Заң күшi бар Жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы Қазақстан Республикасы
Президентiнiң 1995 жылғы 23 желтоқсандағы N 2723 Жарлығы
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 08.11.00 ж. N 96 Заңдарымен
енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2003 ж. 3 маусымдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес осы Жарлықты шығарамын.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Негiзгi терминдер мен анықтамалар
Осы Жарлықта қолданылатын терминдер мен анықтамалар мыналарды бiлдiредi:
1) сенiм бiлдiрiлген тұлға - соттан тыс тәртiппен ипотеканы өткiзудi жүргiзетiн тұлға;
2) кепiл берушi - жылжымайтын мүлкi немесе ондағы үлесi ипотеканың мәнi болып табылатын тұлға;
3) кепiл ұстаушы - негiзгi міндеттеме бойынша мүдделерi ипотекамен қамтамасыз етiлген тұлға;
4) жылжымайтын мүлiк ипотекасы (ипотека) - кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiк немесе ондағы үлесi кепiл берушiнiң немесе үшiншi тұлғаның иелiгi мен пайдалануында қалатын кепiл түрi;
5) ипотекалық шарт - негiзгi мiндеттеменi айқындау туралы тараптардың келiсiмi;
6) жылжымайтын мүлiк - жер учаскелерi, сондай-ақ үйлер, ғимараттар және жермен берiк байланыстағы өзге де мүлiктер, яғни ауыстырылуы олардың мақсатына шектен тыс зиян келтiрусiз мүмкiн болмайтын объектiлер;
7) негiзгi мiндеттеме - ипотекамен толық немесе iшiнара қамтамасыз етiлген борыштық немесе өзге де мiндеттеме;
8) ипотеканы өткiзу - ипотеканың мәнi болып табылатын мүлiктi өткiзу.
2-бап. Осы Жарлықты қолданылу аясы
1. Осы жарлықпен мiндеттемелердi қамтамасыз ету жолы ретiнде мүлiк ипотекасын қолдану кезiнде туындайтын қатынастар реттеледi. Егер осы Жарлықпен өзге ережелер белгiленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көрiнiс тапқан кепiл туралы жалпы ережелер мүлiк ипотекасына қолданылады. Осы жарлық пен басқа да заң актiлерi арасында мүлiк ипотекасын реттеу бөлiгiнде қайшылықтар туындаған жағдайда осы Жарлықтың нормалары қолданылады.
2. Шартқа байланысты туындайтын ипотека туралы осы Жарлықтың ережелерi тиiсiнше заң актiсiнiң негiзiнде туындайтын ипотекаға қолданылады.
3. Жер учаскелерiнiң ипотекасы мен оларға құқықтардың ерекшелiктерi жер туралы заңдарда көзделуi мүмкiн.
ҚР 11.07.97 г. N 154-1 Заңымен 3-бап өзгертiлдi
3-бап. Негiзгi мiндеттеменi ипотекамен қамтамасыз
етудiң шектерi
1. Ипотека кредит шарты немесе өзге де мiндеттеме бойынша кепiл ұстаушыға қарыздың негiзгi сомасының толық немесе ипотека шартында көзделген бөлiгiнде төленуiн қамтамасыз етедi.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, кредит шартын қамтамасыз етуге белгiленген ипотека, сол сияқты кредиторға кредиттiң пайдаланылғаны үшiн өзiне тиесiлi сыйақының (мүдденiң) де төленуiн қамтамасыз етедi.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, ипотека кепiл ұстаушының талаптарын оларды қанағаттандыру сәтiндегi көлемiне қарай:
1) негiзгi мiндеттеменiң орындалмауынан, мерзiмi кешiктiрiлуiнен немесе өзге де тиiсiнше орындалмауынан келтiрiлген шығындарды өтеудi;
2) негiзгi мiндеттеменiң орындалмауы, орындалу мерзiмiнiң кешiктiрiлуi немесе өзге де тиiсiнше орындалмауы үшiн айып (айыппұл, өсiм) төлеудi;
3) негiзгi мiндеттемеде не заң актiлерiнде көзделген бөгде адамның ақшаның заңсыз пайдаланғаны үшiн айыпақыны қоса қамтамасыз етедi.
3. Ипотека сонымен қатар:
1) сот шығындарын және кепiлге берiлген мүлiктен айыпақы өндiрiп алуға байланысты өзге де шығыстарды өтеудi;
2) ипотеканы өткiзу жөнiндегi шығыстардың өтелуiн қамтамасыз етедi.
4. Егер ипотека шартында ипотекамен қамтамасыз етiлген кепiл ұстаушының талаптарының жалпы нақты сомасы көрсетiлсе, борышқордың кепiл ұстаушы алдындағы осы сомадан асатын бөлiгiндегi мiндеттемелерi, осы Жарлықтың осы бабының 3-тармағында және 4-бабында көзделген талаптарды қоспағанда, ипотекамен қамтамасыз етiлген болып саналмайды.
4-бап. Кепiл ұстаушының қосымша шығыстарын ипотекамен
қамтамасыз ету
Кепiл ұстаушы ипотека шартының ережелерiне сәйкес немесе кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету қажеттiгiне орай, оны ұстау және күзету не осы жылжымайтын мүлiкке байланысты салықтар, алымдар немесе коммуналдық төлемдер бойынша кепiл берушiнiң берешегiн өтеу жөнiнде шығыстар тартқан жағдайларда кепiл ұстаушының мұндай қажеттi шығыстарын өтеу кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктiң есебiнен қамтамасыз етiледi.
5-бап. Ортақ меншiктегi жылжымайтын мүлiк ипотекасы
1. Бiрлескен ортақ меншiктегi жылжымайтын мүлiкке ипотека бұған барлық меншiк иелерiнiң жазбаша келiсiмi болған жағдайда белгiленуi мүмкiн.
2. Ортақ үлестiк меншiкке қатысушы ортақ мүлiктегi өз үлесiне құқығын басқа меншiк иелерiнiң келiсiмiнсiз кепiлге бере алады.
2-тарау. Ипотека шарты
6-бап. Ипотека шартының нысаны
1. Ипотека шарты жазбаша нысанда жасалып, оған кепiл берушi мен кепiл ұстаушы, сондай-ақ егер кепiл берушi борышқор болмаса (заттай кепiлгер) борышқор да қол қояды.
2. Ипотека шарты мемлекеттiк тiркеуге жатады. Ипотека құқығы ипотека шарты тiркелген сәттен басталады.
3. Ипотека шартын нотариалдық куәландыру тараптардың қалауы бойынша жүзеге асырылады.
4. Кепiл берушiнiң құқықтары ипотека куәлiгiн беру арқылы расталуы (ресiмделуi) мүмкiн.
7-бап. Ипотека шартының мазмұны
1. Ипотека шартында мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) кепiл берушi мен кепiл ұстаушының, сондай-ақ егер кепiл берушi борышқор болмаса, заттай кепiлгердiң аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
2) негiзгi мiндеттеменiң мәнi, оның мөлшерi мен орындалу мерзiмi;
3) кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктiң тiзбесi мен мекен-жайы;
4) ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымайтын мүлiк сол бойынша кепiл берушiнiң меншiгi болып табылатын құқықтың атауы (меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы және басқалары);
5) тараптардың кез келгенiнiң өтiнiшi бойынша ипотека шартында келiсiмге қол жеткiзiлуге тиiс және заңдарда тыйым салынбаған өзге де шарттар.
2. Егер негiзгi мiндеттеме бөлiнiп орындалуға тиiс болса, ипотека шартында тиiстi төлемдердiң мерзiмi мен кезеңдiлiгiн және олардың мөлшерiне осы мөлшердi анықтауға мүмкiндiк беретiн талаптар көрсетiлуге тиiс.
8-бап. Кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктi иелiктен
шығару туралы ережелердi бұзудың салдарлары
1. Ипотека шарты бойынша кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiк Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң 315-бабының 2-тармағындағы ережелер бұзылып, иелiктен шығарылған кезде кепiл ұстаушы өз таңдауына қарай:
1) кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығару туралы мәмiленiң күшi жойылған деп танылуын;
2) негiзгi мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын орындалуын және кiмнiң меншiгi екенiне қарамастан, кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктен айыпақы өндiрiлуiн талап етуге хақылы.
