерлердің шотына ақша аудару жолымен республикалық бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 5. Қорытынды ережелер 28. Қазынашылық валюталық міндеттемелердің иелері - бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қазынашылық валюталық міндеттемелердің сатып алу бағасын және сол сияқты сату бағасын жариялай және қолдай алады. 29. Қазынашылық валюталық міндеттемелермен жасалатын операциялар бойынша салық салу тәртібі Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес айқындалады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |