|
|
|
Шаруашылық серiктестiктерi туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 2 мамырдағы N 2255 Заң күші бар Жарлығы Осы редакция ҚР 2003 ж. 16 мамырдағы N 416-II Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес және шаруашылық серiктестiгi нысанында құрылатын коммерциялық ұйымдарды құру, олардың қызметi және оны тоқтату барысында туындайтын қатынастарды реттеу мақсатында осы Жарлықты шығарамын: I-БӨЛIМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 1-бап. Шаруашылық серiктестiгi туралы негiзгi ережелер 1. Жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдарына (үлесiне) бөлiнген, өз қызметiнiң негiзгi мақсаты пайда түсiру деп есептелетiн және заңды тұлға болып табылатын коммерциялық ұйым шаруашылық серiктестiгi болып танылады. 2. Шаруашылық серiктестiктерi толық серiктестiк, сенiм серiктестiгi, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк, қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк және акционерлiк қоғам нысанында құрылуы мүмкiн. 3. Серiктестiкке қатысушы болып табылмайтын тұлғалардың ақшасы мен басқа мүлiктерiн тарту негiзiнде жұмыс iстейтiн банкiлер, сақтандыру қоғамдары, инвестициялық компаниялар мен капиталдар, осылар сияқты басқа да ұйымдар осы ұйымдар үшiн арнаулы заң актiлерiмен анықталған шаруашылық серiктестiгi нысандарында құрылып, жұмыс iстейдi. Ескерту. 1-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 11.07.1997 N 154 Заңымен. 2-бап. Шаруашылық серiктестiктерi туралы заңдар 1. Шаруашылық серiктестiктерi туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясынан, осы Жарлықтан, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнен және Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетiнiң осыларға сәйкес қабылдайтын нормативтi актiлерiнен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шартта осы Жарлықтағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 3. Шаруашылық серiктестiктерi нысанында құрылатын коммерциялық ұйымдардың - банктердiң, сақтандыру қоғамдарының, бiрлескен кәсiпорындардың және басқаларының жекеленген түрлерiнiң жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерi, оны құру мен пайдаланудың ерекшелiктерi, мүлкiнiң құқықтық режимi, шаруашылық қызметiн шектеу осы Жарлықпен қатар арнаулы заң актiлерiмен реттеледi немесе арнаулы заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен. Шаруашылық серiктестiктерiнiң жекелеген түрлерiнiң қызметiн реттейтiн заң актiлерiнiң ережелерi осы Жарлықтың нормаларына қайшы келген жағдайда арнаулы заң актiлерiнiң ережелерi қолданылады. Ескерту. 2-баптың 3-тармағы толықтырылды - Қазақстан Республикасының 19.06.1997 N 134-I Заңымен. 3-бап. Шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар 1. Азаматтар ғана толық серiктестiкке қатысушылар және сенiм серiктестiгiндегi толық серiктес бола алады. 2. Азамат бiр ғана толық серiктестiкке қатысушы немесе бiр ғана сенiм серiктестiгiндегi толық серiктес бола алады. 3. Толық серiктестiкте кемiнде екi қатысушы болуға тиiс. 4. Азаматтар мен өкiлдi, атқарушы және сот билiгi органдарынан басқа заңды тұлғалар жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке, қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiкке акционерлiк қоғамға қатысушы және сенiм серiктестiгiне салымшылар бола алады. Заң актiлерiнде осы мақсаттар үшiн арнайы құрылған атқарушы өкiмет органдары шаруашылық серiктестiгiне қатысушы бола алатын жағдайлар көзделуi мүмкiн. 5. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi, қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк пен акционерлiк қоғамды бiр тұлға құруы немесе сол тұлға серiктестiктiң жарғылық капиталының немесе қоғам акцияларының барлық үлесiн сатып алған жағдайда бiр тұлғадан тұруы мүмкiн. 6. Шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, шетелдiк заңды тұлғалар мен азаматтар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар, егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбеген болса, осы Жарлыққа сәйкес құрылатын шаруашылық серiктестiктерiне жалпы негiзде қатысады. 4-бап. Шаруашылық серiктестiгiнiң құрылтай құжаттары. Шаруашылық серiктестiгiн мемлекеттiк тiркеу 1. Шаруашылық серiктестiгiнiң құрылтай құжаттары құрылтай шарты мен жарғы болып табылады. Акционерлiк қоғамдарды қоспағанда, шаруашылық серiктестiгiнiң ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi өз қызметiн Қазақстан Республикасының Үкiметi мазмұнын белгiлейтiн үлгi жарғының негiзiнде жүзеге асыра алады. 2. Бiр тұлға құрған шаруашылық серiктестiгiнiң құрылтай құжаты жарғысы болып табылады. 3. Шаруашылық серiктестiгi құрылтай шартының мазмұны коммерциялық құпия болып есептеледi. Құрылтай шарты мемлекеттiк немесе өзге ресми органдарға, сондай-ақ үшiншi тұлғаларға тек шаруашылық серiктестiгiне қатысушылардың шешiмi бойынша не заң актiлерiнде белгiленген жағдайда ғана көрсетiлуге тиiс. Мүдделi тұлғалардың бәрi шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысымен танысуға құқылы. 4. Шаруашылық серiктестiгiнiң құрылтай шартына оған қатысушылардың бәрi қол қояды. 5. Шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысына құрылтай шартына сәйкес осы серiктестiктiң басқарушысы болып тағайындалған құрылтайшы, немесе шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар оның бiрiншi басшысы етiп тағайындаған адам (жоғары тұрған лауазымды адам) қол қояды, егер заң актiлерiнде өзгеше тәртiп көзделмесе. Бiр тұлға құрған шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысына сол құрылтайшының өзi қол қояды. 6. Шаруашылық серiктестiгiнiң құрылтай құжаттары (жарғысы мен құрылтай шарты) нотариалдық куәландыруға жатады. 7. Құрылтай шартында құрылтайшылар шаруашылық серiктестiгiн құруға, оны құру жұмысының тәртiбiн белгiлеуге және өзiнiң мүлкiн серiктестiк меншiгiне беру; оның қызметiне қатысу; құрылтайшылардың арасында пайда мен шығынды бөлiсу; оның қызметiн басқару; оның құрамынан шығу; құрылтайшылардың әрқайсысының үлесiнiң мөлшерi туралы; олардың салымының мөлшерi, құрамы, оны енгiзудiң мерзiмi мен тәртiбi туралы; құрылтайшылардың салымды енгiзу жөнiндегi мiндеттемелерiн бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi; жарғылық қордың мөлшерi мен құрамын анықтау шарттарын анықтауға мiндеттеме алады. Құрылтай шартында заңдарда көзделген немесе құрылтайшылар көздейтiн басқа да мәлiметтер болуы мүмкiн. 8. Шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысын құрылтайшылар бекiтедi, ол құрылтай шартында көрсетiледi. Шаруашылық серiктестiгiнiң жарғысында: серiктестiктiң түрi, оның атауы, орналасқан жерi, қызметiнiң мерзiмi (егер бұл оны құру кезiнде белгiленсе), басшының өкiлеттiгi, басқару және бақылау органдары, олардың құзыры, мүлiктi құрау тәртiбi, пайданы бөлiсу және шығынды өтеу тәртiбi, серiктестiк қызметiн тоқтатудың (қайта ұйымдастырудың немесе таратудың) шарттары, сондай-ақ серiктестiк пен құрылтайшылардың (қатысушылардың) өзара қарым-қатынасы анықталады. Жарғыда заңдарда көзделген немесе құрылтайшылар көздейтiн басқа да ережелер болуы мүмкiн. 