|
|
|
Нотариат туралы Қазақстан Республикасының 1997 ж. 14 шiлдедегі N 155-1 Заңы Осы редакция ҚР 05.05.03 ж. N 408-II Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды I Бөлiм Нотариат қызметiнiң ұйымдық және құқықтық негiздерi 1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Қазақстан Республикасындағы нотариат 1. Қазақстан Республикасындағы нотариат - құқықтар мен фактiлердi куәландыруға, сондай-ақ Заңда көзделген өзге де мiндеттердi жүзеге асыруға бағытталған нотариаттық iс-әрекеттердi жасау арқылы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңда мүдделерiн қорғаудың заң жүзiнде бекiтiлген жүйесi. 2. Осы Заңмен белгiленген жағдайлар мен шектерде нотариаттық iс-әрекеттер жасауға мыналардың құқықтары бар: 1) мемлекеттiк нотариат кеңселерiнде жұмыс iстейтiн нотариустар (мемлекеттiк нотариустар) мен жеке практикамен айналысатын нотариустар (жекеше нотариустар); 2) жергiлiктi атқарушы органдардың нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адамдары; 3) Қазақстан Республикасының атынан консулдық қызмет атқаратын адамдар; 3-1) Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға апостиль қоюға Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдар. 4) осы Заңмен нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi өзге де адамдар. Ескерту. 1-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 24.12.01 ж. N 276-II Заңымен. 2-бап. Нотариат туралы заңдар Нотариат туралы заңдар Азаматтық кодекс нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының нотариаттық қызметтi реттейтiн өзге де заңдарынан тұрады. 3-бап. Нотариаттық қызмет және оның кепiлдiктерi 1. Нотариаттық қызмет - нотариустың және өзге де уәкiлеттi адамдардың осы Заңмен көзделген нотариаттық iс-әрекеттердi жасауы. 2. Нотариустар мен нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi басқа да адамдар нотариаттық iс-әрекеттер жасағанда тәуелсiз болады және тек қана заңға бағынады. Бұл орайда олар осы Заңды және басқа нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен, осындай қызметтi реттейтiн халықаралық шарттарды басшылыққа алады. 3. Жеке және заңды тұлғаларға олардың жасаған нотариаттық iс-әрекеттердiң құпиясын сақтауға кепiлдiк берiледi. 4. Нотариус ретiнде қызметiн тоқтатқан адамдар нотариаттық iс-әрекеттердiң құпиясын сақтауға мiндеттi. 5. Нотариаттық iс-әрекеттер туралы мәлiметтер, нотариус берген құжаттардың көшiрмелерi немесе дубликаттары тапсырысы бойынша нотариаттық iс-әрекеттер жүргiзiлген заңды және жеке тұлғаларға, не олардың уәкiлеттi адамдарына ғана берiледi. 6. Нотариаттық iс-әрекеттер туралы мәлiметтер мен құжаттар өздерi жүргiзiп жатқан iстер бойынша соттың, тергеу және анықтау органдарының жазбаша талап етуi бойынша, прокуратура органдарына, сондай-ақ әдiлет органдарына және осы Заңмен нотариустар қызметiн тексерудi жүзеге асыруға уәкiлдiк берiлген нотариат палаталарына берiледi. 7. Жасалған нотариаттық iс-әрекеттер туралы мәлiметтердi қасақана жария еткен адамдар заңдарға сәйкес жауап бередi. 8. Меншiк нысанына қарамастан, заңды тұлғалар және лауазымды адамдар нотариаттық iс-әрекеттер жасауға қажеттi мәлiметтер мен құжаттарды нотариус оларды талап еткен кезден бастап он күн мерзiмнен кешiктiрмей нотариусқа табыс етуге мiндеттi. 9. Өсиеттер туралы мәлiметтер, өсиеттердiң дубликаттары мен көшiрмелерi мүдделi адамдарға, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, өсиет берушi өлгеннен кейiн ғана берiледi. 4-бап. Нотариаттық iс жүргiзу 1. Нотариаттық iс жүргiзу Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бекiтетiн Нотариаттық iс жүргiзу жөнiндегi нұсқаулыққа (бұдан әрi - Нұсқаулық) сәйкес жүзеге асырылады. 2. Нұсқаулық талаптарының сақталуына бақылау жасауды аумақтық әдiлет органдары мен нотариат палаталары жүзеге асырады. 3. Нотариустардың құжаттары заңдарда белгiленген тәртiппен мiндеттi түрде мемлекеттiк архивке тапсырылуы тиiс. 5-бап. Нотариаттық iс жүргiзiлетiн тiл 1. Нотариаттық iс Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарына сәйкес жүргiзiледi. 2. Егер нотариаттық iс-әрекет жасауды өтiнген адам iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмесе, ресiмделген құжаттардың мәтiндерi оның өтiнiшi бойынша осы Заңның 80-бабына сәйкес ақы төлеттiрiп аударылып берiлуге тиiс. 2-тарау. Нотариустың құқықтық жағдайы 6-бап. Қазақстан Республикасындағы нотариус 1. Жоғары заң бiлiмi және әдетте заң мамандығы жөнiнен кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар, мемлекеттiк немесе жеке нотариус сынағынан өткен, Әдiлет аттестаттау комиссиясы аттестаттаған, нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы ғана нотариус бола алады. 2. Жекеше және мемлекеттiк нотариустардың нотариаттық қызметтi жүзеге асырған кездегi құқықтары, мiндеттер тең болады. Олар ресiмдеген құжаттардың бiрдей заң күшi болады. 3. Осы баптың 1-тармағында көзделген лицензиясы жоқ адамдардың (осы Заңның 1-бабындағы 2-тармақтың 2),3) және 3-1) тармақшаларында аталған адамдарды қоспағанда) нотариаттық iс-әрекеттер жасауы, не нотариат туралы заңдардың өзге де талаптарын бұзып жасауы және сол iс-әрекеттерден табыс табуы заңдарға сәйкес жауапты болуға әкеп соғады. Ескерту. 6-бап өзгердi Қазақстан Республикасының 13.11.98 ж. N 302-1 Заңымен. 6-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 11.07.01 ж. N 235-II Заңымен. 6-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 24.12.01 ж. N 276-II Заңымен. 7-бап. Нотариустың көмекшiлерi мен сынақтан өтушiлерi 1. Нотариустың көмекшiлерi мен сынақтан өтушiлерi болуы мүмкiн. 2. Қазақстан Республикасының азаматы ғана нотариустың көмекшiсi бола алады. 3. Нотариустың көмекшiсi жеке практикамен айналысатын нотариуста еңбек шартының негiзiнде жұмыс iстей алады немесе мемлекеттiк нотариат кеңсесiнiң құрамында бола алады. 4. Нотариустың көмекшiсi нотариустың тапсырмаларын нотариустың нұсқауымен және жауапкершiлiгiмен орындауға құқылы. 5. Қазақстан Республикасының жоғары заң бiлiмi бар азаматтары нотариустың сынақтан өтушiлерi бола алады. Сынақтан өтушiлер жеке практикамен айналысатын нотариустарда немесе мемлекеттiк нотариустарда сынақтан өту туралы шарт негiзiнде сынақтан өтедi. 6. Нотариустардың сынақтан өтушiлерiнiң сынақтан өтуiнiң тәртiбi, мерзiмi мен шарттары Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бекiтетiн Нотариустардың сынақтан өтушiлерi туралы ережемен белгiленедi. ҚР 13.11.98 ж. N 302-1; 11.07.01 ж. N 235-II Заңымен 8-бап өзгертілдi 8-бап. Нотариус лицензиясы 1. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi берген лицензия (нотариус лицензиясы) нотариусқа нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлдiк бередi. 2. Нотариус лицензиясы алуға қажеттi құжаттардың тiзбесi лицензия беру мерзімі мен тәртібі тиісті нормативтік құқықтық актілермен белгіленеді. 3. Нотариус лицензиясы мерзiмi шектелмей берiлетiн басты лицензия болып табылады және ол Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады. 4. Нотариус лицензиясын беру үшiн алым алынады, оның мөлшерi мен төлену тәртiбi салық заңдарымен белгiленедi. 5. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi жекеше нотариустар лицензияларының Мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзедi және ведомстволық баспасөз органында нотариаттық қызметпен айналысуға лицензия берiлген адамдар туралы мәлiметтер жариялайды, онда: 1) нотариустың тегi, аты, әкесiнiң аты; 2) лицензия берiлген күн мен оның нөмiрi көрсетiледi. 6. Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасында біліктілік емтиханын тапсырған адамдар, тұрақты судьялар және өз міндеттерін атқару кезінде теріс қылықтар жасағаны және заңдылықты бұзғаны үшін судьялық қызметінен босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс істеген адамдар аттестаттаудан өтпестен нотариаттық қызметті жүзеге асыру үшін лицензия алуға құқылы. 6-1. Нотариаттық қызметті жүзеге асыруға үміткер адамдардың аттестаттаудан өту ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 9-бап. Нотариус лицензиясын беруден бас тарту 1. Нотариус лицензиясын беруден бас тарту негiздерi лицензиялау туралы заңдармен белгiленедi. 2. Нотариус лицензиясын беруден бас тартылған жағдайда өтiнiш иесiне ол қабылданған күннен бастап үш күн iшiнде бас тарту себептерi көрсетiле отырып жазбаша түрде дәлелдi шешiм берiледi. 3. Бас тарту туралы шешiм жөнiнде сотқа шағымдануға болады. 10-бап. Нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру 1. Нотариус лицензиясының күшiн азаматтардың арыздары, аумақтық әдiлет органдарының, прокуратура, тергеу, анықтау органдарының, сондай-ақ салық қызметiнiң ұсыныстары негiзiнде Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң шешiмiмен тоқтатыла тұрады. 2. Нотариус лицензиясының күшi алты айға дейiнгi мерзiмге мынадай жағдайларда: 1) нотариустың бiлiктiлiк емтиханына жiберiлуге және лицензия беруге негiз болған құжаттарда жалған немесе қасақана бұрмаланған ақпараттар беру фактiсi анықталғанда; 2) нотариус қылмыстық iс бойынша айыпталушы ретiнде тартылған жағдайда; 3) нотариус паспорт деректерi мен өзiнiң тұрғылықты жерiнiң өзгерiстерi туралы мәлiметтердi олар өзгерген жағдайда аумақтық әдiлет органына бiр ай iшiнде хабарламағанда тоқтатыла тұруы мүмкiн. 3. Нотариус лицензиясының күшi тоқтата тұру туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептерi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Лицензияның күшi мұндай шешiм нотариусқа жеткiзiлген күннен бастап тоқтатыла тұрады. Тоқтата тұруға себеп болған жағдаяттар жойылған кезде лицензияның күшi қалпына келтiрiледi. 4. Нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру тоқтатылған кезеңде нотариаттық iс-әрекеттер жасалуына тыйым салуға әкеп соғады. 5. Нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру немесе қалпына келтiру туралы шешiм Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң ведомстволық баспасөз органында жарияланады. 6. Нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру туралы шешiм жөнiнде сотқа шағымдануға болады. 11-бап. Нотариус лицензиясын керi қайтарып алу Әдiлет аттестаттау комиссиясының не прокуратура органдарының, не Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң, не Республикалық нотариаттық палатаның талап қоюы бойынша сот шешiмiмен мынадай жағдайларда: 1) мемлекеттiк нотариус бiрнеше рет тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылғанда; 2) жекеше нотариус Нотариустың ар-ождан кодексiн бiрнеше рет бұзғанда; 3) нотариус нотариаттық iс-әрекеттер жасалған кезде заңдарды өрескел не бiрнеше мәрте бұзғанда; 4) лицензияның күшiн тоқтата тұру себептерi жойылмағанда нотариус лицензиясы керi қайтарылып алынады. Ескерту. 11-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 11.07.01 ж. N 235-II Заңымен. 12-бап. Нотариус лицензиясының күшiн тоқтату 1. Лицензия керi қайтарылып алынған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң шешiмi бойынша мынадай жағдайларда: 1) нотариус өз тiлегiмен өтiнiш бергенде; 2) нотариус азаматтығын өзгерткенде; 3) нотариус қайтыс болғанда; 4) нотариус қылмыс жасағаны үшiн сотталғанда - үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн; 5) нотариус заңдарда белгiленген тәртiппен iс-әрекет жасауға қабiлетсiз деп танылғанда; 6) денсаулық жағдайына байланысты нотариустың өз кәсiптiк мiндеттерiн атқаруы мүмкiн болмағанда (медициналық қорытынды негiзiнде); 7) нотариус хабар-ошарсыз кеткен деп танылғанда немесе қайтыс болған деп жарияланғанда нотариус лицензиясының күшi тоқтатылады. 2. Нотариус лицензиясының күшiн тоқтату туралы ұсынысты тиiстi нотариат палатасы мен аумақтық әдiлет органы енгiзедi. 3. Аумақтық әдiлет органы мен нотариаттық палата нотариус лицензиясының күшi тоқтатылған нотариустың оның құжаттарын басқа нотариусқа немесе тиiстi мемлекеттiк архивке беру жөнiнде, сондай-ақ лицензияны қайтарып алу жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi. 4. Нотариус лицензиясының күшi тоқтатылуына байланысты даулар сот тәртiбiмен шешiледi. 13-бап. Мемлекеттiк нотариус 1. Мемлекеттiк нотариус осы Заңның 6-бабында аталған талаптарға сай болуға тиiс, бұған нотариус лицензиясын алу туралы талаптар қосылмайды. Мемлекеттiк нотариус қызметiн аумақтық әдiлет органдары енгiзедi және жояды. 2. Мемлекеттiк нотариустың нотариаттық iс-әрекеттерi үшiн аумақтық әдiлет органы мүлiктiк жағынан жауап бередi. 14-бап. Мемлекеттiк нотариат кеңсесi 1. Мемлекеттiк нотариат кеңсесi аумақтық әдiлет органының құрылымдық бөлiмшесi болып табылады, оның заңды тұлға құқығы болмайды және осы орган бекiткен Ереже негiзiнде жұмыс iстейдi. 2. Мемлекеттiк нотариат кеңселерi Қазақстан Республикасының аудандарында (қалаларында) орналасады. 15-бап. Жеке практикамен айналысатын нотариус 1. Заңды тұлға құрмай, лицензия негiзiнде нотариаттық қызметпен айналысатын, өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн нотариаттық iс-әрекеттер жасау нәтижесiнде зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша сақтандырған және аумақтық әдiлет органында есепке тұру тiркеуінен өткен азамат жеке практикамен айналысатын нотариус деп танылады. 2. Жеке практикамен айналысатын нотариус банк мекемелерiнде есеп айырысу шоты болуына және өзге де шоттар ашуға, еңбек заңдарына сәйкес көмекшiлер, техникалық қызметкерлер жалдап, оларды жұмыстан босатуға, нотариаттық iс-әрекеттер жасаудан алынған табысқа билiк етуге, соттарда өз атынан сөз сөйлеуге және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да iс-әрекеттер жасауға құқылы. 3. Жеке практикамен айналысатын нотариус нотариаттық палатаның мүшесi болуға тиiс. Жеке практикамен айналысуға құқығы бар адамның нотариаттық палата мүшелігiнде болуынан бас тартуға болмайды. 4. Жеке практикамен айналысатын нотариустың азаматтар мен заңды тұлғалар өкiлдерiнiң еркiн кiрiп-шығуына, нотариаттық iс-әрекеттер жасаудың құпиялылығын сақтауға және нотариаттық iс жүргiзудiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн жағдай жасауға жарамды үй-жайы болуға тиiс. 5. Нотариаттық палата құрылғанға дейiн жекеше нотариустың қызметi нотариаттық палатаға мүше болмай-ақ жүзеге асырылуы мүмкiн, ал палатаның мiндеттерi тиiстi аумақтық әдiлет органына жүктеледi. 6. Жеке практикамен айналысатын нотариус жеке кәсiпкер болып табылады. Ескерту. 15-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 24.12.01 ж. N 276-II Заңымен. 16-бап. Жекеше нотариустың қызметiн сақтандыру 1. Жекеше нотариус осы Заңның 34-бабындағы 1-тармақтың 1) (жылжымайтын мүлiк жөнiндегi мәмiлелердi куәландыру бөлiгiнде), 3), 4),5), 6), 14), 15), 17)-тармақшаларында көзделген iс-әрекеттерге қатысты нотариаттық әрекеттер жасау нәтижесiнде зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру шартын жасасуға мiндеттi және оның мұндай шарт болмағанда нотариаттық iс-әрекеттер жасауға кiрiсуге құқығы жоқ. 2. Нотариустың нотариаттық iс-әрекеттер жасауы нәтижесiнде зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандырудың тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 17-бап. Нотариустың құқықтары Нотариус: 1) өзiне жүгiнген жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiне сәйкес осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде көзделген нотариаттық iс-әрекеттер жасауға; 2) мәмiлелердiң, өтiнiштер мен басқа да құжаттардың жобаларын жасауға; 3) құжаттардың көшiрмелерiн және олардың үзiндiлерiн әзiрлеуге; 4) нотариаттық iс-әрекеттер жасау мәселелерi бойынша консультациялар беруге; 5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, жеке және заңды тұлғалардан нотариаттық iс-әрекеттер жасауға қажеттi құжаттар мен мәлiметтер талап етуге; 6) ғылыми, педагогтiк және шығармашылық қызметпен айналысуға, соның iшiнде жалдау шарты бойынша айналысуға; 7) техникалық сипаттағы өзге де ақылы қызметтер көрсетуге құқылы. Ескерту. 17-баптың 5)-тармақшасы өзгерді Қазақстан Республикасының 29.03.2000 ж. N 42-II Заңымен. 18-бап. Нотариустың мiндеттерi Нотариус: 1) осы Заңның және Қазақстан Республикасының нотариат қызметiн реттейтiн басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сәйкес нотариаттық iс-әрекеттер жасауға; 2) азаматтарға және заңды тұлғаларға құқықтар мен мiндеттердi түсiндiруге, олардың заңды бiлмегендiгi өздерiне зиян келтiруге пайдаланылуы мүмкiн болмауы үшiн, жасалған нотариаттық iс-әрекеттерiнiң салдарлары жөнiнде ескертуге; 3) кәсiптiк қызметiн жүзеге асыруға байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi құпия ұстауға; 4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмейтiн жағдайда нотариаттық iс-әрекеттер жасаудан бас тартуға; 5) кәсiптiк әдептi сақтауға; 6) әдiлет органына және (немесе) нотариаттық палатаға өз iс-әрекеттерiне түскен шағымдар бойынша өзi жасаған нотариаттық iс-әрекеттер туралы мәлiметтер, өзге құжаттар, ал қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктемелер, оның iшiнде кәсiптiк әдеп талаптарын сақтамау мәселелерi жөнiнде түсiнiктемелер беруге мiндеттi. 19-бап. Нотариустың қызметiн шектеу 1. Нотариустың: 1) нотариаттық iс-әрекеттер жасаудан басқа өзге кәсiптiк қызметпен айналысуға; 2) шарттарды жасасу, өзгерту және бұзу кезiнде делдалдық қызмет көрсетуге; 3) өкiлдi органға депутат болып сайланған жағдайда нотариус мiндеттерiн орындауға құқығы жоқ. 2. Жеке практикамен айналысатын нотариустың жалдама қызметкер ретiнде еңбек қатынастарында болуға құқығы жоқ. Ескерту. 19-бап өзгерді Қазақстан Республикасының 24.12.01 ж. N 276-II Заңымен. 