Соңғы жағдайда, егер кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктi сатып алушы жылжымайтын мүлiктiң ережелері бұзылып иелiктен шығарылуы туралы оны сатып алу сәтiнде бiлсе немесе бiлуге тиiс болса, онда мұндай сатып алушы ипотекамен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң орындалмағаны үшiн кепiл берушiмен бiрге көрсетiлген жылжымайтын мүлiктiң құны шегiнде жауап тартады.
2. Кепiл берушi ипотека куәлiгiн берген кезде оның кепiлдiкке берiлген жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруына жол берiлмейдi.
Ол жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығарған жағдайда осы баптың 1-тармағында көзделген салдарлар туындайды.
9-бап. Ипотека шарты жөнiндегi құқықтарды беру
Ипотека шарты бойынша құқықтарды беру, талаптардан бас тарту ережелерi сақтала отырып, ал ипотека куәлiгi берiлген жағдайда осы Жарлықтың 16-бабында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады және мемлекеттiк тiркеуге жатады.
10-бап. Ипотека затына үшiншi тұлғалардың құқықтары туралы кепiл ұстаушыны ескерту
Ипотека шарты жасалған кезде кепiл берушi, тiптi, бұл құқықтар белгiленген тәртiппен тiркелмесе де, шартты тiркеу сәтiнде өзiне белгiлi ипотека затына барлық үшiншi тұлғалардың құқықтары туралы кепiл ұстаушыны ескертуге тиiс. Бұл ереженiң орындалмауы кепiл ұстаушыға негiзгi мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын орындалуын немесе ипотека шарты уағдаластықтарының өзгертiлуiн талап етуге құқық бередi.
11-бап. Ипотека шартына қосымшалар
Ипотека шартына ипотеканың талаптарын және/немесе осы шарт бойынша кепiл ұстаушының құқықтарын жүзеге асыру үшiн қажеттi талаптарды айқындайтын құжаттар қоса берiлуi мүмкiн.
3-тарау. Ипотека куәлiгi
12-бап. Ипотека куәлiгi ұғымы
1. Ипотека куәлiгi оның заңды иесiнiң:
1) негiзгi мiндеттеме бойынша орындалуды алуға;
2) негiзгi мiндеттеме бойынша орындалуды алу мақсатында кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктен айыпақы өндiрiп алуға құқығын куәландыратын ордерлiк бағалы қағаз болып табылады.
2. Ипотека куәлiгi бiр данада жасалады және кепiл ұстаушыға берiледi.
3. Ипотека шартының барлық данасында ипотека куәлiгiнiң берiлгенi туралы белгi соғылады.
13-бап. Ипотека куәлiгiнiң мазмұны
1. Ипотека куәлiгiнде мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) құжаттың атауына енгiзiлген "Ипотека куәлiгi" сөздерi;
2) кепiл берушiнiң аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
3) кепiл ұстаушының аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
4) егер борышқор негiзгi мiндеттеме бойынша кепiл берушi болмаса, борышқордың аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
5) ипотека шарты жасалған күн мен орны;
6) егер олар төленуге тиiс болса, негiзгi мiндеттеменiң сомасы мен процентiнiң мөлшерiн көрсету;
7) егер олар төленуге тиiс болса, негiзгi мiндеттеменiң сомасы мен процентiн төлеу мерзiмiн көрсету, ал егер бұл сома және немесе процент бөлiнiп төленуге тиiс болса, тиiстi төлемдердiң мерзiмi мен кезеңдiлiгiн және әрқайсысының мөлшерiн немесе оларды айқындауға мүмкiндiк беретiн шарттарды көрсету;
8) кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктiң тiзбесi мен мекен-жайы;
9) ипотеканың мәнi болып табылатын мүлiктiң кепiл берушiнiң меншiгi болып табылатынын айқындайтын құқықтың атауы;
10) ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымайтын мүлiкке немесе осы мүлiктiң бiр бөлiгiне басқа да ипотека куәлiктерi бар екенiн, бұл жылжымайтын мүлiк немесе оның бiр бөлiгi жалға берiлген бе немесе оның өзге де ауыртпалығы бар екенiн немесе жоқ екенiн көрсету;
11) кепiл берушiнiң қойған қолы;
12) ипотека куәлiгiнiң берiлу күнi.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптардың сақталмауы, сондай-ақ тазартулар мен түзетулердiң болуы ипотека куәлiгiн жарамсыз етедi.
14-бап. Ипотека куәлiгi бойынша құқықтарды жүзеге асырудың
шарттары және мiндеттемелердiң орындалуы
1. Осы Жарлықта немесе ипотека шартында көзделген өз құқықтарын жүзеге асыру кезiнде ипотека куәлiгiнiң иесi оны кепiл берушiге көрсетуге мiндеттi.
2. Негiзгi мiндеттеменi орындаған кепiл берушi өзiне ипотека куәлiгiнiң берiлуiн, ал егер мiндеттеме бөлiнiп орындалса, мiндеттеменiң тиiстi бөлiгiнiң орындалғаны туралы ипотека куәлiгiнде тиiстi белгiнiң соғылуын талап етуге хақылы.
3. Ипотека куәлiгiнiң заңды иесiнде болуы не ипотека куәлiгiнде негiзгi мiндеттеменiң iшiнара орындалғаны туралы белгiнiң болмауы, егер өзге жайт дәлелденбесе, осы мiндеттеменiң немесе, тиiсiнше, оның бөлiгiнiң орындалмағанын айғақтайды.
4. Ипотека куәлiгiнiң кепiл берушiде болуы, егер өзге жайт дәлелденбесе, ипотекамен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң орындалғанын айғақтайды.
5. Ипотека куәлiгi бойынша мiндеттемелердiң орындалуына Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 133-бабының ережелерi қолданылады.
15-бап. Ипотека куәлiгiн тiркеу
Ипотека куәлiгiн беру және оны кейiннен басқа иелерiне беру ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымайтын мүлiк орналасқан жерде, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен, мемлекеттiк тiркеуге жатады.
16-бап. Ипотека куәлiгi жөнiндегi құқықтарды беру
1. Ипотека куәлiгi жөнiндегi құқықтарды беру онда басқа тұлғаның пайдасына берiлгенi туралы жазба жасау және ипотека куәлiгiн осы тұлғаға беру арқылы жүзеге асырылады.
Берiлу жазбасында ипотека куәлiгi жөнiнде құқықтар берiлетiн тұлғаның аты-жөнi дәлме-дәл және толық көрсетiлуi тиiс. Ипотека куәлiгiндегi бланкiлiк берiлу жазбасы жарамсыз болып саналады.
Берiлу жазбасына ипотека куәлiгiнде көрсетiлген кепiл ұстаушы, ал егер бұл жазба бастапқы болып табылмаса - алдыңғы жазбада көрсетiлген ипотека куәлiгiнiң иесi қол қоюға тиiс.
2. Ипотека куәлiгi бойынша құқықтардың басқа тұлғаға берiлуi онымен бiрге негiзгi мiндеттемелер бойынша құқықтардың да осы тұлғаға берiлгенiн бiлдiредi.
Ипотека куәлiгiнiң заңды иесiне негiзгi мiндеттеме бойынша кепiл ұстаушының құқықтары мен кредитордың құқықтарын қоса, оның мазмұнынан туындайтын барлық құқықтар тиесiлi.
3. Егер осы ипотека куәлiгiне құқықтары ондағы берiлу жазбаларының үздiксiз қатарына негiзделсе, ипотека куәлiгiнiң иесi заңды болып саналады.
Егер ипотека куәлiгiнің берiлу жазбаларын жасаған тұлғалардың қайсыбiрiнiң иелiгiнен қолды болуы немесе осы тұлғаның еркiнен тыс басқа бiр ретпен шығып қалғаны дәлелденiп, бұл туралы ипотека куәлiгiнiң иесi оны сатып алған кезде бiлсе немесе бiлуге тиiс болса, оның иесi заңсыз болып саналады.