9. Құрылтай құжаттарында осы баптың 7 және 8-тармақтарында көрсетiлген шарттардан басқа, тиiстi серiктестiк түрлерi үшiн осы Жарлықта қарастырылған шарттар да болуға тиiс. 10. Заң актiлерiмен құқық берiлген мемлекеттiк органдардың талап етуi бойынша, сондай-ақ өзге де мүдделi тұлғалардың сот тәртiбiмен талап етуi бойынша осы баптың 7, 8 және 9-тармақтарында көрсетiлген шарттар болмаған жағдайда құрылтай құжаттары жарамсыз деп танылады. 11. Шаруашылық серiктестiгiн мемлекеттiк тiркеуден кейiн оның құрылтайшылары серiктестiкке қатысушылар болып табылады. 12. Шаруашылық серiктестiктерi нысанында құрылатын коммерциялық ұйымдардың жекелеген түрлерiнiң осы Жарлықта көрсетiлмеген құрылтай құжаттарының тiзбесi мен мазмұны, осы ұйымдар туралы заң актiлерiнде анықталады. 13. Шаруашылық серiктестiктерiн мемлекеттiк тiркеу заңдарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. Заңды тұлғалардың мемлекеттiк регистрiндегi шаруашылық серiктестiктерi туралы деректердi заңды тұлғаларды тiркейтiн органдар ресми баспасөзде ұдайы жариялап тұруға тиiс. Шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, шетелдiк заңды тұлғалар мен азаматтар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар қатысқан шаруашылық серiктестiктерiн мемлекеттiк тiркеудiң ерекшелiктерi заңдарда белгiленедi. Ескерту. 4-баптың 1-тармағы 2 абзацпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 19.06.1997 N 132 Заңымен; 4-баптың 5-тармағының 1 бөлiгi сөздермен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 22.04.1998 N 221 Заңымен. 5-бап. Шаруашылық серiктестiгiнiң мүлкi 1. Шаруашылық серiктестiгiнiң мүлкiн негiзгi қорлары мен айналым қаражаты, сондай-ақ серiктестiктiң дербес балансында құны көрсетiлген басқа да мүлiк құрайды. 2. Мүлiк меншiк құқығы негiзiнде шаруашылық серiктестiгiнiкi болады. 3. Серiктестiк мүлкiн құрайтын көздер: 1) қатысушылардың жарғылық капиталға салымдары; 2) оның қызметiнен алынған табыс; 3) заң актiлерiнде тыйым салынбаған өзге де көздер болып табылады. 6-бап. Шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталы 1. Шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталын оған қатысушылар салымдарының жиынтығы құрайды. 2. Шаруашылық серiктестiктiң жарғылық капиталына салым ақша, бағалы қағаздар, заттар, мүлiктiк құқықтар, оның iшiнде жер пайдалану құқығы мен интеллектуалдық қызмет нәтижелерiне құқықтық және өзге де мүлiк болуы мүмкiн. Жеке мүлiктiк емес құқықтар және өзге де материалдық емес игiлiктер түрiнде салымдар енгiзуге жол берiлмейдi. 3. Серiктестiкке салым ретiнде мүлiктi пайдалану құқығы берiлген жағдайларда бұл салымның мөлшерi құрылтайшы құжаттарда көрсетiлген бүкiл мерзiмге есептелген пайдалану төлемiмен айқындалады. Серiктестiктiң пайдалануына берiлген мүлiктiң кездейсоқ құрып кетуiне немесе бүлiнуiне тәуекелдiк, егер құрылтай құжаттарда өзгеше көзделмеген болса, осы мүлiктi берген қатысушыға жүктеледi. 4. Жарғылық капиталға құрылтайшылардың (қатысушылардың) заттай нысандағы немесе мүлiктiк құқықтар түрiндегi салымдары барлық құрылтайшылардың келiсiмi бойынша немесе серiктестiктiң барлық қатысушыларының жалпы жиналысының шешiмi бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiндегi балама сомадан асып кетсе, оны бағалауды тәуелсiз сарапшы растауға тиiс. 5. Барлық кредиторлар жеке-жеке жазбаша хабардар етiлгеннен кейiн ғана шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталын азайтуға жол берiледi. Мұндай жағдайда кредиторлар тиiстi мiндеттемелерiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе орындалуын және өздерi шеккен зиянның орны толтырылуын талап етуге құқылы. 