20-бап. Нотариаттық округ Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аймақтық бөлiнiске сәйкес бiр облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағы нотариаттық округ болып танылады. Аудандық бөлiнiсi бар қалаларда тиiстi қаланың бүкiл аумағы нотариаттық округ болып табылады. 21-бап. Нотариустың қызмет ету аумағы 1. Нотариаттық округ шегiндегi мемлекеттiк нотариустың қызмет ету аумағын аумақтық әдiлет органы белгiлейдi. 2. Нотариаттық аумақ шегiнде жекеше нотариустың қызмет ету аумағын нотариаттық палатамен бiрлесе отырып, аумақтық әдiлет органы белгiлейдi. Аумақтық әдiлет органы халыққа мемлекеттiк және жекеше нотариустардың қызмет ету аумағын үнемi хабарлап отырады. 3. Нотариустың қызмет ету аумағы осы Заңның 34-бабы 1-тармағының 3, 4, 5-тармақшаларында, сондай-ақ 54, 55-баптарында көзделген iс-әрекеттердi жасаған жағдайда сақталады. Басқа жағдайлардың бәрiнде жеке және заңды тұлғалардың нотариаттық iс-әрекеттер жасату үшiн кез келген нотариусқа жүгiнуге құқығы бар. 4. Нотариаттық iс-әрекеттер жасауға арналған үй-жай осы баптың 1-тармағында көзделген тәртiп бойынша белгiленген аумақ шегiнде болуға тиiс. 5. Нотариаттық iс-әрекеттер мемлекеттiк нотариат кеңсесiнiң үй-жайынан тыс және жекеше нотариустың үй-жайынан тыс жерлерде жасалуы керек. 22-бап. Нотариустың жеке мөрi, мөртаңбалары мен бланкiлерi Нотариустың өзiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты, сондай-ақ мемлекеттiк кеңсесiнiң атауы (мемлекеттiк нотариустың мөрi) не нотариус лицензиясының нөмiрi мен берiлген күнi көрсетiлген (жекеше нотариустың мөрi) жеке мөрi, куәландыру жазбаларының мөртабандары мен жеке бланкiлерi болады. 23-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адамдарын аттестациялау Осы Заңның 1-бабындағы 2-тармақтың 2) тармақшасында аталған адамдар Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бекiтетiн Аттестация туралы ережеге сәйкес нотариаттық iс-әрекеттер жасау құқығын алу үшiн аумақтық әдiлет органында аттестациядан өтедi. 24-бап. Нотариустың және нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адамдардың жауапкершiлiгi 1. Нотариус және осы Заңмен нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адамдар заңсыз әрекеттер жасаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қылмыстық, әкiмшiлiк, материалдық, тәртiптiк және өзге де түрде жауапты болады. 2. Жеке практикамен айналысатын нотариус өзiнiң кәсiптiк мiндеттерi мен әдеп нормаларын бұзған жағдайда оны нотариаттық палата Нотариустың ар-ождан кодексiне сәйкес жауапқа тартуы мүмкiн. 25-бап. Нотариаттық iс-әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тарту шағымдану Нотариаттық iс-әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға түскен шағымдарды азаматтық iс жүргiзу заңдарының нормаларына сәйкес соттар қарайды. 3-тарау. Нотариаттық палата 26-бап. Нотариаттық палата 1. Нотариаттық палата жеке практикамен айналысатын нотариустардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшiн, сондай-ақ нотариаттық iс-әрекеттер жасау кезiнде нотариат туралы заңдардың орындалуына бақылау жасау үшiн құрылатын коммерциялық емес, кәсiптiк, өзiн-өзi қаржыландыратын ұйым болып табылады. 2. Нотариаттық палатаның қызметi осы Заңмен және жарғымен реттеледi. Нотариаттық палата заңды тұлға болып табылады және заңда белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс. 3. Қазақстан Республикасының әрбiр облысы, республикалық маңызы бар қалалары мен астанасы аумағында бiр нотариаттық палата құрылады. 