4. Ипотека куәлiгiнiң басқа тұлғаларға кейiннен берiлуiне тыйым салатын ондағы жазбалар жарамсыз деп танылады.
17-бап. Жоғалтып алған ипотека куәлiгi бойынша құқықтарды қалпына келтiру
1. Жоғалтып алған ипотека куәлiгi бойынша құқықтарды сот iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен қалпына келтiредi.
2. Егер жоғалтып алған ипотека куәлiгiнде жасалған барлық берiлу жазбалары түгел анықталса, кепiл ұстаушы үшiншi тұлғаға берген ипотека куәлiгi бойынша құқықтар қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
3. Сот шешiмiнiң негiзiнде кепiл берушi оған "көшiрме" деген белгi соғып, ипотека куәлiгiнiң көшiрмесiн бередi.
18-бап. Ипотека куәлiгiн кепiлге беру
1. Басқа тұлғаға берiлу арқылы ипотека куәлiгi осындай тұлға мен ипотека куәлiгiнiң заңды иесi арасындағы кредит шарты немесе өзге де мiндеттеменi қамтамасыз ету үшiн кепiлге берiлуi мүмкiн.
2. Ипотека куәлiгiн кепiлге берумен қамтамасыз етiлген мiндеттеме орындалмаған жағдайда ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысы ипотекамен қамтамасыз етiлген негiзгi мiндеттеме бойынша құқықтардың осы Жарлықтың 16-бабында көзделген тәртiппен, шарттармен және салдарлармен өзiне берiлуiн талап етуге хақылы. Бұл құқықтарды беруден бас тартылған жағдайда ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысы мұндай құқықтардың өзiне ауыстырылуын сот тәртiбiмен талап ете алады.
3. Ипотека куәлiгi бойынша құқықтар өзiне берiлген немесе сотпен ауыстырылған ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысы ипотека куәлiгi мен негiзгi мiндеттеменiң шарттарына сәйкес ипотеканың мәнiнен айыпақы өндірiп алуға хақылы.
Ипотеканы өткiзу нәтижесiнде алынған сома ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысының борышын өтеуге, қалған сомасы ипотека куәлiгiн кепiлге берген тұлғаға осы Жарлықтың 36-бабының талаптары ескерiлiп берiледi.
4. Ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысы мен ипотека куәлiгiн кепiлге берушiнiң келiсiмiмен ипотека куәлiгiнде ипотека куәлiгiнiң кепiлiмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме сомасын түскен ақшадан ұстап қалу үшiн ипотека куәлiгiн белгiлi бiр мерзiм өткеннен кейiн сатуға кепiл ұстаушыға құқық беретiн арнайы кепiлдiк берiлу жазбасы жасалуы мүмкiн.
19-бап. Ипотека куәлiгiнiң күшiн тоқтату
1. Ипотека куәлiгiнiң күшi:
1) одан туындайтын құқықтар жүзеге асырылған ретте;
2) ол кепiл берушiге ерiктi берiлген ретте;
3) егер одан туындайтын талаптар негiзгi мiндеттеме бойынша борышқорларға негiзгi мiндеттеменi орындау мерзiмi басталғаннан кейiн бiр ай өткенге дейiн қойылмаса;
4) ипотеканың мәнi жоғалған жағдайда тоқтатылады.
2. Осы баптың 1-тармағының 3 және 4-тармақшаларында көзделген негiздер бойынша ипотека куәлiгiнiң күшi тоқтатылған жағдайда ипотека куәлiгi иесiнiң негiзгi мiндеттеменi орындау құқықтары сақталады.
4-тарау. Ипотеканы өткiзу
20-бап. Ипотеканы өткiзу жолдары
Борышқор негiзгi мiндеттеменi орындамаған жағдайда кепiл ұстаушы өз талаптарын:
1) ипотеканы сот тәртiбiмен өткiзу;
2) егер бұл заң актiлерiнде немесе ипотека шартында не тараптардың кейiнгi келiсiмiнде көзделген болса, ипотеканы соттан тыс тәртiппен өткiзу;
3) осы жарлықтың 32-бабына сәйкес сауда-саттық өткiзiлген жоқ деп жарияланған жағдайда кепiлге берiлген мүлiктi өз меншiгiне көшiру арқылы қанағаттандыруға хақылы.
21-бап. Ипотеканы сот тәртiбiмен өткiзу
1. Ипотеканы сот тәртiбiмен өткiзу кепiл ұстаушының қуынымы бойынша сот шешiмiне сәйкес жүргiзiледi. Бұл ретте ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымайтын мүлiктi сату iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен ашық сауда-саттықта сату арқылы жүргiзiледi.
2. Егер борышқор жол берген негiзгi мiндеттеменi бұзушылық аса мардымсыз болса және осының салдарынан кепiл ұстаушының қойған талаптарының мөлшерi кепiлге берiлген мүлiктiң құнына анық сәйкес келмесе, ипотека шарты бойынша кепiлге берiлген мүлiктен айыпақы өндiрiп алуға рұқсат берiлмеуi мүмкiн.
3. Ипотека шарты бойынша кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктен айыпақы өндiрiп алу туралы шешiм қабылдаған кезде сот мыналарды анықтап, шешiмiнде көрсетуге тиiс;
1) оны сату аяқталғаннан кейiн айқындалатын жылжымайтын мүлiктi сақтау және өткiзу жөнiндегi шығыстар сомасын қоспағанда, кепiлге берiлген мүлiктiң құнынан кепiл ұстаушыға төленуi тиiс барлық сомаларды; проценттiк ара қатынаста есептелетiн сомалар үшiн процент есептелетiн сома, проценттiң мөлшерi және ол есептелуге тиiс кезең;
2) құнынан кепiл ұстаушының талаптары қанағаттандырылатын, ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымалы мүлiк;
3) кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктi өткiзу кезiнде бастапқы сату бағасы;
4) егер олар қажет болатын болса, жылжымалы мүлiктi өткiзiлгенге дейiн сақтауды қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар;
4. Кепiл ұстаушының өтiнiшi бойынша дәлелдi себептерi болса, сот кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктен айыпақы өндірiп алу туралы шешiмде оның iске асырылуын, егер:
1) ипотека шарты бойынша ол қандай жылжымайтын мүлiктi кепiлге бергенiне қарамастан, кепiл осы азаматтың кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруымен байланысты болмаған жағдайда, кепiл берушi азамат болып табылса;
2) ипотеканың мәнi ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердiң құрамындағы жер учаскесi болып табылса бiр жыл мерзiмге дейiн кейiнге қалдыруға хақылы.
Кепiлге берiлген жылжымалы мүлiктi өткiзудi кейiнге қалдыру тараптардың негiзгi мiндеттеме жөнiндегi құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды және борышқорды кредитордың кейiнге қалдырылған мерзiмде ұлғайған шығындарын, оған тиесiлi процент пен айыпты өтеуден босатпайды.
Егер кепiл берушi өзiне берiлген кейiнге қалдыру мерзiмiнiң шегiнде кепiл ұстаушының талаптарын қанағаттандырған болса, сот кепiл берушiнiң мәлімдеуі бойынша бұл шешiмдi өзгертедi.
5. Ипотеканы өткiзудi кейiнге қалдыруға мынадай жағдайларда:
1) егер ол кепiл ұстаушының қаржы жағдайын елеулi түрде нашарлатуға әкелуi мүмкiн болса;
2) егер кепiл берушiге немесе кепiл ұстаушыға қатысты оны банкрот деп тану туралы iс қозғалса, жол берiлмейдi.
22-бап. Ипотеканы өткiзудi тоқтату
Үшiншi тұлға (заттай кепiлгер) болып табылатын борышқор және немесе кепiл берушi кепiл затын сату өткiзiлгенге дейiн кез келген уақытта кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi немесе оның орындалуы кейiнге қалдырылған бөлiгiн орындап, одан айыпақы өндiрiп алуды және оның өткiзiлуiн тоқтатуға хақылы. Бұл құқықты шектейтiн келiсiм жарамсыз болып табылады.