6. Жарғылық капиталды шаруашылық серiктестiктерiнiң кейбiр түрлерi үшiн осы Жарлықта және басқа заң актiлерiнде белгiленген ең төменгi мөлшерден азайтуға жол берiлмейдi. Жарғылық капиталды осы баптың 5 және 6-тармақтарында белгiленген тәртiптi бұза отырып азайту мүдделi тұлғалардың өтiнiшi бойынша сот шешiмiмен шаруашылық серiктестiгiн таратуға негiз болып табылады. 7. Жарғылық капиталға салымдар енгiзу тәртiбi мен мерзiмi, сондай-ақ жарғылық капиталды құрау бойынша мiндеттемелердiң орындалмағаны үшiн жауапкершiлiк заң актiлерiмен және (немесе) құрылтай құжаттарымен белгiленедi. Ескерту. 6-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 15.07.1996 N 30-1 Заңымен; 6-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 11.07.1997 N 154 Заңымен; 6-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 22.04.1998 N 221 Заңымен. 7-бап. Қатысушылардың шаруашылық серiктестiгiнiң мүлкiндегi үлесi 1. Барлық қатысушылардың шаруашылық серiктестiгiнiң мүлкiндегi үлесi олардың жарғылық капиталдағы салымына сай болады. 2. Қатысушылардың шаруашылық серiктестiгiнiң мүлкiндегi үлесi процент түрiнде, ал акционерлiк қоғамда - акциялардың санымен есептеледi. 3. Шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар өздерiнiң серiктестiк мүлкiндегi үлесiн белгiлеудiң осы баппен салыстырғандағыдан өзгеше тәртiбiн анықтай алады. 4. Егер арнаулы заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмеген болса, шаруашылық серiктестiгiне қатысушылардың серiктестiк мүлкiндегi өз үлесiн кепiлге салуға және сатуға құқығы бар. 8-бап. Шаруашылық серiктестiгiн басқару 1. Шаруашылық серiктестiгiнiң жоғары органы оған қатысушылардың жалпы жиналысы (өкiлдер жиналысы) болып табылады. 2. Шаруашылық серiктестiгiнде оның қызметiне ағымдағы басшылықты жүзеге асыратын және оған қатысушылардың жалпы жиналысына есеп беретiн атқарушы (алқалық немесе) және (жеке-дара) орган құрылады. Жеке-дара басқару органы оның қатысушылары арасынан сайланбауы мүмкiн. 3. Алқалық органдар ретiнде: 1) басқарма (дирекция); 2) байқаушы кеңес; 3) шаруашылық серiктестiгiне қатысушылардың жалпы жиналысының (өкiлдер жиналысының) шешiмi бойынша басқа да органдар құрылуы мүмкiн. 4. Атқарушы органның қызметiн бақылау үшiн қатысушылардың жалпы жиналысы тексеру комиссиясын құруға құқылы. 5. Шаруашылық серiктестiгiн басқару органдарының құзыры, оларды сайлау (тағайындау) тәртiбi, сондай-ақ олардың шешiм қабылдау тәртiбi осы Жарлықпен, заң актiлерiмен және құрылтай құжаттарымен белгiленедi. 9-бап. Шаруашылық серiктестiгiнiң тоқтатылуы 1. Шаруашылық серiктестiгi: 1) шаруашылық серiктестiгiнiң құрылған мерзiмi өткен соң; 2) құрылғанда алдына қойған мақсатына жеткеннен соң; 3) қатысушылардың арасындағы келiсiм бойынша; 4) шаруашылық серiктестiгi белгiленген тәртiппен банкрот деп танылған жағдайда; 5) осы Жарлықта, басқа заң актiлерiнде немесе шаруашылық серiктестiгiнiң құрылтай құжаттарында көзделген басқа да жағдайларда тоқтатылады. 