4. Аумақтық нотариаттық палаталар қауымдастық (одақ) нысанындағы Республикалық нотариаттық палатаға бiрiгуге құқылы. 27-бап. Нотариаттық палатаның өкiлеттiгi 1. Нотариаттық палата: 1) жекеше нотариустерге жалпы басшылық жасап, олардың қызметiн үйлестiрiп отырады; 2) мемлекеттiк органдарда, мемлекеттiк емес ұйымдарда өз мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды, нотариаттық iстi дамытуға оларға көмек көрсетiп, жәрдем бередi; 3) нотариаттық iс-әрекеттер жасау кезiнде нотариат туралы заңдардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады; 4) нотариус лицензиясын қайтарып алу және оның қолданылуын тоқтату туралы ұсыныс енгiзедi; 5) нотариаттық iс-әрекет жасау нәтижесiнде зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыруды ұйымдастырады; 6) нотариустарды сынақтан өткiзу мен оқытуды ұйымдастырады; 7) өз мүшелерiнiң қызметiне байланысты iстер бойынша сот белгiлеген сараптама шығындарын өтейдi; 8) нотариусты кәсiптiк мiндеттерi мен әдептi бұзғаны үшiн Нотариустың ар-ождан кодексiне сәйкес жауапқа тартады; 9) нотариустардың қызметтiк iс-әрекеттерiне азаматтар мен заңды тұлғалардың шағымдары мен өтiнiштерiн қарайды. 2. Нотариаттық палата жекеше нотариустың жасаған iс-әрекеттерiнiң заңдылығы туралы мәселенi қараған кезде нотариустан жасалған нотариаттық iс-әрекеттер туралы мәлiметтердi, ал қажет болған жағдайларда өз түсiнiктемелерiн, соның iшiнде кәсiптiк әдептiң сақталмауы туралы мәселелер бойынша түсiнiктемелерiн табыс етудi талап етуге құқылы. 3. Нотариаттық палата аумақтық әдiлет органына өз қызметi туралы жыл сайын ақпарат берiп отырады. 28-бап. Нотариаттық палатаның жарғысы 1. Нотариаттық палатаның жарғысында мыналар көзделуге тиiс: 1) атауы, қызметiнiң мақсаттары мен негiзгi түрлерi; 2) палатаның құқықтары мен мiндеттерi; 3) мүшелiк, мүшелiкке қабылдау мен одан айыру шарттары мен тәртiбi, мүшелердiң құқықтары мен мiндеттерi; 4) басшы органдарды құру тәртiбi, олардың атқаратын қызметтерi мен өкiлеттiк мерзiмi; 5) мүлiктiң қалыптасу көздерi мен мүлiк пен табысты пайдалану тәртiбi; 6) жарғыға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi; 7) палатаны қайта құру мен тарату тәртiбi, таратылған жағдайдағы мүлiктiң тағдыры. 2. Нотариаттық палатаның жарғысында заңдарға қайшы келмейтiн өзге де ережелер болуы мүмкiн. 29-бап. Республикалық нотариаттық палатаның өкiлеттiгi 1. Республикалық нотариаттық палатаның қызметi осы Заңмен және оның жарғысымен белгiленедi. Республикалық нотариаттық палата заңда белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс. 2. Республикалық нотариаттық палата: 1) нотариаттық палаталардың қызметiн үйлестiрiп отырады; 2) мемлекеттiк органдарда, мемлекеттiк емес ұйымдарда, оның iшiнде шетелдiк және халықаралық ұйымдарда нотариаттық палаталар мен нотариустардың мүдделерiн бiлдiредi; 3) Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң нотариат мәселелерi бойынша заң жобалары жөнiндегi және сарапшылық қызметiне қатысады; 4) нотариустарды оқытуды ұйымдастырады; 5) нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге қатысады және нотариат мәселелерi жөнiнде әдiстемелiк материалдар әзiрлейдi; 6) Нотариустың ар-ождан кодексiн әзiрлеп, бекiтедi; 7) заңдарға және халықаралық шарттарға қайшы келмейтiн өзге де қызметтi жүзеге асырады. 3. Республикалық нотариаттық палата Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне өз қызметi туралы жыл сайын ақпарат берiп отырады.
Доступ к документам и консультации
от ведущих специалистов |