23-бап. Ипотеканы өткiзуге байланысты шығыстарды өтеу
Ипотеканы өткiзуге байланысты кепiл ұстаушының тартқан шығыстары оған кепiлге берiлген мүлiктiң құнынан өтеледi.
24-бап. Ипотеканы соттан тыс өткiзу рәсiмi
1. Ипотеканы соттан тыс өткiзу рәсiмi сенiм бiлдiрген тұлға ұйымдастыратын кепiлге берiлген мүлiкке сауда-саттық өткiзу арқылы жүргiзiледi.
2. Сенiм бiлдiрiлген тұлғаны тараптар ипотека шартында айқындайды. Егер сенiм бiлдiрген тұлға ипотека шартында айқындалмаса, оны кепiл ұстаушы тағайындайды.
3. Кепiл ұстаушының талаптарын соттан тыс тәртiппен қанағаттандыруға, егер:
1) жылжымайтын мүлiк ипотекасына басқа тұлғаның немесе органның келiсiмi қажет болса;
2) қоғам үшiн елеулi тарихи, көркемдiк немесе өзге де мәдени құндылығы бар жылжымайтын мүлiк ипотеканың мәнi болып табылса;
3) ортақ меншiктегi және меншiк иелерiнiң қайсыбiрi кепiл ұстаушының талабын соттан тыс тәртiппен қанағаттандыруға жазбаша келiсiм бермеген жылжымайтын мүлiк ипотеканың мәнi болып табылса, жол берiлмейдi.
Аталған жағдайларда кепiлге берiлген мүлiктен айыпақы өндiрiп алу тек сот шешiмiмен ғана жүргiзiледi.
25-бап. Соттан тыс сауда-саттық жүргiзуге қойылатын
талаптар
1. Сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн мынадай рәсiмдер орындалуға тиiс:
1) сенiм бiлдiрген тұлға мiндеттемелердiң орындалмағаны туралы хабарлама жасап, оны ипотека шарты тiркелген органда тiркейдi және оны кепiл берушiге тапсырады. Хабарламаны тiкелей беру мүмкiн болмаған жағдайда, ол кепiл берушiге оның ипотека шартында көрсетiлген мекен-жайы бойынша тапсырыстық хатпен жiберiледi;
2) мiндеттеменiң орындалмағаны туралы хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған жағдайда, бiрақ аталған хабарлама кепiл берушiге тапсырылған немесе жiберiлген сәттен екi айдан ерте емес (осы тармақтың 1-тармақшасы), сенiм бiлдiрген тұлға кепiлге берiлген мүлiкке сауда-саттық өткiзу туралы хабарлама жасап, оны ипотека шарты тiркелген органда тiркейдi, кепiл берушiге, сондай-ақ кепiл ұстаушыға тапсырады және осы Жарлықтың 28-бабына сәйкес сауда-саттық туралы ресми құлақтандыру жариялайды;
3) сауда-саттық туралы құлақтандыру алғаш рет жарияланған сәттен бастап сауда-саттыққа шығарылатын жылжымайтын мүлiкке қатысты барлық мәмiлелерге тыйым салынады, ал егер мәмiлелер жасалған болса, олар жарамсыз деп танылады;
4) сауда-саттық туралы құлақтандыру алғаш рет жарияланған сәт пен оның өткiзiлу сәтiне дейiн кемiнде бiр ай өтуге тиiс.
2. Мiндеттеменiң орындалмағаны туралы хабарлама алғаннан кейiн кепiл берушi ипотеканы өткiзуге негiздердiң жоқтығы жөнiнде қуыныммен сотқа жүгiнуге хақылы.
Кепiл берушi сол сияқты осы Жарлықтың 21-бабының 4-тармағында көзделген шарттарға орай ипотеканы өткiзудi кейiнге қалдыру туралы шағыммен сотқа жүгiнуге хақылы.
Қуыныммен (арызбен) сотқа жүгiну осы баптың 1-тармағының 2-тармақшасында көзделген мерзiмнiң өтуiн тоқтата тұрады.
26-бап. Мiндеттемелердiң орындалмағаны туралы
хабарламаның мазмұны
Мiндеттемелердiң орындалмағаны туралы хабарламада мынадай деректер болуға тиiс:
1) кепiл берушiнiң аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
2) кепiл ұстаушының аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
3) орындалмаған мiндеттемелердiң қысқаша баяны;
4) негiзгi мiндеттеменiң қорытылған жиынтығы;
5) кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктiң жорамалды сатылуына дейiн кепiл берушi төлеуге тиiс барлық өзге де алымдар, шығындар және шығыстардың қорытылған жиынтығы;
6) барлық берешектердiң хабарлама алынған сәттен бастап екi ай iшiнде толық өтелуi туралы ұсыныс;
7) ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымайтын мүлiкке сауда-саттық өткiзудiң мүмкiндiгi туралы ескерту;
8) сенiм бiлдiрген тұлғаның аты-жөнi (атауы), тұрағы (мекен-жайы).
27-бап. Сауда-саттық өткiзу туралы хабарламаның мазмұны
Сауда-саттық өткiзу туралы хабарламада мынадай деректер болуға тиiс:
1) кепiл берушiнiң аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
2) кепiл ұстаушының аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
3) орындалмаған мiндеттемелердiң қысқаша баяны және ипотеканы өткiзу есебiнен қанағаттандырылуға тиiс кепiл берушiнiң кепiл ұстаушының алдындағы барлық берешектерiнiң жалпы сомасы;
4) ипотеканың мәнi болып табылатын және сауда-саттыққа шығарылатын жылжымайтын мүліктің атауы, сыны мен сипаттамасы;
5) сауда-саттықты өткiзудiң уақыты мен орны;
6) сенiм бiлдiрген тұлғаның аты-жөнi (атауы), тұрағы (мекен-жайы) және телефон нөмiрi.
28-бап. Сауда-саттық туралы құлақтандыру және
оны жариялау
1. Сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн кемiнде бiр ай бұрын сенiм бiлдiрген тұлға мерзiмдi баспасөзде сауда-саттық туралы құлақтандыру жариялайды.
2. Сауда-саттық туралы құлақтандыруда мынадай деректер болуға тиiс;
1) сауда-саттыққа шығарылатын жылжымайтын мүлiктiң атауы, сыны мен сипаттамасы;
2) жылжымайтын мүлiктiң дәл орны;
3) егер ол сауда-саттық шарттарында көзделген болса, сауда-саттыққа қатысушының кепiлдi жарнасының сомасы;
4) сатып алу бағасын төлеудiң тәртiбi мен мерзiмi;
5) сауда-саттықты өткiзу уақыты мен орны;
6) сауда-саттықты өткiзетiн сенiм бiлдiрiлген тұлғаның аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы), анықтамалар мен төлем деректемелерi үшiн берiлетiн оның телефон нөмiрi.
Егер бұл мүмкiн болса және оған ешқандай кедергi болмаса, сауда-саттыққа шығарылатын жылжымайтын мүлiктiң нақ өзiнiң көрнектi тұсына сауда-саттық туралы құлақтандырудың бiр данасы оны өткiзуден кемiнде бiр ай бұрын iлiнiп қойылады.
29-бап. Сауда-саттықты ұйымдастыру және өткiзу
1. Сауда-саттықты сенiм бiлдiрiлген тұлға ұйымдастырып, өткiзедi.
2. Сауда-саттық елдi мекенде (қалада, ауданда, поселкеде, ауылда, селода) мүлiк орналасқан жерде өткiзiледi.
3. Сауда-саттық аптаның кез келген күнi 9-дан 18 сағатқа дейiнгi уақытқа тағайындалады.
30-бап. Сауда-саттыққа қатысушылар
Сауда-саттыққа кепiл берушi мен кепiл ұсынушыны қоса, кез келген заңы тұлғалар мен азаматтардың қатысуға хақы бар.