2. Шаруашылық серiктестiгiнiң тоқтатылуы қайта ұйымдастыру (қосылу, қосып алу, бөлiну, қайта құру) немесе тарату жолымен жүргiзiледi. Шаруашылық серiктестiгi қайта ұйымдастырылған кезде серiктестiктiң құжаттарына және заңды тұлғалардың мемлекеттiк регистрiне қажеттi өзгерiстер енгiзiледi, ал таратылған кезде - мемлекеттiк регистрге тиiстi жазу жазылады. 3. Шаруашылық серiктестiгiнiң бiр түрiн, осы Жарлықтың ережелерiн сақтай отырып, қатысушылардың жалпы жиналысында шаруашылық серiктестiгiнiң басқа түрiне не өндiрiстiк кооперативтерге айналдыруға болады. 4. Толық серiктестiктi немесе сенiм серiктестiгiн акционерлiк қоғамға, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiкке айналдырғанда акционерлiк қоғамның, жауапкершiлiгi шектеулi, немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiктiң қатысушысы болған әрбiр толық серiктес толық немесе сенiм серiктестiгiнен акционерлiк қоғамға, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiкке кешкен мiндеттемелер бойынша екi жыл бойы өзiнiң барлық мүлкiмен субсидиарлық жауап бередi. Бұрынғы толық серiктестiң өзiне тиесiлi акцияларын (үлестерiн) ажыратып алуы оны мұндай жауапкершiлiктен босатпайды. 5. Шаруашылық серiктестiгiн таратуды оған қатысушылар тағайындаған тарату комиссиясы, ал банкрот болған жағдайда - соттың шешiмi бойынша сот тағайындаған тарату комиссиясы жүргiзедi. Тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiп пен мерзiмде шаруашылық серiктестiгiнiң алдағы уақытта таратылатыны туралы жариялайды. 6. Тарату комиссиясы тағайындалған сәттен бастап шаруашылық серiктестiгiнiң iсiн басқару жөнiндегi өкiлеттiк соған көшедi. Тарату комиссиясы шаруашылық серiктестiгiнiң қолда бар мүлкiн бағалайды, кредиторларды анықтайды және олармен есеп айырысады, тарату балансын жасап, оны серiктестiкке қатысушыларға табыс етедi. Кредиторлардың наразылығын қанағаттандыру Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, банкроттық туралы заң актiлерiне және Қазақстан Республикасының басқа заң актiлерiне сәйкес жүргiзiледi. 7. Шаруашылық серiктестiгiнде қалған мүлiк серiктестiк қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу, соның iшiнде заң актiлерiнде көзделген өтемдiк төлемдер жасау бойынша есеп айырысқаннан және бюджет пен кредиторлар алдындағы мiндеттемелер орындалғаннан кейiн қатысушылардың арасында серiктестiктiң жарғылық капиталындағы олардың салымына қарай немесе құрылтай құжаттарында көзделген басқа тәртiп бойынша тең бөлiнедi. 8. Шаруашылық серiктестiгi таратылған кезде тiркеушi органдарға тарату балансы табыс етiледi, соның негiзiнде мемлекеттiк регистрге шаруашылық серiктестiгi таратылғаны туралы жазу жазылады. 9. Заңды тұлғалардың мемлекеттiк регистрiне жазу жазылған сәттен бастап тарату аяқталған, ал шаруашылық серiктестiгi өз қызметiн тоқтатқан деп саналады. Ескерту. 9-баптың 3-тармағы сөздермен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 15.07.1996 N 30-1 Заңымен. II БӨЛIМ. ШАРУАШЫЛЫҚ СЕРIКТЕСТIКТЕРIНIҢ ЖЕКЕЛЕГЕН ТҮРЛЕРIНIҢ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI I-ТАРАУ. ТОЛЫҚ СЕРIКТЕСТIК 10-бап. Толық серiктестiк ұғымы Толық серiктестiктiң мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда қатысушылары оның мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен ортақтасып жауап беретiн шаруашылық серiктестiгi толық серiктестiк деп танылады. 11-бап. Толық серiктестiкке қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi 1. Толық серiктестiкке қатысушылардың: 1) осы Жарлықта және серiктестiктiң құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша толық серiктестiктi басқаруға, соның iшiнде серiктестiк алған пайданы бөлуге қатысуға; 2) толық серiктестiктiң қызметi туралы толық ақпарат алуға, соның iшiнде серiктестiктiң бухгалтерлiк және басқа да құжаттамасымен танысуға; 3) егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмеген болса, толық серiктестiктiң мүлкiндегi өз үлесiнiң мөлшерiне қарай оның қызметiнен пайда алуға; 4) белгiленген тәртiп бойынша толық серiктестiктен шығуға; 5) толық серiктестiк таратылған жағдайда серiктестiктiң кредиторлармен есеп айырысқаннан кейiн қалған мүлкiндегi немесе оның құнындағы өзiнiң үлесiне сәйкес толық серiктестiк мүлкiнiң бiр бөлiгiн алуға құқығы бар. 2. Толық серiктестiктерге қатысушылардың осы Жарлыққа, басқа заң актiлерiне және серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген басқа да құқықтары болуы мүмкiн. 3. Осы Жарлыққа және басқа заң актiлерiнде толық серiктестiкке қатысушылар үшiн көзделген құқықтардан бас тарту немесе оларды шектеу, оның iшiнде серiктестiкке қатысушылардың келiсiмi бойынша шектеу жарамсыз болып табылады. 4. Толық серiктестiкке қатысушылар: 1) толық серiктестiктiң құрылтай құжаттарын сақтауға; 2) толық серiктестiктiң қызметiне құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша қатысуға, соның iшiнде серiктестiктiң атынан iс жүргiзуге немесе қызметiн жүзеге асыруда оған көмек көрсетуге; 3) толық серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен, тәсiлмен және мөлшерде салым салуға; 4) өз атынан және өз мүддесi үшiн серiктестiк қызметiнiң мәнi болып табылатын iстермен бiртектес мәмiлелер жасаудан тартынуға; 5) толық серiктестiк құпия деп жариялаған мәлiметтердi жарияламауға мiндеттi. 5. Толық серiктестiкке қатысушылар осы Жарлықта және басқа заң актiлерi мен құрылтай құжаттарында көзделген басқа да мiндеттер қабылдай алады. 6. Толық серiктестiкке қатысушыларды осы Жарлықта, басқа заң актiлерi мен құрылтай құжаттарында көзделген мiндеттерге кiрмейтiн iс-әрекет жасауға мiндеттейтiн олардың келiсiмдерi жарамсыз болып табылады. 7. Толық серiктестiкке қатысушы осы Жарлықта, басқа заң актiлерi мен құрылтай құжаттарында көзделген мiндеттерiн орындамаса, соның салдарынан серiктестiкке немесе оған қатысушыларға зиян келтiрiлсе, басқа қатысушылар мұндай қатысушыдан зиянды өтеуге, ал елеулi зиян келтiрген жағдайда оның серiктестiктен сот арқылы шығарылуын талап етуге құқылы. 12-бап. Толық серiктестiктiң құрылтай құжаттарының мазмұны 1. Толық серiктестiктiң құрылтай құжаттарында оның фирмалық атауы көрсетiлуге тиiс, онда: 1) барлық қатысушылардың есiмi, сондай-ақ "толық серiктестiк" деген сөздер, не болмаса; 2) "және компания" деген сөздер қосылған, бiр немесе бiрнеше қатысушының есiмi, сондай-ақ "толық серiктестiк" деген сөздер болуы керек. 2. Толық серiктестiктiң құрылтай құжаттарында осы Жарлықтың 4-бабының 7 және 8-тармақтарында көзделген мәлiметтер көрсетiлуге тиiс. 13-бап. Толық серiктестiктiң жарғылық капиталы Қатысушылардың толық серiктестiк мүлкiндегi үлесi 1. Толық серiктестiктiң қатысушылары жарғылық қор құрады, оның мөлшерi қатысушылар жарғылық капиталға үлес қосқан сәтте Қазақстан Республикасында заңдармен белгiленген есептiк көрсеткiштiң жиырма бес мөлшерiнен кем болмауы керек. 2. Толық серiктестiктiң жарғылық капиталының мөлшерi, оны құрау тәртiбi мен мерзiмi серiктестiктiң құрылтай құжаттарында белгiленедi. 3. Қатысушылардың толық серiктестiк мүлкiндегi үлесi осы Жарлықтың 7-бабындағы ережелермен анықталады. ЕСКЕРТУ. 13-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 19.06.1997 N 132 Заңымен. 14-бап. Толық серiктестiктiң iсiн жүргiзу 1. Толық серiктестiктiң жоғары органы қатысушылардың жалпы жиналысы болып табылады. Толық серiктестiктiң iшкi мәселелерi жөнiндегi шешiм барлық қатысушылардың ортақ келiсiмi бойынша қабылданады. Серiктестiктiң құрылтай құжаттарында қатысушылардың көпшiлiк дауысымен шешiм қабылданатын реттер де көзделуi мүмкiн. Егер құрылтай шартында оның қатысушыларының дауыс санын анықтаудың өзгеше тәртiбi көзделмесе, толық серiктестiктiң әрбiр қатысушысы бiр дауысқа ие болады. Құрылтай құжаттарында қатысушылар ие болатын дауыс санын олардың серiктестiктiң жарғылық капиталындағы үлесiне қарай белгiлеу көзделуi мүмкiн. 2. Толық серiктестiктi басқаруда осы баптың 1-тармағының ережелерiн ескере отырып толық серiктестiктiң атқарушы органдары жүзеге асырады. Басқару органдарының түрлерi, құрылу тәртiбi және олардың құзыры құрылтай құжаттарында белгiленедi. 3. Толық серiктестiкке қатысушының өзге қатысушылардың келiсуiнсiз өз атынан және өз мүдделерi немесе үшiншi тұлғаның мүдделерi үшiн серiктестiк қызметiнiң мәнiмен бiртектес мәмiлелер жасауға құқығы жоқ. Бұл ереже бұзылған жағдайда серiктестiк өз қалауы бойынша мұндай қатысушыдан не серiктестiкке келтiрiлген шығынның орнын толтыруын, не осындай мәмiлелерден тапқан бүкiл пайданы серiктестiкке беруiн талап етуге құқылы. 4. Серiктестiктiң iсiн жүргiзу тапсырылған толық серiктестiк органдары қатысушылардың талап етуi бойынша олардың бәрiне өз қызметi жайында толық ақпарат берiп отыруға мiндеттi. 5. Өкiлеттiгi болмаса да орталық мүдделер үшiн iс-әрекет жасаған қатысушы, оның iс-әрекетiн қалған қатысушылар мақұлдамаған жағдайда, егер ол, өзiнiң iс-әрекетi арқасында серiктестiк құны жөнiнен серiктестiк шеккен шығыстардан асып түсетiн мүлiктi сақтап қалғандығын немесе тиiсiнше сатып алғандығын дәлелдейтiн болса, серiктестiктен өзi жасаған шығыстардың орнын толтыруды талап етуге құқылы. 15-бап. Толық серiктестiкке қатысушылардың құрамын өзгерту 1. Қатысушы серiктестiктен шыққан, ол банкрот деп танылған немесе серiктестiк мүлкiндегi оның үлесiн кредитор (кредиторлар) өндiрiп алуды қолданған, толық серiктестiкке қатысушы қайтыс болған, оны қайтыс болды деп жариялаған, белгiсiз жағдайда хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлеттiлiгi шектелуi деп танылған жағдайларда, егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмеген немесе қалған қатысушылардың келiсiмiмен белгiленбеген болса, толық серiктестiк тоқтатылуға жатады. 2. Толық серiктестiк өз қызметiн одан әрi жалғастырған жағдайда, сондай-ақ қатысушының серiктестiк мүлкiндегi үлесi басқа қатысушыларға немесе үшiншi тұлғаға көшкен, қатысушы серiктестiктен шығарылған, немесе серiктестiкке жаңа қатысушылар қабылданған жағдайларда, құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерiстер енгiзiле отырып, толық серiктестiк қайта тiркелуге тиiс. 16-бап. Қатысушының толық серiктестiктен шығуы 1. Толық серiктестiкке қатысушы серiктестiкке қатысудан бас тартатыны жайында мәлiмдеп, одан шығуға құқылы. 2. Қатысушы толық серiктестiкке қатысудан бас тартатынын серiктестiктен нақты шығардан кемiнде алты ай бұрын мәлiмдеуге тиiс. Бес жылға дейiнгi мерзiмге құрылған толық серiктестiктен мерзiмiнен бұрын шығуға дәлелдi себептер бойынша ғана жол берiледi.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |